ХХ ғасыр басындағы Алаш зиялылары – шын мәнісінде халық қызметкерлері. Осынау көсемдер шоғыры ішіндегі Сәкен Сейфуллин құбылысы – «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік!», «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек!» деген дауылпаз дауысты ұлт патриоты, мемлекет қайраткері.
С. Негимов,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
филология ғылымдарының докторы,
профессор
Оның таңғажайып тұлғасында лидерлік, патриоттық, ақындық, композиторлық, романшылық, өнерпаздық, ұстаздық, шешендік, білімпаздық, тарихшылдық қабілет жарасым тапқан.
Ол – көсемсөз зергері, проза шебері, «Билер дәуірі әдебиетінің» білгірі, әдебиет тарихшысы һәм сыншысы. Оның сан сипатты, мың қырлы, мың сырлы, мың әуезді жақұттай поэзиясында жаңашылдық, шығыстық, түрікшілдік сарындар жеткілікті.
Оның Ақмолла, Шәкәрім, Ыбырай Алтынсарин, Ақан сері шығармаларын жинақтап шығарғаны да ұлт әдебиетіне жанашырлығын танытады.
Ол – тамаша редактор. Бұл ретте орыстың әйгілі жазушысы Галина Серебрякованың қазақ тілінде жарық көрген «Жас Маркс» кітабына редакторлық жасаған.
Сәкеннің ой-өресі айрықша. Күншығыс елінің ұлы шайырлары Фирдоуси, Омар Хайям, Сағди шығармаларының рухын қабылдаған.
Сәкен Сейфуллин – сұлулық пен ұлылықтың, қайраткерлік пен санаткерліктің символы!
1914 жылы Қазан шаһарында сұңқар мінезді Сәкен Сейфулиннің «Өткен күндер» дейтін жыр жинағы жарияланған-ды. Мұнда «жүрегі – от, көңілі – дария» жас наушаның құшағына ел сыйған, әз халқының таңы, маңдайының бағы, жұртшылықтың ырысы, құты, айбары боларлық «Халық ағасы» мәртебесі хақында «Кім басшы, аға халыққа?» дейтін жеті шумақтық өлеңінде керемет терең сырлар толғайды, елдік, халықтық деңгейде парасатты ой-пікірін өрістетеді. Ой-пайымында «халық ағасы» қандай тұлға болу керектігіне әділ сипаттама береді:
Халық ағасы – жұрт қорғайтын панадай,
Адасқанды жөнге салар данадай.
Ел жұмысын тындырсаң, ар-намысын қорғасаң, абыройын асқақтатсаң, аталы жұрттың көшбасшысы деп Ел-Ана ардақтайды.
Негізінде, бабалар тілінде «қазақ баласы», «дала қазағы»,«қыр қазағы», «халық қызметкері», «ел ағасы» дейтін қастерлі ұғымдар бары аян. Алаш рухы ерте оянған жас шырақ Сәкеннің затында ұялағаны, жүрегіне, сүйегіне дейін жайылғандықтан, сыр-лебізінде де ұлттың ұлы тілегі буырқанып-қайнап көрініс тапқан.
Абайда «ел басы, топ басылары қалай қылса, қалай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден-бірге жүгірмек болмайды екен. Көші-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен» деген ой-тұжырым бар.
«Жөні түзу түйе жоқ, түзетер оны ие жоқ» дегендей, С.Сейфуллиннің өзі өмір сүрген дәуірдегі халқының қамал-қорғаны, ақыл-аузы дейтіндерге көңілі толмайды. Мәселен:
Біздерде аз халыққа аға болған ер,
Шын көңілімен өз жұртының қамын жер.
От басында ынтымақсыз өздері,
Солар аға, солар басшы дегендер.
Бірікпесе басшылардың сөздері,
Бірін-бірі кекетсе олар өздері,
Қыңыр-қисық қазақ халқын түзеуге,
Қане олардың құрған өйтіп тездері?!
Олар өйтсе, кім басшы, аға халыққа?
Қисайғанды кім салады қалыпқа?
Басшысы жоқ, адасқан қара халықты,
Кім бастайды қараңғыдан жарыққа?
«Аға» дейміз бізді жөнге бастаса,
«Кір қатарға, ілгері адым бас» десе,
Өздерінің ынтымағы бірігіп,
Алты бақан кер тартысты тастаса.
Сәкенше Халық ағасының қадірлі қасиеттері – «жақсы өнеге көрсету», көркем іс атқару, «ата күшін, ана сүтін ақтау», таза ой ойлау:
Кейінгіге жақсы өнеге көрсетіп,
Надандықты табанымен таптаса,
Шыбын жанын халқы үшін пида қып,
Ата күші, ана сүтін ақтаса.
Сонда сіздер басшы бізге, ағалар,
Жоғарыдан жанашыр жоқ көз салар.
Қызметі деп басшылардың халыққа,
Кейінгі жас аға басын бағалар.
С.Сейфулиннің халық ағасы жайындағы ұлт зиялысы һәм көшбасшысы дейтін іргелі идеясы Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек!» дейтін ұлттық-стратегтік, мемлекеттік, бағдарламалық мақаласында мынадай өткір көкейкесті ойын мәлімдейді:
«Сондықтан ұлтымыз өсіп-өркендесін десек, біз жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз керек. Қоғамда еңбекқорлық пен жасампаздық жоғары бағалануға, білімпаздық пен жаңашылдық салтанат құруға тиіс. Сондай-ақ өмірге деген байсалды және байыпты көзқарас басым болғаны жөн. Ашығын айтайын, өзін «ұлттың қаймағымыз» деп санайтын кейбір зиялы қауым өкілдері осы миссиясын өз деңгейінде атқарып жүрген жоқ. Олар ұлтқа үлгі-өнеге көрсетудің орнына, ұсақ-түйек әңгімелерді қоздатудан, әдеттегідей «біздің халық аса данышпан» деп қайталай беруден немесе қара басының қамын күйттеп, билікке «жағдайымды жасамады» деп өкпе артудан аса алмай отыр. Осылайша, ұлттық идеологияның даму жолында жалғандыққа жол беріледі».
Осыдан 110 жыл бұрын С.Сейфулиннің «Халық ағасы» дегені әділет пен әдеп жолындағы киелі, зиялы қауымның алға бастаушы Қап тауындай қайратты серкелері.
Асылы, Сәкен Сейфулиннің 1914 жылы жазылған «Кім басшы, аға халыққа?» дейтін фәлсафалық-әлеуметтік сипаттарға кемел өлеңі «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» қоғамы үшін даналық дәрісі деуге болады.
Ұлылықпен сипатталған Халық ағасы – қоғамның бақ-берекесі, рухани мәртебесі, интеллектуалдық мәдениеттің биік дәрежесі.