БҮГІНГІ БІЛІМ АЛУШЫ – БОЛАШАҚ БАҒБАНЫ

Болашақ мамандарды кәсіби даярлауда педагогикалық тәжірибенің маңызы зор. Педагогикалық тәжірибе оқу пәні дәрежесінде білім кеңістігін құрайтын және оның кәсіби біліктілігін жетілдіруге мүмкіндік беретін маңызды сала.
Қазіргі кезде қалыптасқан еңбек нарығы білімді, бәсекеге қабілетті, шығармашылық деңгейі жоғары, қоғамның әр саласында өз білімі мен біліктілігін қолдана алатын қабілетті мамандарды қажет етеді. Білім беру жүйесін реформалау жағдайында мектептің жоғары құзыреттілік деңгейдегі білімді мұғалімге сұранысы өсіп отыр. Мұндай деңгейдегі маман жылдам өзгеретін ақпараттар ағымы жағдайында болашақты бағдарлай білуге, оқу бағдарламалары, оқулықтар, басқа да оқу-әдістемелік материалдардың көптүрлілігі жағдайында жұмыс істеуге дайын болуы керек. Сондықтан болашақ педагог мамандарын даярлайтын оқу орындарына үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр.
Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болып табылатындықтан, білім беру жүйесінің рөлін өзгерту қажеттігі туындап отырғандығы белгілі.
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің «Бастауыш білім беру» мамандығының 4 курс білім алушылары қазіргі кезде «Өндірістік диплом алдындағы тәжірибесі» бойынша Көкшетау қаласының №16 орта мектебі, №17 орта мектеп-гимназиясы, С.Жүнісов атындағы №18 орта мектеп-лицейінде тәжірибе жинақтауда. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша білім алушылар көптеген мағлұматтар алып, тәжірибелі оқытушылардың сабақтарына қатысады.
Мақсат студенттерге оқушыларды оқыту мен тәрбиелеуде мұғалімге қажетті білік пен дағдыларды қалыптастыру, алған теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыру арқылы болашақ маманның тұлғалық және қызметтік сапаларын дамыту болып саналады.
Негізгі міндеттеріне сәйкес білім алушы мектептегі педагогикалық ұжымның мүшесі болып саналады және мектеп тәртібін, әкімшіліктің бұйрығын орындайды. Тәжірибе жинақтаушы мамандық бойынша сабақ берумен қатар бекітілген сыныптағы оқу-тәрбие жұмысын зерттеп, сынып жетекшісінің көмекшісі ретінде тәрбие және сыныптан тыс жұмыстарын жүргізеді.
Аптаның әр сенбісі – әдістемелік күн. Білім алушылар сабақты өткізуге көрнекі құралдарды дайындауда, сабақ жоспарын құруда әдістемелік кеңес алады, колледждің Абай атындағы электронды-ресурстық кітапханасының кітаптар қорымен жұмыс істейді.
Осы орайда, білім алушыларымыз бүгінгі қоғам мүддесіне лайықты, жан-жақты жетілген, бойында ұлттық сана мен психология қалыптасқан парасатты педагог тұлғалар болады деп сенемін.

Диана САПАБЕКОВА,
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің жаратылыстану ғылымдары бойынша педагогика магистрі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар