Әлеуметтік желінің кері әсері

Қазіргі уақытта адамдар бір-бірімен көзбе-көз тіл қатысып, қарым-қатынас жасаудан гөрі Интернет желісінде араласқанды жөн көретін тәрізді. Мектепте, жоғары оқу орындарында, жұмыста қолымыздан смартфондарымыз бен телефондарымызды тастамай әлдебіреуден бірдеңе келетіндей елеңдеп отырамыз. WhatsApp, Facebook, Instagram, Twitter, ВKontakte желілерін қосып қойып, қайта-қайта телефонымызға шұқшиямыз. Бірақ, осы желілердің пайдасымен бірге, зияны да бар екендігін, оны жөнімен қолданған жөн екенін көбіміз қаперге алмай жатамыз.

Бұрын алыстағы ағайын-бауырдың хал-жағдайын білу үшін хат жазатынбыз. Сол сияқты студент кезімізде үйімізге хабарласып, амандық-саулығымызды жеткізу үшін «Қазақтелекомның» бөлімшелеріне барып, кезекке тұрып, белгілі бір уақытқа жазылатын едік. Осылайша ата-анамызбен, жақын туған-туыспен хабарласатынбыз.
Қазіргі уақытта өзіміздің шетелдегі ағайыннан бастап, бір үйде тұратын отбасы мүшелерінің өзі бір-бірімен ұялы телефонмен хабарласып, сөйлесіп, әлеуметтік желілердің чаттары арқылы «смс» жазысып, тілдесіп жатады. Бір-бірімізге «бұрын телефон болмағанда, қалай жүргенбіз» деп те қоямыз. Иә, қазіргі заманда Интернет жақсы дамыған, кез келген адам өзіне ұнайтын, талғамына сай, қолы жететін ұялы телефондарды ала алады.
Бұлардың пайдасы өте зор. Біріншіден, қазіргі заманғы телефондар мен смартфондар уақыт үнемдеуге, бірнеше тәулік бойы күтетін операцияларды бір сәтте орындап тастауға ыңғайлы. Ол арқылы коммуналдық қызметтерді, шетелдің интернет дүкендерінен қажетті заттарымызды ала аламыз. Екіншіден, адам Интернетті сауатты қолданатын болса, күн сайын жаңа ілім-білім үйрене алады. Бірақ, Интернетті шектен тыс екі-үш сағаттан артық мақсатсыз қолдану адам денсаулығына зиян екендігін, оның біздің психикалық-моральдық дамуымызға кері әсері бар екендігін ұмытпауымыз керек. Осы орайда, кейбір зиянды әсерлеріне тоқталғанды жөн санап отырмыз.

«Агент» деген бір дәурен өтті…

Бір кездері агент деген бағдарламаны телефонымызға жүктеп алып, күні-түні соған шұқшиятын едік. Телефонымызды жоғалтып алсақ, әлгі агенттегі таныстарымыздан айырылып қалатындай тез арада жаңа ұялы телефон сатып алуға тырысатынбыз. БАҚ-тарда осы агенттің арқасында отбасын құра алмай жүрген жастардың виртуалды әлемде қарым-қатынас жасап, танысып, үйленіп жатады екен деген мақалалар көптеп жарияланатын.
Бірақ, солардың көбі үйлене салып, ажырасатыны да жасырын емес. Тек қана агентте танысып бас қосқандар ғана емес, бірнеше жыл отасып, мына өмірге екі-үш бала әкеліп үлгерген шаңырақтар да осы агенттің салдарынан шайқалғаны бар. Сондай жағдай өзімнің жақын таныстарымның да бастарынан өтті. Айрандай ұйып отырған Айгүл мен Еркештің екі ұлы бар еді. Күні-түні әлгі агенттен шықпайтын жеңгеміз осы Көкшетауда жүріп, шымкенттік бір жігітпен танысып, бір-ақ күннің ішінде айырылысамыз деп, екі баласын ата-анасына беріп, оңтүстікке кетті. Көп ұзамай ол жақтан да қайтып оралды. Виртуалды әлемде жап-жас әдемі жігіттің түр-тұрпаты фотосуреттегі жеңгеміз ойлағандай емес, оның үстіне отбасылы адам болып шығыпты. Мұндай жағдайлар көп кездесіп жататын…

«Фейсбукте» отырып жан тапсырған…

«Mail.ru» агентінің дәурені өткен соң (дегенмен әлі де агент қолданушылар бар) фейсбук, ватцап, инстаграм, твиттер деген бағдарламалар пайда болды. Осылардың ішіндегі фейсбук қолданушылары дүние жүзі бойынша ең көп болып саналады.
Халықтың басым көпшілігі фейсбук арқылы билік басындағылардан бастап, мектеп оқушыларына дейін бір-біріне лайк басып, қоғамдық пікір тудырған мәселелерге жауап қатып, өздерінің ой-пікірлерін, жаңалықтарын жариялайды. Бірақ, осы әлеуметтік желілер арқылы қаншама жантүршігерлік жағдайлар да орын алып жатады. Мәселен, жас қыз-жігіттер жол жүріп келе жатып, фейсбуктің тікелей эфирінде отырып, өздерінің соңғы сәттерін түсірген жайлары да болған. Сол кезде олар бұл түсірілім өмірлерінің соңғы сәттері екенін сезбеген де. Телефонға шұқшиямын деп көңілдері алаңдап, жол апатына ұшырап жататындар қазір де аз емес.

«ВКонтактенің» әлегі

Интернеттің әлеуметтік желілері арқылы көп мүмкіндіктерге қол жеткізуге болады. Бірақ, оқушылар оны мақсатты пайдалана алмайды. Жылдың басында «Вконтактедегі» «Көк киттің» жыры біраз елді шулатқан еді.
Осы желіде отыратын оқушылардың басым көпшілігін түрлі суицидке итермелейтін осындай ойындар еліктіріп әкетті. Мамандардың айтуынша, статистика бойынша 12-16 жас аралығындағы жеткіншектер психикалық тұрғыдан әлсіз келеді екен. Әлеуметтік желідегі құйтырқы ойындардың құрбандары да негізінен осы жастағы жеткіншектер. Ата-анасы жұмысбасты, өз еркі өзінде болатын осындай жас шамасындағы балалар оқыс оқиғаларға бейім тұрады. Ата-аналары балаларының кіммен, қашан, қайда баратындарын да білмейді. «Кіммен жүруші еді, достары кім?» деп сұрай қалсаңыз, айта да алмайды. Сондықтан, ата-аналардың балаларымен сөйлескенде кіммен дос, кіммен құрбы екендігін, бос уақытта не істейтіндігін қадағалап отырғаны абзал.
Жалпы, әлеуметтік желілердің, соның ішінде Вконтакте желісінің жасөспірімдерге кері әсері жайлы талай айтылған. Діннің радикалды бағыттарына үндейтіндер де, экстремистік насихатты тарататындар да, өмірден баз кешуді мұрат тұтып, жұртты да өздерінің қатарына қосып алуға тырысатындар да осы желіде отырады. Өткен жылы өзімнің ауылдас құрбыларымның бірі осы желіде жиі отырып, неше түрлі өлім туралы жазбаларды жаза бастады. О дүниенің рахаты, мына жалған дүниеден жирену секілді сөздері жанды түршіктіретін. Құрбыларының «соншалықты не болып жүр саған? Балаң мен күйеуің бар ғой. Әлде жәбір көріп жүрсің бе?» деген сауалына да «бәрінен де жерідім, шаршадым» деп жауап жазатын. Ақыры күздің басында өз-өзіне қол салыпты деген қайғылы хабар алдым.
Осындай интернетке тәуелділіктен құтылудың жолы қандай? Ата-бабаларымыз Интернетсіз де өмір сүрді ғой. Бұл мәселе бойынша IT-мамандары не дейді? Олардың мәлімдеуінше, интернет, телефон, электронды пошта тек қана коммуникациялық құралдар. Сондықтан, оларды сол мақсат үшін ғана және өз ретімен пайдаланған жөн.

Зерттеулер не дейді?..

Интернет пайда болғалы соңғы 25 жыл ішінде жастар арасында мазасыздық пен депрессия 70 пайызға өсіпті. Желіге тәуелділіктің негізгі белгілері түрлі зерттеулерде анықталғандай, фейсбук, твиттер, инстаграмда екі сағаттан артық уақыт өткізетін жастардың психологиялық саулығы нашар болатыны байқалған. Психикалық қасиеттерден бөлек, денсаулыққа кері әсер ететіні тағы бар.
Мәселен, бас ауруы, ұйқысыздық, ашушаңдық, әлеуметтік желіге шектен тыс әуестік және күйзелісті атауға болады. Осы саладағы көптеген зерттеулер ұйықтар алдында әлеуметтік желіні пайдаланудың күндізгі уақытқа қарағанда әлдеқайда зиянды болатынын көрсетеді. Сондай-ақ, смартфондарды ұйықтар алдында Интернеттен ажыратпай, төсегіңіздің жанында қалдырсаңыз сол түні ұйқыңызда маза болмайды. Неше түрлі түсініксіз, қорқынышты түстер кіреді дейді мамандар.
Британ зерттеушілері жастардың психикалық саулығына әсері тұрғысынан Instagram ең нашар әлеуметтік медиа-платформа ретінде атапты. Бұған дәлел ретінде БАҚ-та жарық көрген «Инстаграмға бола жындыханаға түсті» атты мақаланы айтуға болады. Онда нашақорлықтың медициналық-әлеуметтiк проблемаларының республикалық ғылыми-практикалық орталығының Павлодар қаласындағы филиалында алғаш рет әлеуметтік желіге тәуелділік бойынша емделіп шыққан 24 жастағы Светлана есімді науқас өз басынан өткен оқиғаны мысалға келтірген. Ол әлеуметтік желілердің зардабы туралы баяндайды.
Салтанатты кештердің бел ортасында жүріп, думанға толы өмірін өзгелерге көрсетпесе тұра алмайтын күйге түскенін айтқан ол: «Қасыңда Нағима Есқалиева отырса қалайша фотоға түспейсің?! Бәленің барлығы кезекті бір жұмыс күнінде телефонымды сындырып алғаннан басталды. Табан астында телефон сатып алайын десем, айлық алатын уақытқа әлі бірталай күн бар. Апталап әлеуметтік желіге кіре алмай, басым ауырып, мазам қашты. Айналдырған бір телефонды сатып алуға ақшамның жоқтығын ойлап, қажып кеттім. Осылайша дәріні дозасынан көп қабылдап, көзімді ашқанда дәрігерлердің маған төніп тұрғанын көрдім» деп жазды. Осылайша психологиялық тәуелділікке ұшырағандардың арасында 17-26 жасқа дейінгі жастар көп екен.
Сондықтан, балаларының денсаулығына бейжай қарай алмайтын әрбір ата-ана олардың әлеуметтік желіге тәуелділікке ұшырамауын қадағалағандары жөн болар еді.

Ырысалды ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар