Мемлекет әрқашан қолдайды

Бүгінгі таңда мемлекет бизнесті жүргізу жағдайын жақсарту және әкімшілік жүктемені азайту бойынша жүйелі жұмыстардыіске асыруда. Сонымен қатар, кәсіпкерлік секторды ынталандыру шаралары қолға алынған.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Айдрахманов және «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры»  акционерлік қоғамы Ақмола облыстық  филиалы директорының орынбасары Тарас Шалыга айтып өтті.Шағын және орта бизнес облыс халқының басым бөлігін негізгі жұмыспен қамтиды. Қазіргі таңда кәсіпкерлікпен 140 мыңнан астам адам айналысады, бұл экономикалық белсенді халықтың үштен бірін құрайды. Мемлекет өз кезегінде шағын және орта бизнеске арналған  бағдарламаларды  дамытуды көздеп отыр. Осыған байланысты Жасұлан Айдрахманов кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның және «Қарапайым заттар экономикасы» жобасының сұранысқа ие болатындығын атап өтті.  Оның айтуынша, өткен жылы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 11 миллиард теңгеге жуық сомаға 640 бизнес жобаға қолдау көрсетілген.

−Аталған мемлекеттік бағдарламалар өңдеу өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында, көлік саласында, халыққа түрлі қызметтер көрсету және басқа да салаларда бизнес ашуға және оны кеңейтуге өз ықпалын тигізді. Өткен жылы жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны әлдеқайда өсті. Соның арқасында 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды, –деді өз сөзінде баяндамашы.

Үкімет басшысы атап өткеніндей, елімізде отандық кәсіпкерлерді қолдау үшін ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Осылайша қабылданған шаралардың арқасында елдің жалпы ішкі өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 36,5 процентке дейін ұлғайды.  2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 40 процентке дейін өсуі керек деген болжам бар. Бағдарлама шеңберінде шағын және орта бизнес субъектілерінің кредиттер сыйақысының пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау, кредиттерге ішінара кепілдік беру, гранттық қаржыландыру және жетіспейтін инженерлікинфрақұрылымды жүргізу түріндегі мемлекеттік қолдау шараларын пайдалануға мүмкіндігі бар.

Тағы бір ескеретін жайт, адал кәсіпкерлер әрқашан қолданыстағы заңнама шеңберінде қолдауға сене алады.Бүгінгі таңда «Даму» қоры пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, кепілдік беру және жеңілдетілген несиелеу сияқты мемлекеттік қолдау түрлерін жүзеге асырады.Бұл туралы толығырақ «Даму» қоры директорының орынбасары  айтып өтті.

−Субсидиялар мен кепілдіктер осы жылдың ақпан айында бекітілді. Ол бизнестің жол картасы мен басым жобаларын қамтиды. Субсидиялар мен кепілдіктер кредиттеу тетігін қамтитын бірыңғай кешенді бағдарлама шеңберінде беріледі. Бағдарламаның стратегиялық мақсаты – ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 40 процентке дейін ұлғайту, сондай-ақ, экспортқа бағдарланған, бәсекеге қабілетті, импортты алмастыратын салаларды дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру, −деді өз сөзінде Тарас Шалыга.

Жалпы, баяндамашылардың айтуынша, кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бірыңғай кешенді бағдарлама аясында салалық шектеулер жоқ. Тек сауда-саттық, жылжымайтын мүлікке қатысты операциялар, көлік лизингі және жалға алу, сондай-ақ, такси қызметіне шектеу қойылған. Бұл ретте құны 10 миллион теңгеден аспайтын азық-түлік өнімдерін сатуға және отандық өндірістегі автомобильдерді сатып алуға жол ашық.

Айта кетерлігі, бұл бастамалар бизнесті жүргізуді жақсартуға ықпал етеді. Алайда, алдағы қиындықтарды болдырмау үшін кәсіпкерлік саласындағы заңнаманы ұстанып, істің қыр-сырын білген жөн.  Бұл болашақ кәсіпкерлерге өз ісін дамытуға көмектеседі.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар