Белсенді ұзақ өмір сүру – қамқорлық пен құлшыныстан

Ұлттық жоба

Зеренді аудандық мәдениет үйінде Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың қатысуымен өткен облыстық ардагерлер кеңесінің көшпелі отырысы өңірде «Белсенді ұзақ өмір сүру» Ұлттық жобасын іске асыру мәселелеріне арналды.

Көшпелі отырыс алдында облыс аумағындағы барлық аудандық және қалалық ардагерлер кеңестерінің төрағалары биыл Көкшетау қаласында ашылған Белсенді ұзақ өмір сүру орталығын аралап, оның тыныс-тіршілігі, жұмыс істеп жатқан үйірмелерінің жұмысымен танысты. Аталған орталықта бүгінде 1 мыңға жуық ардагер тіркелген. Онда 13 үйірме тұрақты түрде жұмыс істейді. Келушілер шығармашылық, спорттық және танымдық бағыттардағы шараларға белсенді қатысуда. Мұндай орталықтар  егде жастағы адамдардың қоғам өміріне белсенді араласуын қамтамасыз етіп, олардың әлеуетін тиімді пайдалану үшін маңызды әлеуметтік алаңға айналуда. Бүгінде облыс аумағында осындай бес орталық жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін тағы бес ауданда дәл осындай орталықтар ашылады деп күтілуде.

Ал, Зеренді ауданында өткен көшпелі семинарға аудандық, қалалық ардагерлер кеңестерінің төрағалары мен төрайымдары, ардагерлер кеңесінің президиум мүшелері, облыстық басқармалардың басшылары қатысып, Мемлекет басшысының бастамасымен өңірде қолға алынған «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» Ұлттық жобасын іске асырудың барысын талқылады.

–Алдыңғы толқын аға ұрпақ ретінде сіздердің елдің игілігі жолындағы қажырлы еңбектеріңізге тәнтіміз. Тәуелсіз елдің іргесі бекіген алғашқы жылдары сіздер жас мемлекетіміздің болашағы үшін аянбай тер төктіңіздер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде аға буын қамқорлықты ғана емес, өзінің қажеттілігін де сезінуі тиіс деген болатын. Осы орайда, мемлекет тарапынан қарттарға тиісті қамқорлық көрсетіліп келеді. Жыл сайын дәстүрлі түрде қарт адамдарды қолдау айлығы аясында да қомақты жұмыстар атқарылуда, –дей келе, облыс әкімінің орынбасары Ұлттық жобаның маңызына тоқталды.

Қазіргі уақытта еліміздің түкпір-түкпірінде белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары ашылып жатыр. Облыс әкімі мұндай орталықтарды ашуды аудан, қала басшыларына да тапсырғаны белгілі. Мұндағы ең басты мақсат – қарт адамдардың өмір сүру салтын жаңаша сипатта жаңғырту. Көкшетаудағы орталық барлық қажетті заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Онда бүгінде 1 мыңнан астам зейнеткер келіп, уақыттарын тиімді өткізуде. Аға буын өкілдері орталықта йога, фитнес, хореография, емдік дене шынықтыру, шығармашылық, тіл үйрену, компьютерлік біліктілікті меңгерумен айналысады. «Егер аға буын тарапынан қосымша үйірмелерге қатысты ұсыныстар болса, біз әрқашан оны қарастырып, ашылуына қолдау көрсетуге дайынбыз» деп Алтынай Байқадамқызы семинардың нәтижелі өтуіне тілектестігін білдірді.

Жалпы, Ақмола облысының орталығында қарт адамдарға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында биылдан бастап алғашқы рет зейнеткерлерге қоғамдық көліктерде тегін жүру, санаторлық-курорттық емделуге, әсіресе, созылмалы аурулары бар адамдардың шығындарын өтеуге бюджеттен тиісті қаражат бөлініп отыр.

Елімізде осы күні 2,5 миллион зейнеткер бар болса, олардың 115 мыңға жуығы немесе 4,6 пайызы біздің облыста тұрады екен. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша Қазақстанда халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасты құрайды.

– «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарын ашу бүгінгі қоғамдағы маңызды міндеттердің бірі. Соңғы елу жылдан бері адамзат баласы қартаюдың алдын алуды қарастырып, осы мәселеге көбірек көңіл бөліп келеді. Ақмола облысының «Белсенді ұзақ өмір сүру» Ұлттық жобасын іске асырудың бекітілген жұмыс жоспарында 9 бағыт бар. Бағдарламаның орындалуы облыстық 10 департамент пен басқармаға жүктелген. Бағдарламада қарттарға арналған мәдени-спорттық, туристік, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған, –дей келе, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов егде адамдарды жұмыспен қамту мәселесіне де кеңінен тоқталды. Осы орайда айта кетсек, семинарда зейнет жасына шыққан адамдарды жұмысқа орналастыру жағын «Мансап» орталығы ұйымдастыратын болып келісілді.

– Биыл Ұлттық жоба аясында қарттарға арналған орталықты  біз Степногорск қаласында да аштық.  Кеңес төрайымы ретінде мен Астанаға арнайы барып, бұл бағытта тәжірибе жинақтап келдім. Бізде қазіргі уақытта 10 үйірме жұмыс істеп тұр. Басында тек зейнет жасындағы өзге ұлт өкілдері келіп, үйірмелерге қатысатын. Қазір өзіміздің қаракөз аға буын ағайындарымыз да көптеп келіп, орталықтың жұмысына оң көзқараспен қарап, үйірмелерге жазылуда. Орталыққа бүгінгі күні 360 адам келіп жүр, – дейді Степногорск қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Фарида Есжанова бізге берген сұхбатында.

Сондай-ақ, семинарда облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру, денсаулық сақтау, ішкі саясат басқармаларының басшылары баяндама жасап, ардагерлер мен зейнеткерлерді қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, алда тұрған міндеттер және олардың шешілу жолдары туралы баяндады.

Шара барысында ардагерлер ұйымында белсенді жұмыстарымен көрінген бірқатар аудандық ардагерлер кеңесі төрағаларына облыс әкімінің Алғыс хаты тапсырылды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар