Химия саласындағы Тоқмурзин әлемі

Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор Қыдырма Тоқмурзиннің 80 жылдығына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде өтті.

Жаратылыстану ғылымдары ішінде химияның майын ішіп, жілігін шаққан, қазақ ғылымының дамуына зор үлес қосқан химик Қыдырма Хамитұлы Тоқмурзин көзі тірі болса, биыл 80 жасқа толар еді. «Органикалық химияның заманауи мәселелері және оларды шешу жолдары» атты тақырыппен өткен ғылыми конференцияның мақсаты – химия ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан Қыдырма Хамитұлының зерттеулері мен ғылыми еңбектері бойынша органикалық қоспалардың синтетикалық, теориялық, биологиялық ерекшеліктерін қамту болып табылады.
Қыдырма Тоқмурзин ғылыми жұмыстарымен қатар, жас ұрпаққа сапалы білім және саналы тәрбие беру ісімен айналысқан. «Оның жалпы білімдарлығы, керемет дәріскерлік шеберлігі, ақыл-парасаты, бойына біткен зиялылық әдебі өзгелерден ерекшелеп тұратын» дейді көзі көрген замандастары.
Ғылыми шараға отандық және шетелдік ғалымдар, облысымыз бен Көкшетау қаласындағы білім ордаларының оқытушылары мен қызметкерлері, университеттің ғылыми-профессорлық құрамы мен студенттері қатысты.
Ғылыми конференцияның пленарлық мәжілісін білім ордасының ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаров ашып, облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің құттықтау хаты оқылды. Мәжілісте Алматы, Астана, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген ғалымдар қатысып, баяндама жасады. Нақтырақ айтқанда, Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің профессоры Еренғайып Шайхутдинов «Полимерлерді өндіріске енгізудің жаңа технологиялары», М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің химия кафедрасының профессоры, химия ғылымдарының докторы Владилен Поляков «Қ.Тоқмурзиннің химия ғылымына қосқан үлесі», әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, химия ғылымдарының докторы Сергей Калугин «Қ.Тоқмурзиннің еңбектеріндегі α,β,ά, β – дивинилкетондардың, пиперидин-4-ондардың және тетрагидропиран-4-ондардың синтезі» секілді тақырыптарда түрлі баяндамалар жасап, мәселелер көтерді.
Пленарлық мәжілістен кейін конференция органикалық химияның синтезі және зерттелуі, жаратылыстану ғылымдарының даму барысы, химияны оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері бағыттары бойынша секцияларда жалғасты. Конференцияның қорытынды бөлігінде ғалымдардың пікірі тыңдалып, қарар қабылданды.
Қыдырма Тоқмурзин жайында шағын ақпарат бере кетсек, оның Қазақстан ғылымына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Қай жұмыс учаскесі сеніп тапсырылса да, жан тәнімен беріліп атқарды. Уақытпен санасуды білмейтін, оттай жалындап тұрған жан еді. Саналы ғұмырын еліміздің жоғары мектебіне арнады, негізгі тақырыбы химия саласы болды. Оның ішінде органикалық химия сияқты екінің бірінің тісі бата бермейтін күрделі саланы таңдап алып, көптеген ғылыми жаңалықтар ашып, мұнай өндірісінің дамуына зор үлес қосты. Кезінде КСРО-ның атағынан ат үркетін беделді академиктері түсіндіріп бере алмаған реакцияны ашып, органикалық қоспалардағы төртінші функциялық топтардың өзара әсерлесуін ғылыми айналымға шығарған. Химия ғылымдарының докторы, Ұлттық Ғылым академиясының академигі атанды.
Еңбек жолын өзі оқыған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен бастап, Атырау мұнай және газтехникалық университетінде жалғастырды. Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының мұнай химиясы және табиғи тұздар институтын басқарды. Саналы ғұмырының соңғы 18 жылында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде кафедра меңгерушісі болды. Ғылымға деген ерен құштарлығы арқасында ден қоя зерттеген саласы бойынша озық технологиялар мен инновацияларды өндіріске енгізді. 150-ге жуық монографиялар, ғылыми мақалалар жазып, 50 авторлық куәліктер мен патенттер алды. Беделді халықаралық конференциялар мен симпозиумдарда жасаған баяндамалары мен тұжырымды ойлары жоғары бағаланды. Күрделі ғылыми зерттеулермен жүйелі айналысты. Солардың бір парасы мұнай битумын синтездеу арқылы асфальт-бетон жолдың жамылғы қабатын жетілдіру, синтез технологиясын қалдықсыз қалыптастыру болып табылады. Бір сөзбен айтқанда химия ғылымына қосқан еңбегі өте зор болды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар