Ұстаз. Әдіскер. Ғалым.

Тәуелсіздік алған жылдардан бергі уақытта қазақ тіл ғылымы ерекше қарқынмен өртеңге шыққан жас өскіндей қаулап даму кезеңін бастан кешірді. Оған әсер еткен көптеген факторлардың ішінде, әрине, еліміздің егемендік алуы, тіліміздің мемлекеттік тіл дәрежесіне ие болып, қыспақтан босап шығып, түлеп ұшқан қырандай еркін, жаңа леппен дамуы дер едік. Сонымен қатар, оған әлемде болып жатқан өзгерістер де әсерін тигізді. Осы кезде Отанымызда тілді зерттеушілердің жаңа буыны қалыптасты, соның бел ортасында педагогика ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, Педагогика ғылымдары Халықаралық Академиясының академигі, ҚР Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, тілші, әдіскер-ғалым Фаузия Шәмсиқызы Оразбаева бар.

Фаузия Шәмсиқызы 1949 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Самар ауданы, Қаражырақ ауылында туды. 1966-1971 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде, 1973-1976 жылдары осы университеттің жалпы тіл білімі кафедрасының аспирантурасында оқыды.
1977 жылдан 1989 жылға дейін Алматы шет тілдер педагогикалық институтында қазақ тілі пәнінің оқытушысы, 1989 жылдан 1991 жылға дейін С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің жалпы тіл білімі кафедрасында доценттік қызмет атқарды. 1991-1993 жылдары Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінің оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі проректоры болды. 1996 жылдан бүгінгі күнге дейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қазіргі қазақ тілі теориясы және әдістемесі кафедрасының меңгерушісі және профессоры болып қызмет атқарып келеді.
Ол 1979 жылы «Қазіргі қазақ тіліндегі сын есім синонимдер» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алды. 1996 жылы «Тілдік коммуникация мен қатысым әдісінің ғылыми-әдістемелік негіздері» тақырыбында докторлық диссертация қорғап, педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алды.
Фаузия Шәмсиқызының ғылыми-әдістемелік және жалпы филологиялық ізденістері сан алуан. Өзінің университеттегі ұстаздары, танымал тілші-әдебиетші ғалымдар: С.Кеңесбаев, М.Ғабдуллин, Б.Кенжебаев, М.Балақаев, К.Аханов, З.Қабдолов, Т.Кәкішев, Р.Нұрғалиев, Ы.Маманов, тағы басқа алдынан дәріс тыңдап, ұстаздық тәрбиесін алған. Ф.Оразбаеваны қазақ тілі әлемінің терең қырлары, сұлу табиғаты бірден өзіне тартып алып кетті. Лингвистика саласында ол тілдің коммуникативтік, танымдық-когнитивтік, психолингвистикалық, этнопсихологиялық аспектілерін зерделеуге ден қойды, шәкірттеріне де осы бағытта жетекшілік жасады. Ғалымның алғашқы тырнақалды «Қазіргі қазақ тіліндегі синонимдер» (1988) еңбегінен бастап-ақ, ол қазақ тілінің әсем сұлу табиғатына, дүниенің тілдік бейнесін толық беретін бай болмысына етене сүйіспеншілікпен қарап, терең зерттеулер жүргізе бастады. Тілді қалай сүю керек екенін ана тілінің ұлы ұстаздары А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов бастаған қазақ тілі ғалымдары мен Алаш арыстарының еңбектерін жата-жастана оқып, олардың пікірлерінің асыл дәндерін бойына сіңіруден үйренді. Ол: «бірте-бірте тарихқа айналып бара жатқан XIX-XX ғасырдың қазақы бейнесін әлем жадында қалыптастырған Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Құдайберген Жұбанов, т.б. арыстар мен алыптар жаратылысын танып, талдай отырып, ұлылық төркінінде қашан да «өзіңді өле сүйіп», «өзгені құрметтеу» сезімі жатқанын, «өзінді терең танып», «өзгені жатсынбау» принципі тұрғанын аңғаруға болады. Олардың барлығы да құндылық атаулының арасынан тілді қастерлей, ардақтай отырып, сол арқылы ұрпақтар санасына, ұлт ертеңіне деген сенімді қалыптастыруға ерекше күш салғанын көреміз»,–деп толғанады.
Тілге деген сүйіспеншілік Фаузия Шәмсиқызын мемлекеттік тілді қалай қастерлеп, қалай оқып, үйренуге болады деген сұрақтың шешімін іздеуге жетеледі. Ол мемлекеттік тіл отаншылдық, ұлтжандылық тәрбиенің түп қазығы ретінде оқу-тәрбие процесінің ажырамас бөлігі болуға тиіс деген қорытындыға келді.
Ғалымның «Тілдік қатынас негіздері» атты еңбегі (ол бірнеше рет баспа жүзін көрді) қазақ тіл білімінде тілдік қатынастың теориялық негіздері мен ғылыми әдістемесін тұңғыш рет жан-жақты, терең қарастырған еңбек болып табылады. «Мұнда бүгінгі (кешегі де) қазақ қоғамының тіл арқылы қарым-қатынас жасауының қыр-сыры, атап айтқанда, «Тілдік қатынас» дегеннің түрлері, ғылыми негіздері, теориялық тіректері сөз болады: талданады, түсіндіріледі. Тілдік қатынастың негізгі құралы – тілді, қазақ тілін оқытудың өзге тілді азаматтарға үйретудің әдістемесі (амал-тәсілдері) жүйелі түрде теориялық тұрғыдан баяндалады.
Жұмыстың тағы бір құндылығы оның қазақ тіліндегі осы тақырыпқа жеке арналған алғашқы ізденіс екендігінде…
Тілдік қатынас тақырыбы бүгінде озық қатынасты жасайтын қазақ тілінің ұлттық, мемлекеттік тіл болып қызмет етуін, ол үшін бұл тілді қазақтарға оқытудың, өзге халық өкілдеріне үйретудің әдіс-амалдары, яғни, әдістемесінің нысандарын теориялық тұрғыдан баяндау, тәжірибелік тұрғыдан көрсету – аса қажет шаруа. Ана тіліміз өз дәрежесінде қызмет етпей отыр деп ұзақ шулап, құлаш-құлаш мақала жазудан гөрі, тіпті таусылмас жарлықтармен бітпес бағдарламалар жариялаудан гөрі, нақты іс-әрекетті көрсететін, ол қарекеттерді жүзеге асырудың әдіс-айласын танытатын еңбектер керек-ақ», –деп бағалайды академик Р.Сыздық.
Фаузия Шәмсиқызы қазақ тілін өзінің мемлекеттік мәртебесіне лайық меңгертуге ерекше қажырлылықпен үлес қосып келеді. Оның тікелей басшылығымен «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша мемлекеттік тілді өз бетінше оқып-үйренуге бағытталған 36 кітаптан, 6 электронды оқулықтан тұратын оқу-әдістемелік кешен дайындалды. Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде меңгертудің 6 деңгейлік жаңа жүйесінде кешенді инновациялық оқыту басшылыққа алынды. Бұндай деңгейлік оқыту мемлекеттік тілге қатысты алғаш рет енгізілгенін айта кету керек. Ф.Оразбаева өзінің әр іске мұқият қарайтынын осы жерде де көрсетті: қазақ тілін деңгейлеп оқытуға арналған кешенді оқу-әдістемелік құралдарды дайындау үшін, ең алдымен, оның басты қағидалары мен ұстанымдарын айқындап, деңгейлік оқу-әдістемелік кешенінің мазмұнын анықтап, оның оқытылу тұжырымдамасын ғылыми негіздеді.
«Осы орайда Қазақстан Республикасының барлық азаматтарына және Қазақстан Республикасындағы құқықтық, экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік, ғылыми-практикалық, т.б. бағытта еңбек ететін шетел азаматтарына қазақ тілін үйретуді көздейтін; тілді игеру деңгейлері мен нормаларын анықтайтын; оқу-әдістемелік кешеннің нормативтік белгілерін, басты мақсаттары мен міндеттерін айқындайтын; әр деңгейге қатысты лексика-грамматикалық минимумдар мен білім мазмұнын, оның өлшемдері мен талаптарын қамтитын; қазақ тілін меңгерудің басты ұстанымдарын белгілейтін мемлекеттік ауқымдағы маңызы зор оқу-әдістемелік кешен жасалды», – деп тұжырымдайды бұл еңбек туралы әдіскер-ғалым, педагогика ғылымдарының докторы Ж.Даулетбекова.
Жалпы, осы жылдар ішінде ғалым қаламынан 300-ден астам бас-
па бетінде жарияланған еңбектері туды. Олардың ішінде қазақ тіл біліміне қатысты толғамды еңбектерімен қатар, жалпы білім беретін және жоғары оқу орындарында оқытылатын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мемлекеттік білім стандарттары, жаңа мазмұнға құрылған оқу бағдарламалары, жаңа буын оқулықтары, пәнді жаңаша оқытуды ғылыми дәйектеген оқу-әдістемелік құралдары бар.
Ф.Оразбаева – бірнеше ғылыми монографиялардың, ондаған оқулықтар мен оқу құралдарының, көптеген халықаралық, республикалық конференцияларда жасалған ғылыми баяндамалардың, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып отыратын мақалалардың авторы. Оның жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған еңбектері мен оқу құралдары Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында, кәсіптік-техникалық лицейлер мен колледждерде, мектептерде пайдаланылып, жоғары бағаға ие болып отыр.
Фаузия Шәмсиқызы – «Қазақ тілі теориясы мен әдістемесі», «Орыс тілі теориясы мен әдістемесі» мамандықтары бойынша филология (10.02.02.) және педагогика (13.00.02.) ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі мамандандырылған диссертациялық кеңестің төрағасы болды. Мемлекеттік тіл бойынша мектеп оқушыларының Республикалық олимпиадаларының төрағасы ретінде білім додасында шын жүйріктердің жұлдызы жарқырай жануы-
на әділқазылық етіп келеді. Ол 1998 және 2005 жылдары Қазақстан Республикасының Президенттікке үміткерлерінің мемлекеттік тілде емтихан алушы «Лингвистикалық комиссиясының» мүшесі, әрі хатшысы ретінде жауапты қызметтер атқарды.
Ф.Оразбаева – Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері (2006 ж.), «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісінің (2008 ж.) иегері және Педагогика ғылымдары Халықаралық Академиясының академигі, Ш.Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған ғалым.
Тілші-ғалым 10.02.02. ̶ қазақ тілі, 13.00.02. ̶ қазақ тілін оқыту әдістемесі мамандықтары бойынша жеті ғылым докторын, 40-қа жуық ғылым кандидаттарын дайындап, бірнеше PhD докторлары мен ондаған магистрлерге ғылыми жетекшілік жасады.
Қазіргі қазақ тілтану ғылымының белді өкілдерінің бірі, көрнекті тіл маманы, белгілі әдіскер-ұстаз Фаузия Шәмсиқызы Оразбаева бүгінде өзінің нағыз білімі мен білігі толысқан өрелі өрлеу кезеңінде тұр. Ғалымның биік өрісі мен адами болмысы ғылымдағы, өмірдегі алдын көріп, тәлім-тәрбие алған ұстаздары мен отбасы, ошақ қасында көрген тәрбие-өнегесімен, туа біткен қасиеттерімен шебер өріле біте қайнасқан. Біз бүгін Фаузия Шәмсиқызына шығармашылық белестердің биігінен көріне беруін тілейміз.

Бердібай ШАЛАБАЙ,
филология ғылымдарының докторы.
Бәрия ЖАХИНА,
педагогика ғылымдарының докторы.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессорлары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар