Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Латын әліпбиін үйрене берейік - АРҚА АЖАРЫ

Латын әліпбиін үйрене берейік

«Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» дейді ғой дана халқымыз. Осы орайда, көрген-түйгені мол ақсақал ретінде Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтқан: «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керек және болашақта барлық саладағы іс-қағаздар мен оқулықтар осы қаріппен жазылуы тиіс» деген пікірін толық қолдаймын. Және де көптеген қазақстандықтардың ойы бір жерден шығып, осы маңызды қадамды қолдап отырғаны мені қуантады.
Бұл мәселе осыдан 5 жыл бұрын көтерілген еді. Содан бері санамызда «ерте ме, кеш пе, еліміз латын әліпбиіне көшеді, соған да-йындала беруіміз керек» деген салмақты ой сақталып келді. Бүгін сол үкілі үміт сәулесінің куәсі болып отырмыз. Бұл жазу – елдігіміз бен егемендігімізді айқындайтын, халықтың сауаттылығын танытатын көрсеткіш деп білемін. Латын әліпбиі бұрын тарихымызда 10 жылдай уақыт салтанат құрды. Сол кезде біз көптеген елге, жерге танылдық. Ал, қазіргідей қуатты мемлекетте өмір сүріп жатқан кезеңде біз халық болып бұл жазуды қолдап алып кетпесек, өркениетті елдердің қатарына ілесе алмаймыз. Себебі, латын әліпбиі әлемдегі ең танымал жазулардың бірі саналады, яғни, болашағы зор.
Ендігі кезекте осы мақсатқа жету үшін не істеу керектігін ойлануымыз қажет. Латын графикасына өтудің оңы мен солын саралап алғанымыз жөн. Соған талдау жасап, мәтіннің оқу әуезін, әдісін, заңдылығын меңгеріп алуымыз керек. Кейбіреулер компьютердің көмегімен барлық дүниені латын әліпбиіне көшіре салуға болатынын айтады. Менің ойымша, бұлай жеңіл жол іздеген дұрыс емес. Мазмұнды оқулықтар мен әдебиеттің барлығын 100 пайыз сауатты етіп аударып шығу қажет. Өйткені, кезінде араб әрпінде жазылған небір әдебиеттер әлі күнге дейін шаң басып жатыр. Себебі, біз оларды оқи алмай, қиналдық. Ал, латын әліпбиіне көшетін болсақ, кешегі, бүгінгі рухани дүниелеріміздің бәрін сауатты қалпында аударып алсақ, кейінгі буын қиналмайды. Латын әліпбиіне көшу үшін емле ережесінің сақталуына баса мән берген жөн. Яғни, бірізділік, ортақ қағида болуы шарт. Өйткені, латын графикасында жазғанның жөні осы деп әркім өз білгенімен әртүрлі таңбаны қоя берсе, мұның соңы сауатсыздыққа әкеліп соғады. Осының алдын алу қажет. Төртіншіден, балабақшаларда, мектептерде, жалпы оқу үрдісінде латын әріптерін жазуды үйрететін пән – каллиграфия (жазу өнері) деген сабақты енгізу қажет. Мұны тез арада қолға алған жөн. Сондай-ақ, латын қарпін сауатты жазатын, оқитын мұғалімдер дайындау қажет. Осы бағыттағы жұмыстардың бәрін тез арада тиянақты атқара білсек, ұтарымыз мол болмақ.

Сағынай СЕЙІТЖАНОВ,
Астрахан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар