Әр адам өзінің тұрған мекені туралы өзі арқылы баға бере алады. Біздің отбасымыздың Астана қаласына қоныс аударғанымызға ширек ғасырға таяп қалды. Зейнетке шыққаннан кейін денсаулығымызға көңіл бөлуімізге мол мүмкіншілік туды.
Мен бүгінде 85-тен асқан қарт адаммын. Өзімді жақсы сезінемін деп айта аламын. Мені осы дәрежеде ұстап отырған астаналық дәрігерлер.
Кішкене өткен уақытқа шолу жасайын. Осы ғасырдың басында өтімде тас бар екендігі анықталды. Республикалық травмотология-ортопедия ғылыми-зерттеу институтының хирургі Владимир Андреевич дәстүрлі әдіспен өтті алып тастады. Мен жас кезімнен гипертония ауруымен ауыратынмын Кардиолог Т.Я.Конькованың ұсынысымен кардиография жасатсам, жүректің үш тамыры 80 пайызға бітелген. Астанада кардиохирургия қызметінің жаңа басталып жатқан кезі. Белгілі кардиохирург Ю.В.Пямен ақылдасып, операция жасаттым. Міне, биыл 18 жыл, жүректін жұмыс істеуі жаман емес.
Одан сол аяғымнын бұлшық еттері ауыра бастады. Тексерту кезінде төменгі жақтағы қан тамырларының атеросклерозы деген диагноз қойылды. Ангиохирург, медицина ғылымының кандидаты Ерлан Нығыметжанұлы стенд қойды-ау деймін, ептеп ауруым басылып, жүpiп жүремін.
Мен бойымда байқалған сырқатымның негізгі үшеуіне ғана тоқталдым. Осындай мамандарға басыңды қалай имейсің. Сол дәрігерлерге зор алғысымды білдіремін. Жалпы, Астана қаласында медицина жақсы дамып келеді. Оның айғағы, медициналык орталықты, тіпті дəрігеpдi таңдауға мүмкіншілік бар. Мысалы, мен «Интер тич» медицина орталығында тіркеудемін. Кез-келген уақытта қажет дәрігеріме көрініп, уақытында анализдер тапсыра аламын. Қалада кардиология дәрігерлері көп-ақ, мен осы жүрек, қаң-тамырлары ауруларымен есептемін. Қан қысымы тұрақсыз. Белгілі бір мезгілдерде дәрігерге көрініп отыруым қажет. Қазір «Ая» медорталығында кардиолог Вера Викторовнаның бақылауындамын.
Менің байқауымша жеке меншік медициналық орталықтарда дәрігерлер өте жауапты, мәдениеттi, тәртіп бар, пациенттер мемлекеттік емханаларға қарағанда аз. Меніңше мемлекеттік емханаларда қаралушылар өте көп. Содан дәрігерлер бәрін қабылдау үшін асығыстық жасайды. Сосын емделуші қанағаттанбауы мүмкін. Әрине, медицина орталықтары салынып, жылдан-жылға көбейіп келеді. Онымен қатар, ауыpып eм іздегенше, aуырмайтын жол іздеуге қалада мол мүмкіншіліктер бар. Қаланың әрбір ауданында ұзак өмір сүру орталықтары есіктерін айқара ашып отыр. Онда неше түрлі үйірмелер жұмыс істейді, тіпті, ақсақалдық жасыңда өзіңді дамытуға жағдай жасалған, ағылшын тілін, компьютерді үйренуге болады.
Саябақтарда велотрек, жаяу жүгіру жолдары, скандинавия таяғымен жүру, неше түрлі тренажерлар жұмыс істеп тұр. Қыста шаңғымен конькимен айналысуға болады. Морждарға да қыста суда денені шынықтыруға болады. Жазда суға түсетін орындар Есіл өзенінің бойында орналасқан. Қаланың көп жерінде бассейндер жұмыс істеп тұр.
Мен өзім осылардың біразына белсенді қатысушымын. Әрине, бәрі тақтайдай дей берсек дұрыс болмас. Мысалы, дәрілер қымбат, жеке меншік дәрігерлерге әркім бара алмайды, өйткені, қабылдау бағасы қалтаңа сай келмейді, бассейндердің көпшілігі жеке меншік, бір түскенің 4-5 мың теңге тағы басқа да шешетін мәселелер бар.
Жазғы суға түсетін орындар жеке меншікке беріліп қойған. Олар өз бағаларын қойып алған. Осында кездесіп жүретін Мейірман деген ақсақал айтады:
–Кіруі 1500 теңге, жататын кереует 1500 теңге. Осындай бағаға әр адам кіре алмайды ғой. Жанымыздағы Павлодарда Ертіс бойындағы суға түсетін орындар жақсы жабдықталған, бәрі тегін, ал, бізде Есіл өзені бойындағы суға түсетін орындар ақылы. Өзен табиғаттың бергені ғой, әкімдік жасаған жоқ қой, – дейді. Бұл сөздің де жаны бар сияқты.
Ел Президенті Қ.К.Тоқаев таяуда Медицина қызметкерлері күні сөйлеген сөзін былай деп қорытындылады: «қазір ұлттық медицина саласы қарқынды дамып келе жатыр Жетістіктеріміз аз емес. Мемлекет алдағы уақытта да инфрақұрылымды дамыта береді.»
Мен өз басым ел басшысының сөзіне кәміл сенемін. Астанамызда, бүгінде ұзак өмір сүрудің алғы шарттары жасалған, келешекке де үміт мол.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
зейнеткер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
сурет: baq.kz
![]()

