Жүректе қалған бір бейне

Ұстаздық мамандығына адалдық танытып, кішіпейіл, сабырлы мінезімен замандастары арасында оқ бойы озық жүретін Сәбит Меңдібайұлы Шағыров 1 қазанда 80 жасқа толар еді-ау! Алайда, қатал тағдыр жан баласына қылдай қиянаты жоқ, ары таза азаматқа бұл қуанышты сәтті көруге бұйыртпады. Осыдан бес жарым айдай бұрын қимас досымыздан көз жазып қалдық.

Соғыс жылдары өмірге келген біздің ұрпақтың бойындағы құнды қасиет – аш құрсақ жүрсекте, қаршадайымыздан өмірге құштарлығымыздан танбадық. Майданда жаумен арпалысып жүрген әкелеріміздің амандығын тілей отырып, жансебіл аналарымыздың, үлкендердің қамқорлығы арқасында есейіп, ержеттік.

Жетімдікті қайсарлықпен жеңе білген балғын Сәбит кіндік қаны тамған Теңдік ауылындағы жетіжылдық мектепті бітіріп, сабағын Рузаевтағы қазақ орта мектебінде жалғастырды. Бір жылдай Чистополье селосындағы педагогикалық курста оқып, 1962-1963 жылдары Теңдік сегізжылдық мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып істеді.

1962 жылы ашылған Көкшетау педагогикалық институты ұстаздық мамандықты тандаған,жүздеген қазақ жастарының бағын ашып, кәсіби біліктілігін шыңдауға көмектесті. 1963-1968 жылдар аралығында Сәбит те аталған жоғары оқу орнында оқып, арасында Отан алдындағы әскери азаматтық борышын да өтеді.

Зерек әрі алғыр азаматтың білім саласындағы одан арғы тағдыры Гаршин орта мектебінде мұғалімдіктен бастау алып, Шақпақ сегізжылдық мектебіндегі қызметпен жалғасты. Жаңалыққа жаны құмар Сәбит Шағыров 1969-1988 жылдар  аралығында өзі қызмет істеген үш мектептің материалдық базасын жақсартып, кадрлардың кәсіби шеберлігін жетілдірумен, оқу бағдарламасына озық тәжірибелерді енгізумен айналысты.

1988-1997 жылдары Чистополь аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, аудан әкімінің орынбасары болып істегенінде әлеуметтік салаға, дәлірек айтқанда, білім мен мәдениетке қатысты көкейтесті мәселелерді белсенділікпен шешуге тырысты. Сондай-ақ, аудан ауылдарына сапалы медициналық қызмет көрсетуге, спорттық бұқаралық сипат алуына да ұйытқы болды.

1997 жылы аспаннан жай түскендей, Көкшетау өңіріндегі сегіз ауданнан кейін облыстың өзі де жабылды. Жүздеген іскер мамандар тағдырдың тәлкегіне түскендей жұмыссыз қалды. Алайда, бұл сынақ елуден жаңа ғана асқан жігерлі жігіт Сәбит Меңдібайұлының сағын сындыра алмады. Сексен жылғы ғибратты ғұмырының тең жарымын шәкірт тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз Сәбит Шағыровтың оқу-ағарту саласындағы үздік еңбегі ескеріліп, Көкшетау қаласындағы облыстық мектеп-интернатқа директор болып тағайындалды. Құлшына іске кіріскен іскер азамат білім ордасының жұмысын одан әрі өрге бастырып, республикалық байқауларда сан мәрте жеңімпаз атанды.

Сәбит Меңдібайұлының білімдарлығы мен ізденімпаздығына, эрудициясының кеңдігіне бәріміз де қайран қалушы едік. Тіпті, денсаулығында кінәрат байқалғанның өзінде де қолынан кітап түспейтін. Ара-тұра жергілікті басылымдарға ұлт тағдырына, ұрпақ тәрбиесіне қатысты мақалалар да жазатын. Ал, қимас досы,белгілі ақын-жазушы Төлеген Қажыбайдың азаматтық тұлғасы мен шығармашылығына арнап, «Сұхбат» атауымен жеке кітап та шығарғанын жақсы білеміз.

Үнемі шалбарының қырын сындырмай, галстугін тастамай, сал-серіге тән маңғаз қалпында жүретін шоқтығы биік замандасымыз жайлы жүрекжарды ыстық лебіздерді сонау студенттік шақтан бері де көп еститінбіз. Бертіндері, Көкшетауға көшіп келіп, жиі араласа бастаған сәттен абзал азаматтың адалдығына, кішіпейілділігіне өзімнің де көзім жетті. Көне тарих пен шежірені тарқатқанда  тыңдарманын әңгіменің қасиетімен баурап алатын.

Мемлекеттік органдардағы бай жұмыс тәжірибесін ескере отырып, Сәбитке қалалық ардагерлер Кеңесіндегі ұйымдық-әдістемелік жұмыс бойынша тұрақты комиссия төрағалығын ұсындым. «Шәке, қарап отырсам өміріміз ұқсас екен-ау. Соғыстың қасіретін сәби көңілмен сезініп, өмірге деген іңкәрлік сезімнің арқасында екеуіміз де Ш.Уәлиханов атындағы педагогикалық институтта оқыдық. Сексен жылғы саналы ғұмырымызды ұстаздық, мемлекеттік қызметіке арнаппыз. Аздап ем-дом алған соң, бірлесе қызмет істейтін болармыз»,– деген-ді сонда. Әттең, бұл мақсатына жете алмады.

Шағыровтар шаңырағын аналық мейірім шуағына бөлеп отырған асыл жары Маралмен телефон арқылы сөйлескен сайын, ұрпақтарының амандығын  естіп, марқайып қаламын. Ендігі айтарым, абзал азаматтың асыл бейнесін жадымызда берік сақтап, жаны пейіштің нұрына бөленсін деген ақ тілегім ғана.

Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қаласының құрметті азаматы,
әріптес досы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар