Ел ардақтысы
Жүсіп БАЛАСАҒҰН: Адам бойында бір жақсы қасиет болса, оған бақ та, бақыт та қонады.
Қазақ әдебиеті мен руханиятының белді өкілдері түлеп ұшқан Қарағаш ауылының қазыналы қариясы Алтай Нұрғасымовтың 90 жылдық ғұмыры Даңқой әулетінің көне тарихымен тығыз сабақтас. Анасынан алты айлығында айырылып, Шөктай әжесінің бауырында өскен өрімдей өрен бұғанасы бекімей жатып, соғыс тауқыметін де бастан кешірді. Уақыт көшінен қалыспай, етінің тірлігінің арқасында Көкшетаудағы №3 қазақ орта мектебін үздік бітірген соң, Омбы ауыл шаруашылығы институтында оқиды. Өмір жолы осылай сәтімен жалғасып, бірнеше шаруашылықта бас агроном, совхоз, элеватор директоры болып істеді. Бүгінгі әңгімеміз ел ардақтысының өндірістегі, жалпы өмірдегі қол жеткізген жетістіктері мен тегінен тартылған дара жолы жайлы болмақ.
Ағайын арасындағы татулық пен бірлікті асыл қазынадай қастерлеп, жаужүрек, оқымысты, талапкер ұрпақтарымен Көкше жұртшылығына әйгілі Даңқой елі азаматтарымен ертеден аралас-құралас болғандықтан, бұл ата-жұрттың салт-дәстүрін мен де жақсы білемін. Ал, Атығайдан тарайтын Атабай ұрпағының ең кенжесі Әбдірахманның Нұрғасым ұлының тұңғыш перзенті Алтай ақсақалмен ардагерлер ұйымының жұмысын атқарған жылдары жақынырақ таныстым. Азаматтық ұстанымына берік, кәсіби біліктілігі жоғары ел ағасы ауыл шаруашылығы өндірісінде еңбек еткен қырық үш жылдың ішінде бас агроном, совхоз директоры, астық қабылдау кәсіпорнының басшысы болғанында ұйымдастырушылық қабілетімен танылып, облыс экономикасын өркендетуге елеулі үлес қосқанынан да хабардармын.
Қанша көрсең де жұмсақ жымиып, қарапайым қалпынан сынық сүйем ажырамайтын ақжарқын жанның нұрлы дидары тілдескен адамды өзіне баурап, жанына жақын тартып тұрады. Мұндайда атам қазақ: «Түсі игіден түңілме», «Жақсыда жаттық жоқ» дер еді. Абзал ағаның өскелең ұрпаққа мирас боларлық ғұмыр белестеріне шолу жасайтын болсақ, ол 1936 жылдың 15 мамырында Қарағаш ауылында дүниеге келген. Нұрғасым әке мен Қабиба ананың асыға күткен тұңғыш перзенті туғанда ел болып қуанып, үлкен той жасапты. Даңқой елінің аузы дуалы текті азаматы Қажыбай Сыздықұлы сәбидің атын Алтай қойып, былайша жыр арнапты:
Алтайым алты жылда келген екен,
Құдайым жан Алтайды берген екен.
Ғұмырың ұзақ болып, бақыт қонсын,
Деп елдің ақ батасын берген екен.
Асыл ерінің жүрек қылын шертерлік бұл өлеңін көрнекті ақын Төлеген Қажыбайұлының анасы Жәнипадан Алтай аға есейген шағында сан мәрте естіпті.
Алайда, өкінішке орай, ғазиз анасы асыға күткен перзентін бауырына басып, құшырлана сүйе де алмай, отыз алтының күзінде кенеттен ауырып, дүниеден өтеді. Ана құшағынан алты айында айырылған шақалақ сәби Алтайды Әбдірахман атасы, Шөктай әжесі мен әкесінің інісі Мақаш ағасы қамқорлықтарына алып, мәпелеп өсіріпті.
Жас кезінде шешек сырқатына ұшырап, көзінің тоқсан пайызы көруден айырылғанымен, Мақаш ағасы өз бетімен жүріп-тұрып, колхоз шаруасынан қалған емес. Көрші үйлердегі үлкендердің айтуына қарағанда, Мақаш ағасы кішкентай Алтайды арқасына салып, өлең айтып ұйықтатады екен. Әуені өте жақсы, мұңды сазды әнді адамның жүрегіне жеткізе білген. Сол себепті Алтай аға өзінің жер басып жүргені үшін алдымен Аллаға, екіншіден Әбдірахман атасына, Шөктай әжесіне, Мақаш ағасына, тумаса да туғандай болған аналары Үрлән Нұрымқызына, Қайнекеш Сәдуақасқызына шынайы ризашылығын білдіреді.
Қарт анасы мен көзінің қарашығындай кішкентай ұлын бағып-күтетін отбасының ұйытқысы болатын әйелдің орны бөлек қой. Осындай асыл мұрат көздеген Нұрғасым әке Бүркітбай мен Етекпай есімді ұлдарымен жесір қалған Күшпай ақсақалдың жары, әнші Беркімбай Нұрымұлының қарындасы Үрләнге үйленеді. Үрлән шешей болса, өз құрсағынан шыққан Төлтай мен Елтайдан кем көрмей, Алтай ағаға да мейірім шуағын төге білді.
Тектілік қасиеттерімен елге танылған Атабай ұрпақтары қажырлы еңбектерімен Даңқой елінің тарихында айшықты іс қалдырды. Әбдірахман атай жігіт шағында Атығайдың атақты байлары Тәшен мен Нығметжанның жылқыларын бақса, кеңес үкіметі кезінде ферма меңгерушісі Аяп Борсықов, Ғариполла, Сарбелтегімен бірге колхоз жылқысын өсіріп, бие сауып, ауыл адамдарына қымыз жеткізіп тұрған.
Ат жалын ерте тартып, ел өміріндегі іргелі істерге белсене араласқан, оқығаны да, тоқығаны мол сауатты азамат Нұрғасым әкей қазақ ауылдарында партия, комсомол ұйымдарын құруда көрегендік танытқан. Әр шоқтың түбінде отырған Даңқой елін бір ұжымға тоғыстыруға да күш салып, коллективтендіруге белсене қатысыпты. Ал, 1941 жылғы соғыс басталардың алдында колхоз төрағалығынан Чкалов аудандық партия комитетіне нұсқаушы қызметіне алынады. Сол жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанынан ашылған бір жылдық партия мектебіне оқуға жіберіледі.
Осы тарихи сәт жайлы Социалистік Еңбек Ері, абыз ақсақал Баян Жанғалов «Үш кезең» кітабында былай деп жазады: «Мен сияқты оқуға келген алты жігіт ЦК-ның жатақханасына орналастық. Көкшетаудың Чкалов ауданынан Әбдірахманов Нұрғасым деген азамат та оқуға келіпті. Таныс едік, шұрқырасып жатырмыз. Нұрғасымның колхоз басқармасынан аудандық партия комитетіне нұсқаушы болып ауысқан беті екен. Емтиханды ойдағыдай тапсырып, мен де, ол да оқуға қабылдандық. Кейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болған Жұмабай Шаяхметов ол кезде ЦК-ның үшінші хатшысы болатын. Жанына ерткен Забугин деген көмекшісі бар, Шаяхметов біз тұратын жатақханаға келіп, тұрмыс жағдайымызбен танысты. Тәртіпті, ұқыпты болыңдар, таза жүріңдер, жақсы оқыңдар, – деп ақылын айтты.
Партия мектебінде алаңсыз оқып жатқанында Ұлы Отан соғысы басталып, курс тыңдаушылары елдеріне қайтады. Нұрқасым атаның ұйымдастырушылық қабілетін ескерген облыс басшылығы оны майданнан броньмен қалдырып, әуелі «Қарағаш», кейін «Ортақ», «Октябрь» колхоздарын басқаруға жібереді. Іскер азамат қай шаруашылықта істесе де елді жұтатпай, майданға азық-түлікті үзбей жіберіп отырды. Колхоздарда өсірілген жүздеген жылқылар да майданға дер кезінде жөнелтілді. Әсіресе, қызметтес болған ел азаматтары ол кісінің кішіпейілділігін, тазалығын, әділдігін жиі айтып отыратын.
Нұрғасым ақсақал «Ортақ» колхозын басқарған тұста көрген түстей керемет оқиға болады. КСРО Жоғарғы Советінің депутаты, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин осы шаруашылыққа келіп, сайлаушылармен кездеседі. Есімі қазақ еліне әйгілі батыр әрі ғалым ағамыз Мәліктің бұл колхозға келуінің өзін алдымен Нұрқасым Әбдірахманұлына көрсетілген құрмет деп білеміз. Иә, айта берсек, бұл әулеттің аңызға айналған өмір деректері жеткілікті. Алланың берген ризығы болар, Әбдірахман атай 93 жас, Нұрғасым әкей 70 жас бақытты ғұмыр сүрді.
Алтай ағаның жастық шағына ойыссақ, ҚазЦИК-тің төрағасы Сәкен Сейфуллиннің нұсқауымен «Октябрь» колхозында салынған жеті жылдық мектепті 1953 жылы бітіреді. Аймақ ауылындағы алғашқы мұғалімдері Сұңғат Хамидуллин, Серғазы Құлтанов, Сатыбалды Қадірәлиев, Гельман Мугаллаевтің шәкіртке деген сүйіспеншілігін ол әлі күнге ерекше ілтипатпен еске алып отырады. Алдына айқын мақсат қойған өршіл өрен одан әрі сабағын Көкшетаудағы №3 қазақ орта мектебінде жалғастырады. Жоғарыда айтқанымыздай, Үрлән ананың тұла бойы тұңғышы Бүркітбай ағасы мен Рахима жеңгесінің үйінде тұрып, қамқорлығына бөленеді. Ұлағатты ұстаз ретінде Рахима Темірбекқызы қайнысының зеректігіне сүйсініп: «Қарағым, сенің болашағың алда. Мектепті жақсы бітірсең, жоғары оқу орнына түсу жеңіл болады», – деп ақыл-кеңес айтудан жалықпады.
Айтса айтқандай, орта мектепті күміс медальмен бітірген Қарағаштың жас қыраны 1955 жылы Омбы ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетіне оқуға түседі. Кеңес Одағының жетекші оқу орнында білім алғандықтан ба, Алтай Нұрғасымұлы бірден облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына аға агроном болып қызметке алынады. Осы жылы басқарманың тапсырмасымен Щучье, Келлер аудандарындағы «Қотыркөл» және Ленин атындағы колхоздардың, Еңбекшілдер ауданындағы «Восточный» совхозының егін егу, мал азығын дайындау жөніндегі жаңа технологиялық картасын дайындап, топырақ құрамының сапасын айқындайтын жаңа сұлбаны жасауға қатысады.
Осындай сынақтардан сүрінбей өткен жас маман 1961 жылы Ленинград ауданында жаңадан құрылған «Айсары» совхозына бас агроном қызметіне тағайындалады. Бұл бір жағынан Алтай Нұрғасымовқа көрсетілген сенім болса, екіншіден қазақ кадрлары үшін үлкен сынақ болатын. Өйткені, билік басындағы басқа ұлт өкілдері қазақтың болашағы зор, қабілетті, зерек ұл-қыздарын экономикасы қалыптасқан шаруашылықтарға жібермей, жері құнарсыз, суы тапшы немесе жаңадан құрылып жатқан совхоздарға күштеп тықпалайтын. Ондағы құйтырқы пиғылдары шаруашылықтың жұмысы алға баспаса, бар кінәні қазақтарға жаба салу оңай болатын.
«Айсары» совхозының бірінші директоры Әнуарбек Сералин, партком хатшысы Тәттібай Малаев, бас агроном Алтай Нұрғасымов тәжірибелі механизатор, малшылардың көмегімен қой санын 30 мыңға, жылқыны 700-ге жеткізіп, аудандағы озат шаруашылық атанды. Осында істеген он бір жылдың ішінде бас агроном Алтай Нұрғасымов білгір маман ретінде өңделмей бос жатқан жерлерді игеріп, мал азығын дайындауды бір жүйеге келтірді.
1962 жылы жиырма бесті еңсерген қайсар, алғыр жігіттің өмірінде айтулы оқиға болады. Совхоз директоры Әнуарбек ағасы, Мара жеңгейдің ұйғарымымен Алтай жергілікті орта мектептің мұғалімі, Біржан сал ауданындағы Казгородок ауылының қариясы Айтмұқан ақсақалдың аяулы қызы, Көкшетау облыстық мәдениет басқармасы мен облыстық телерадио комитетін басқарған іскер азамат Мұрат Жексенбиннің сүйікті қарындасы Райханмен сөз байласып, отау құрғанына биыл 64 жыл толыпты. Бір сөзбен айтқанда, атақты Айсары – Шорман дастанына арқау болған бұл ауыл Нұрғасымовтар үшін өмір және еңбек мектебінің алғашқы баспалдағы болды. Жас отаудың мәртебесі өсіп, қарашаңыраққа айналды. Өмірге келген екі ұл мен екі қыздың бәрі жоғары білім алды, ата-анасына тоғыз немере, екі шөбере сүйгізді.
1972 жылы жаңадан құрылған «Чистяков» совхозындағы директорлық қызметін Алтай Нұрғасымов тыңға түрен салғандай, ақ қағаздан бастады. Қой өсіруге бағытталған бұл шаруашылықтың материалдық-техникалық базасының жұтаңдығын, жемшөп қорының тапшылығын, инфрақұрылымның әлсіздігін бірден байқаған жас директор қордаланған олқылықтарды шешудің тиімді жолдарын қарастырды. Аудан басшыларынан көмек болмайтынын сезген ол батылдық танытып, Көкшетауға, обкомға, Еркін аға Әуелбековтің өзіне барады. Сөйтіп үлкен басшының қолдауының арқасында жаңа үлгідегі 464 орындық мектеп, МТМ, жылу қазандығы салынады. Кейінгі жылдары совхоз қаражатынан 140 орындық балабақша, асхана, бірнеше астық қоймасы, шеберхана, клуб, дүкен, тұрғын үйлер бой көтереді. Сонымен бірге, екпе шөп көлемі 10 мың гектарға, дәнді дақылдар 20 мың гектарға ұлғайтылады. Бұл жұмысқа іскер басшы мамандарды, бүкіл совхоз ұжымын біркісідей жұмылдыра білді. Нәтижесінде қой саны 31 мыңға жеткізіліп, әр жүз саулықтан 85–90 қозы алынды. Осылай совхоздың экономикасы өркендеп, директордың да беделі өсе бастады. Шаруашылықтың қой өсірудегі жетістіктеріне қызығушылық танытқан мамандар облыстың әр түкпірінен Алқатерекке келіп, осындағы озат тәжірибені үйренді.
Егін орағы кезінде республика басшыларының совхоздарды аралайтын игі дәстүрі бар болатын. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Сабыр Ниязбеков «Чистяков» совхозына келген сайын директор Алтай Нұрғасымовтың шаруаға икемдігін, үлкенді сыйлап, елге жаны ашитын қасиетін жоғары бағалайтын. Қазақы салт-дәстүрге орай, Алтай да ел ағасына зор құрмет көрсетіп, ағаштың баурайында арнайы киіз үй тіктіріп, қошеметпен қарсы алатын. Қазақ елінің тарихында айшықты іс қалдырған мемлекет және қоғам қайраткері Сабыр ағаға Еркін Нұржанұлы да шынайы ілтипат білдіріп, бірге келетін.
«Чистяков» совхозын 15 жыл басқарып, облыстағы озат шаруашылықтар қатарына қосқан еңбегін жоғары бағалаған облыс басшылығы Алтай Нұрғасымұлына тағы да үлкен сенім артып, 1987 жылы Ащыкөл элеваторының директорлығына тағайындайды. Ауыл шаруашылығында табан аудармай 26 жыл істеп, біршама тәжірибе жинақтаса да, өндірістің жаңа саласының беймәлім тұстары көп болатын. Сол себепті жаңа директор алдымен кәсіпорынның материалдық-техникалық жағдайын толық сараптамадан өткізеді. Тың игеру жылдары салынған элеватордағы ескірген аспаптар жаңа қондырғылармен алмастырылады. Жылу жүйесі тартылып, әлеуметтік салаға тың серпін беріледі. Өндіріске енгізілген ғылыми-техникалық прогрестің нәтижесінде Ащыкөл элеваторында өңделген бидай экспортқа шығарылады.
Өз ісінің білгір маманы Алтай Нұрғасымовтың өңірдің экономикасын өркендетуге сіңірген маңдай тері зая кеткен жоқ. «Құрмет Белгісі» орденімен, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Бүкілодақтық халық жетістіктері көрмесі», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65, 70, 75, 80 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл», «Еңбек ардагері» медальдарымен, «Таңдаулы адамдар» энциклопедиясының төсбелгісімен марапатталуы қол жеткен көп жетістігінің айқын дәлеліндей.
2015 жылы Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланғанымда сөзі өтімді, ұстанымы берік, беделді азаматтарды төңірегіме топтастыра бастадым. Сөйтіп, Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ардагерлер ұйымын он бес жыл бойы басқарған көкірек көзі ояу, ақылы дария Алтай ағаны қалалық кеңестің төралқа мүшелігіне ұсындым. Осылай зейнеткерлер өміріне қатысты өзекті мәселелерді жұбымыз жазылмай, бірге шешетін болдық.
Өмірден көрген-түйгені мол, тәжірибесі бір басына жетерлік Алтай Нұрғасымұлының ғибратқа толы ғұмыры тәлімді шежіре, дастан іспеттес. Сол дастанды өскелең ұрпақ оқып, үлгі алса екен деймін. Ал тоқсан жастың белесіне шығып отырған жақсы аға жайлы жүрекжарды ой-толғанысымды ақын бауыры Төлеген Қажыбайдың:
Жасыңнан зерделі едің, зерек едің,
Өмірден түйгені мол кемел едің.
Ешкімге жалынбай да, жаутаңдамай,
Өзіңнің қуатыңа сенген едің, —
деген бір шумақ өлеңімен түйіндегенді жөн көрдім.
Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы,
«Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері.
![]()

