Ақкөл қаласына тұрғындарға тегін амбулаторлық көмек көрсету үшін білікті дәрігерлер бригадасы бар «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы келді.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның ұсынысы бойынша «Samruk-Kazyna Trust» «Медициналық пойыздар» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба Қазақстан бойынша медициналық пойыздар арқылы халыққа медициналық, құқықтық, медиациялық көмек көрсетуге бағытталған. Медициналық пойыз диагностикалық қызмет пен мамандардың кең қызметін ұсынады. Жобаның арқасында қала және ауылдық округ тұрғындары биыл да білікті дәрігерлерге барып қаралды.
Науқастарға қажетті алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кәсіби кеңестер беріліп, әрі қарай медициналық орталықтарға емделуге жолдамалар берілді. Дөңгелекті емхана мамандары қатарында терапевт, педиатр, невропатолог, офтальмолог, ЛОР дәрігері, гинеколог, хирург, маммолог, уролог, стоматолог, рентгенолог, кардиолог, дерматовенеролог дәрігерлер мен психолог, ультрадыбыс, эндоскопия, функционалды диагностика мамандары бар.
Пойыз УДЗ, флюорографиялық аппарат сияқты заманауи диагностикалық және емдеу құралдарымен шағын операциялық бөлме, зертхана, интернетке сымсыз қосылуға арналған байланыс құралдарымен жабдықталған. Осыуақытқа дейін «Денсаулық», «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» консультативтік-диагностикалық пойыздары Қазақстанның 1700-ден астам шалғай өңірлеріне барып, 488881 тұрғынды, медициналық тексерістен өткізді. Оған енді Ақкөл ауданының тұрғындары да қосылып отыр. Дәрігерлердің жұмыс уақыты таңғы 9-дан кешкі 18.00-ге дейін. Дегенмен, дәрігерлер көбінесе соңғы науқасқа дейін қабылдап және ешкімге медициналық көмек көрсетуден бас тартқан жоқ. Өңір тұрғындары үшін медициналық пойыз білікті көмек алудың қолайлы бір мүмкіндігі.
Динара АРХАРОВА.
Ақкөл ауданы.