КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Биыл өңірде қаңғыбас үй жануарлары мәселесін шешу үшін 96,5 млн теңге қаражат бөлінді. Оған қаңғыбас иттерді аулау, зарарсыздандыру, вакцинациялау қарастырылған, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Өткен жылы IKomek-109 қызметіне өңір тұрғындарынан қаңғыбас иттерге қатысты 318 шағым түскен. Күн санап күрделеніп бара жатқан мәселе жергілікті атқарушы органдар мен ветеринария саласы мамандарын да алаңдатып отыр.
Ақмола облысының ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісовтың айтуынша, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң шыққаннан бері өңірде қаңғыбас иттер мен мысықтардың саны күрт артқан. Ал бұған дейін ветеринарлық қызметтер олардың санын реттеп отырған.
«Биыл бұл мақсатқа облыс бойынша 96,5 миллион теңге қаржы бөлінді. Қаражат қаңғыбас ит-мысықтарды аулау және жоюды ұйымдастыру, оларды уақытша ұстау, анықтау, вакцинациялау және зарарсыздандыруға бағытталады. Былтырғы жылы да осы шамасында қаражат бөлініп, 5 мың ит ауланса, оның 1600-нің көзі жойылды, қалғандарына вакцинациялау, кастрация және зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілді», – деп түсіндірді Талғат Жүнісов.
Ол атап өткендей, қаңғыбас иттермен күресте біраз қиындықтар туындап отыр.
«Былтырғы жылы тендерді ұтып алған «Қазшосқұрылыс» ЖШС және «Крамор» ЖК, екі компанияның техникасы мен ауланған иттерді орналастыратын арнайы орындары аз болғандықтан жұмыс нәтиже бермеді. Биыл осы талаптарды енгізіп отырмыз, мемлекеттік сатып алу байқауына қатысу үшін ит ұстайтын орны және аулайтын адамдары мен көліктері болуы тиіс. Қазіргі кезде, облыс бойынша қаңғыбас иттерді ұстайтын Көкшетау қаласында 45 итке арналған «Шанс на спасение» бір ғана панажай бар, оның өзі толық. Жекенің қолында болғандықтан олар бізге есеп бермейді. Степногор қаласында база бар, бірақ ол жұмыс істемейді. Соңғы уақытта еліміздің қай өңірінде болмасын қаңғыбас иттердің көбейіп кеткені жиі айтылады. Біздің облысымызда Көкшетау, Степногор және Атбасар қалаларында, сондай-ақ, Астана маңындағы елді мекендерде өте көп. Елорда тұрғындарын ит, мысықтарын қала шетіндегі елді мекендерге апарып тастайды. Бүгінгі күні біздің міндетіміз иттерді аулау, зарарсыздандыру, вакцинациялау, таңбалау және тіршілік ету ортасына жіберумен шектеледі. Босатылған бұл иттер ертең адамға, малға шаппайды деп ешкім айта алмайды. Осы жағынан алғанда «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қолымызды байлап отыр», – деп толықтырды ол.
Ветеринария басқармасы мамандарының мәліметінше, облыстық мәслихаттың шешімімен облыстың елді мекендерінде жануарларды аулау, уақытша ұстау және ату, үй жануарларын ұстау және серуендету ережелері бекітілген.
Қоғам белсенділері қаңғыбас жануарлардың нағыз әлеуметтік проблемаға айналғанын, жыл сайын олардың саны артып келе жатқанын, сондықтан мемлекет деңгейінде тиімді және кешенді шаралар қолдану, шет ел тәжірибесін пайдалану, ит-мысықтардың денсаулығын ветеринарлар қадағалап отыру қажеттігін айтады. Бұған қоса, қаңғыбас жануарлардың иелеріне айыппұл салуды, сондай-ақ зарарсыздандырылмаған үй жануарлары үшін салық аударуды міндеттеуді ұсынады.
Көкшетау қаласының тұрғыны Сырым Өтеновтің айтуынша, қаңғыбас иттер мен мысықтардың мәселесі бюджеттен қаржы бөлу арқылы шешу жеткіліксіз. Елімізде иттен басқа да, шешімі қордаланған мәселелер жетерлік. Иттің мәселесін, сол ит асырап отырған адамдарға салық және айыппұл салу арқылы ғана реттеуге болады.
«Қазірден бастап бір шешім шығармасақ, келешекте бюджет ақшасының бұдан да көп бөлігін иттерге жұмсайтын боламыз. Бір ғана заң арқылы шешілетін мәселені, ушықтырып ең соңында ақшаға әкеліп тірейміз. Жыл сайын еліміз бойынша қыруар ақша бөлініп келеді. Содан бір нәтиже барма, керісінше жылдан жылға жағдай өршіп барады. Тіпті, иттердің құқығын адамнан да күшті қорғайтын ұйымдар мен белсенділер шықты. Бір сөзбен айтсақ, кейбір қоғам белсенділері мен заңгерлердің біразы иттің жағына шығып кетті. Иттерді өлтірмегені дұрыс шығар, бірақ, сол итті ермек етіп, ұстайтын адамдарға тоқтау салу керек. Оны салық және айыппұл арқылы ғана бақылауға болады. Мәселен, қабаған иті бар үйлердің есігінде, қоршауында «Абайлаңыз, қабаған ит» деген тақтайша тұратынын білеміз. Соны қайта қолға алу керек. Кімнің ит пен мысығы бар соған есігінде ит немесе мысық ұстайтындығын білдіретін QR коды бар тақтайшаны іліп қоюға міндеттеу керек, көршілері біліп отырсын. Ит пен мысығына салық төлеп отырсын, егер олай істемесе, онда айыппұл салу керек. Көліктерге «газ» деген таңба қою талап етіледі ғой, ит егесіне де сондай талап енгізілсін. Сонда бейсауат ит пен мысық ұстайтындардың қатары азайып, қаңғыбас иттер мен мысықтар көбеймес еді», – дейді тұрғын.
Тағы бір қала тұрғыны Базарбай Рақымжановтың пікірінше, асыл тұқымды ит асырайтын азаматтарға қала сыртында иттерді орналастыратын арнайы орын болса, онда шет елдердегідей иттің жағдайын жасаған кезде ғана рұқсат беру қажеттігін айтады.
«Қазір қалада бала ертіп жүргендерден гөрі, ит жетектеген адамдар көп. Кейбірі балалардың ойын алаңында иттерін серуендетіп, қоғамдық орындар мен автобустарда мысықтарын құшақтап жүреді. Тіпті, олармен кәдімгі туғанындай сөйлесіп жатады. Үй жануарларын адамнан артық санайды. Осындайларға қатаң тиым салынуы керек, әрине, бәрі заң аясында. Батыспен салыстырған біздің менталитет басқа, біздің экономикалық жағдайымыз басқа. Иттен басқа да, әлеуметтік-тұрмыстық мәселе жетерлік. Алдымен соны шешіп алайық, сосын барып иттің жағдайын ойлағанымыз абзал», – деп ойын білдірді.
Дегенмен, алдыңғы жылы қоғам белсенділері иттің мүддесін қорғаймыз деп жүргенде, Атбасар қаласында «Алабай» тұқымды ит әйелді талап, ол аяғынан айырылған еді. Осындай жағдай Степногор қаласында болды. Онда бұралқы иттер қораға түсіп, 30 бас қойды тамақтап кетті. Ветеринарлық қызмет қауіп төндіргендіктен иттерді атып тастаған еді.
Айта кетсек, 2022 жылдың 2 наурызынан бастап «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қолданысқа енгізілді. Онда иттерді атуға рұқсат етілмеген, тек айналасына қауіп төндіретін, қартайған, жарақат алған ауру жануарлардың ғана көзін жоюға болады.
Еске салайық, бұдан бұрын Ақмола облысында қаңғыбас иттерге арналған панажайлар салынатынын жазған едік.