Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің директоры Құралай Ғазезқызы Ыдырысова: «Біз алдымен берік бірлік, тиянақты білім және жанкешті еңбек арқылы ғана биіктерге қол жеткіземіз»

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегінде ендігі арада Қазақстанның әлемдік аренадағы беделі өзіміздің төл өнерімізбен және ұлттық мәдениетімізбен танылуы қажеттігін айтқан болатын. Соған орай, Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжі өнерге деген туа бітті қасиеттерімен өнерге бейімдеу жастарға білім беріп, оларды талаптандырып, қанаттандырып, шынайы өнерге баулуда, өмірден өз орындарын табуға лайықты үлес қосып келе жатқан білім орындарының бірі. Осы колледждің табыстары мен мақсаттары жөнінде білмек болып оқу орнының директоры Құралай Ғазезқызы Ыдырысованы әңгімеге тартқан болатынбыз.

– Құрметті Құралай Ғазезқызы, алдымен өзіңіз басшылық жасап отырған білім ошағында цифрлық білім беру ресурстарын қалыптастырып, дамыту орайында қандай алғышарттардың жасалып жатқандығын айта кетіңізші.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан
Назарбаев жас ұрпақты жаңа технологиялық мүмкіндіктерді барынша жедел әрі тиімді игеруге, әрі өз бетінше ғылым, білім іздеуге үндеп отыр. Осыған орай, Цифрлы Қазақстан, ІТ салаларын дамыту бағдарламаларын игеруді міндет етіп қойды. Мұның өзі елімізге дамудың жаңа сапасына көтерілу қажет екендігін білдіреді. Елбасы өзінің халыққа жолдаған дәстүрлі Жолдауында: «Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді. Жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертуде» деп атап көрсеткен болатын. Замана үрдісіне сай колледждегі барлық оқу кабинеттері интернет желісіне қосылған. Жаңадан колледж сайтын аштық. Оқытушылар онлайн сабақтарын өткізіп тұрады. Республикадағы өзге де мәдениет саласының мамандарын даярлайтын оқу орындарымен жүйелі байланыс жасап, онлайн сабақтар мен семинарлар өткізілуде.
Оқу орнының мүмкіндігі алдағы уақытта тәп-тәуір арта түсуге тиісті. Өйткені, ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келген жапсарлас құрылыс жүзеге аса бастады. Пайдалануға берілгеннен кейін білім алушыларға заман талабына сай білім беру мүмкіндігі арта түспек. Бұл істің жүзеге асуы-
на ұлтжанды, мемлекетшіл жерлесіміз, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып жүрген кезінде қол ұшын берді. Құрылыс жұмысының аяқталатын күні де алыс емес.
– Бүгінгі таңда жаңа заманның адамын тәрбиелеуге айрықша көңіл бөлініп отырғандығы мәлім. Кәсіби шеберлігі ғана емес, адами болмысы, кісілік келбетіне де назар аударылуда. Олай болатындығы, өз елінің өткен тарихын, тілін, мәдениетін жақсы білетін, оған қоса, шет тілдерін меңгерген қазақстандықтың болашағы зор болмақ. Осы орайда, алпыс жылдан астам тарихы бар, өзіндік жақсы дәстүрлері қалыптасқан Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің бүгінгі тыныс-тіршілігін сипаттап, сөз сабақтасаңыз дұрыс болар еді.
– Дұрыс айтасыз. Біздің бүгініміз және ертеңіміз сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан қазақи салт-дәстүрлерімізден, мәйекті де мәнді мәдениетімізден, аса бай, көркем рухани құндылықтарымыздан бас-тау алады. Мына құбылмалы дүниеде сол баға жеткізгісіз құндылықтарымызды жаңа заманға сай, одан әрі мазмұндық тұрғыдан байытып, жан-жақты дамытып, ұрпақтың санасы мен тұрмысына сіңіру арқылы ғана жаңа ғасырдың ұрпағын қалыптастыра аламыз. Міне, осы орайда, біздің оқу орнында оқып, білім алып жүрген жастардың бойына ұлтымыздың тек жақсы қасиеттерін дарытып, озық білім мен тәлімді тәрбие беруге ұмтылудамыз. Қазір жаһандану үрдісіне байланысты етек-жеңімізді қымтайтын мәселелердің бар екендігі белгілі. Осыған орай, тек барынша білімді және рухани тұрғыдан аса бай халық қана сыртқы әсерлерді дұрыс қабылдап, дұрыс шешім шығара алады. Заманында ұлы Абай «дүниенің көрінген сырын да, көрінбеген сырын да қатар игерген адам толық адам болады» деген екен. Арада қанша жыл өтсе де, мазмұнын жоймаған осы бір ауыз сөздің астарындағы емеуірін тұп-тура бүгінгі күн үшін айтылып тұрған тәрізді. Шынтуайтында, бүгінгі өскелең ұрпақ Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр жері мен кемел, келісті, бай рухани тарихы бар елдің ұландары екендігін естерінен шығармай, сол мәдениетті шып-шырғасын өзгермей, келешекке алып барушы әрі дамытушы. Түптің түбінде әлемге танытушы екендіктерін сезінуге тиіс. Міне, сонда ғана тұтас ұлт сүттей ұйып, тіршілік үшін тегеурінді іс-қимыл жасай алады. Оның арғы жағында әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосылу мақсаты тұрғандығын естен шығармаған жөн. Сол биікке біз алдымен берік бірлік, тиянақты білім және жанкешті еңбек арқылы ғана қол жеткіземіз.
– Мұның барлығы жалпы міндеттер. Ал, колледждің осы телегей теңіздей мол шаруаға қосып жатқан өзіндік үлесі туралы да айта кетсеңіз.
– Ұзақ жылдар бойы білім беру саласында бай тәжірибесі қалыптасқан, бүгінгі заманның сұранысына толық жауап беретін заманауи материалдық-техникалық базасы нығайған колледжде мәдениет пен өнер саласында қызмет етуге бағытталған төрт мамандық бойынша мамандар даярланады. Ал, жаңағы төрт мамандық дизайн, әлеуметтік-мәдени қызмет және халықтық көркем өнер шығармашылығы, кітапхана ісі, актерлық өнер. Бізде жалғыз өз облысымыздың ғана емес, басқа да аймақтардың жастары да білім алып жүр. Көңілге бір демеуі мәдениет пен өнер саласының мамандары үлкен сұранысқа ие. Жастар тарапынан да осы мамандықтарды игеруге деген ұмтылыс басым. Сондықтан, біз білім алушылардың санын ғана емес, білім сапасын да көбейте отырып, ұрпақтар сабақтастығын сақтап, өзіміздің бай мәдениетіміздің – полиэтникалық Қазақстанның мәдениетінің тірі қайнарларына жастарды тарта отырып, табысты дамытудамыз деп айта аламын.
Өйткені, жастар колледж түлектерінің толайым табысынан тәп-тәуір құлағдар. Қазір біздің түлектеріміз ел ішін былай қойғанда, шет елдерде де табысты еңбек етуде. Мәселен, Рузанна Кәкенова Лос-Анджелесте балет студиясының жетекшісі, Алена Лысякова Польшада хореограф болып жұмыс істейді. Артем Сущенко Францияда балет мектебін басқарады. Бірқатар түлектеріміз Германия мен Израильде жемісті жұмыс істеп жүр. Әріге бармай-ақ, 2017 жылы колледж қабырғасынан түлеп ұшқан Алексей Ковалев пен Дина Нұрпейісова «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінде балет әртістері болса, Дана Жандәулетова «Наз» мемлекеттік би театрында балет әртісі.
Түлектердің колледжде алған білімдері Қазақстан мен Ресейдің жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік береді. Мәселен, біздің түлегіміз, хореограф Илья Карапыш Челябинск мәдениет және өнер академиясын бітіріп, қазір сол академияда оқытушы болып жұмыс істеп жүр. Студент кезінде Ресейдің «Жас дарыны» атағын иеленді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
– Құрметті Құралай Ғазезқызы, қай заманда болмасын адам тәрбиесінде, оның рухани жан дүниесінде өнер мен мәдениеттің орны айрықша екендігін барша жұрт біледі. «Елу жылда ел жаңа» демекші, тәуелсіздік тәжін киген қазақ елінің жастарын тәрбиелеудегі ендігі бағыттың сорабы қалай сабақталуда?
– Колледждің оқытушылары кәсіби тұрғыдан мықтап шыңдалған, дәстүрі берік ұжым. Жаңалыққа жандары құмар. Өйткені, шын шеберлік ерінбей, жалықпай ізденумен келеді. Шеберлікке тынымсыз еңбек серік. Біз еліміздегі кәсіби білім беру саласының тиімді әдістерін ілкімді пайдалануға тырысамыз. Өз мұғалімдеріміздің мүмкіндігін сарқа пайдалана отырып, республикамыздың және алыс-жақын шет елдерден атақты мәдениет қайраткерлерін, белгілі педагогтарды шақыру да игі дәстүрге айналған.
Кәсіби оқытудың тиімді әдістерінің бірі болып табылатын шеберлік сыныптарын өткізу барысында колледжде «Астана Опера» театры балет труппасының меңгерушісі Г.Борибаева, Екатеринбург мемлекеттік театр институтының актер шеберлігі кафедрасының доценті Е.Царегородцева, филология ғылымдарының докторы, профессор, Марий Эль републикасының құрметті мәдениет қайраткері Д.Лавров, Ресей Федерациясының құрметті өнер қайраткері, Марий Эль республикалық балалар мен жас-тар театрының бас режиссері және көркемдік жетекшісі О.Иркибаев-Этайн, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік қуыршақ театрының директоры, қоюшы-режиссер О.Ақжарқын-Сәрсенбек және басқа да көптеген адамдар шақырылды. Мұндай шеберлік сыныптарының пайдасы өте мол. Сондай-ақ, колледждің бастамасымен Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы, Қазақстан Республикасының халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, «Қазақ әуендері» акционерлік қоғамының президенті Асхат Маемеровтердің қатысуымен ел тәуелсіздігінің 20 және 25 жылдықтарына орай Қазақстан және Ресейдің театралдық оқу орындарының бірінші және екінші аймақтық эксперименталдық фестиваль шеберханасы өткізілді.
– Өткен оқу жылында білім ошағының жеткен табысы туралы айта кетсеңіз педагогикалық ұжымның еңбегі айшықтала түсер еді.
– Қол жеткізген табыстарымыз аз емес. Оның барлығы педагогикалық ұжымның ақ адал еңбегінің арқасында. Жас ұрпақты жаңа технологиялық мүмкіндіктерді игеруге өз бетінше ғылым мен білім іздеуге үндеп, бүгінгі күннің талабына орай Цифрлы Қазақстан тәрізді жаңа да соны жолға түсіп отырмыз. Мұның барлығы шығармашылықпен жұмыс істейтін ұжымға жаңаша серпін беруде. Осындай ынтымақты істің арқасында өткен жылы үшінші курстың білім алушысы Айнель Тәшенова Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының стипендианты атанды. «Жарқын» ансамблі, «Каспий» Достық жағалауы» деп аталатын халықаралық фестивальға қатысып қайтты. Қорған қаласында өткізілген VІІ аймақтық фестивальға қатысқан колледж
шәкірттері Гран-приге ие болды. Театр ұжымдарының бірінші халықаралық конкурсы Қарағанды қаласында өткізілген болатын. Осы дүбірлі додада Г.Кочетованың шәкірттері «Режиссурадағы инновация» аталымы бойынша марапатталды. Мәдениет пен өнер саласындағы мұндай ауыз толтырып айтуға лайықты жетістіктеріміз өте көп. Оның барлығын түгел айтып шығу міндет емес шығар. Біздің ұжым өткен жылы өз еліміздің ішінде және сырт аймақтарда бойларындағы берік білімдері мен табиғи таланттарын толайым дәлелдеп, жеңіс тұғырына көтерілді. Мұның барлығы біз үшін үлкен абырой. Сөз арасында Қазақстан халқы Ассамблеясының Астана қаласында өткізілген «Этно fashion» фестиваліне облыс атынан қатысып, көрермен көңілінен шыққанымызды айта кеткеніміз артық болмас. Бұл жолы колледж мұғалімі Күлжазира Хавдыразаққызының жетекшілігімен дайындалған дефильеге топтамалары көрсетіліп, жоғары бағаға ие болды.
Талапты білім алушыларды ынталандырып отыру да назарда. Білім ошағында оқу-тәрбие қызметінің қорытындысы әр жыл сайын «Колледждің үздік тобы» байқауының көмегімен өткізіледі. Жүлделі орынға ие болғандарға марапаттау ретінде мәдени демалыс өткізуге мүмкіндік тудырылады. Мысал үшін айта кетелік, біздің үздік білім алушыларымыз «Малиновый мысь» шипажайында демалып қайтты. Одан басқа бір топ білім алушыларымыз Бурабай аймағына саяхат жасады. Білім алушыларымыздың облыс орталығындағы мұражайларға, тарихи тағылымды орындарға, концерттерге, басқа да мәдени-танымдық шараларға қатысып, таным көкжиегін кеңейтуіне көңіл бөліп отырамыз. Бір сөзбен айтқанда, дарынды түлектерді қолдау колледжде берік дәстүрге айналған. Үздік білім алушылардың жатақханада орны дайын. Кейін маңдайы жарқырап, топ бастағандарды колледжде жұмысқа қалдыру жайлары да қарастырылады. Өз түлектеріміздің ішінде өзімізде қалып, еңбек жолын бас-тап, кейін жоғары оқу орнының сырттай бөліміне түскендер аз емес. Білім алушыларымыз әртүрлі деңгейдегі байқауларға да жиі қатысып, бабы мен бағын сынайды. Қорған қаласында өткен «Игра! Шоу! Микрофон!» аймақтық байқауына Приволжье федералдық округінің мәдениет және өнер оқу орындарының театралдық бөлімдерінің халықаралық фестиваль лабораториясында қойылымдар байқауына, Алматы қаласында өткен жоғары оқу орындары мен өнер колледждері студенттері арасында халықаралық көркемсөз оқу байқауына, «Еуразия жұлдыздары» жобасы бойынша халықаралық «Арман қанатында» фестиваль байқауына қатысты. Мұндай өнер додаларының жас талаптардың бойындағы табиғи дарынды шыңдауына, тәжірибе жинақтауына әсері өте мол.
– Ел ертеңіне қосып жатқан үлестеріңіз туралы естіп, білдік. Сұхбаттың сәті түскені үшін рахмет.
Сұхбатты жүргізген
Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар