Жаныңды мақпал мінезімен баурайды

Ұлы Әл-Фараби «Даналыққа ұмтылатын адам ең жақсы тәрбие алған, мейірімді адам болуы тиіс» деген екен. Ал, жақсы тәрбие алу үшін, сабырлық танытып, көп оқып, көп білу қажет, қала берді қоғамдық өмірге белсенді қатысып, патриот болуы керек деп есептеймін. Парасаттылық сана мен жүрекке орнайды. Біз жоғарыда айтып өткен жақсы қасиеттердің барлығы бір бойынан табылатын, мінезі мақпал, кең пейілді, қашанда жақсы, игі істердің басы-қасынан табылатын жандардың бірі Динара Башарова дер едім.

Ол қашанда жақсылық жасауға ұмтылып жүреді, осы еңбегі үшін ақы да сұрамаған, атақты да қажетсінбейді, абырой жинаймын деп те мақсат қоймаған. Себебі, өз ісіне адалдықпен қарайтын еңбекқор адам еліне еселі еңбек сіңіруді өзінің азаматтық парызы деп білсе керек.
Динара Қайырбекқызы Көкшетау жоғары медициналық колледжінде 2009 жылдан бастап ағылшын тілі сабағының оқытушысы болып жұмыс істеп келеді. Жоғары білімді, кәсіби біліктілігі жоғары, тәжірибелі маманның әрбір сабағы тың жаңалықтарға, соны идеяларға толы, өте қызғылықты өтеді. 2010 жылдан бастап, Динара Башарова 2002 жылы ашылған, құрамында 826 студенті бар колледждің студенттік кәсіподағын басқарады. Жыл сайын студенттер «Үздік оқығаны және кәсіподаққа адал еңбегі үшін» шәкіртақы алады. Мадақтау шәкіртақысын республикалық кәсіподақ федерациясы тағайындайды. Кәсіподақ құрылғаннан бастап, колледждің 10 ең үздік студенті үздік оқығаны және ұйымның қоғамдық өміріне белсенді қатысқаны үшін қоғамдық ұйымның негізін қалаушы К.Жұманов атындағы шәкіртақы алады. Шәкірт көңілін көзінен ұғатын, досындай сырласатын, қамқорлық құшағына алып, бауырындай жанашырлық танытатын Динарадай ұстаздар бары қандай ғанибет дейсің осындайда.
Студенттер мен әріптестері арасында зор беделге ие. Әріптестерімен сырласа қалсаңыз олар бірауыздан Динараның өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын, жүрегі мейірімге толы, жаны ізгілікке құмар екендігін мақтанышпен жеткізеді. Ол колледждегі студенттік кәсіподақтың төрайымы ретінде білім алушыларға психологиялық және моральдік қолдау көрсетіп жүреді. Бұл орайда, тәрбиелік үдеріске де ерекше көңіл бөледі.
Салауатты өмір салтын сақтап, колледж студенттері және педагогтар арасында насихаттау жұмысына ерекше назар аударады. Динараның өзімен сұхбаттаса қалсаңыз ол мұғалімнің жүрегі кең болуы керек дегенді алға тартады.
Оның өмірбаянына зер салып қарасақ, ол Көкшетау қаласының тумасы, мектепті аяқтаған соң, педагог болуды шешіп, тоғыз жылдай уақытын мұғалімдік өмірге арнады. Өкінбейді де. Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжін тәмамдаған соң, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне түсіп, ағылшын тілі мұғалімі мамандығын алып, білім магистрі ретінде педагогика және психология мамандығы бойынша А.Мырзахметов атындағы университетті аяқтады. Қазіргі таңда «Білімдегі коммуникативтік мәдениет» атты диссертация тақырыбын зерттеп жүр.
Динара табиғатынан жігерлі, төзімді. Бұралаң бұлтарысы көп өмір жолында қуаныш пен мұң-нала қатар жүретіні бар. Динара Қайырбекқызы да талай қиыншылықтарды басынан өткізді, сәтсіз сәттерді де басынан өткерді… Адамның ақылдылығы сүрінгенде сыр бермей, қайта түлеу. Иә, уақыт емші, сағат сайын құбылған заман адамды да, оның мінезін де өзгерте біледі екен. Осыған орай, құндылық бағдар да өзгереді. Алайда, қашанда жүрегі ақылға толы әйел үшін әу баста отбасының, балаларының амандығы бақыт. Динараның да тілеуі осы. Келешекте ғұмыр жалғасы Даниалын еліне еңбегін сіңіретін аптал азамат етіп тәрбиелеп өсіру – ана мұраты.
Ол қолы қалт етсе ән тыңдағанды, кесте тігіп, гүл өсіргенді ұнатады. Адамдардың алғысына кенелген, жанындағы жандарды жан жылуына бөлеген, сұлулық пен мейірімнің нұрлы шуағын төккен Динарадай өз ісін сүйетін ізгілікке іңкәр жастар көп болса игі.

Гүлбаршын САЛЫҚ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар