Жылдың жұлдызы – Әлихан

«AQMOLA POWER» облыстық инновациялық идеялар мен жобалар конкурсында Көкшетаудағы жоғары техникалық колледждің 2 курс оқушысы Әлихан Қайырдың «Сумен жұмыс істейтін ішкі жану қозғалтқышы» атты жобасы үздік деп танылған болатын. Жуырда байқау жүлдегерлерін салтанатты марапаттау рәсімінде ізденімпаз жаспен жақынырақ танысып, жобасы жайлы тілдесудің сәті түскен еді.

Байқау қазылар алқасының көптеген жобалардың ішінен Әлиханның жобасын бірінші орынға лайық деп тануы бекер емес. Неге десеңіздер, жас өнертапқыштың көліктерге арналған сумен жұмыс істейтін ішкі жану қозғалтқышын ойлап табуы ғылымда бұрын-соңды болмаған жаңалық. Қазір әлемнің барлық елдерінде көліктер негізінен бензинмен және газбен жүретіні белгілі. Ал, біздің жерлесіміз өзінің ғылыми жобасында аталған шикізат көздерінің орнына суды пайдалануға болатынын айтады және соны қалай іске асырудың нақты жолдарын ұсынады.
– Бір күні курстасым маған сумен жүретін көлік ойлап тапсайшы деп қалжыңдаған болатын. Алайда, мен оның сөзін қалжың ретінде емес, шынайы идея ретінде қабылдадым. Өйткені, бала кезімнен техникаға қатты қызығатынмын, үнемі бір нәрсе ойлап тапқым келетін. Сөйтіп, бірінші курста оқып жүргенінде ғылыми жұмысқа бет бұрдым. Негізі, суды оттек және сутек газдарына бөлсек, сутек өте жақсы жанады. Оның жану температурасы бір тонна көмірге тең. Бірінші курсты бітіргеннен кейін екі айдың ішінде жану қозғалтқышын толығымен жинап бітірдім. Мұны колледжегі оқытушыларыма айтқанымда олар Instagram әлеуметтік парақшасындағы «KoksheToday» және «Sinegor» сайттарына менің жобамды жариялауға қолқа салып, осылайша олар бейнебаян түсіріп, «Сумен жұмыс істейтін ішкі жану қозғалтқышы» атты жобам жайлы көпшілік біле бастады, – деген Әлихан үстіміздегі жылы ғылыми жобасын, атап айтсақ, өзі жасап шығарған қозғалтқышты жетілдіре түскенін айтты.
Әлихан білім алып жатқан колледж жастардың кез-келген бас-
тамаларына үнемі қолдау білдіріп отырады. Бізбен әңгімесінде кейіпкеріміз аталмыш жобаны жасау барысында колледж шебері Александр Буховтың көп көмегі тигенін айтты. Ал, колледждің бөлім меңгерушісі Бақтияр Елемесұлы Әлиханның жобасын «AQMOLA POWER» облыстық инновациялық идеялар мен жобалар конкурсына қатыстыруға өтініш берген.
–64 жобаның ішінен менің жобам үздік деп танылғанына өте қуаныштымын. Алдағы уақытта сумен жұмыс істейтін ішкі жану қозғалтқышын көлікке салып көріп, сынағым келеді. Келер жылдары республикалық инновациялық идеялар байқауларына, WorldSkills байқауына қатысуды жоспарлап отырмын. Осы жобам арқылы еліміздің экономикасының алға басуына үлесімді қосып қана қоймай, қоршаған ортаны тазартуға да септігімді тигізсем деймін. Сутек жанғанда, ол айналаға ешқандай зиянды қалдықтар бөлмейді. Келешекте жоба іске асса, еліміз үлкен жетістіктерге жетеді, – деген Әлиханға тек алға ұмтыл, мақсаттарыңа жете бер дегіміз келеді!
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар