Бір кезде ел игілігі үшін ашылған Саяжол күтімі қайта қолға алынса

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 21 сәуірде еліміз бойынша өткізілген «Тазалық» фестивалінде табиғатты қорғау мен тазалық мәдениетін жастардың санасына сіңірудің маңыздылығына тоқталып, бұл шараның қоғам үшін ерекше тағылымы бар екенін атап өтті. «Соңғы үш күнде 4,5 миллионға жуық көшет егілді. Айналамызды жинап, ағаш отырғызу арқылы жайлы, таза қоршаған орта қалыптастырамыз. Сол себепті, тазалық пен тәртіп – дұрыс өмір салтының негізі» – деді бұл ретте, Мемлекет басшысы. Президентіміз сондай-ақ, осы ойын биылғы 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында да дәйектей түсті. Осы орайда, Ақмола облысы орталығындағы тұрғындарымыз жиі болып тұратын бір кездегі көрікті жерлердің бірі – облыстық аурухана қалашығында орналасқан медицина қызметкерлеріне арналған Саяжолды соңғы бір көргенімізде көңіліміз құлазып қалған еді.

Бұл екі ортада осы жуырда ғана газетіміздің 2025 жылдың 28 тамызындағы №65 санында еліміздің денсаулық сақтау саласында ерен еңбек еткен, өңіріміздің адал перзенті Альберт Сейдахметұлы Өтеповтың өмірден өтуіне байланысты мақала жарық көрді. Осы мақалада марқұмның аталмыш саладағы адал еңбегін ескере отырып, кейінгі ұрпаққа өнеге, өзіне құрмет ретінде Көкшетау қаласындағы медицина қызметкерлерінің Саяжолына А.С.Өтеповтың есімін беру ұсынылған еді.

Осыған байланысты біз осы Саяжолдың негізін қалаушы, 2011-2015 жылдары Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болған әрі оның әртүрлі құрылымдарында басшылық қызмет еткен, соның ішінде өңірімізде ширек ғасырдан астам санитарлық-эпидемиологиялық қызметті басқарған еңбек ардагері, медицина ғылымдарының докторы, профессор, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қасымжан Ташметовпен хабарласып, сұхбат беруі туралы ұсыныс жасап едік. Өйткені, бұл Саяжол кезінде осы азаматтың бастамасымен қолға алынғанынан хабардар едік.

Біздің ұсынысымызды қабыл алған Қасымжан Қалижанұлы жуырда арнайы редакциямызға келіп, осы Саяжолдың жай-жапсары туралы толық әңгімелеп берді.

– Осы күні біздің облысымызда да елді мекендердің тазалығына, оларды абаттандыруға тиісті көңіл бөлініп, ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айта кеткен жөн. Оның ішінде алдымен Көкшетау қаласын ауызға алсақ, қала көшелерінде жөндеу, абаттандыру жұмыстары жақсы жалғастырылуда. Осының бәрі көңілге қуаныш ұялатады. Әсіресе, біз сияқты кезінде Көкшетауымыздың облыс орталығы мәртебесін жоғалтып, тұралап қалғанын, тұрғындарымыздың көңілдерінің де, әлеуеттік жағдайының да жүдей түскенін көрген адамдар үшін мұның маңызы өте зор, – деп бастады өз әңгімесін Қасымжан Қалижанұлы. Әрі қарай үстіміздегі жылғы сәуір айының 8-інде қала әкімі Әнуар Күмпекеевтің Ақмола облыстық санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығында болғанын, осы кездесуде қала басшысына өзінің медицина қызметкерлері Саяжолының тарихы туралы арнайы дайындаған альбомын табыс еткенін, одан бұрын мекеме басшысы Ж.Х.Сембаевқа Саяжолға баруды әкімнің жұмыс сапарына қосу туралы ұсыныс жасағанын айтты. Сөйтіп, әкім Саяжолда болып, қос тарап оны сақтау және абаттандыру туралы өте орынды пікірлермен алмасқан болып шықты. Енді оқырмандар назарына Саяжол туралы денсаулық сақтау саласы ардагерімен болған сұхбатты ұсынып көрелік.

– Сіз көп жылдар бойы аудандық, сондай-ақ, Көкшетау қалалық және облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қызметтерді  басқардыңыз. Осыған орай, елді мекендердегі тазалық, көгалдандыру, абаттандыру  жұмыстары  туралы не айтасыз?

–  Осыдан 25 жыл бұрын барлық елді мекендерде санитарлық тазалау, көгалдандыру, абаттандыру іс-шараларының айлығы мен үш айлығы жарияланып, ауқымды  жұмыстар атқарылатын. Ол жұмыстар туралы апта сайын есеп беру тәртібі енгізіліп, баға берудің 84 талаптан тұратын критерийлері бойынша аудан, қала, облыстағы істер сараланатын. Осы талаптар бойынша әр аптаның бейсенбі күні сағат 12.00-ге дейін аудан мен қала әкімдерінің орынбасарлары қол қойған есептер облыстық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасына  келіп түсетін. Біз оларды талдап, ақпарат жиынтығын облыс әкіміне беретінбіз. Әрине, қазіргі уақытта бұл талаптар өзгерді, қызметтердің міндеттеріне де өзгерістер  енгізілді, мүмкіншіліктер де  өте жоғары деңгейлерге көтерілді. Елді мекендерде бұрынғыдай қоқыс үйінділері жоқтың  қасы, жыл сайын белсенді түрде қосымша  көгалдандыру жұмыстары атқарылуда. Тұрмыстық қатты қалдықтарды жинайтын полигондарды талаптарға сай  жасайтын уақыт та келді және осы бағытта  жаңа бағдарламалар да қабылданып жатыр. Денсаулық сақтау саласында қызмет атқара жүріп, әр кезеңде талай өңір басшыларымен қызметтес болдым, әрқайсысының осы салаға қосқан үлестері өз уақытының талаптары мен  мүмкіншіліктеріне сай болды. Жақында облыс әкімі Марат Ахметжанов дрондарды және цифрлық технологияны  пайдалана отырып, елді мекендердің  тазалығын  бақылаудың  жаңа бағдарламасы туралы ақпаратты тұрғындарға жеткізді. Міне, енді ол кісінің Көкшетау қаласында халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ететін арнайы қондырғылы кешенді іске қосқаны да көптен ел күткен  елеулі  жаңалық.

– Әрі қарай сөз ыңғайын облыс орталығындағы медицина қызметкерлерінің Саяжолы, оның тарихына қарай бұрсақ. Оған жер телімі қалай  бөлінді? Арнайы қаражат қарастырылды ма? Бастаманы жергілікті әкімдер қолдап, іске асыруы қалай болды?

– Кезінде Ақмола облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері лауазымын атқара жүріп, облыс бойынша елді мекендерді көгалдандыру және абаттандыру мақсатында өткізілетін дәстүрлі іс-шаралар шеңберінде әрбір аудан орталығында, Көкшетау және Степногорск қалаларының қараусыз қалған жер учаскелерінде 2011 жылғы 14 сәуірдегі №41-СЭС «Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет  ұжымдарының белсенділігімен саяжолдар мен саябақтарды салу туралы» бұйрығын шығардым. Осы арада, айта кететін бір жай, бұл шара туралы министрліктің де, облыс әкімдігінің де ешбір тапсырмасы болған емес, өз белсенділігімізбен қолға алған бастамамыз. Осы бұйрықтың басты себебі, құлазып қалған елді мекендерді көркейтуге санитарлық-эпидемиологиялық қызметтегі ұжымдарды жұмылдыру және өз үлгімізбен осыған тікелей ат салысу болатын.

Жоғарыдағы бұйрыққа сәйкес Көкшетау қаласының сәулетшісі А.С.Емельяненкомен және жер қатынастары бөлімінің басшысы К.М.Шалабаевпен бірлесіп, облыс әкімінің бірінші орынбасары А.С.Сейітжановтың қолдауымен Вернадский көшесі бойындағы жол және жекеменшік үйлер бойында, Ақмола облыстық ауруханасы мен  онкологиялық диспансерге қарама-қарсы, жол жиегіндегі жерден Саяжол салу үшін бос жер телімін таңдап алдық. Көкшетау қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, сәулет және жер қатынастары бөлімдері жер жоспарының көшірмесін жасап, саяжолды салуға рұқсат берді. Облыстық санэпидстанция ұжымының күшімен 2001 жылы оған 88 қайың көшеті отырғызылса, 2002 жылы екінші секторға 74 тал көшетін облыстық және қалалық санитарлық-эпидемиологиялық мекемелердің қызметкерлері отырғызды. Сонымен бірге, жолды асфальттады, жиектастар орнатып, гүлдер екті. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет басқармасының өз қаражаты есебінен менің эскизім бойынша Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай, солтүстік өңірдің СЭС ұйымдастырушыларына арналған мемориалды тақтаның нақышы бар стеллаға тапсырыс берілді. Бұл стелланы жергілікті мүсінші Дулат Қоспанов жасады. Осы жұмыстардың ұйымдастырылу жағын облыстық СЭС-тің басқарма бастығының экономика жөніндегі орынбасары Жұмабек Қуанышбекұлы Дайыров басқарды. Сол жылы мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдарының бастамасымен және жергілікті билік органдарының қолдауымен аудан орталықтарында, оның ішінде Ақкөл қаласында саяжолдар пайда болды. Қазіргі кезде солардан өз мәнін сақтап қалған Жарқайың ауданының орталығы Державинск  қаласының бас көшесіндегі Саяжол ғана.

– Бір жылдары осы Саяжолдың  тозып, иесіз қалғанының да куәсі болдық, ол неліктен еді? Бұл жағдай кейін қалай түзелді? Мына суреттердің бірінде Саяжолдың салтанатты түрде ашылу сәті бейнеленген. Ол қай жылы еді?

– Иә, ондай кездер де болды. 2005-2009 және 2015-2021 жылдардың  аралықтарында, екі рет біздің Саяжол иесіз қалды. Ағаштар күтімге алынбай, арамшөп басты, кіші архитектуралық құрылымдар сынып, тозды, орындықтар ұрланды дегендей, ондай жағдайлар да орын алды. Фотосуреттер күн мен желдің салдарынан тозған, темір қоршаулар сынған, орындықтар, қоқыс салатын жәшіктер істен шығып, жарым-жартысы жоғалған, көркейіп, халықтың демалатын орнына айналған саябақтың сиқы кеткен кездеріне де жүрек ауырды. Осының бәрі қаладағы коммуналдық және басқа да қызметтердің өз міндеттеріне немқұрайлы қарағандығының салдары деп білеміз. Сондықтан, қала тұрғындарының осы жағдайға өкінішпен әрі наразылықпен қарайтынының талай рет куәсі болдым және ол реніштері өте орынды деп санадым. 2011 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы қызметіне тағайындалған күнімнен бастап, Саяжолды одан әрі кеңейту мен абаттандыруға облыс орталығының барлық емдеу-профилактикалық ұйымдарын жұмылдырдым. Бүгінгі күні Көкшетаудағы Саяжол үш сектордан тұрады. Кезінде Ақмола облысы әкімінің орынбасары Қ.Қ.Айтмұханбетовтың көмегімен Саяжолдағы асфальт қайта жаңартылып төселіп, жиектастар ауыстырылған болатын. Сол жылы медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күніне орай, Саяжол облыс әкімі Сергей Александрович Дьяченконың, Көкшетау қаласының әкімі Мұнарбек Бүркітбайұлы Батырхановтың қатысуымен салтанатты түрде ашылды. Саяжолды ашу салтанатының тұсау кесер рәсімін Көкшетау қаласының Құрметті азаматтары Болат Сүлейменұлы Жанәділов, Қымбат Қайыркенқызы Мұстафина жасады. Саяжолды күтуді біз ауруханалардың міндеттеріне жүктеп, апта сайын тазалық күндерін өткізіп тұрдық. Осы жерде медицина саласының ғалымдарына, облыстың еңбек сіңірген денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне арналған фотогалерея құрылды, жаңадан орындықтар, қоқыс жәшіктері орнатылды, облыстық онкологиялық диспансер (бас дәрігері М.А.Оспанов), екінші секторда жаңадан, қосымша стелланы тұрғызды, облыстық аурухана (С.Ә.Аяғанов), облыстық балалар ауруханасы (Қ.Х.Әбдірахманов) және басқалары осы жұмыстарға белсене қатысты. Фотогалереяға Ақмола облысы тұрғындарының, жалпы, ел халқының денсаулығын сақтауда ерен еңбек еткен дәрігерлер, ғалымдардың фотосуреттерін, олар туралы деректерді жинауды тікелей басқарып, мемлекеттік тілде өз қолыммен жаздым. Фотогалереяға үміткерлерді іріктеу Ережесін бекіттік. Саяжолда Көкшетау медициналық колледжін үздік бітірген түлектерге дипломдар тапсыру, кәсіби мерекенің алдында дәрігерлермен, саланың еңбек ардагерлерімен кездесіп, оларға құрмет көрсету дәстүрге айнала бастаған болатын. Осы жұмыстардың бәрін жеке бақылауымда ұстаған едім.

– Саяжолдың  күтімі осыдан кейін неге әлсіреп кетті? Бұл күнде бір кезде көз қуантқан баяғы күйі жоқ, тым жұтаң, қарабайыр қалыпқа түскені неліктен? Осы жөнінде және бұл жағдайды түзеудің жолдары туралы не айтар едіңіз.

– Осыған байланысты Денсаулық сақтау қызметкерлерінің қазақстандық салалық кәсіптік одағы Ақмола облысы филиалының төрағасы қызметіне кіріскен бетімде 2021 жылы 2 ақпанда мен Көкшетау қаласының әкімі А.Х.Смайыловқа, 4 ақпанда Ақмола облысының әкімі Е.Б.Маржықпаевқа, 8 сәуірде қала әкімінің орнына  келген жаңа әкім Б.С.Ғайсаға жазған хаттардың нәтижесінде иесіз қалған Саяжолды Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің балансына тіркеп, жоғарыда аталған біздің кәсіптік одаққа сенімділікпен басқаруға келісім-шартқа отырдық. Осы келісім-шарттың нәтижесінде 2021 жылы Денсаулық сақтау қызметкерлерінің қазақстандық салалық кәсіптік одағының төрағасы Б.А.Тәжібайдың қолдауымен республикалық қордан Ақмола облысы филиалының өтініші бойынша 2,2 миллион теңге қаржы бөлінді. Осының нәтижесінде Саяжолдың аумағын абаттандыру және қоршауына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, орындықтар мен қалдық қоқыстарды жинайтын жәшіктер, медициналық мекемелердің қатысуымен фотогалереядағы суреттер жаңартылды. 2022 жылы біздің бастамамызбен кішігірім мемориалдық кешен ашылды. Фотогалереяға қосымша Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жерлестеріміз, Халықаралық Флоренс Найтингейл атындағы медальдің иегері М.Кухарскаяның, облысымызда қызмет атқарған атақты дәрігерлер Социалистік Еңбек Ері И.Әлібековтың, Социалистік Еңбек Ері Р.Боронинаның, Қазақстанның Еңбек Ері, коронавируспен күресте өмірден мезгілсіз өткен О.Исаевтың суреттері қойылды. Ұлы Отан соғысында қан майданда жауынгерлерге медициналық қызмет көрсеткен және коронавирус пандемиясымен күрес жолында өмірден өткен дәрігерлерге ескерткіш стелла орнатылды. Осы іс-шараға республикамыздың барлық өңірлерінен дәрігерлер, Көкшетаудағы төтенше жағдайлар Академиясы, Ұлттық медициналық қауымдастығы (президенті Айжан Садықова) қатысып, біздің «Ақниет» кәсіптік одағының Ақмола облыстық филиалымен бірлесе отырып, ғылыми-практикалық конференция өткіздік. 2023 жылы мен Денсаулық сақтау қызметкерлері қазақстандық салалық кәсіптік одағы Ақмола облысы филиалының төрағасы қызметінен босап, басқа жұмысқа ауыстым, кәсіптік одақтың қатары сиреп азайды, сөйтіп, Саяжолды дамытуға, ұстауға бағытталған келісім-шартты бір жақты тоқтату туралы Орталықтан 2024 жылдың 31 мамырында қала әкімдігіне №06-09/39 хат келді де, бұл жұмыстар тоқтады. Міне сол уақыттан бері Саяжолда жаңарту, жөндеу жұмыстары жүргізілмей отыр, тек қана облыстық аурухана, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық сараптау орталығы және Көкшетау медициналық колледжінің қызметкерлері апталық тазарту жұмыстарын шама-шарқынша атқарып келеді.

Сондықтан, үстіміздегі жылдың 8 мамырында Көкшетау қаласының жаңа әкімі Ә.Қ.Күмпекеевке №ЖТ 2025-01492013/1нөмірлі жолдадым. Хат жазуға басты себеп болған келесі негіздер. Біздің  көгілдір  Көкшетауымыз  1997 жылдың  3 мамырында өзінің облыстық мәртебесін жоғалтып, қаламыз қаңырап бос қалғандай күй кешіп, қала тұрғындарының көңілдері құлазып жүрген кезде медицина саласының ұжымдарында басшылық қызмет атқарған Серік Әкпенұлы Аяғанов, Олжабай Көбейұлы Байғожин, Кенжебек Шайсұлтанұлы Шайсұлтан, Мәруар Абдыржанқызы Жұрын, Аманжол Мәжитұлы Тышқанбаев, Ерназар Төленұлы Тілеубергенов, Қайрат Қараюұлы Тұрлыбеков, Ерғали Өмірзақұлы Құттыбай, Сағындық Кенжетайұлы Кенжетаев, Қайыр Хамитұлы Әбдірахманов, Мария Григорьевна Бабченко, Тадеуш Владиславович Янковский өздерінің елеулі еңбектерімен жерлестеріне медициналық көмек көрсетуді  қамтамасыз етті, мен ол кездерде аумақтық және қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қызметінде басшы қызметін атқардым. Саяжолды алғаш салуға, одан кейінгі уақытта оны дамытуға облыстық СЭС басқармасы бастығының экономика жөніндегі орынбасары Жұмабек Қуанышбекұлы Дайыров көп еңбек сіңірді. Саяжолдың күтіміне өз қаражатына гүлдер сатып алып, өз қолымен жанашырлық танытқан еңбек ардагері Ерғали Өмірзақұлы Құттыбайды, өз қалтасынан қаражат бөлген  Кенжебек Шайсұлтанұлы Шайсұлтанды атап өткен жөн. Яғни, Саяжолдағы фотосуреттердің әрқайсысының шертетін сырлары мол. Осы орайда, басты ұсыныстарым, Саябақтың айналасын абаттандыру, қурап қалған ағаштарды ауыстыру, гүлдер отырғызу, көгалдандыру, қала сәулетшілеріне арнайы тапсырма беріп, болашақта Саяжолды дамыту, кіре берістерді, орындықтарды, қоқыс жәшіктерін, фотогалереядағы суреттерді жаңарту жұмыстарын жүргізу қажет-ақ.

Фотогалереяда орын алған суреттердегі азаматтардың әрқайсысы денсаулық сақтау саласында ерекше орны және қомақты үлесі бар тұлғалар, сондықтан, суреттерді сақтап қалу, оған қосымша «Жарқын бейнелер жадымызда» атты Құрмет тақтасын орналастыру дұрыс болар еді. Негізінде фотогалереяға суреттерді және мен айтып отырған Құрмет тақтасын орналастырудың ережелері бар, оларды жаңартып қайта бекіткен жөн сияқты. Республика бойынша Ақмола облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің бастамасымен, белсенділігімен және өз күшімен денсаулық сақтау саласында алғаш салынған біздің Саяжол болатын. Бертін келе, коронавирус пандемиясынан кейін басқа қалаларда да медицина қызметкерлерінің осындай саябақтары орын ала бастады.

– Сонымен, қала басшылары осы Саяжол туралы ұсыныстарыңызды қалай қабыл алды? Сіз сондай-ақ, осы Саяжолға өз тарапыңыздан жуырда дүниеден өткен облысымызға белгілі медицина қайраткері Альберт Сейдахметұлы Өтеповтың атын беру туралы ұсыныс білдірген екенсіз.

– Менің хатыма жауап ретінде жолдаған № ЖТ 2025-01492019/1 нөмірлі қала әкімінің орынбасары А.Қылышбаевтың хатын алып көңілім толды, ұсыныстардың бәрін қолдайтындары, Саяжолда қала әкімдігінің пәрменімен кешенді іс-шаралар, оның ішінде осы күзде темір шарбақтардың орнына жасылдан жаңа қоршау орнатылуы жоспарланғаны айтылған. Қазіргі таңда бұрынғы темір шарбақтар демонтаждалғанына көзіміз жетіп отыр, демек, іске сәттілік тілейміз.

Әрине, тарихты кейінгі ұрпаққа жеткізу алдыңғы толқын ағалардың борышы, оған тағзым ету біз және бізден соңғы толқынның міндеті. Біріншіден, бұл тарихқа тағзым, екіншіден, Альберт Сейдахметұлының кейінгі ұрпаққа қалдырған мәңгілік ізі, үшіншіден, осының бәрінің қаламыздың көркеюіне және кейінгі ұрпаққа тәрбиелік мәні зор дегім келеді. Біздің Саяжолдың тарихын білетіндер өте аз, денсаулық сақтау саласына бірі келіп, бірі кетіп жатқан басшылар осының бәрін саралап, өзім білемдікке, кеудемсоқтыққа жол бермеулері керек. Себебі, әріптес ағалардың бұл өмірде қалдырған іздері бізді әрдайым олардың есімдерін құрметтеуге міндеттейді.

– Орайы келген мазмұнды әңгімеңізге рахмет!      

Сұхбатты жүргізген Қ.Кәкенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар