Ұлттық құндылықтың бағасы өлшеусіз

ЕЛ МҰРАТЫ – ЖАҢАРУ

Қазіргі Конституциялық реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасынан туындағаны белгілі.

Осы мәселе сөз болған Қызылордадағы Ұлттық Құрылтай билік пен халық арасында қолайлы байланыс орнатқан тиімді, құтты алаң болып қалыптасты. Өзінің атауы да, мақсаты да сол еді ғой. Осыған дейін өткен 4 жиында көлеңкеде қалып қойған қаншама мәселелер ашық айтылып, олар бойынша қаншама тапсырмалар беріліп, жұмыстар жасалып жатқанының куәсіміз.

Міне, биыл Ұлттық Құрылтай тарихы терең, сыры көп Сыр өңірінде, ырысты-күрішті Қызылорда қаласында өтті. Ел жанашырлары  –  аузы дуалы ақсақалдар, ақын-жазушылар, атақты ғалымдар, қоғам қайраткерлерінің Президент алдында  пікірлерін ортаға салып жатқанын көріп, қуанып қалдық.

Мұның соңында енді міне, қазіргі қолданыстағы Ата Заңымыздың көп баптарына халықтан, қоғамдық ұйымдардан келіп түскен ұсыныс-пікірлердің негізінде түзетулер енгізіліп, Жұмыс тобының мәлімдеуінше, жаңа Конституция қабылдамай болмай отыр.

Өмір тез дамып, тез өзгеріп жатқан заманда мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдық ұйымдардың, бәрінің ықшам, қолайлы болғаны абзал. Цифрландыру, сандық форма, жасанды интеллектіні пайдалануды тез жетілдірудің маңызы зор. Әлемдік өркениеттен қалуға болмайды. Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия  жариялаған жаңа Ата Заңымыздың жобасында осы мәселелер де көрініс тауып жатқаны құптарлық.

Мемлекет басшысының  кітапхана, музей, мәдени орталықтардың тарихи құндылықтарды оқып-үйрену, насихаттаудың маңызына да тоқталуы бізді өз жұмысымызда қанаттандыра түседі. Биылғы Құрылтайдағы мемлекеттік, әсіресе, Парламентке қатысты айтқан ой-пікірлері, осы тұрғыда енгізілетін саяси өзгерістердің барлығы ел игілігі үшін деп түсінеміз. Сондықтан, биылғы Ұлттық Құрылтайдың да ел-жұртпен ақылдасып шешкен, алға қойған міндеттерін жүзеге асыруға жұмылуымыз керек.

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
Көкшетау қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесінің директоры, ақын-жазушы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар