«Әр баланың өз несібесі бар» дейді көп балалы отбасының отағасы

Пенде атаулыға туған жерден ыстық, өскен ортадан қадірлі ештеңе жоқ шығар, сірә. Жастық жалынмен асқаралы биікке ұмтылып, талай-талай жоспар құрған. Арман қақпасы алдынан айқара ашылуы да мүмкін еді. Нұр-Сұлтан қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы агротехникалық университетті бітірген кезде жас маманды қолқалап шақырғандар да болды. Тіпті, Елордада ірге теуіп қалуы да мүмкін еді. Білімді жастың далада қалмайтындығы анық қой. Қазір кім білсін, жіліктің майлы басын ұстап жүруі де әбден ықтимал болатын. Күн санап өсіп келе жатқан, керегесі кеңіп, көркейіп келе жатқан Елорда тұрғыны атануды, жайлы қызметке орналасуды кім армандамас. Әйтсе де, Серік Сәтеміровтің көңілі туған жерге ауа берген. Өзінің өскен қасиетті топырағына барып бір кәдесіне жараса қанеки.

Өндіріс ауылы шоқ жұлдыздай ғана елді мекен. Жетістігі де бар, кейбір кемшілігі де бар. Туған ауылды түлету перзентінің маңдайына жазылған парыз. Несібесі де осы жерде. Кіндік қаны тамған осы топырақта тағдырлас, арман-мұраты бір, мақсат-мүддесі ортақ ауылдастарының ортасында маңдайдан терін сорғалатып, сол ақ адал еңбегімен ел мерейін үстем етсе, замандастарының құшағында маңдайы жарқырап жүрмей ме? Жоғары оқу орнын аяқтаған соң жергілікті «Қыпшақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне агроном болып орналасты. Берік білімді пайдалана отырып, жомарт жердің тілін табу агроном үшін бір бақыт. Енді-енді тәжірибе жинақтап, төселіп келе жатқанда серіктестік басшысы ауысты да, үйдегі ойды базардағы нарық бұзып кетті. Бірақ, елім деп, жерім деп туған жеріне оралған түлек алған бетінен қайта қойған жоқ. Бір кезде өзі білім алған мектепке химия және биология пәндерінің мұғалімі болып орналасты. Жары Айзере қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Қостанайдағы Ы.Алтынсарин атындағы мемлекеттік университеттің түлегі. Екі жас ел ертеңі – жас толқынға берік білім, саналы тәрбие беруге бел буып кірісті.
Талапты түлек тынбай ізденсе керек. Серік Кәрібайұлы да қабырғасымен кеңесе келе, білімін жетілдіруді ұйғарды. Көкшетаудағы Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетінің биология факультетінің сырттай бөліміне түсіп, бітіріп шықты.
Бүгінде ақыл таразысына салып безбендесе, туған ауылға оралғаны оң сапар болған екен. Шаңырағына құт ұялады. Ол құт – апыл-тапыл басып, бірін-бірі жетектеп өсіп келе жатқан алты перзенті. Бұлардың қалада емес, далада өскені дұрыс деп ойлайды жас ұстаз. Мынау көркем әлемнің бар қасиетін жас жанына сіңіріп өсетін болады. Төл басы Қайреден мен Нұриден бастауыш сыныптарда оқиды. Сүт кенжелері Айғаным екі айлық сәби.
Бас-аяғы елуге жуық отбасы түтін түтетіп отырған елді мекенде балалар бақшасы да жоқ. Бар сәби үйде. Өкініші жоқ, ең мықты тәрбие – ана тәрбиесі. Одан осы елу үйлі алтын бесік ауылдың сақталып қалғандығын айтсаңызшы. Ауыл тағдыры сөз болған сәтте Серік Кәрібайұлы ел азаматы Қайреден Кәрібаевтың өлшеусіз еңбегін аузына алмай тұра алмайды. Міне, әркім өз елін, өз ауылын дәл Қайрекеңдей көтеруге ұмтылса, жалпақ жұрт гүл жайнап кетер еді. Шағын мектепті жұмыртқадай жұтындырып жөндеген де сол кісі.
Ауылды абаттандырып, көгалдандырды. Көмекті қажет еткендердің қолтығынан демеді. Сол еңбегімен туған жерді сүйе білуге үйретті. Нәрлі сөзімен ғана емес, нәтижелі еңбегімен. Екі қолға бір күрек табыла қоймайтын, бұйығып жатқан ауылда жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрып, халыққа жұмыс тауып берді. Пайғамбар жасына келгенде өзі бас болып, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп мал шаруашылығын дамытты.
Қайраты мол қайраткердің ғибратты еңбегіне әбден разы болғаны соншалық, Серік ырымдап тұңғыш ұлына ел ағасының есімін берді. Дәл атасындай еңбекқор болсын дегені ғой. Еңбек демекші, осы бір сүттей ұйыған кішкентай ауылдан екі бірдей Социалистік Еңбек Ері шыққан. Олардың берекелі еңбек жолы мектептегі музейде сайрап тұр.
Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек ететін Серіктің білім ошағындағы шаруасы шашетектен. Әйтсе де, ауылда отырған соң қосалқы шаруашылық ұстамай тағы болмайды. Алты баланың несібесі үшін. Бала өсірдім деп бөгдеге алақан жаю, әлдеқайдан көмек күту Серік үшін мүлде жат. Әр бала өмірге келгенде өзінің несібесін ала келеді деп есептейді. Ол несібе ата-ананың еңбегіне байлаулы. Қазір қора толы қойы, әлденеше бас жылқысы, сүті бұлақтай сиырлары бар. Өзі көмек сұрамақ түгіл жұртқа қол ұшын беруге қауқары әбден жетіп жатыр.
– Осы үйімді салғанда жобасын өз қолыммен жасадым,–дейді Серік Кәрібайұлы,–ұрпақ өсірген соң кең де ыңғайлы болғаны дұрыс қой. Атам қазақтың асар деген ғұрпы бар. Ет жақын ағайын туыс қана емес, ауылдастардың бәрі тайлы тұяғымен жиналып келді. Көмекке көңілің толады әрине. Бірақ, оның ар жағындағы ынтымақтастық, тілектестік тәрізді ақ адал пейіл жүрегіңді одан әрі жылыта түседі. Бір-біріне қарайласып, жүкті бірге көтерген қандай жақсы.
Отыздан енді асқан қос ұстаз шағын ауылда құстың ұясындай жып-жылы, шарапаты мол шаңырақтарында ұрпақ өсіріп жатыр. Әзірге алты перзент. «Қазан аузы жоғары». Бір бүйірінде алты баласын аялап өсіру аясындағы ақ арман жүрсе, екінші бүйірінде туған елімнің тұғырын биіктетсем деген мақсаты бар.
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.
Суретті түсірген автор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар