Зейнеткермін демеймін, ерді ұлықтау – мерейім

ЕЛДІК ІС

Институтты бітіріп келгеннен кейін 41 жылдан аса еңбек етіп, зейнетке шыққаныма да ширек ғасыр толыпты. Бірақ, мен үшін бұл уақыт та  белсенділікпен өтті.  

Еңбек жолдарымды тарқататын болсам, өзім мектепті бітіріп кеткен Кеңес орта мектебіндегі директордың оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасарлығымдағы бес жыл, Азат (ол кезде Ивановский) орта мектебіндегі директордың оқу-тәрбие жөніндегі орынбасapлығымдағы төрт жыл, Қарабұлақ орта мектебіндегі директорлықтағы сегіз жылым, Сілеті аудандық партия комитетінің идеология басшылығындағы тоғыз жыл, Ақкөл аудандық білім бөлімінің басшылығындағы он бес жылым зымырап өте шығыпты. Бұл жылдардағы жетістіктерім де жаман емес, бірнеше марапаттарға ие болдым. Соның ішінде білім саласының үздігі атануым, аяулы жарым Хамила Құлбекқызымен отбасын құрып, алты бала тәрбиелеп өсіруіміз, олардың әрқайсысының өмірде өз орындарын табуы бар. Біз де, міне, ерлі-зайыпты болып, 62 жыл тату-тәтті өмір сүріп келе жатырмыз.

Осы ғасырдың басында зейнетке шықтым. Менің хоббиім еңбек ету, бұқаралық ақпарат құралдарына мақала жазу, Ақмола облысына еңбегі сіңген кейбір азаматтардың өмірін зерттеп, жарыққа шығару. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Астана қаласындағы Қарттар үйіне педагог-психолог болып орналастым.

сурет e-history.kz сайтынан.

Осы салада он төрт жылдай еңбек етіп, зейнеткерлер мен мүгедектердің өмірде көрген қиыншылықтарын, жабырқаған көңілдерін көтеріп, кезіккен проблемаларын шешуге көмектестім. Мұным зая кеткен жоқ, Үкімет еңбегімді жоғары бағалап, «Құрмет» орденімен марапаттады. Мен негізінде Қазақстандағы әлеуметтік саладағы тұңғыш психологпын. Оны да айта кетсем айыбы болмайтын шығар.

Осы жұмысыммен қатар, газеттерге мақалалар жазып жүрмін. Астана қалалық ардагерлер Кеңесінің мүшесімін және медиатоптың мүшесі ретінде осы ұйымның тапсырмасымен облысымызға, қаламызға еңбегі сіңген кейбір азаматтар туралы мақалалар жазамын. Олардың қатарында Қ.A. Тәyкенов, С.Ж.Жалмағамбетова, Қ.Ф.Ахметжанов, Аманжол Жазин, Зейнолла Шибкенов, Кенжеболат Бапишев, Есболат Дүйсенов, Мұхтар Еркетаев тағы басқаларын атауға болады. Бұқаралық ақпарат кұралдарындағы көп жылғы еңбегім үшін Қазақстан Журналистер одағына мүше етіп қабылдады.

Менің бала кезімде, соғыстың аяғында ауылымыздағы ұжымшардың басқарма төрағасы Бәуке Құлмағамбетовті 58-баппен «халық жауы» деп соттатып жіберіпті. Осыны зерттесем, ол кісі ешқандай халық жауы емес, керісінше, соғыста жеңіске жетуімізге ат салысқан, ұжымшарды республикаға белгілі шаруашылық дәрежесіне көтерген басшы екен. Ол кісінің еңбегін көре алмаған кейбіреулер белгілі топ ұйымдастырып, соттатқан да жіберген. Содан Бас Прокуратураға дейін ізденіп жазып, «ақталды» деген қағаз алып, қызы Қапан апайымызға табыс еттім.

Одан кейін жазушы-шежіреші, жерлесіміз Жайық Бектұровтың өмір және шығармашылық жолымен айналыстым. Бұл ағамыз еліне «мен осындаймын» деп кеуде соғып, міндетсіреп жүрмепті. Ешкімді  мазаламай, анда-санда туған жерін сағынғанда келіп-кетіп жүретін. Өмірбаянын қарап отырсам, керемет өмір кешкен. Алаш қайраткерлерінің ізін баскан, олар туралы алғашқы шындықты халыққа жеткізушілердің бірі. Солар кешкен зұлматты, бұл кісі де басынан кешкен. Заңғар жазушымыз Ғабит Мүсірепов ол кісіні «тірі шежіре» деп атаса, Президент 80 жылдығымен кұттықтаған. Осылардың бәрін білгеннен кейін мен зерттеумен айналыстым. Алдыма екі мақсат қойдым: ол кісіні еліне таныстыру және есімін елдің есінде мәңгілікке қалдыру. Осы мәселемен ұзын-ырғасы 17 жылдай айналыстым.

Жұмыс жүргізу кезінде кедергілер де, атақты жерлестеріне қарсы шыққандар да болды. Облыстық, аудандық газеттерде ол кісі туралы жиі мақалалар шығартып отырдым. Бұл істе қарағандылық журналистер де көп көмек беріп отырды. Ақкөлдіктер 100 және 110 жылдығын жақсы атап өтті. Есімін мәңгілікке ел есінде қалдыру мақсатында менің ұсынысыммен аудан орталығы Ақкөл қаласында бір көшеге және осындағы жалғыз қазақ орта мектебіне аты берілді. Бұл мектептің іргетасын өзім қалап едім, яғни, қиын уақытта бірінші қазақ сыныбын ашқызып едім, бүгінде қаладағы іргелі мектептердің бірі болды. Осы уақыт аралығында жиналған материалдардан «Жаны жайсаң Жайық аға» деген кітап шығардым. Ол кісінің аруағы маған риза шығар деп ойлаймын. Ақкөл ауданында әкімнің шешімімен жылда қазан айы «Жайық Бектұров айы» деп аталып жүр.

Өзім Ақкөл ауданының тумасы болғандықтан, Астана-Бурабай тас жолымен жиі жүруге тура келіп жүрді. Сонда жанымдағы кісілерден Еңбек ауылының тұсынан өтіп бара жатқанда, «бұл кімнің  ауылы?» деген сұраққа теріс немесе мардымсыз жауап алып жүрдім. Бірде ой келді, неге автобанның екі жағына осы ауылдың тумасы, батыр ағамыз Сағадат Нұрмағамбетов туралы  билборд қоймасқа.

Осы ойымды сол кездегі Ақкөл ауданының әкімі Алпысбай Қайыржановқа жеткіздім. Ол кісі менің ұсынысымды қабыл алып, билбордтар  орналастыртқызды. Соны байқап, кейбір жолаушыларда Батырдың ауылын көрейік деген де ой тууы мүмкін ғой. Ол кезде бұл ауылда мектеп музейіндегі бір бұрыштан басқа ағамызға қатысты ештеңе болмайтын. Соған орай, ағамыздың 100 жылдығы қарсаңында  шағын бағдарлама жасадым. Оны да аудан әкімінің басшылығымен әкімдікте қарастырып, бекіттік. Енді қаржы қажет болды. Қорғаныс саласына қатысы бар мекемелерді аралдым. Олардан түк шықпады. Ол кісінің атындағы колледж де алдында үміттендіріп, артынан қаржы жоқ деп шыға келді.

Содан амалсыздан Ақмола облысының бұрынғы әкімі Е.Б. Маржықпаевқа шықтым. Ол кісі қолдап, мектеп пен мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткіздік. Аудан көмектеciп, aуылғa кіретін жолдар жөнделіп, көшелерге жарық орнатылды. Мәдениет үйінің екінші қабатынан ол кісінің өмір жолына арнап музей аштық. Осы істерде сол кездегі ауыл әкімі Сағындық Абахановтың еңбегін де атап өткен жөн. 100 жылдық мерейтойына шамасы, бір жылдай қалғанда сол кездегі Қорғаныс Министрі Р.Ф.Жақсылықовтың қабылдауында болып, еліне ол кісінің ескерткішін қойып беруді сұрадым. Ол кісі сондағы уәдесін орындап, Ақкөл қаласындағы саябаққа жақсы ескерткіш орнатып берді. Еңбек ауылындағы саябаққа бюсті орнатылды.

Осылай үшінші айналысқан кісім көрнекті мемлекет қайраткері Ж.А.Тәшенев. Әлі де болса айтамын, ол кісі үлкен тарихтан  өз орнын алған жоқ деп. Бұл жерлес ағамыз туралы бірнеше мақала да жаздым, жиындарда да айттым, әзірге еститін құлақ болмай тұр. Осы жазда Аршалы елді мекенінде ол кісінің 110 жылдығына арналған жиында да осы мәселе көтеріліп, Халық Қаһарманы атағын беру, Аршалы ауданын сол кісінің есімімен атау туралы ұсыныс қабылданып, жоғары жаққа жіберілді деген еді. Әзірге хабар жоқ. Енді қалған ғұмырымда  осы мәселе оң шешімін тапса екен деп ойлаймын.

Соңғы мәселе, менің туған ауылым Амангелдінің құрылғанына үш жылдан кейін бір ғасыр толады. Ауылдың халі мүшкіл. Қазір шамамен 40 шақты отбасы тұрып жатыр, оннан аса үйлер бос тұр. Кезінде кеңшардың қолдауымен екі қабатты мектеп салғызғанмын. Онда қазір небары 30 шақты бала оқиды. Мектептің жабылып қалу қаупі бар. Мектеп жабылса, бірте-бірте тұрғындар да жан-жаққа қоныс аударып, ауыл Қазақстан картасынан өшіп қалуы мүмкін. Сондықтан, 100 жылдығы қарсаңында белгілі бір жұмыстар жүргізу үшін өткен мамыр айында үлкен жиналыста менің ұсынысыммен бес адамнан тұратын бастамашыл топ кұрдық. Ендігі үміт осы топтың жұмысына байланысты, онымен қоса, туған ауылына жанашырлық таныту осында кіндік қаны тамған әр жерлестің азаматтық борышы деп есептеймін.

Осы жылдарда бес естелік кітап шығардым, әлі де қаладағы және өзімнің ауданымдағы іс-шараларға белсенді қатысуға тырысамын. Байқап отырсам, зейнетке шыққаннан кейін де ниет пен ұмтылыс болса, біраз шаруалар атқаруға болады екен.Сөз соңында Президентіміздің әр түрлі жиындарда қойған тапсырмаларын Үкімет пен жергілікті атқарушы және өкілетті билік жеріне жеткізе орындап, еліміз қуатты, халқымыз бай болсын демекпін.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
қарт зейнеткер.

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар