Көкшетауда жылу қалыпты, өңірлерде де солай болуға тиіс

Жуырда облыс орталығы Көкшетау қаласында Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің өкілдері 2024-2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламалар аясындағы ірі жобалар бойынша баспасөз туры өтті.

Журналистерге Боровской шағын ауданындағы жылу желілерін жаңғырту барысы көрсетілді. Сондай-ақ, Саин мен Домбыралы көшелері бойындағы және Тәшенов көшесі мен «Коттедж» шағын ауданындағы жаңарту жұмыстары да назарымызда болды.

Былтыр «Көкшетау жылу» кәсіпорнына қарасты жылу желілерінің 6 шақырымы жөнделді. Биыл шамамен тағы 5 шақырымды ауыстыру жоспарланған. Инвестициялық бағдарлама аясындағы жобаға кәсіпорын өз қаражаты есебінен 200 миллион теңгеге жуық қаражат бағыттаған.

Алдымен, Көкшетау қаласында орналасқан №2 аудандық қазандығындағы жұмыстың жай-жапсары таныстырылды. Аталған нысан үш қазандық агрегатымен жұмыс істейді. Екеуі 1998 жылдан бері істе, ал, соңғысы 2007 жылы пайдалануға берілген. Қазандық аумағында тағы бір агрегат бар, ол жалпы жүйеге қосылған және жергілікті мамандардың тұрақты бақылауында. Бұл жабдықтардың жүйелі жұмысын қамтамасыз етеді.

Ал, №2 аудандық қазандықта сәуір айында басталған жұмыстар жоспар бойынша жүргізілген. Бүгінде жабдықтардың бәрі дерлік жұмыс істеп тұр. Көмір мен мазут қоры жеткілікті. Барлық қазандықтар мен жылу желілері радиобақылау жүйесіне қосылған. Биыл жылу тарифтері  қаңтарда және шілдеде екі рет 10 пайызға көтерілген еді. Жыл соңына дейін болжамды өсім 10-14 пайыз болады деп күтілуде. Бұл тұтынушының қалтасын қаққанымен, отын бағасының қымбаттауынан басқа амал жоқ дейді мамандар.

Жылу энергиясын өндірудің жоспарланған көлемі былтыр 60 миллиард теңгені құраған. Үкімет, облыс және қала бюджеті есебінен жөндеу жұмыстарына 3 миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Әлі қыс түсе қоймағандықтан, ашық күндерде жоспар бойынша қалған жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Дегенмен, баспасөз турын пайдалана отырып, «Көкшетау жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшылығы өткір мәселені де тілге тиек етті. Ол – кадр тапшылығы. Бәріміз білеміз, 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланған болатын. Алайда, көзге түсетін бір түйіткіл, көптеген басшылар мен өндіріс мамандары 50 жастан асқан. Жас мамандар жоқ болған соң, зейнеткерлерді де жұмыста қалдыруға мәжбүр. 30-40 жылға жуық осында маңдай терін төккен жұмысшылардың жартысы дерлік соңғы Үкімет қабылдаған Қаулы бойынша, зиянды өндірісте еңбек еткені үшін ерте зейнетке шығуға құқылы екен.

Ерте зейнетке шыққан жұмысшы шамамен 200 мың теңгедей алады, бұл әрі қаржылық жағынан тиімді. Энергетика саласы жастар үшін тартымдылығын жоғалтып жатқандай. Студенттер мен жас мамандар, өкінішке орай, жылдам әрі жеңіл табыс жолын таңдауға құмар. Ауыр жұмысты көріп, табиғаттың ыстығы мен суығына шыдас берген жас қана өмірді бағалай білсе керек. Әзір біз бармыз. Бірақ, 10 жылдан кейін қалада білікті кадрлардың жетіспеушілігі байқалуы мүмкін, – дейді жұмыс берушілер.

Қазір жылу орталығына қосылған жүктеме 580-600 гигаватт-сағат, ал, келесі жылы – 14 000 гигаватт-сағат болмақ, бұл қазіргі көлемнен екі есе көп. Жаңа қуаттарды пайдалану үшін білікті кадрлар қажет, ал, қазір олар жеткіліксіз.

Көкшетау қаласындағы №1 аудандық қазандығында жылыту маусымына дайындық жұмыстары толығымен аяқталды. №2 аудандық қазандықта жүргізілген жөндеу жұмыстарының орындалуы да сол деңгейде. Жылу желілерінде бірнеше ірі жоба жүзеге асырылды. Ж.Саин көшесі бойымен жалпы ұзындығы 1,2 шақырым болатын жылу магистралі қайта салынды. Жобаның құны шамамен 1,5 миллиард теңгеге жуық соманы құрады.

Сонымен қатар, Потанин мен Байтұрсынов көшелерін жалғайтын қосалқы жылу магистралі де жаңартылуда. Құбыр диаметрі ұлғайтылған. Сондай-ақ, қаладағы магистральдық және ішкі жылу желілерінің құбырлары 50–300 миллиметр диаметрге ауыстырылып жатыр.

– Бүгін біз «Көкшетау жылу» нысанына баспасөз турында 2024 жылғы инвестициялық бағдарлама аясында атқарылған жұмыстар мен 2025 жылдың алғашқы жарты жылдығындағы тарифтік өзгерістерді таныстырдық. Сонымен бірге, Саин көшесіндегі жүргізіліп жатқан инфрақұрылымдық жаңарту жұмыстары көрсетілді. Мұндағы мақсат тұрғындарға тариф пен жаңғырту шаралары жөнінде нақты ашық ақпарат беру болып табылады, – дейді Ақмола  облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Темірлан Кенжебаев.

Биыл Ақмола облысында барлық тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар республикамызда алғашқылардың бірі болып жылуға уақытында қосылды. Облыс орталығында 25 қыркүйекте басталған жылу маусымы ешбір ың-шыңсыз, ойдағыдай өтіп жатыр. Әрине, басты сынақ әлі алда, қаһарлы қыс айларында. Дегенмен, тұрғын үйлер, мектептер мен бала бақшалар, басқа да нысандардың жылумен уақытылы қамтылуы көңілге бәрі ойдағыдай болады деген сенім ұялатады.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Нұрболат Бектұрғанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар