«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Ақмола облыстық мәдениет басқармасы үш жүзге аты мәлім Ақан сері Қорамсаұлының 175 жылдығына арналған «Мәңгілік әуені» Этноdaу мерейтойлық іс-шарасын өткізуді Ақан сері бабамыздың ауылынан бастады. Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына ғана емес, исі қазаққа ортақ бабамыздың мерейтойына Ақмола облысынан, Көкшетаудан Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының 5,6-шақырылымдарының депутаты, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев бастаған Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі, облыстық әдебиет және өнер музейі мен БАҚ өкілдерінен бір топ делегация барып қайтқан болатынбыз. Дәл сол күнмен айтар болсақ, аппақ қармен көмкерілген Ақан сері бабамыздың ауылы қалың тоғайдың қойнауына жайғасыпты. Киелі жерге табанымызды тірегенде бабамыздың «Маңмаңгері» шарықтай шырқалып жатты. Құлагердің құдығының жанына орнатылған «Құлагер» ескерткішінде митингі болып, толғаныс пен тебіреніске толы жүректен шыққан ақ тілектер ақтарылып, ескерткішке Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының облыстық мәдениет басқармасы атынан гүл шоқтары қойылды.
Сонымен, Айыртау елі алдымыздан ұлттық киімде шығып, қазақтың сары майы мен бауырсағын тосқан қонақжайлылығын тағы да бір танытты. Ақан сері бабамыздың туып-өскен жеріне ат басын тіреу кім-кімге де үлкен мерей. Құлагері құдығынан су ішкен дәл сол жерге ескерткіші орнатылып, үш елдің Президенті келіп бас қосқан киелі мекен кім-кімді де бейжай қалдырмасы анық.
Иә, баба рухының асқақтаған күні еді бұл.
Іс-шарада алдымен сөз алған Айыртау ауданының бұрынғы әкімі, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Армия Әбілқайыров кербез Көкшетаудан арнайы ат басын бұрып келген қадірменді қонақтарға Айыртаудың жеріне қош келдіңіздер деген ыстық ілтипатын білдірді.
1993 жылдың тамыз айында Ақан серінің 150 жылдық мерейтойы аталып өткені белгілі. Міне, сол тойға Елбасымыз Н.Назарбаев, Өзбекстан Президенті Р.Каримов пен Қырғызстан Президенті А.Акаев келіп, ел еңсесі бір көтеріліп қалған болатын. Ендеше, сол күнге сәл шегініс жасасақ, Ақан сері ауылы қайтадан салынып, 64 котедж, сауда орталығы, мәдениет үйі, мектеп пайдалануға берілген екен.
Ал, бүгінде, «ағаштың қойнауына тығып тастағандай сол ауылдан береке қашты», – деген өзінің өкпе-назын да жеткізген Армия ағамыз жыл бойы танымдық тұрғыда жүргізілетін бабамыздың мерейтойын «Көкшетауда немесе Астанада болсын, респуб-
лика көлемінде атап өтуді қоғам қайраткері Жабал бауырымызға жоғары жаққа жеткізуді ел атынан тапсырамыз», – деді. Мұндағы мақсат келешек ұрпағымызға өнеге болатын ізгі бастаманың баба рухы алдындағы бір борышының өтеуі болмақ. Өйткені, қандай зәулім үйлер мен мәдениет үйі, бәрі-бәрі қирап, бұзылып, жұтаңданып қалғаны көрер көзге анық байқалып-ақ тұр.
– Әкемнің айтқанынан білетінім, ауыл мынау, Комаровка дейміз, екі шоқ тұр, сол жерде туып-өскен екен Ақан сері атамыз. Коморовкаға кіре бергенде оң жақта. Бабамыздың зиратына да мені әкем арнайы апарып көрсеткен. Сіздерге көп рахмет, іздеп келгендеріңізге. Той құтты болсын! – деді ағамыз сөзін жалғап. – Ақан сері бабамыз бүкіл Қазақстанымыздың мақтанышы болып қала бермекші. Менің бабам Қожан сері – Қожан балуан туралы Ақан серінің кітабында жазылған, – деп өткен өмірінің Ақан бабамызға қатысты тұстарын сағынышпен еске түсіріп өтті. Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Біржан сал, Балуан Шолақ бәрі де ерекше тұлғалар. Олардың бәрі де қазаққа ортақ тұлғалар. Оларды менікі, сенікі деп бөліп қарау мүмкін емес, – деп сөзін қорытындылады Армия Әбілқайырұлы.
Армия ағаны кейін бөлек сөзге тартуға тырыстым. Сол сәт ағамыздың ойынан ұққаным, оның көкірегі мұң-шерге толып тұрғандай болды. Енді бір сұрақ қойсам, ақтарылып, ащы мұңын төгердей тосылып қалдым. Жо-жоқ, бірақ олай емес, оның жүрек түкпіріндегі сезім – үш жүзге аты мәлім Ақан бабамызға деген қимастықтан туғандай. Іштей «біздің де бар екенімізді білдірдіңіздер» деген үлкен ризашылық сезіммен ақ алғысын жаудырып жатқандай болды…
Тағы бір тебіреніске толы жүректен шыққан ақ тілегін ақтарған қоғам қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиұлы:
– Көкшетау өзінің тұлғаларына өгейсініп қарамаса да, бірақ та өзінің бауырынан, өзінің тұлғасынан, өзін өмір бойы биіктеткен Көкшетауынан ажыраған емес. Ол тұлғаларды Көкшетаудан – жер қалай бөлінсе де, шекара қалай сызылса да, ешкім бөліп ала алмайды. Көкшетаудан Оқжетпесі мен Бурабайын, Ақан серісі мен Үкілі Ыбырайын, Шоқаны мен Айғанымын, Сырымбеті мен Айыртауын, Имантауын ешкімде бөліп ажырата алмайды. Бұлардың аты ең бірінші Көкшетаумен шыққан. Көкшетаудың аты осы тұлғаларымен шыққан. Өзінің жерінің биігімен, Оқжетпестің көркемдігімен, Бурабайдың сұлулығымен, Ақандар мен Біржандардың әнімен шыққан Көкшетау болатын. Сондықтан да, біз үшін Ақан сері мен Үкілі Ыбырайдың, осы тұлғалардың орны да, тарихы да ерекше екенін айтқымыз келеді. Біз қазір басқа облыстың азаматы болғанымызбен, басқа облыста тұрғанымызбен осы Ақан сері, Үкілі Ыбырай бабаларымыздың мүддесі үшін күресіп жүрген азаматтармыз. Өздеріңіз білесіздер, былтырғы жылы Ақмола облыстық филармониясына Үкілі Ыбырайдың аты берілді. Ол заңды болатын. Өйткені, Көкшетау әннің ордасы болғандықтан филармонияға Үкілі Ыбырай аты берілуі қажет еді. Міне, соны жүзеге асырдық. Ол үшін ел басшыларына, әкімге рахмет айтамыз. Ақан серінің 175 жылдығы туралы жаңа Армия ағамыз дұрыс айтты. Ол жалғыз Көкшетауға, Ақмолаға немесе жалғыз Қызылжарға ғана ортақ болмауы керек. Жалпы қазіргі кезде бір тенденция қалыптасты. Әрбір облыс өзінің тұлғасын өздері бөліп алып, өздері ғана өткізіп, өздері ғана насихаттайтын мәселе етек алып кетті. Бұл жершілдікті, рушылдықты көрсете ме? Мен жуырда ғана тұлғалар ұсақталған жоқ, осы біз өзіміз ұсақталып бара жатырмыз-ау деп жаздым. Кезінде біз үшін Бауыржан, біз үшін Жамбыл, біз үшін Абай бәрі де қазаққа ортақ тұлғалар болып оқытылатын, ортақ тұлғалар болып насихатталатын. Біз сол үрдісті тағы да жалғастыруымыз керек. Көкшетау жайлы айтқанда, Ақан сері жайлы айтқанда кез келген әні «Сырымбет», «Балқадишасы» бәріде кез келген адамның жанын тебірентеді. Әсіресе, Ақан серінің «Қараторғайы». «Қараторғай» – жүрек әні, «Қараторғай» ол – өмір әні. Оны айта білген адам ғана Ақанның ішкі жан дүниесін түсінеді. Сондықтан, біз бүгінгі күні мына думанды заманда, бүгінгі күні мынадай есір заманда, есер заманда өзінің ұлттық тұлғаларының ән өнерін насихаттап, соларды өзіміздің қазақ баласының санасына сіңіру, одан қалды әлемдік аренаға жеткізу мәселесіне айналдыруымыз керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегі тегіннен-тегін жазылған жоқ. Біз өйткені, өзіміздің ата-бабамыздың қадірін, солардың қабірін ұмытып кетуге айналған ұрпақ едік. Енді қайтадан оралып, бізде тамыр бар, бізде тарих бар, бізде әдебиет бар, бізде мәдениет бар, бізде сөз бар, бізде ән бар екендігін айғақтап жатырмыз. Бүгінгі ұрпақ санасына сіңіру үшін осы бабаларымыздың рухы, бабаларымыздың еңбегі, бабаларымыздың аты, бабаларымыздың аруағы, бабаларымыздың даңқы, бабаларымыздың бізге тастап кеткен аманат мұрасы енді бізден кейінгі өсіп келе жатқан ұрпағымызға қажет. Сондықтан, оны ұмытпай насихаттау парыз. Бүгінгі күні екі облыстың азаматтарының зиялы қауымының Ақан серінің керемет ескерткішінің маңында бас қосуға жиналған халық аз болса да үлкен мәртебелі жиын болғанын айрықша айтамыз. Сондықтан, осы шараны ұйымдастырған Ақмола облыстық мәдениет басқармасына алғыс айтуымыз керек. Бәрі де өзінің орнына келер деген үміттеміз. Қазақ мемлекеті осы мәселенің орнын толтыру үшін Елбасының бес бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Ауыл шаруашылығын өркендету, бизнесті дамыту, шеттен ағайындарды әкелу сияқты мәселені көтеріп, осы бір ауыл да қайтадан гүлдер, деген ниеттеміз. Бұл да бір қазақ баласының тәу етер мәселесіне айналар деген сенімдеміз. Ақан сері бабамыздың 175 жылдық мерейтойы барлық қазақ еліне құтты болсын! – деп тебіреніске толы сөзін аяқтады.
Одан әрі сөз алған Ақмола облысы орталығындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы музейдің директоры Құдайберлі Мырзабек: – Менің де ауылым осы жер. Сондай ыстық. Мынау елдің, жұртына келіп көңіл шіркін, толқып тұр. Осыдан 10-15 жыл бұрын Керекулік ақын Серік Құсанбаев Ақан серінің басына апаршы деген соң Ақан бабамыздың бейітіне бардық. Барсақ бейіттің төбесі жабық, бірақ, сол күмбездің төбесінен Ақан сері бабамыздың бейтіне бал тамшылап тұр. Сөйтсе, күмбездің астына аралар ұя салыпты. Бұл не деген құдірет десеңші! Таңғалмасқа шара жоқ. Содан толқып, «Ақан серіге тағзым» деген өлең жаздым, – деді де өлеңін оқып берді.
Жиында тағы бір сөз алған адам ол Солтүстік Қазақстан облысының халықаралық қазақ тілі қоғамының мүшесі Жангелді Тәжин болды.
– Ол қаймана қазақта сүйіктісі Ақан серіні білмейтін адам кемде-кем. Біз Қызылжардан келіп тұрмыз дей келе зиялы қауым аруағына тәу етіп қана қоймай, оны мәңгіге қастерлеу үшін Ақан серінің атын Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясына беру туралы ұйғарым жасалғанын мақтанышпен жеткізді.
Ал, Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөкейханқызы Бөрібаева айтулы шараның басталуымен құттықтай отырып, облыс тарихынан сыр шертетін энциклопедияны Солтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Талапкерқызына сыйға тартты.
Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының әншісі Ғалымжан Нұрпейісов «Балқадиша» әнін орындаса, Дәулет Құрмаш, Қайырболды Серғазы, Мұхаммед Қоңқаев сынды жас ақындар бабамызды жырға қосып, өз өлеңдерін оқыды.
Иә, Ақан сері бабамыз туған, Көкшетау мен Айыртауы егіз ұғымдай болған киелі де қасиетті Арқа елі бәрімізге ортақ. Сөйтіп, Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау
ауданы Ақан сері ауылындағы мемориалдық кешенінде кезінде Ақан сері бабамыздың өзі қаздырған, Құлагері су ішкен құдығының жанына суретке түсіп, ауылының құты қашса да, ата дәстүрді жаңғыртуды көздеген азаматтары барына іштей бір сүйсініп, қимай қоштастық.
***
Сол күні айтулы шара Көкшетауда жалғасын тапты. Алдымен, Ш.Құсайынов атындағы қазақ-музыкалық драма театрында Ақан серінің махаббат символына айналған «Балқадиша», адалдық пен ізгіліктің бейнесі болған «Құлагер» әні, «Маңмаңгер», «Мақпал», «Көкжендет», «Сырымбет» және тағы басқа ұлтымыздың музыкалық-әншілік қазынасында ойып тұрып өз орнын алған әндері орындалды.
Бұл іс-шараның тағы бір ерекшелігі Ақан серінің сүйіктісі Ақтоқты сұлудың жиен немересі Орынбасар Төкенованың қатысуы. Ол көшірмесі облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақталған Ақан серінің Ақтоқты сұлуға сыйлаған жүзігін тағып келіп, тарихын баяндағаны тіпті әсерлі шықты.
Театрда Ақан серінің өмірі мен шығармашылығын бейнелейтін «Ақан серінің адалбақаны» атты қысқаметражды фильм көрсетілді. Сол күнгі шараны Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармониясының әншісі, Сәрсенбай Хасенов жүргізіп отырды.
Сондай-ақ, театр әртістері жазушы Ғабит Мүсіреповтың 1941 жылы жазған шығармасының желісі бойынша қойған «Ақан сері Ақтоқты» спектаклінен көріністерді көрермендер қызыға тамашалады. Бұл сол заманға сәл шегініс жасауға мүмкіндік тудырды.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде жалғасқан этномереке барысында атақты Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырайдың музыкалық аспаптары мен Ақан серінің өзі пайдаланған заттары қойылған көрме жұртшылық назарына ұсынылды. Айтулы шараның соңы облыстық музей қорынан алынған қазақтың көне күміс әшекейлері дефилесінің көрсетілуімен аяқталды.
«Мәңгілік әуені» Этноdaу іс-шарасының – қазақтың дәстүрлі ән орындаушылығын насихаттау, тарихи тұлғаның шығармашылығымен танысу арқылы патриоттық рухқа тәрбиелеу, жас ұрпақтың бойына рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру болатын.
Асылай Қадырқызы.
Көкшетау-Айыртау-Ақан сері ауылы-Көкшетау.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.