Ұлттық сусын
Босағасына береке үйірілген ауыл тұрғындарын көргенде бар істің басында еңбекқорлық тұр-ау деген ұйғарымға келерің бар. Тасыңның өрге домалауы да тікелей осы еңбек атты құдіретке байланысты.
Жаз бойы ілкі заманнан бері атамыздың адал асы болып келе жатқан дәмді қымызқұмарлар шарқ ұрып іздемейтін болды. Бие байлап отырған шаруақор ағайын қалағаныңды үйіңе дейін жеткізіп береді. Әйтсе де талғам өзгеше. Бетінде майы жүзген сары қымыздың сан түрі бар. Соның ішінде көпшілік қазір «Қарабауырдың қымызы-ай» десіп тамсанады.
Қарабауыр қымызын өндіретін «Жаз» шаруа қожалығы сонау 2003 жылы ұйымдасқан. Қожалық басшысы Жылқыбай Төлегенұлының айтуына қарағанда, атадан қалған құтты құрыққа ие болып қалса керек. Малды өз төлі есебінен өсірген, тұқымын жақсартқан, сұрыптаған. Қазір 400-ден аса жылқысы бар. Бес жүз қойы тағы бар. Негізгі шаруа алажаздай күмпілдетіп бие сауу. Ниеттеріне орай игілік үйіріліп тұр. Өздеріне ғана емес, малына қарайласатын жұмысшыларына да. Шоқ жұлдыздай шағын ауылдың жиырмаға жуық тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
–Өнімді өндіру барда, өткізу бар. Бәлкім соңғысы қиын шығар, – дейді шаруа қожалығының басшысы, – бір жақсысы жер жәннаты Бурабай іргемізде, жаз бойы адам аяғы үзілмейді. Шипажайлармен келісім-шарт жасасып, уақытылы жеткізіп беріп тұрамыз. Облыс орталығының сауда нүктелерімен де жұмыс істейміз. Соңғы жылдары қымызға деген сұраныс баршылық. Әсіресе, аға буын арасында. Жастар жағы қадіріне жете бермейді. Бірінші байлықты нығайту үшін жастардың дастарханына ұлттық тағам қойылса нұр үстіне нұр болар еді.
Қарабауыр ауылы құрамына кіретін Абылайхан ауылдық округінде бие байлап отырғандар аз емес екен. Не нәрсе көп болса, соның бағасы түседі емес пе? Қымыз көбейген сайын алушылар азайған.
–Қымызды ұнтаққа айналдырса деп армандаймын, – дейді Жылқыбай Төлегенұлы, – алыс-жақын шетелдерге өткізуге болар еді. Мәселен, Германияға. Естуімізше ол жақтағы жастар бірінші орынға жұмысты қояды екен де, сәбилерін емшектен ерте айырады екен. Неміс ғалымдары бие сүтінің құрамын зерттеп, ана сүтіне жақыны осы деп тапқан. Тек біз ұнтаққа айналдыра алмай жатырмыз. Ол үшін мемлекеттің үлкен қолдауы керек. Ауылды көтерудің де төте жолы осы. Қымызды өңдеп, шетелге өткізу жолын тапсақ, малсақ қауымның еңсесі көтеріліп қалар еді.
Жылқышының пайымынша, жаңа жұмыс орындарын ашудың да бір жолы осы. Тағы бір түйткілі елдің еңбектен қол үзіп қалуы. Бұл жалқыға емес жалпыға ортақ жағдай. Шаруа қожалығының айтуына қарағанда, білек біріктіріп жұмыс істеп жүргендердің дені зейнеткерлер.
–Оның өзінде де әрқайсының тілін табамын деп табаныңнан тозасың. Жалақылары айына 250-300 мың теңгеден кем емес. Ауылдық жерде тәп-тәуір табыс емес пе? Кейбіреулерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына қол ұшын бересің. Малдың тілін табудан адамның тілін табу қиын болып тұр. Жастар жағы қалаға қоныс аударған. Дәл осылай бола беретін болса, табиғаты тамылжыған туған өлкенің құт бесігі бос тербеліп қалмақ, – дейді шаруа қожалығының басшысы, – субсидия алмаймын. Осыдан төрт-бес жыл бұрын сүттің бір литріне 60 теңгеден төленген. Төрт түліктің төресі жылқыға субсидия бөліп, жалынан сипап отырған ешкімді көре алмадық.
Шаруа қожалығы күніне 500 литрге дейін қымыз өндіреді. Сұраныс болса бір тоннаға жеткізуге мүмкіндіктері бар. Бие сауу қысы-жазы бір тоқтамайды. Әулеттің келіні Зәуре Ғалиақпарованың айтуына қарағанда, қымыз баптау өнерін ата-анасынан үйренген. Өзі де жиырма жылдан бері осы істің берекесін келтіріп жүр. Қымыз баптау бөлек өнер. Қазір елдегі жас қыз-келіншектер бие саууды ұмытқан. Ал, жарықтық жылқы малының алпыс екі тамырын идіріп, тас емшегін жібітіп шығатын сүттің құнары, құрамы, адам ағзасы үшін қаншалықты пайдалы екендігін күнделікті қарапайым тіршілікте де, жөпшеңді адамның миы жетпес ғылымда да айқын дәлелденген.
Әжелеріміз биені идіргеннен кейін бір қолымен оң жақ санының алдынан, екінші қолымен сол жақ санының артынан құшақтап отырып сауатын. Таудай бие теуіп қалады-ау деп қорқып, үрікпейтін. Қашан да сезімтал жылқы малы өзінен қорыққан адамды аңғарып сезіп тұрады. Бие емшегінің үрпі кең әрі жұмсақ келеді. Сондықтан, оны тез-тез саумаса сүт ағып кетеді, әйтпесе иісініп тоқтап қалады. Сондықтан, бұл арада бие саууды әншейін жай ғана бір тіршілік көзі саналатын күнкөріс деп емес, айырықша бітімді, көшпелі халықтардың ғана маңдайына жазылған өнер деп ұғынуымыз керек. Өрістен келген мама биелердің жалын тарап, сылап-сипап, еркелетіп жататын. Әубаста жаратқан ие артық жаратқан төрт түліктің төресі жылқы малы да өзін жақсы көрген, аялап-әлпештеген адамды ұнатады. «Ағы бардың бағы бар» деп халық тегін айтты дейсіз бе?
Қымыз көпшіліктің асы болатын. Бие байлаған үй несібесін көпшілікпен бөлісіп ішетін. Көрші-қолаң, ағайын-туыс бір-бірін биені байлап, қашан ағытқанша дейін сыбағасы деп, ақтан ауыз тиіңіз деп шақырысып жататын, мұның барлығы сол кездегі адамдардың бір-біріне деген кең қолтық, жомарт пейілі. Қазір жылқы ұстағанымен оның пайдасын өз басына жарата алмай отырғандар көп. Ұлттық тағамдардың ішіндегі ең құрметті дастархан мәзірі осы қымыз. Әдетте сауылатын биелер сақа бие, қулық бие, қысырақ бие деп үшке бөлінетін. Сақа бие сан мәрте құлындаған, саууға әбден көндіккен, бас білген бие. Қулық құнажын немесе дөнен кезінде алғаш құлындаған бие. Ал, қысырақ бие деп соңынан былтырғы құлыны, қазіргі жабағы еріп жүрген қысыр қалған биені айтады. Тай еміп жүргендіктен қысырақ биелер сауыла береді. Ол тұста шөптің шығымына, малдың күйіне қарай сауылатын сүтті биелерді үйдегі үлкендер іріктеп, таңдап, тұқымын үзбей ұстайтын. Құлын байлайтын қазыққа, айғырдың жалына май жағып, ырымдаушы еді. Бие байлау мерзімі мамыр айының бас кезінде болатын. Бұл кезде құлындар марқайып, жетіледі. Күніне бес-алты сағат байлауда болады. Бұлар да шаруашылықты бастаған кезде қыруар биені қолмен сауыпты. Қазір сауын аппаратымен жұмыс істейді.
–Бие сауумен айналысқалы он жылдай уақыт өтті, – дейді ауыл тұрғыны Асылхан Кенебаев, – бие байлауды сәуір айының соңында бастаймыз. Алғашқы бетте сауын арасы бір жарым сағат мөлшерінде, кейін қысқартамыз. Тәулігіне алты-жеті сауынға жеткіземіз. Қожалықта жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Жатақханасы бар, жалақысы уақытында төленеді. Бие сауумен бірге мал семіртумен де айналысамыз. Қысы-жазы қарап отыру жоқ. Әрине, жұмыстың жеңілі болмайды, жүген-құрық тимеген асауларды үйретуге тура келеді.
Бір қызығы, төрт түліктің төресі музыканы ұнатады екен. Жастар алдыңғы жылы бие сауған кезде әдемі әуендерді қоятын болған. Сезімтал мал мұндай сәттерде жақсы иеді екен.
Адал еңбекпен алға ұмтылған адамға ауылда да қарекет етуге болады екен. Ең бастысы, ерінбей еңбек ету. Ал, еңбек талаптыны үшпаққа шығарары сөзсіз.
Байқал БАЙӘДІЛ.
Бурабай ауданы.
сурет: olx.kz
![]()

