Сын сағатта мүдірмеген шипагер

Еске алу

Денсаулық сақшысы Әлия Қожабекқызы Закирина көп адамдарды емдеп, ажалдан алып қалған шын мәнісінде қолы жеңіл, өз ісіне сүйіспеншілігі, жауапкершілігі таудай шипагер еді.

Уақыт емші десек те, бір жылдан бері сол қолы шипалы, жүрегі шуақты жанның арамызда жоқтығы бәріміздің жанымызға батып, орны ойсырап тұр.

Әлия апамыз саналы ғұмырының 53 жылын медицина саласына, халықтың саулығы жолындағы қасиетті қызметке арнап, Гиппократ антына өз өмірінің соңына дейін адал болды. 1972 жылдан бастап медицинаның қиын да қасиетті жолына түсіп, сол кездегі Көкшетау, бүгінгі Зеренді ауданының Ақан, Уголки, Баратай ауылдарында халықтың денсаулығы жолында аянбай қызмет етті. 25 жыл бойы бір орында тұрақты жұмыс атқарып, ФАП меңгерушісі ретінде де, білікті дәрігер ретінде де елдің шексіз алғысына бөленді. Осылайша, ақ желеңді абзал жан халық денсаулығының тапжылмас күзетiнде болды. Емделуге оның алдына облыс орталығы Көкшетау қаласынан, басқа аумақтардан да кiсiлер көп келетiн. Адамдардың сенiмiне, алғысына ие болған Әлия сол науқастардың бәрін жылы жүзбен қабылдап, аурудың сырын бiлiп, аянбай қажеттi ем-шарасын жүргiзетін еді.

Әлияның батылдығы мен кәсібилігі ең бір қиын сәттерде талай жанға қайта өмір сыйлады. Тіпті, үміт үзіліп, адамның жүрегі тоқтап қалған сын сағатта, еш мүдірместен тура жүрекке инъекция жасап, адамды ажалдан аман алып қалған жанқиярлық ерлігін жұрт әлі күнге дейін ризашылықпен еске алады.

Әлияның өз кәсібіне деген адалдығында шек болмады. Түн ішінде жұмыстан шаршап келіп, енді ғана дастархан басына отырған сәтінде есік қағылса, алдындағы асын ішпестен, науқастың жағдайын ойлап, бірден үйден жүгіре шығатын. Көлік тапшы заманда трактормен де, мотоциклмен де науқастарды ауруханаға жеткізіп, өмір мен өлім арасындағы арпалыста әрбір жанның амандығы үшін күресті.

Түн жарымында есігін қаққан әрбір жанға үміт ұялатып, далада да, жолда да өзі  аналарының жанында бірге болып, сансыз сәбидің аман-есен дүние есігін ашуына себепші болды. Сол аналардың амандығы мен нәрестелердің саулығы жолында ол кісі өз қара басының тыныштығын ұмытып, жанын салып қызмет етті. Тек медициналық біліммен шектелмей, жаратылысынан берілген көрегендігі мен шөппен емдеу қасиеті арқылы да талай жанның дертіне дауа тауып еді.

Сол тынымсыз, ақадал еңбегі атаусыз қалмай, 1985 жылы «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі» атанып, қоғамдық жұмыстарда да  комсомол ұйымының хатшысы, депутат ретінде ел мүддесін бәрінен биік қойды. Ал, 1982 жылдан бастап өз дәрігерлік учаскесіне қарайтын орман шаруашылығы мекемесінің бастауыш партия ұйымының хатшысы болды. Өз қызметін мінсіз атқарғаны үшін Үкімет тарапынан  бірнеше рет Алғыс хаттар алып, Құрмет грамоталарына ие болды.

Бүгін біз өз ісінің нағыз білгірі Әлия Қожабекқызының салиқалы бейнесін, жылы жүзін, әрбір науқасқа туғанындай қараған мейірім толы жанарын сағынышпен еске аламыз. Тағдырдың жазуымен арамыздан ерте кетсе де, соңында қалған өлмес ісі, алғыс айтқан мыңдаған адамдардың батасы оның есімін мәңгіге ұмыттырмайды. Әрқашанда біз үшін қимас, аяулы жанның жаны жәннатта, топырағы торқа, иманы жолдас болсын!

  Еске алушылар: Гүлвира Советқызы Мұхамеджанова,
                                                          Рәзия Қожабекқызы Закирина.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар