Халқымыздың атағы алысқа кеткен батыр ұлы Бауыржан Момышұлы туралы білмейтін, не болмаса естімеген қазақ жоқ шығар деп ойлаймын.
Біз екінші дүниежүзілік соғысқа басынан аяғына дейін толық қатысқан майдангерлердің балаларымыз. Сол себептен шығар, аттары қазақ даласына кеңінен жайылған шын батырлар біздің ата, әкелеріміздің арасында көп болды. Солардың құрметіне есімдерін Бауыржан, Талғат, Рахымжан, Мәншүк, Әлия деп қойған ұл-қыздармен тай құлындай тебісіп, жарасып өмір сүрдік.
Дүниедегі аяқасты кездесулер қашанда ойламаған жерден болады екен. Алматыда Қазақ Ұлттық университетінде оқып жүрген кезімізде сондай бір мен үшін ұмытылмас тарихи оқиға болды. Бұл 1979 жылдың жаз айы еді. Студенттердің арасына даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлымен кездесу өтеді деген хабар тарап, соған сәйкес жастар ынта-жігер көрсетіп, университеттің мәжіліс залына сыймай кеткені есімізде. Шын мәнінде сол күнгі жиын уақытында басталып, салиқалы кездесуде ғажап бір ерекше тыныштық орнағанын көзімізбен көрдік. Жастардың басты қонақтары екі адам болды. Біріншісі Бауыржан Момышұлы, екіншісі қазақтың көрнекті ақыны Әбділдә Тәжібаев.
Бұл менің шын аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлын тұңғыш көруім еді. Ел арасында аңыз болған жанды өмірде кездестіру, басынан өткен оқиғаларды өз аузынан есту қайталанбас оқиға деп бағаладым. Келген замандастарымыздың да бұл кездесуден алған әсері мол болды.
Әскери тәртіппен бойын тік ұстап кірген қазақ офицері қысқа амандықтан кейін, әңгімесін бастап кетті. Бұл – даңқты батыр Бауыржан Момышұлы еді. Қою бозғылт тартқан қара шашы артқа қайырылған, қайсар мінезді жанның сөйлеген сөзінің құдіреті даусынан аңғарылып, келген жұртты өзіне баурап алды. Екі тілде анық сөйлейтін адамның алдында отырған тыңдаушылар әрбір буынға, сөздің айтылу мәнеріне көңіл қойып, әңгіменің маңызын, сөз желісін еркін сезініп отырды.
Гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы сол кезде маған штаб алдында сөйлеп тұрғандай көрінді. Қатқыл зор дауыс тыңдаушысын еркіне көндірмей қоймайды екен. Біз әскерге алынған жас жігіттердей батырдың аузына қарап, бағыныштылықпен ерекше бір күй кештік. Қажыр-қайраты тасыған даңқты қолбасшының әрбір сөзі нысанаға дөп тиіп жатты.
Әңгімесі жарасқан аудиторияда ғажап бір тыныштық орнады. Көзі тірісінде аты аңызға айналған қолбасшы әрі жазушы оқырмандарының алдында зор беделге ие болған. Әсіресе, соғыстың қайнаған кезінде ол туралы, оның қайтпас қайсар жауынгерлері жайлы Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» повесі батыр атамыз бен оның дивизиясына, полкына үлкен рух пен абырой әкелгені шындық. Бұл тарихи шығарманы жоғары шенді офицерлер барлығы бірдей құрметтеді десек, артық айтқандық болар. Іштарлық, көреалмаушылық танытқандар аз болған жоқ.
Қазақ сардарының ерлігі дүйім Совет, шетел жұртына жайылып кетті. Аты аңызға айналған батыр көзі тірісінде туған халқының шынайы мақтанышына айналды. Бірақ, Бауыржанның халық арасындағы сол атақ-беделі әскери тұрғыда дәрежесін жоғарылатқан жоқ. Кейін дивизия басқарғанына қарамастан, соғыс жылдарындағы, әсіресе, ел астанасы Мәскеуді қорғаудағы ерлігі үшін не Кеңес Одағының Батыры не генерал әскери шенін ала алмады. Батыр атағы тек көзі жұмылғаннан кейін ғана бертін республика басшылығының өтініш-тілегімен уақытынан көп кешіктіріліп берілді. Мұндай әділетсіздікті кезінде Рейхстагқа ең бірінші болып Жеңіс туын тіккен даңқты жерлесіміз Рақымжан Қошқарбаевтың да бастан кешкенін жақсы білеміз.
Алматыдағы біз куә болған бұл мәдени шарада көптеген тақырыптар қозғалды. Батыр аға өзінің өскен ортасы, ерлік жасаған азаматтар, 28 панфиловшылар жайлы толғана сөйледі.
Дивизия командирі болған Баукеңнің әскери іс-қимылы әлі күнге көптеген шет елдердің оқу тәжірибесінде қолданылып жүргенін білеміз. Ал, Александр Бектің тарихи повесі Израиль әскеріне шақырылған жауынгерге үлкен сый ретінде тарту етіледі.
Тарихи кітапты жазу авторға оңай болмаған көрінеді. Александр бұл шығарманы таза шынайы деректермен жазып шығу үшін Баукеңнің алдынан ерекше бір сыннан өткен. Жазушының айтуы солай.
Өмірде таза ұстаныммен жүрген адам мұндай талапты өзімен кеңінен сұхбаттасып, атақты «Ақиқат және аңыз» кітабын өмірге әкелген әрі осы туындысы үшін Қаз КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болған жазушы Әзілхан Нұршайықовқа да қатаң қойғанын біз жақсы білеміз. Айта берсе, батырдың таза өміршең талабы әрбір ісінен көрініп отырады.
Бейбіт өмірде батыр жазушы өнімді еңбек етті. Оның жазған тарихи шығармаларында сындарлы шақ ауыртпалығын елмен бірге көтерісіп, жеңісті орнатысқан ердің өскелең ұрпаққа ашар сыры, айтар әңгімесі мейілінше кең қамтылған.
Екі сағатқа созылған сол тарихи кездесу біздің есімізде ұмытылмастай жатталып қалды. Атақты халық батыры Бауыржан Момышұлын көріп, өткен өмір оқиғаларын өз аузынан естіп, таң-тамаша болдық. Батырдың тұлғасы, құдіретті зор дауысы, терең ойлы сөздері бізге ерекше әсер қалдырды. Қанша жыл өтсе де бойын тік ұстайтын, жасқануды білмейтін, сөзге шешен қазақ азаматының келбеті ұмытылар емес. Халқы үшін туған ерді көру бір ғанибет екен. Бұл ізгі шараға қатысқан әрбір жас өзін бақытты сезінді. Мен де солардың бірі едім.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Астана.