Бұл – ауыл мұғалімсінің еңбегі

Мықтыкөл ауылының негізгі орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Аманбек Насихатұлының шәкірттері аудандық жарыстарда топ жарумен келеді.

Спорт – адамды тәртіпке, төзімділікке, табандылыққа тәрбиелейтін үлкен мектеп. Ал жас ұрпақты осыған баулып, қабілетін шыңдап, жеңіс жолына бағыттайтын ұстаз еңбегі қашанда құрметке лайық.

Аманбек Насихатұлы міне, оқушыларды спортта өрге сүйреп, осы талап биігінен көрініп жүрген жан. Ол өзінің қажыр-қайратымен ауылымызда жастар және жасөспірімдер мен балалар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға зор үлес қосып келеді. Ұстаздың өз пәніне тыңғылықты дайындығы мен шәкірттерінің табандылығы аудандық жарыстарда белгілі бір нәтижесін беріп, жоғары жетістіктерге қол жеткізуге мұрындық болуда.

Оқушыларымыз жуырда өткен осындай жарыстардың бірінде теннис пен шахматтан бірінші орындарды иеленуі, мектебіміздің мерейін асқақтатты. Теннис спортынан біздің мектеп осымен үш дүркін аудан чемпионы атанып отыр. Жас спортшыларымыздың ауданда жеңіс тұғырынан көрініп, облыстық кезеңге жолдама алуы олардың шеберлігі мен үздіксіз өсу деңгейінің нәтижесі екені сөзсіз.

Сонымен қатар, шахматтан да оқушыларымыз екі мәрте аудан жеңімпазы атанып, өздерінің зеректігі мен жоғары ойлау қабілетін дәлелдеді. Бұл жетістіктер шәкірттерімен бірге, Аманбек ұстаздың да кәсіби шеберлігінің жемісі деп қалай айтпай тұра аламыз?!

Спорттағы әрбір жеңістің артында тынымсыз еңбек, табандылық пен үлкен жауапкершілік тұрады. Аманбек Насихатұлы шәкірттеріне тек спорттық айла-тәсілдерді ғана үйретіп қоймай, оларды белгілі бір мақсатқа ұмтылуға, жеңілістен сабақ алуға және алға қойған мақсатқа жетуге тәрбиелеп келеді.

Осылайша Аманбек ағаларының күш-жігерінен мектебіміздің абыройын асқақтатып жүрген жас спортшыларымызға облыстық жарыста да сәттілік тілейміз. Ал, өз пәніне құштарлықпен қарап, жас ұрпақты спорттың қыр-сырына баулумен жүрген әріптесімізге осы жолда бағың жанып, абыройың арта берсін дейміз!

Еркін АХМЕТ,
Мықтыкөл ауылының негізгі орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар