Бір ғұмырдың алты белесі

…Тағдырдың жазуымен пешенеге жазылған өмірдің әр сәті қымбат қой. Солай бола тұрса да осы адам ғұмырының бел-белестері, өзіндік мәнді кезеңдері бар екені ақиқат. Соның біріне жету арман болса, одан кейінгі кезеңдерінің өзіндік есте қаларлық сәттері болатыны да бізге мәлім. Бейнелеп айтсақ, атан өркешті, арыстан жалды осынау қарбалас тіршіліктегі есте қаларлық абыройлы белесіне алпыс деп атау берсек, есімі облысымызға, республикамызға кеңінен танымал арқалы ақын, жазушы Сайлау Байбосын 60 жасқа толып отыр.
***
…Сайлау туралы әңгіме қозғағанда ойымызға облысымызда 1991 жылғы өткен ақындар айтысы оралады. Сәл шегініс жасап, деректерге жүгінсек, Ақмола өңірінде ақындар айтысы соңғы рет 1957 жылы өткізілген екен. Ұлттық өнеріміздің басылып қалғаны соншалық, ұзақ жылдар бойы ол жөнінде ешкім ауызға да алмаған көрінеді. Тек, жетпісінші жылдардың орта кезінде ғана республикамыздың әр жерінде біртіндеп қайта атала бастады.
Ұлттық өнеріміздің шынайы жанашыры, қолдаушы-қорғаушысы бола білген қадірменді ақын, жазушы ағамыз Нұрғожа Оразовтың ұйымдастыруымен Ақмолада көп жылғы үзілістен кейін айтыс алғаш рет 1981 жылы өткізілген болатын.
Сөйтіп, Нұрғожа Нарынбайұлының ұлттық өнерімізге деген шынайы жанашырлығымен ортамызға қайта оралған ақындар айтысы облыс мәдени өнерінің дәстүріне айналғандай еді. 1982, 1985 жылы, 1989, 1990, 1991 жылдары облыстық деңгейімізде үлкен-үлкен айтыс-тар ұйымдастырылып өткізілді. Міне, сол 1991 жылғы айтыстың бас жүлдесін Сайлау Байбосын жеңіп алып, жерлестерінің қошаметіне бөленген еді.
***
…Уақыт шіркін мұншалықты ұшқыр болар ма?! Күні кеше ғана сияқты еді. Ару қаламыз Алматы мен Елордамыз астанадан ақын ағамыз Нұрғожа Ораз, белгілі қоғам қайраткері ақын апамыз Фариза Оңғарсынова бастаған бір топ ақын-жазушылар Ерейментау қаласына, ақын Сайлау Байбосынның 50 жасқа, шығармашылығының 25 жылдығын атап өтуге жолға шыққан едік.
Аудан орталығындағы мәдениет сарайында өткен алқалы жиында ақын шығармашылығы жайлы мазмұнды баяндама жасалып, Сайлауға Алматы мен Астанадан келген қаламдастары сый-сияпат жасап, арнау жырларын оқыды.
***
…Елінің, жерінің, ұлтының төл құндылықтарын жастайынан санасына сіңіріп өскен жан патриоттық сана-сезіммен есейеді. Осындай тәрбие рухымен ер жетіп есейген ақын Сайлаудың өлеңдерінен елінің, жерінің, ұлтының тағдырына ара түскен жыр жолдарын бейжай оқу мүмкін емес. Бөгенбай батырдың рухына арнаған «Наза» өлеңінің мына жолдарына назар аудардық.
Азат қылып кеткем деп алда күнді,
Ұран қылдың ұрпаққа арлы әніңді.
Кешір, баба, қолыма қалам алып,
Мазалайын тағы да аруағыңды.
Бастан өтіп бодандық – кесір, нала,
Жиып жатыр еліңіз есін жаңа.
Арысы көп болса да ардақтаған,
Намысы жоқ ел болдық, кешір баба, – деп тебіренеді.
***
Ал, «Желтоқсан» өлеңдерінің мына жолдарына үңіле кетіңізші…
… Тұщы етіме ащы таяқ тимеген,
Өлуге де, көнуге де үйренген.
Желтоқсаным – менің Қазақ аруым,
Бейуақыт бұрымынан сүйрелген!

Қара шашы қара қанға малшынған,
Көз жаздық па қаншама қыз, қанша ұлдан…
Желтоқсаным – менің Қазақ қандасым,
Керзі етіктің табанында жаншылған!

Осынау бейнелі тіркестермен өрілген өлең жолдарын сөз құдіретіне баласа болмыс па!..
Сайлаудың өлең шумақтарын оқи отырып рухтанасың.
***
…Ақынның жыр-толғауларының басым бөлігі өзінің кіндік қаны тамып, туып-өскен жеріне, бірге өскен құрбы-құрдастарына, жастық шағының куәгерлеріне арналған.
Күлте жалды кербесті күн,
Алдан енді тоспасы анық.
Анық, қайтып келместігің,
Кел, жас дәурен, қоштасалық!

Ұйқысыз сан таң атырдым,
Жапырақтай қырау ұрған.
Жалғыз кетіп баратырмын,
Жастық деген мына ауылдан!
«Қош, жас дәурен!» өлеңінің осы бір шумақтарын да толғаныссыз оқу мүмкін емес.
***
…Мерейтой иесі тек ақын ғана емес, әдеби өміріміздің проза, драматургия, сатира жанры саласында да өндірте жазып жүрген қаламгер. Автордың «Ерейментау», «Қызылтау – құтты қоныс, киелі аймақ», «Қанжығалылар», «Есімдері жүрсін деп ел есінде», деген тарихи танымдық кітаптарын, «Депутаттың бәтіңкесі» сатиралық әңгімелер жинағын оқырмандарымыз жақсы қабылдағанын айтып өту ләзім. Ұлы Отан соғысы кезіндегі тыл өмірін арқау еткен «Мылтықсыз майдан» драмасы Ақмола облысының «Көкшетау», Павлодар облыстық «Найзатас» журналдарында, ал, «Ажалын жоғалтқан адам» романының үзіндісі «Жұлдыз» журналында жарияланды.
***
…Сайлаудың жігіттік сауық-сайран дәурені келініміз Гүлнәрға жолыққаннан кейін мәнді болғаны да анық. Гүлнәр оған асыл жар, бес баланың анасы, немерелерінің сүйеніші әжесі, Сайлау қай жерде, қандай қызмет атқарса да өмірінің ыстық-суығын бірге бөліскен сырласы да мұңдасы да бола білді.
Келініміздің кішіпейілділігін, инабаттылығын, қонақжайлылығын жақсы білеміз. Олардың дастарханынан талай зиялы қауым өкілдері дәм татты, әлі де тата берері анық. Гүлнәрдың бала тәрбиесінде, жұбайының бабын табуында өзіндік бір мектебі бар десек, асыра айтпаған болар едік.
***
Қаламгер бауырымыз Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ерейментау ауданының құрметті азаматы. 2008 жылы «Бір өлең – бір әлем» республикалық мүшәйраның Бас жүлдесін, 2009 жылы Үмбетей жырау атындағы республикалық мүшәйраның Бас жүлдесін жеңіп алған. 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Алаш тарихының ақиқаты» әдеби байқауда поэзия жанры бойынша «Баба байрақ» дастаны жүлделі бірінші орынға ие болған. 2016 жылғы сатира жанры бойынша дәстүрлі «Алтын қалам» сыйлығының иегері. 2017 жылы Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай «Ақ жол» ұйымдастырған халықаралық мүшәйрада «Жүсіпбек пен Сұлтанмахмұт» дастаны жүлделі екінші орынға ие болды. Ол бірнеше жыл тәуелсіз «Жас Алаш» газетінің солтүстік облыстардағы меншікті тілшісі қызметін атқарды. Қазір Павлодар облысындағы аймақтық «Ақбеттау» журналының бас редакторы.
***
…Осы кезең қаламгердің шаңқай тұсы, шабытты шағы. Ол мейлі табиғатты, мейлі махаббатын жырласын, қандай тақырыпқа қалам тартсын, сахналық туынды жазсын, оның шығармаларында халық рухы, азаматтық әуен, ел өмірінің бүгінгі ахуалы көрініс табары анық.
Сайлау Байбосынның жарық көрген жыр жинақтары, прозалық шығармалары, әзіл әңгімелері, поэмалары туған әдебиетіміздің дамуына, көркемдік деңгейін белгілі бір дәрежеге көтеруге лайықты үлес қосқан туындылар деп толық сеніммен айтуға болады.
Мерейтой иесін бүгінгі бұралаң өміріміздің шындығын дөп басып, қалың оқырманға шынайы жеткізе білген қаламгер деп бағалаған болар едік. Өмірінің алты белесіне қадам басып отырған Сайлаудың алар асуы әлі алда. Ол еліне, халқына қоғамға өте қажет, керек тұлға.

Бәдуан ИМАШҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі.
Астана.

(Газетіміздің 5-ші беті мерейтой иесі Сайлау Байбосынның шығармашылығына арналып отыр).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар