22 маусым – ел ардақтысы, Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Еркін нұржанұлы Әуелбековтің туғанына – 90 жыл!

Қайсар тұлға, қажырлы қайраткер

Көкшетаудан шыққан жеңіл машиналар кортежінің алған бағыты әуежай болатын. Облыс басшылары Сарыарқаның інжу-маржаны – Бурабайға қысқа демалысқа келген СОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Леонид Ильич Брежнев пен зайыбы демалыстарының аяқталуына байланысты мемлекет басшысын шығарып салуға келе жатыр. Жылдамдығын бәсеңсітпеген кортеж бірден Л.И.Брежнев самолетінің жанына барып тоқтады. Облыстық партия комитетінің бюро мүшелері жапа-тармағай машиналарынан тез түсіп, құдды әскерде жүргендей, самолет трапының жанына барып, сап түзеп тұра қалды.

Машинадан шыққан Леонид Ильич асықпай басып, шығарып салуға келген облыс басшыларымен қоштаса бастады. Олармен жылы шыраймен қоштасқан Леонид Ильич неге екені белгісіз Е.Әуелбековтің сол жағында тұрған обкомның екінші хатшысы Василий Никонорович Загорскийге қол бермей, бірден Ерекеңнің жанына барды да:
–Еркін Нұржанович, мәнді демалыс ұйымдастырғандарыңа рахмет. Ризамын. Жұмысыңа сәттілік тілеймін, алған осы бағытыңнан тайма! – деді.
Леонид Ильичті шығарып салысымен кабинетіне келген Еркін Нұржанұлы, Брежнев жолдастың «алған бағытыңнан тайма» дегенде нені меңзеді екен және обкомның екінші хатшысы Загорскийге неге қол бермей кетті деп ойға шомып отырғанда, кабинетке обкомның ауыл шаруашылығы саласын басқаратын хатшы Евгений Михайлович Золотарев кірді.
– Еркін Нуржанович, терең ойда отырған сияқтысыз, мен сізге кедергі жасаған жоқпын ба?
– Жоқ, Евгений, мен Леонид Ильичтің айтқан сөздері нені меңзеді екен және Василий Никоноровичке не себепті қол бермей кетті екен деп ойланып отырмын.
– Еркін Нұржанович, оған басыңызды қатырмаңыз. Егер білгіңіз келсе, оның мәнін екінші хатшыңыз Загорскийден сұраңыз. Жауабын сол айтар. Күнде ол сіздің қай ауданға баратыныңызды аңдып отырады. Сіз есіктен шыққанда, ол тесіктен шығып, демалып жатқан Леонид Ильичтің мазасын алумен болды. Менің ойымша ол «сарбазыңыз» күнде Бурабайға сізді мадақтауға барды деп ойламаймын. Әр жағын өзіңіз де сезіп отырған шығарсыз.
Золотаревты шығарып салысымен Ерекең өзіне тән шапшаң қимылмен, тез шешім қабылдауға дағдыланған әдетімен Дінмұхамед Ахметович Қонаевты жалғайтын қызыл телефонға қол созды. Димекең де Әуелбековтің телефон соғуын тосып отырғандай, телефонды алысымен Ерекеңнің дауысын бірден танып, «Еркін, жағдайларың қалай, Леонид Ильичті шығарып салдыңдар ма, көңіл-күйі қалай екен?» деген сұрақтарды қоя бастады.
– Көңіл-күйі жақсы, ризашылығын білдіріп аттанды. Менің сізбен ақылдасатын бір шаруам бар еді.
– Тыңдап тұрмын, айта бер, Еркін.
– Екінші хатшы Загорский Василий Никаноровичті басқа жұмысқа ауыстырсаңыз, ал, олай болмаса мен жұмыстан кетемін.
Мән-жайдың бәрін тыңдап болған Димекең, өзіне тән сабырлы дауыспен:
– Еркін қазір жұмыс аяқталған кез, Загорскийдің мәселесін ертең шешем. Ол республикалық кәсіподақтар Кеңесіне хатшылыққа ауысады. Бұдан былай жұмыстан кетем дегенді мен естімейін. Сен сияқты іскер де батыл обкомның бірінші хатшыларын дереу даярлап шығаратын менде инкубатор жоқ. Екінші хатшы болатын кадрды өзің таңдай бер.
Кабинетінде жеке қалған Ерекең күндегі әдетінше жұмыс аяғында үстел үстіндегі күнтізбе бетін аударып қараса, тамыз айы да жақындап қалыпты. Осыдан он бір жыл бұрын Ерекең өзі туып-өскен Көкшетау облысына обкомның бірінші хатшысы болып сайланған екен. Иә, уақытта өлшем жоқ деген осы.
Есіне Мәскеудегі Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясын қызыл дипломмен бітіргеннен кейінгі еңбек жолын бастаған Солтүстік Қазақстан облысындағы «Марьевский» совхозы түсті. Оның алдында аудан басшылары Ерекеңнің Мәскеудегі Тимирязев академия-сын бітірген қызыл дипломын көріп, оны шаруашылықтың бас агрономы етіп тағайындады. Ал, егін орағы кезінде совхоздың директоры басқа жұмысқа ауысып кетуіне байланысты аудан басшылығы Еркін Нұржанұлын директордың міндетін қоса атқаруды тапсырды. Дәл сол кезде Ерекең бар-жоғы 25 жаста болатын. Ол бірден шаруашылық жұмысына қызу араласып, өзінің білімі мен біліктілігін көпшілікке таныта білді. Егін орағы табысты аяқталып, шаруашылық жұмысын қорытындылаған облыс және аудан басшылары Еркін Әуелбековті
совхоз директоры етіп бекітті.
Директорлық қызметке кірісісімен Ерекең халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартуды қолға алды. Тың игеру жылдары жаңа салынған үйлер сол кезде одақтас республикалардан келген басқа ұлт өкілдеріне бірінші кезекте беріліп, өзіміздің қазақтар шетқақпай қалатын. Сол жағдайды байқаған Ерекең, ауылдастарымен ақылдаса келе, асарлық әдіске көпшілікті жұмылдыра білді. Бүкіл ауыл болып, сенбі, жексенбідегі бос уақыттарын үй тұрғызуға арнап, лай илеп, саман құйған жігіттерге бас болып жүрген соң, қалған жұрт та тыс қалмай, ұйымшылықтың арқасында бір маусымда қазақтар баспаналарын жақсартып алды.
Еркін Әуелбековтің лауазымының тез өсуі аға ұрпақ өкілдерінің көз алдында өтті. Оған бірден-бір себеп, Еркін Әуелбековтің өзі жетекшілік ететін шаруашылық тұрғындарының әлеуметтік тұрмыстарын көтере білуі, өнім өндірудің қосымша көздері іздестіріліп, еңбек адамдарының күш-жігері сондай ұрымтал тұстарға жұмылдыра білуінде еді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары кадрларды таңдаудағы қоғамда қалыптасқан талап бойынша ұйымдастыру қабілеті бар, қай қызметте болсын, өзін жақсы қырынан көрсете білген адал да ары таза адамдарға әрдайым жол ашық болатын. Ерекең Солтүстік Қазақстан облысында істеген қысқа уақытта өзін сондай қырынан көрсете білді. Қарапайым халықтың арасында қызу еңбекте Еркін Әуелбеков қайнап пісті. Болмысындағы алғыр мінез де, жан-жақты іскерлік те, өжеттілік пен ерлік те, міне, осы тұста бой көрсетіп, жас Еркіннің азаматтық тұлғасын ерекшілендіре түсті.
Бар-жоғы сегіз жылға жетер-жетпес уақытта Ерекең осы облыстағы лауазымды қызметтердің бәрін жемісті атқарып шықты. 1961 жылы ол Солтүстік Қазақстан облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды, содан соң Ерекең облыстық партия комитетінің екінші хатшылығына жоғарылатылды, көп ұзамай Еркін Нұржанұлы облыстық атқару комитетінің төрағасы болып бекітілді. Осыншама лауазымды қызметтерді мінсіз атқарып, салауатты да салиқалы қалпынан айнымайтын Ерекеңнің тұлғасынан парасат пайымы және байыпты іскерлігі сезіліп тұратын. Облыс жұртшылығы Еркін Әуелбековті осындай қырынан тани білді. Қабылдауға келгендер ақыл-кеңес сұрайды. Ондай жандар қашанда риза көңілмен рахметтерін айтып шығатын. Осындай құрметке ие болу екінің бірінің маңдайына жазыла бермес бақыт және ол әкесі Нұржанның қанымен, анасы Қалиманың ақ сүтімен дарыған өнегелі тәрбиеден болғаны хақ. Қазақтың «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегені осындайда айтылған ақиқат болар. Жағымды жаңалық жерде жатпайды дегендей, Еркін Нұржанұлының басшылықтағы табандылығы мен дарындылығы, адамдармен тез тіл табысып, оларды ортақ іске жұмылдыра білуі жөніндегі іскерлігі республика басшылығына да жетті. Орда бұзатын отыз жасқа жаңа толған Еркін Әуелбековті сол жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болған Мәсімхан Бейсебаевтың ұсынысымен ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары етіп тағайындады. Осындай жауапкершілігі зор республикалық көлемдегі қызметті атқаруға Еркін Нұржанұлы тас-түйін дайын еді. Өзіне де, басқаларға да қатаң талап қоя білетін Әуелбеков бұл жұмысты үйіріп әкетті.
Тың игеру жылдары, әсіресе, солтүстік облыстардағы кадр саясатының өрескел бұрмалануы, келімсектердің лауазымды қызметтерге оңды-солды жаппай тағайындалуы кезінде, оның тегеурінді іс-әрекетімен азаматтық жігер таныта білуі екінің бірінің қолынан келе бермейтін батылдық болатын. Өзінің бастығы министр Моторикамен иық қағыстыра жүріп, Ер-аға қиқар мінезді министрді өз дегеніне көндіре білді. Оның бір дәлелі, министр еңбек демалысына кеткен кезде, министрдің міндетін атқара жүріп, министрліктегі жетекші екі басқарманың басшылығына қазақ кадрларын тағайындады. Соның бірі өзінің сенімді серігіне айналған талантты ұйымдастырушы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Талап Әбішев. Ерекеңнің билікке осылайша қазақ кадрларын тартып орналастыруы, бұл Жұмабек Тәшенев ағамыздың салып кеткен сүре жолының жалғасы деп бағалау керек.
Еркін Әуелбековтің министрліктегі кадр саясатына батыл араласуы министр Моторикаға ұнады деп айта алмаймыз. Олар ашық тартысқа бармаса да, араларынан бір сызаттың өткені байқалып тұрды. Ерте ме, кеш пе, екі басшының болмысындағы көзқарастар теке-тіресетіні анық еді. Е.Әуелбеков болса, теориялық үздік білімін санаулы жылдарда озат тәжірибемен ұштастырып, біліктілігін, іс жүзінде реформатор екенін дәлелдеп үлгерді. Және қай жерде жүрсе де, қандай басшылық қызметте болса да өмір бойы ұстаз болып қызмет жасаған Нұржан әкесінің өсиет етіп айтып кеткен «Балам, қолыңда билік бола қалса, қарапайым адамдарға қамқоршы бола біл, ұлтыңның намысын ешкімге таптатпайтын бол» деген нақылын ешқашан естен шығармайтын. Сондықтан да болар, Ерекең Қазақстанның дамуы мен ұлтының өсіп-өркендеуіне үлес қосуды өмірлік мақсат етіп қойса, министр Моториканың тың игеру жылдары елімізге келген келімсектер сияқты консерваторлық көзқарастан арыла алмай, қазақ мамандарына менсінбей қарайтыны жасырын емес еді. Еркін Нұржанұлы министрлікке келген бетте осыны бірден байқаған болатын. Ал, министр Моторика ашық айқасқа баруда Еркін Нұржанұлының білімпаздығы мен қиыннан қиыстырып сөйлейтін шешендігінен сескенетін еді. Сондықтан, ол Д.А.Қонаевпен кездескен сайын Әуелбековке қамқоршы болғансып, оны өсіру керек екендігін жиі-жиі Димекеңе айтып жүретін. Екі басшының арасындағы тартыстың тамыр жайып кетуін қаламаған Дінмұхамет Ахметұлы болашағынан үлкен үміт күттіретін Еркін Әуелбековті Моторикаға жығып бермей, оны Қазақ КСР-ы астық өнімдері және құрама жем өнеркәсібі министрі етіп жоғарлатып жіберді.
Тың игеру жылдары Қазақстанның ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі зор қарқынмен дами бастады. Осыған орай, Қазақстанға бет бұрып, Ресей мен басқа республикалардан ағылған кадрларда есеп болмады. Әсіресе, солтүстік облыстардағы жағдай еш сын көтермейтін халге жетті. Мұндай келеңсіз көрініс сол жылдардағы республиканың бірінші басшысы Димаш аға Қонаевтың назарынан тыс қалмады. Көкшетау облыстық партия комитетіне бірінші басшыны тағайындау кезінде, Дінмұхамед Ахметұлы үміткерлерді көп таңдамады. Жас та болса, басшылық қызметтің түрлі сатысында ысылып үлгерген Әуелбековке ұсыныс жасады. Ұзақ жылдардан бері Көкшетау облысында бірінші басшының басқа ұлттан болуына байланысты, жергілікті кадрлардың үнемі назардан тыс қалатынын, жас қазақ мамандарын өсіріп, шаруашылықтың түрлі салаларына орналастыру керектігін, оларға қолдан келгенше жағдай жасау қажеттілігін ескертті. Шынында, Е.Әуелбеков осы облысқа келгенше Көкшетау облысында лауазымды қызметтегі қазақ кадрларының үлес салмағы жоқтың қасы еді. Олардың бірен-сараны ғана совхоз, колхоздардағы партия комитеттерінің хатшылығынан аспайтын.
Бірінші басшылық қызметте жүріп, Еркін Нұржанұлы облыстың экономикасы мен ауыл шаруашылығын республикадағы алдыңғы қатарлы аймақтардың қатарына қосты, ұлттық кадрлардың білім алып, қызметтерінің өсуіне үнемі қамқорлық жасап отырды. Диқандар арасынан үздік жетістіктерге жеткен қазақ жігіттеріне Социалистік Еңбек Ері атақтарын алып берді. Көптеген аупарткомның бірінші хатшылығы мен аудандық атқару комитеттері төрағалығына жергілікті кадрлар тартылды.
Бұл арада ерекше атап өтетін жағдай, Еркін Нұржанұлы кадрларды іріктеуде тамыр-таныстық немесе жекжаттық емес, адамның қабілеті мен іскерлігіне ерекше назар аударатын. Бұл принциптен Ерекең ешқашан ауытқыған емес.
Ер-ағаның осындай адал еңбегін облысқа дем алуға ара-тұра келетін Леонид Ильич Брежнев те, республиканы ұзақ жылдар басқарған Димаш аға Қонаев та байқады, соған орай, олар әділ бағасын берді де. Қырық беске келген шағында Еркін Әуелбековке ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Осындай жаста мұндай атаққа республикадағы обком хатшыларының бірде-бірі жетпеген еді.
Қазақ «әркімнің өзі шығар биігі бар» деп бекер айтпаған. Бұл нақылдың Әуелбековке тікелей қатысты екенін өмірдің өзі дәлелдеді. Ерекеңе Еңбек Ері атағы берілісімен, әсіресе, Алматыда оның артынан пыш-пыш сөз айтушылар көбейді. Қазақтың «жақсы байқап сөйлер, жаман шайқап сөйлер» дегені шындыққа айналды.
Қонаев төңірегінде жүргендер жай сөйлеп емес, шайқап сөйлей бастады, «елуге жетпей Еңбек Ері атағын алған Әуелбеков, енді бір-екі жылдан соң екінші жұлдыз алса, өзіңді тағыңнан кетіреді» дегенді Димекеңе жеткізуге асықты, соған бар күштері мен қулық-сұмдықтарын салып бақты. Пыш-пыштаушылардың кейбіреулері өмірден озып кетсе, енді біреулері шапандарын теріс айналдырып киіп, сол тірліктен әлі арыла алмай жүр. Ақыры, сөз тасушылар өз ойлағандарына жетті.
Әуелбеков алдымен артта қалған Торғай облысын көтеруге жіберілсе, екі жыл толар-толмастан соң Ер-ағаны «Қызылорда облысының экономикасы мен әлеуметтік саласын көтеру үшін» деген дақпыртпен Сыр өңіріне жіберді. Мұның бәрі Алматыдағы ақ үйде жасалған сценарий бойынша жүзеге асырылды.
Қиындықтан қаймықпайтын Әуелбеков үшін мұндай «тағайындау» оның жігеріне құм құя алмады. Қайта ол екі облыстың да проблемаларын шешудің жолдарын тауып, оны бүкіл республикаға жария етті.
Мысал ретінде Қазақстан Компартиясы ХVI съезінде сөйлеген сөзінде Әуелбеков делегаттар назарын Қызылорда облысының не себепті үнемі артта қалып келгенін, оған республика басшылығы тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбегенін, уақыт талабына сай халқының 98 пайызын қазақтар құрайтын аймаққа ерекше назар аудару қажеттігін ашына жеткізді.
Ер-аға қай облыста еңбек етсе де қиынын қиыстырып, түйінді мәселелерді түйістіру жолында адамдарға сенім артып, соларға арқа сүйесе, Алматыдағы сөз тасушылар өзара лауазым үшін таласудан, бірін-бірі көре алмаудан, ру мен жүзге бөлінушіліктен аса алмады. Қайсысы бірінші басшыға барып сөз айтсам, сонда ғана менің ұпайым артады деген тар ұғым шеңберінде қалды.
Осыған орай, 1985 жылы қараша айында Москвада өткен СОКП Орталық партия комитетінің кезекті пленумына қатысқан қызылордалық күрішші, Социалистік Еңбек Ері Жадыра Таспамбетованың Алматыға келісімен «Қазақстан» телеарна журналисіне берген сұхбаты еске оралады. Өз сөзінде Жадыра пленумнан алған әсерін еш бүкпей ортаға салды. «Бұл пленумның ерекшелігі сол, мен КПСС Орталық партия комитетінің бас хатшысы М.Горбачевпен кездестім, ол кісі Еркін Нұржанұлымен Москвада бірге оқығанын еске алып, арнайы сәлем айтты» деуі мұң екен, дереу Ж.Таспамбетованы Алматыдағы «ақ үйге» шақырып алып, ондағылар ендігәрі мұндай сөзді аузына алмауын қатаң ескерткен.
Сол кезден бастап, біреулер Д.Қонаевтың орнын басар бірден-бір адам Әуелбеков десе, басқалары ондай жоспардың алдын алып, Ерекеңді Алматыға жолатпаудың түрлі қитұрқы амалдарын ойластырумен болды. Өкінішке орай, Димаш Ахметович те пендешілік танытып, төңірегіндегі жандайшаптардың сыбыры мен қыбырынан аса алмай, қоғам мен мемлекеттің мүддесін қорғаудың орнына рушылдықты көздеген өресі төмен мамансымақтардың жетегінде кетті.
Елдің экономикасы мен саяси жүйесін Горбачевше реформалау барысында КСРО халық депутаттары съезіне баламалы кандидаттарды ұсыну басталды. Неге екені белгісіз, «ұйықтап отырып шешім қабылдайтын» Кеңес елінің жоғарғы органына жұмыс десе ішкен асын тастай салуға дағдыланған, үнемі ізденісте жүретін және әрдайым нәтижеге жетуді мақсат тұтатын Е.Әуелбеков Алматыда жасалған сценарий бойынша Қызылорда облысынан КСРО халық депутаты болып, КСРО Жоғарғы Кеңесінің аймақтық даму комитеті төрағасының орынбасары қызметіне сайланды. Мен өзім 1989-1991 жылдар аралығында Қазақ радиосының Мәскеудегі КСРО Жоғары Кеңесінде парламент тілшісі болған кезде, комитет отырысында оның мүшелері елдің, халықтың көкейтесті мәселелерін шешумен емес, саяси ойынға беріліп, әркім өз көрпесін өзіне қарай тартумен айналысатынын байқадым. Қарақан бастарының қамдары үшін ғана тірлік жасаудың әрекеттеріне көңілі толмай жүрген Ер-ағаны талай кездестірдім.
Бір жолыққанда «мынандай күйімізбен елден айырылып, халықты тентіретіп жіберетін шығармыз» деп ішіндегі күйігін жасырмап еді. Шынында да көпшілікті ұшқыр ойымен, өткір сөзімен, қонымды ұсыныстарымен өзіне қаратып алатын асыл ағаның осындай күйзеліс жағдайда жүргенін көру бізге әрі өкінішті, әрі ауыр еді.
…Бір топ қазақстандық журналистер – Сарбас Ақтаев, Қажы Қорғанов, бәріміз алғаш рет КСРО халық депутаттарының I-ші сессиясына барғанда, алғашқы жолыққанымыз Мұхтар Шаханов болатын.
Мұқаң өзіне тән бауырмалдылықпен бәрімізді бауырына қысып, амандық саулықтан кейін біреуді іздегендей жан-жағына қарап алды да, ал, жігіттер, ана жерде оқшаулау жүрген Ер-ағаға сәлем бергендерің жөн болар. Естеріңе салайын, мен халық депутаттарының бірінші съезінде әзер дегенде кезек алып, мінберден 86-шы жылғы желтоқсан оқиғасына байланысты ащы шындықты жанайқайымен жеткізгенде, Қазақстанның 99 депутаты маған сырт қарап, амандаспай қойған. Сонда Ер-аға келіп: «Жарайсың Мұхтар, азаматтығыңды таныттың» деп арқамнан қаққаны бар. Өзім жабырқау жүргенде, Ер-ағаның осындай адамгершілігі маған үлкен әсер етті деп Мұхаң ағынан жарылды.
Еркін Нұржанұлы Әуелбеков туралы материалдар жинаған кезде сөзге тартқан азаматтардың бәрі де Ерекеңнің азаматтығы мен адалдығын, қызметтегі іскерлігін, жұмыста қанша қатал болғанымен, қарапайым адамдарға деген көзқарасы сыпайы да әділ болатынын, адамдармен тез тіл табысып, оларды келелі істерге жұмылдыра білетін қасиеттерін ерекше атап өтті. Мемлекеттік қызметті мінсіз атқара жүріп, Әуелбеков өзін ары таза, дарынды басшы ретінде есімін бүкіл қазақ еліне кеңінен танытты. 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан көтерілісі кезінде республика басшылығына кімдерді тағайындау жөніндегі қазақ жастарының қолда ұстаған плакаттарында Еркін Әуелбековтің есімінің бірінші аталуы көп жайтты аңғартса керек.
Жалпы, Еркін Әуелбеков бүкіл болмысымен әділетсіздік пен заңды аяққа басатындармен аяусыз күресетін қайраткер, бірбеткей басшы еді. Әсіресе, ұлты мен еліне қатысты өрескелдікке жол бергендермен аяусыз күресте сол кездері дара шыққан басшы болатын. Торғай облысында бірінші хатшы болып істеп жүргенде обком партиясына тұрғындардан жаппай хат түсе бастады. Хаттың негізгі мазмұны облыс орталығында ет комбинаты жұмыс істеп тұрса да, оның өнімдері не себепті дүкендерден көрінбейді деген сауал еді. Хаттармен танысып болған Еркін Нұржанұлы дереу облыстық ішкі істер басқармасының басшысы, полковник Иван Шутякты шақырып алып, мәселенің анық-қанығына жетуді тапсырды. Тексеру кезінде мынадай жайт анықталды. Өнім дайындау мен оны тарату саласында істейтіндер кілең басқа ұлттың өкілдері болған, атап айтқанда шұжық цехының меңгерушісі Трофимов 15 жылға кесіліп, басқа цехтардың меңгерушілері осындай қылмысы үшін абақтыдан бір-ақ шықты. Олар дайын ет өнімдерін Кавказға және басқа өңірлерге жөнелтумен айналысып, ұйымдасқан қылмыстық топ құрған. Еркін Нұржанұлының табандылығының арқасында қылмыстық топ ауыздықталып сотталды, содан кейін ет комбинатының өнімдері облыс халқының кәдесіне жарап, сотталғандардың орнына қазақ мамандары тартылып, ет комбинатының жұмысы тәртіпке келтірілді.
Еркін Нұржанұлы Байқоңыр космодромы әскери басшылығының өзімшілдігі мен шектен шыққан әрекеттеріне тұңғыш рет қарсы шыққан қазақ басшысы еді. 1986 жылдың көктемінде Байқоңыр әскери бөлімшесінің кінәсінен Сырдарияның төменгі сағасасындағы облыс халқының жартысына жуығы тұратын Қармақшы, Қазалы және Арал аудандары мен Байқоңыр қаласын уландыру қаупі төнді.
Осы жағдайға байланысты Е.Әуелбеков СОКП Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы М.С.Горбачевке шығып, мән-жайды түсіндірді. Дереу Мәскеуден Главкосмос басшысы, генерал-лейтенант, екінші космонавт Герман Титов бастаған комиссия келді. Аталған мәселе облыстық партия комитетінің бюросында қаралып, Еркін Нұржанұлы космодром басшысы, генерал-лейтенант Юрий Адверкеевич Жуковты аяусыз сынап, жерден алып, жерге салды. Мұндай қылмысты аяқсыз қалдыруға болмайтынын, заң бойынша осыған жауапты космодром басшысы Жуковты партиядан шығарып, сотқа беретінін мәлімдеді.
«Сасқан үйрек артымен сүңгиді» дегендей, генерал Жуков өлермен жағдайға түсіп, Әуелбековтен кешірім сұраумен болды. Бұдан былай жергілікті билік органдары мен тұрғындар мүддесіне қол сұқпайтынын, аймақтың экологиялық талаптарын қатаң сақтайтынын, тағы аңдарды ендігәрі атуға бармайтынын айтып, ант-су ішті. Осылайша жөн-жосықсыз кеткен космодром басшысын Еркін Нұржанұлы сабасына түсірді.
Г.Колбин Қазақстаннан кетісімен де оның орнына қойылатын кадрлардың ішінде Еркін Нұржанұлының есімі жиі аталатын болды. Оның жолын кесу үшін арнайы тапсырма алғандар, Мәскеу мен Алматы арасын тоздыратын болды. Сол жылдары Қазақ КСР-ның Мәскеудегі тұрақты және өкілетті өкілі болған Серікболсын Әбділдин ағайды жолықтырып, осы мәселеге байланысты жөн сұрағанда былай деген еді: «Бұл адамдардың көбі мемлекеттің жұмысымен жүрген жоқ, бос тұрған лауазым Қазақстанның бірінші басшысына кімдерді қою немесе қоймау жөнінде арыз тасушылар» деп күле жауап беріп еді. СОКП Орталық Комитетінің адамдары Мәскеуге келіп түскен хаттарды тексеруге мені шақыратын. Басты үміткерлердің ішінде Е.Әуелбеков, З.Қамалиденов, Н.Назарбаев, М.Сағдиев және М.Меңдібаев болды. Барлық үміткерлердің артынан арыз-жалаға толы хаттар орталыққа борап келіп жатты. Сол жақта жүріп, мен сол арыз-шағымдардың түгелін оқып шықтым. Кім жазғандарынан да хабарым бар. Мақтай Сағдиевке тиісті арыздар аз түсті, ең көп арыз-шағымдар жазылғаны Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты болатын.
Мәскеуден егемен еліне келген Ер-ағаны мұнда ешкім күтпеп еді. Сондықтан, біраз уақытқа дейін Ерекең жұмыссыз жүрді. Алайда, билік басында отырғандар Е.Әуелбековті ұзақ уақыт бойы қызметсіз қалдыруға дәттері шыдамады. Оның үстіне республикалық газеттерде «есімі бүкіл елге белгілі мемлекет қайраткері Еркін Әуелбеков не себепті жұмыссыз отыр, бұл дегеніңіз тәуелсіздігімізге дақ түсіретін жағдай ғой» деп дабыл қаққан мақалалар шыға бастады. Өйткені, Еркін Әуелбеков сияқты танымал азаматтың әлі де болса беделі зор еді. Бұл дабыл биліктегілердің құлағына да жеткен болар. Ақыры, Ер-ағаға Президент кеңесшісі қызметі ұсынылды.
Менің қызмет орным Сатпаев пен Желтоқсан көшелерінің қиылысында болғандықтан, таңертең немесе кешке қарай Ер-ағаны жұмысынан кетіп бара жатқанда немесе үйіне келе жатқанда жиі кездестіруші едім. Өзіне жарасымды қоңыр дауысымен сәлемімді алып, қал-жағдайды сұрап жататын. Сөзге тартып, денсаулығыңыз қалай дегенде де «құдайға шүкір» деп, қысқа ғана жауап қайтаратын.
Шынында да Ер ағаның сырқаттанып, ауруханаға түсті дегенін естіген емеспін. Арықша сымбатты келген тік бойынан өзін-өзі күтіп ұстайтыны білініп тұратын. Тек қана өткір жанарында әлде бір сыртқа шықпай жатқан шер жатқандай көрінетін.
Еркін ағаның дүниеден озуы да кенеттен және жұмбақ күйінде қалды. Күлше жеңгеміздің аға қазасына байланысты айтқаны: «Ерекең ешқашан ауырып немесе дәрігерлерге барып көрінбеп еді. Қазасынан бірнеше күн бұрын төртінші басқарманың емханасына барып, бір тісін емдетіп, укол салдыртқаны бар» дегені сол қазаның артында бір жұмбақтың шешілмей қалғанынан құпия сыр шертіп тұрғандай. Әуелбековтің әулеті бақилыққа кеткен бір туысынан айырылса, ұлтымыз бүкіл өмірін адалдық пен азаматтықты ту етіп өткен қайсар тұлғалы ұлы перзентінен айырылды.
Әуелбековті білетін адамдардың айтуынша, Еркін Нұржанұлы парасатты, адал азамат, алғыр тұлға. Ол сол болмысынан өзгермей, солай өмір сүрді, солай қайраткер ретінде қалыптасты, солай өмірден озды. Оның өнегелі ұлттық құндылықтарды сақтай білетін азаматтық бейнесі Әуелбековті білетін барша жұрттың жадында мәңгілік сақталады.

Мейрам БАЙҒАЗИН,
Нұр-Сұлтан қалалық ардагерлер Кеңесінің мүшесі,
Қазақстанның құрметті журналисі.

Құрметті Ақмола облысының тұрғындары!
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің дүниеге келгеніне 22 маусымда 90 жыл толады. Бұл атаулы датаны мерекелеуге арналған даярлық іс-шаралары аясындағы айтулы жұмыстар Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың тапсырмасы бойынша өткен жылы басталып кеткен болатын. Ұйымдастыру комитеті құрылып, іс-шаралар жоспары әзірленді, Еркін Әуелбеков ұзақ жылдар бойы тұрған Қ.Сәтпаев көшесінің бойындағы №15 үйдегі мемориалды тақта жаңартылды.
Облыс орталығында Еркін Әуелбековтің ескерткішін орнату үшін қоғам белсенділерінің бастамасымен қаржы жиналуда. Негізгі іс-шаралар қатарында ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу, мерейтой иесі туралы кітапты жарыққа шығару, деректі фильм түсіру, ұлттық спорт түрлері мен ат жарыстар, басқа да сайыстар ұйымдастыру жоспарланған еді.
Алайда, коронавирус пандемиясына байланысты негізгі мерейтойлық салтанатты шаралар кейінге шегеріліп, шамамен 2020 жылдың қыркүйегіне ауыстырылды.
Еркін Нұржанұлының туған күні – 22 маусымда Көкшетау қаласында ол тұрған үйдегі мемориалды тақтаға гүл қою рәсімі өтеді. Сонымен бірге, бұл күні «Көкше» телеарнасында біздің атақты жерлесіміздің өмірі туралы фильмнің тұсауы кесіледі. Жергілікті БАҚ-тарда танымал тұлға туралы мақалалар легі жарық көріп, әлеуметтік желілерде ақпараттық-ағартушылық мәліметтер жарияланады.
Атақты жазушы Ілияс Есенберлин бір кездері былай деп жазған екен: «Бұл өмірде біз қандай адамдармен жолықпадық десеңізші, жақсылар да болды, жамандар да бар! Олардың көбін кейін ұмытамыз, тек бірен-сараны ғана біздің жадымызда мәңгі сақталып қалады. Мұндай адамдардың бейнесі алтыннан құйып қойғандай, бұл жерде алтын деп отырғаным – оның қымбат металл болуынан емес, оның ешқашанда тот баспайтындығынан. Мұндай жай да жүрекке жылы және ондай адам мәңгі тірі».
Еркін Әуелбековтің біздің өңірді дамыту мен қалыптастырудағы үлесін оның жерлестері мен үзеңгілестері, облыс ардагерлері ешқашан ұмытпайды.
Жұртшылықтың бұған түсіністікпен қарап, қолдайтындығына сенеміз және уақыты келгенде біз барлығымыз бірге халқының ардақты ұлының мерейтойын лайықты деңгейде атап өтетін боламыз.
Ұйымдастыру комитеті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар