Мағыналы ғұмыр иесі

елінің сыйлы азаматы болған Өмірбек Үйсімбаевтың туғанына 70 жыл толуына орай бір ауыз жылы лебіз

Сандықтау өңірі табиғаты әсем, көз тоймайтын көрікті өлке. Өзен-көлдері, аспанға өрлей өскен сан түрлі ағаштары, жайқалған көк орай шалғыны мен егіні, бір-бірімен жарасып, өміріңе қуаныш пен қуат береді. Осы аймақта туып-өскен, топырағына аунап, суын ішкен, табиғаттың әсемдігінен нәр алып, шабытты еңбек еткен азаматтар өте көп. Олар туған жер мен ата-ана тәліміне қанып өсіп, қанат қаққан жандар. Әрбір ата-ана балаларына үлгі өнеге, тәрбие беріп, терең білім алуына жол ашып, жағдай жасайды. Әрине, әрі қарай еңбек етіп, тіршілік ету әркімнің өз қолында. Еңбексіз өмірдің мәні жоқ, еңбек тіршіліктің қайнар бұлағы. Әркім де еңбек етеді, бірақ нәтижесі мен берер жемісі әртүрлі.
Жыланды өзенінің жағасына орналасқан шағын ғана ауыл Амангелді деп аталады. Тұрғылықты халық «Жыланды ауылы» дейді. Осы кішкентай ғана ауылда Ұлы Отан соғысынан кейін сегіз жылдық мектеп ашылып, ауыл адамдары мал шаруашылығымен, егіншілікпен айналысып, еңбек қазаны қайнады. Ауылда механизаторлар, малшылар мен сауыншылар, мұғалімдер мен дәрігерлер еңбек етті. Клуб, кітапхана жұмыс істеп тұрды. Кітапханашы еңбек үгітшісі болып, қабырға газеттерін шығарды. Жастарда білімге, еңбекке деген құштарлық, Отан сүйгіштік, патриоттық сезім күшейді. Осы Жыланды ауылында туып, ҚазМУ-де 40 жыл еңбек еткен Қабдырахман Әбдуахитов, ардагер ұстаз Наурызбай Сыздықов, полковник Қаби Өтегенов, мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары Жарасбек Әбутәліпов, аудандарды басқарған Сұлтан Сейтімбетов, еңбек ардагері, агроном Съезбек Үйсімбаев облыстың бас хирургы болған Қожабек Жылқыбақов, секілді ардагер ағалар өмірімен, ісімен көпке үлгі-өнеге болды.
Осы алдыңғы ұрпақты жалғастырушылардың бірі Өмірбек Хаметұлы Үйсімбаев ерекше қабілетті азамат болып жетілді. Әкеден ерте қалған Өмірбекті әкесінің апасы Рақима апамыз тәрбиеледі. Апам үй шаруашылығына өте бапты, іс тігудің шебері еді. Соғыста екі ұлы мен азаматы хабарсыз кеткен ол кісі Өмірбекті барынша жақсы тәрбиеледі. Сегіз жылдық мектепті бітірген соң, Атбасарда қазақ мектеп-интернатында оқыған. Өмірбек қазақ, орыс, әлемдік классик жазушылардың әдеби кітаптарын өте көп оқыды. Кітап адамның ойлау қабілетін арттыратын, көзқарасын қалыптастыратын, білімін тереңдететін бірден-бір қасиетті асыл қазына ғой. Соны түсінген жастың кітап оның рухани азығына айналды. Ол кезде мектеп оқушыларына жазда демалыста оқитын жазушылардың әдеби кітаптарының тізімін беретін. Кітапханада кітап қоры онша көп емес. Біздер бір-бірімізбен кезекке тұрып оқитынбыз. Әрине, Өмірбекке жете алмайтынбыз. Қашан көрсең де қолынан кітабы түспейтін. Том-том кітап, құшақ-құшақ газет-журнал оқыған Өмірбек нағыз интеллектуалы жоғары, білімді, ой-өрісі терең, саналы азамат болып өсті.
Мектепті өте жақсы бітіріп, МГУ-дің физика-математика факультетіне түспекші болып Москваға барды. Емтиханнан кеш қалған талапкер арманын орындай алмай елге оралды. Әйтсе де, кейін Целиноград ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетін үздік бітірді. Әлбетте, білімнің нәтижесі еңбекте көрінеді. Алған білімін қайнаған еңбектің ортасында жүріп, жақсы істерге жұмсау үшін білік те, тәжірибе де керек-ақ. Өмірбек оның бәрінен сүрінбей өтіп, шыңдала түсті. Қандай жұмысты тапсырса да, тиянақтылық, білгірлік танытты. Ел оны бағалай білді, сенім артты.
Өзінің еңбек жолын Владимировка селосында агроном болып бастап, кейін 1976 жылдан 1980 жылға дейін «Каменка» совхозында бас агроном болып қызмет атқарды. 1980-1987 жылдары «Белград» совхозында директор болды. Ол сонда басшы болып тұрғанда, біз қыдырып бардық. Оның айтатын әңгімесі тек өзінің жүргізіп жатқан шаруасы, совхоздың жетістігі, кемшілігі, келешектегі жоспарлары туралы болды. Әңгімені қызықты етіп айтады. Мен оның шаруашылықты жете меңгеруге бар күш-жігерін жұмсай білетін нағыз басшы екендігіне көзім жетті. Інімнің осындай ой-өрісінің тереңдігіне, іскерлігіне іштей риза болып, келешегіне зор үмітпен қарап аттандым. Өмірбектің білім мен білгірлігі өз қатарынан әлдеқайда жоғары тұратын. 1987 жылы Балкашин аудандық атқару комитетінің төрағасы болды. 1992 жылы сонда әкімнің орынбасары қызметін атқарды. Бүкіл саналы ғұмырын ауыл шаруашылығын, оның ішінде егіншілік саласын дамытуға арнады. Өмірбек осы елге еңбегі сіңген ауданның құрметті азаматы.
Біз, Әлібек, Күлкен, Бота, Майра, Манар, Ерсайын, Өмір, Зипа, Базар, Шолан ауыл мектебін бітіріп, әрқайсымыз әр жаққа тарыдай шашылып, жоғарғы білім алдық. Өмірбек туыс-туғанды жақын тартып, сыйлай білетін бауырмал еді. Алыста жүрген біздерді іздеп, телефон шалып, хабарласып тұратын. Іні, қарындастары мен күйеу балаларын қадірлеп, қастерлей білетін.
Өмірбектің бойындағы үлгі алатын рухани бір қасиеті әрбір үлкен мерекеде туған-туыстарына мал сойып шақырып, үйінен дәм татқызатын. Наурыз мерекесі, құрбан айт та, әрқашан аруақтарды еске алып, ас беретін. Менің анам біздің әулеттің үлкені болды. Балкашинға барғанда осы анамды да монша жағып, ет асып, құрметтеп сыйлайтын. Өзі өте ырымшыл, бәрін ойлап барып істейтін. Әрине, оның үлкенге деген құрметінің шапағаты балаларына немерелеріне де сәуле болып жарқырай түседі. «Ата-анаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» деген ұлағатты сөз бар емес пе…
Өмірінің соңғы жылдарына дейін ауырып жүрсе де еңбектен қол үзген жоқ. Бойындағы білімі мен іскерлігі ұштаса келе, еңбек шыңына көтерді.
Әрине, Өмірбектің еңбек жолының сәтті, жемісті болуына отбасы құндылығы үлкен септігін тигізгені анық.
Балалары Азамат, Азат, Әлия, Ғалия өмірде өз орындарын тауып, үйлі-балалы болып отыр. Бәрі өздері қалаған мамандығымен еңбек етуде. Жары Қазима математика пәнінен сабақ беріп, ұлағатты ұстаз атанды. Әрдайым салмақты, сабырлы, ақырын жүріп, анық басатын жан. Қазимадан тәлім алған оқушылар «Қазима апайымыздың сабағында ең тентек деген оқушы тып-тыныш отырып сабақ тыңдайтын, оқушылар қатты сыйлап, құрметтейтін», – дейді. Бұл ол кісінің өз пәнін жетік білетіндігін және бала жанын түсініп, ұғына алатын, оқушылармен психологиялық қарым-қатынас жасай алатын тәжірибелі ұстаз екендігін көрсетеді. Қазима отбасы құндылығына өте берік, ағайын-туысты сыйлап, қастерлей білетін ардақты ана. Қашан барсақ та қошеметпен қарсы алып, шығарып салады.
Өмірбек пен Қазима өнегелі саналы ғұмыр кешті. Өмірбектің басына күн туып, ауырған кезінде Қазима ерін қабақ шытпай күтіп, аялай білді. Біз осы бір бір-біріне ғашық жандардың өзара сыйластығына, жүректерінің тазалығына куәгер болдық. Өмірбек тұңғышы Азаматын үйлендірген соң немере сүюді армандап кетті. Осы биыл ұрпағы Дінмұхаммед дүниеге келді. Міне, бұл «орнында бар оңалар» деген ұғымды білдірсе керек. Білімі мен тәжірибесін туған жерінің өркендеп, өрлеуіне арнаған Өмірбектің саналы ғұмыры ұрпағымен жалғаса береді демекпіз. Асыл азаматты еске алу, оны кейінгі ұрпаққа үлгі тұту қасиетті парызымыз. Өмірбектің отбасының шамы маздап жана берсін!
Шұға РАҚЫМБЕКҚЫЗЫ,
ұстаз, Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар