Айтбайдың өмір баспалдақтары

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңына таман Торғай облысы жабылып, оның Жарқайың, Есіл, Жақсы, Қима аудандары Ақмола өңіріне қосылған кез. Таңертеңгі ілездемеден кейін «Коммунизм нұры» («Арқа ажары») аталатын облыстық газеттің басшысы Октябрь Әлібеков, фототілші Орынбай Балмұратов және мен жаңадан қосылған Қима ауданына жолсапарлатып шықтық. Шілденің аптап ыстығы таңнан мыи қайнатып, аңқаны кептіріп тұрған. Содан да жол етжеңділеу редакторымызға қиын болды. Бірақ, онысын сездіргісі келмейді. Алып шыққан аздаған суымыз да ауыз шаюдан әріге жарамай таусылып қалды. «Мынандай күнде жолға шығып неміз бар еді!» – деп біздің де берекеміз қаша бастаған еді. Соны сезгендей Жақсы ауданының тұсына таялғанда Октябрь ағамыз:

– Бұрын Торғай облысы құрылмай тұрғанда біз бара жатқан Қима ауданы Целиноград (Ақмола) облысының құрамында болған. Енді өзімізге қайта қосылып отыр. Мұндағы «Восход» аталатын совхоздың жерін ел ежелден Балталы-Бағаналы жұрты атақонысы етіп келеді. Сол қалың ел өздерінің осы өңірге табан тірегендерінің 160 жылдығын атап өтпекші. Енді біраз жүріп Қимаға жетсек, мына ыстық күннің азабынан да құтыламыз, жаңа жұрттың жақсылығымен танысып, ізгі адамдарымен қауышамыз. Бұл да біз көрген бір ғанибетті іс болмақ, – деді. Мұнысы енді бізді төзімге шақырғандағысы сияқты естілді.
Жол азабы жүрсең бітеді. Ақыры Қима ауданының орталығына жетіп, партия комитетінің алдына тоқтадық. Бізді шашы көмірдей қара, аққұба өңді, қырықтардың қырқасына көтеріліп қалған дембелше келген жігіт ағасы қарсы алды. Өзін аудандық партия комитетінің хатшысымын деп таныстырған ол асханадан жан шақыртып, әлі де мына жақта біраз шаруалары бар екендігін ескерте, бізді «Восход» совхозына барар жолға салып жіберді. Ол ауылдың атаулы тойы есте қаларлықтай болып өткен еді. Әр шаруашылықтан киіз үйлер тігіліп, ат жарысы, палуандар күресі, ақындар айтысы сияқты небір қызықты шаралардың куәсі болғанбыз. Бұл жайында сол кезде газетімізде көз көрімді көлемді мақала жарияланған-ды.
Содан бері арада талай жылдар өтті. Тоқсаныншы жылы Торғай облысы қайта ашылды. Ал облыс, аудан басшылары қуаттаған, ал бізді алғаш Қима жерінде қарсы алған Айтбай Қайырбекұлы мойнына алған осы бір игілікті шара араға 30 жыл түскенде санада қайта жаңғырды. Яғни, өзіме тетелестей Айтбай ағамен жүздесудің сәті қайта түсті. Бұған себеп болған Нұр-Сұлтан қалалық ардагерлер кеңесінен: «Елімізге қадірлі азамат жайлы толымды мақала жазсаң», –
деген ұсыныстың айтылғаны.
Айтекең баяғы мен көргеннен аса көп өзгере қоймаған. Жазықтау бұйра қара шашы ғана ақ күмістей жалтырап, тіпті жасына қарамай өңін ажарландырып жібергендей екен. Нағыз кемелді, келісті азаматтық тұлғасына лайық жарасымды сипат беріп тұр.
1960 жылы орта мектепті бітірген ауылдың бір топ баласы өзара келісіп, үлкен қиялмен Алматыға оқуға түсуге аттанды. Солардың арасында үлкен арман арқалаған Айтбай Қайырбекұлы да бар еді. Қостанай-Алматы пойызымен біржарым тәулік жол жүріп, еліміздің астанасына табандарын тигізген. Бұрын ауылдарын әжептәуір ел деп жүрген бұлар мұндағы сапырылсқан қалың жұртты көргенде, адамның бәрі Алматыда екен ғой деп таңданысқан.
Бірақ, бұл жолы оның жолы болмады, емтиханды бірсыдырғы тапсырғанмен, конкурстан сүрінді. Бұл Орталық партия комитетінің тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны белең алып, жер-жерлерде механизаторлар даярлайтын училищелер жаппай ашылған тұс еді. Бұлардың ауылдарына да Одақтың әр тарапынан орыс, украин, молдова, белорус жерлерінен келгендер көп болатын. Шетінен тракторшы, шетінен комбайншы. Айтбай да сол үрдіске салып Қимадағы училищеде алты ай оқып тыңға келгендердің мамандығын меңгеріп шыға келді.
– Жас балаша қуанып, оқуды бітірген куәлігімді алып, әке-шешеме, ағаларыма көрсеткенім менің ең бақытты күнімнің бірі болды. Өйткені, елмен бірге жер жыртып, егін саламын, ақша табамын, ер жеттім, азамат болдым деген қуаныш еді ол. Ертесінде ағаларым мені ертіп «Қима» совхозының ұлты неміс, атақты бригадиріне ертіп барып: «Мынау біздің ініміз, кеше ғана училище бітірді, тракторшы болғысы келеді, өзіңіз де көріп тұрсыз ғой, жас бала», – деді. Ол маған бір қарады да: «Саспаңдар, мен бұдан танымал механизатор шығарамын», – деді қуақылана күліп. Кең байтақ еліміздің жан-жағынан келген жастармен бірге осылайша тың игеруге өз үлесімді қостым. 1984 жылы «Тың жерлерді игергені үшін», ал 2005 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Тыңға 50 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталуым сол алғашқы еңбек қадамымның бағалануы деймін, – дейді тағы бір сөз арасында Айтбай аға.
1962 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетіне құжаттарын тапсырып, сәті болғанда студент атанды. Осында кейін іргелері ажырамастай дос болып кеткен Құсайын Имашұлымен танысты. Жатақхананың бір бөлмесі екеуіне жайлы баспана болды. Құсайынның әке-шешесі де малшы мен сауыншы, Айтбай да сондай жылқышы мен сауыншының баласы болғандықтан шығар, әңгімелері ортақ, көбіне ел жайына қарай ойыса беретін.
Айтбай Қайырбекұлының тағы бір асулы белесі 1972-1974 жылдары Жақсы аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып сайланып, жастар арасындағы тәрбие саласында көптеген жұмыстар атқарғандығы. Комсомол алдындағы еңбегі үшін облыс, республика, одақ көлемінде көптеген сый-құрметке бөленгендігі. Комсомолдың 60 жылдығына орай ВЛКСМ Орталық Комитетінің Құрмет грамотасымен және төсбелгісімен марапатталғандығы. Бұл да ол үшін үлкен табыс, абырой еді.
–Бір күні облыстық партия комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков келді. Астық науқаны қызу жүріп жатқан кез. Өзі де бұрындары республика комсомолы қызметінде болған адам ежелден бойына сіңген қасиетімен барған жерлерінде алдымен жастармен жүздесуді, хал-жағдайларын білуді, шешілмей жатқан мәселелеріне нақты жауап беруді мақсат ететін. Бұл жолы да аудандық космомол комитетіне кіріп, жоғарыдағы мәселелер жайында сөз қозғап, бюро мүшелерінің алдына нақтылы тапсырмалар қойды, оларды іске асырудың ақыл-кеңестерін берді. Өте сымбатты, жылы жүзді, сөйлегенде бойынан қазақтың иісі шығып тұратындай сезіледі, –дейді Айтбай бүкіл қазақ жұрты әс көтерген елтұлға азаматтардың бірі Өзбекәлі аға жайында ерекше сағынышпен тебірене еске алып.
1978 жылы Орталық партия комитетінің екінші хатшысы Коркин келіп, облыстық партия комитетінің ұйымдастыру пленумын өткізіп, Еркін Нұржанұлы Әуелбековты Торғай облысын алға қарай дамыту үшін бірінші хатшы етіп сайлау жөнінде ұсыныс жасады. Бас-аяғы 17 минуттың ішінде Торғай облысының бірінші хатшысы болып сайланған Еркін Әуелбеков облыстың экономикалық ахуалы, қазіргі жағдайы туралы баяндама жасай жөнелген. Пленум мүшелері, облыс басшылары ауыздарын ашып, көздерін жұмып дегендей: «Япыр-ай, мына кісі қалай осыншама әр саланың көрсеткіштерін жатқа біліп, басына сақтаған», – деп таңқалысқан.
Еркін аға көп уақыт өткізбей: «Облыстық партия комитетінде қызмет істейтіндердің жоғары партиялық білімі болуы керек», – деп Айтбай Қайырбекұлын, Төлеген, Әшім деген азаматтарды Жоғары партия мектебіне оқуға жіберді. Бұл 1979 жыл еді. Айтбайдың өміріндегі ең бақытты сәттің бірі сол. Тірегі жоқ малшының баласы Жоғары партия мектебінде білім алуда. Ол кездің бұлжымас талабы – партияда болмасаң қызмет сатысында жоғарылап өсу деген болмайды. Міне, Айтбай партия мектебін қызыл дипломмен бітірген соң облыстық партия комитетінің аппаратына нұсқаушы болып орналасты. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» және «Білгендердің сөзіне махаббатпен еріңіз» дегеніндей, ол осы ағаларының соңынан еріп, болашаққа талпынды. Сол бір ашылып, бір жабылған Торғай облысында жоғарыда айтылғандардан басқа Сақан Құсайынұлы, Оразбек Сұлтанұлы, Әбділда Қабдұшұлы, Мақтай Рамазанұлы, бөлім меңгерушілері Айша Жүнісқызы, Борис Щелоков, комсомол комитетінің бірінші хатшысы Бекболат Бырыбаев, облыс әкімі Сергей Кулагин, Қазақстан Реаспубликасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлері Саят Бейсенов, Әлихан Байменов, Бердібек Сапарбаев, Тамара Дүйсенова және тағы басқа ел таныған жақсылардың өмір тәжірибесін бойына сіңірді.
Мәселен, Өзбекәлі Жәнібеков ағамен қызметтес болған жылдарында оның ұлт батыры Аманкелді Имановтың кеңшарда тұрған мұражайын Арқалық қаласына бір кірпішін бұзбай тарихи-өлкелік мұражай жасауы, Әділбек Майкөтовтың мұражайын да аудан орталығына әкеліп орналастыруы нағыз ғанибетті іс болды. Облыс орталығында драма театры, «Шертер» жастар ансамблі, Жанкелді ауданында «Ғасырлар пернесі» көркемөнер ансамблі құрылып, атақ-даңқы бүкіл республикаға танылды.
-Торғай облысы алғашқы рет таратылған 1988 жылы Целиноград облысының №18 аймағы бойынша Қима аудандық Кеңесінің депутаты болып сайландым. Бұл осы аудандағы ең үлкен, әр салалы «Ишим» совхозының Қызылту бөлімшесі. Мұнда 300-ге тарта халық тұрады. Өзінің кішігірім мектебі, дүкені, медициналық орталығы бар, жұмысқа жарамды адамдары жасына қарамай қой, ірі қара сияқты мал шаруашылығымен айналысып, аздап егін егетін. Совхоз орталығынан 12 шақырымдай жерде. Ауыл адамдары көктемде, кейде қыс айларында салынған тас жол арқылы аудан, совхоз орталығындағы шаруаларын шешіп қайтатын. Осы шаруашылықты Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері, білікті басшы Бірәлі Нұртазин ағамыз басқаратын. Қызылту округінен депутат болып сайланғандықтан бұл елдің халқымен тілдесу, жағдайларын білу, түйінді мәселелеріне көңіл аудару менің негізгі міндетім саналатын. Бірде қақаған қыс ортасында Қызылту ауылына жолсапарға шықтым. Бұл бір азабы көп жол болды, – деп есіне алады Айтбай Қайырбекұлы Қима ауданында хатшы және депутат болған кездерін есіне алып.
1990 жылы Торғай облысы қайта ашылып, оның бірінші хатшысы болып Кенжебек Укин, екінші хатшылығына Олег Владимирович Попов (Семей жағынан келген) сайланды. Облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметін Сергей Витальевич Кулагин атқарды.
– Бір күні Қима аудандық партия комитетінің хатшысы болып жүрген кезімде Олег Владимирович телефон соқты. Өзінің бұрын білмейтін елге келіп жатқанын, екеуміздің Алматы Жоғарғы партия мектебінде оқығанымызды алға тарта: «Тағы да бірге қызмет істеуге қалайсың?» – деді. Мен ойланып көрейінге бассам, ол: «Сен ойланғанша Торғайға келген бір вагон портфельден ертең ештеңе де қалмайды», – деп сөзін күле аяқтады, – дейді Айтбай Қайырбекұлы тағы бір сырдың шетін суыртпақтатып.
Шынында Торғайда қызмет ету Айтбай үшін жаңалық емес-ті. Елін де, жерін де, жағдайын да жақсы білетін. Содан да көп ойланбай Арқалық қаласына келіп, Торғай облысы құрылып жатқан топтың алдынан өтіп, бір ауыздан облыстық еңбек басқармасының бастығы болып бекітілді.
Жекешелендіру саясаты жаңа басталып, совхоздар тарап, жеке иеліктерге бөлініп жатқан. Жұмыс орындары жоқ, еңбекақы, зейнетақы төленбей, дүкендерден шай, қант, тағы басқа күнделікті өмірге қажетті заттар болмай, оларға талон кіргізіліп жатқан кез. Ел ашынып, кей жерлерде ақай-шу шығып, басшыларға наразылық күшейді. Облыс түгілі республикадағы жағдай осындай еді. Міне, астына мінерге көлігі жоқ еңбекпен қамту саласының жаңа басшысы Айтбай Қайырбекұлының қызметі бұл өңірде осылай басталды.
Айтбай Қайырбекұлы түрлі салаларда жауапты қызметтер атқарып, қай жерде жүрсе де өзіне жүктелген міндетіне адал болуының арқасында ұжымда да, басшылық алдында да маңдайы жарық, беделі жоғары болды. Әкесі Қайырбай 1890 жылы туып, 1964 жылы, анасы Сәлима 1900 жылы өмір есігін ашып, 1987 жылы өмірден озғандарымен, өзі 50 жылдан астам отасқан адал жары Тілеулеспен Айтбай аға Қайрат және Дана есімді қос баланы өмірге әкеліп, олардан Ерсұлтан, Әмір атты немере, қызынан Әмина, Ерасыл есімді жиендер көріп, бүгінде солардың шуақты күлкілеріне көміліп жүр.
Мақаланың ішінде айтылғаннан басқа «Еңбек ардагері», «Ұлы Отан соғысының жеңісіне – 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Астанаға – 20 жыл» медальдарымен, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Ақмола облысы, Жақсы ауданының Құрметті азаматы.
Айтпақшы, сөз соңында айта кетерлік бір жай, Айтбай Қайырбекұлы аталған қызметтерден басқа, Еңбек қорғау жөніндегі Республикалық ғылыми-зерттеу институтында да біраз жыл қызмет атқарып, бірқатар ғылыми жұмыстардың авторы атанған. Бүгінде 75 жасқа толып отырған абзал азаматтың өткен өмір жолдарының тағы бір қыры осындай.
Аманкелді ЖҰМАБЕК,
ардагер журналист, ақын.
Нұр-Сұлтан қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар