Қауіп еткеннен айтамыз!

Қоғамдық көліктер індет жұқтырып алудың ошағына айналып жүрмесін

Төтенше жағдай кезінде барлық қоғамдық көліктердің жүргізушілері мен кондукторлары әр рейстің соңғы аялдамасында залалсыздандыру жұмысын жүргізулері керек. Көкшетау қаласындағы қоғамдық көліктерде бұл талап қаншалықты сақталады екен?! Мән-жайды өзіміз азын-аулақ рейд жүргізіп, бақылап көрдік.

Аты жаман індеттің салдарынан жарияланған төтенше жағдайға байланысты облыс орталығындағы қоғамдық көліктердің саны азайтылып, маршруттардың арасы ұзартылды. Ең басты талап – әр рейс сайын ең соңғы аялдамада кондукторлар жолаушылар ұстайтын тұтқалар мен ұстағыштарды, терезелердің жақтауларын арнайы антисанитарлық құралдармен сүртіп, тазартып отыруы керек. Бұл орайда, өзіміз бақылау кезінде нені байқадық? Мәселен, кейбір автобустардың жауапсыз кондукторлары ешқандай да антисанитарлық жұмыстарды жасамайды. Біреулері адамгершілік тұрғысынан келіп, өзінің және халықтың денсаулығын ойлап, жауапкершілікпен қарап, тәртіпке бағынып, тиісті шараларды дұрыс орындап жүрсе, енді бірі өзгенің денсаулығын ойламақ түгілі өзіне қауіп төніп тұрғанын сезінбей, бейқам отыра береді. Тіпті, маскалар мен қолғаптарын кимейтіндері бар. Өте қауіпті жұқпадан қорықпағандық па, әлде өз өмірін, өз балаларын ойламағаны ма?!
Кешкісін сағат 19.00 шамасында «Аққу» соңғы аялдамасына шығып, біраз автобустарды бақыладым. Антисанитарлық жұмыстарды жүргізіп жатқан кондукторлар бірен-саран. Алты автобустың біреуі ғана тәртіпке бағынып, тиісті шараларды жасады. №12 маршруттағы ескі автобустың жүргізушісі мен кондукторы темекі шегуден басқа, орындарынан да қозғалмады. Бір-екі автобусқа барып, «неге зарарсыздандырмайсыз?» деп сұрағанымда, біз әр жақтан келген соңғы аялдамада жасадық, автобус таза деп, өзіме біраз сөз қайтарды. Бұл адамдардың өз сана-сезімінің төмендігі мен жауапкершілікті сезінбеуі болар, себебі, коронавируста қауіпті болып саналатын орындардың бірі – осы қоғамдық көліктер екені рас. Осы орайда, қалалық автобус парктерінің басшыларымен сөйлесіп, пікір алдық.
«Сейнұр» автобус паркінің директоры Райхан Сейдалинаның айтуынша, төтенше жағдайдың талаптары сақталуы тиіс.
– Қазіргі уақытта біз автопарктің жүргізушілері мен кондукторларына маскалар мен қолғаптар және халықтың денсаулығы үшін көліктің ішін сүртіп, тазартып, зарарсыздандырып отыруға арналған арнайы қажетті құралдарды алып бердік. Мысалы, шелек, хлорлы сұйықтық, канистраға құйылған сулар. Наурыз мейрамы кезіндегі демалыс уақытында карантинге байланысты біздің автопарктен бес күн бойы 17 автобус жүрді. Қазір қала бойынша 23 автобусымыз таңертеңгі 07.00-ден кешкі 20.00-20.30-ға дейін ғана жүреді. Жүргізушілер мен кондукторлардың адамгершіліктеріне орай, кейбірі соңғы аялдамада зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізеді, кейбірі жүргізбейді. Бірақ, біз бақылау жасаймыз. Санитарлық тазалық жұмыстарын жасамаған адамдарға тиісті шаралар қабылдаймыз, – деді Райхан Зейноллақызы.
Ал, «Көкшетау автобус паркіне» келетін болсақ, олар 14 наурыздан бастап антисанитарлық жұмыстарды жүргізіп келеді. Жүргізушілер мен кондукторларға маскалар, қолғаптар, антисептик орнына қолданатын құрамында спирті бар құралдар, шелек, маталар берілген.
–Мынадай қауіпті дерт елімізге жетіп, қиындық тудыртып жатыр. Дегенмен, халықтан сабырлылық пен тәртіпке бағынушылықты сұраймыз. Төтенше жағдай жайдан-жай жарияланбайды. Вирус шарпып кеткен елдердің қателігін қайталамайық. Бұл өте қауіпті індет. Біздің парк автобустарды зарарсыздандыру жұмыстарын уақытылы бастады. Күнделікті тазалықтарын қадағалап отырмыз. Тұрақтан шығарда автобустардың іші-сырты таза болуын тексереміз. Антисанитарияға қажетті тиісті құралдарды алып бердік, қалғаны жүргізушілердің, кондукторлардың ар-ұяты мен жауапкершілігінде. Себебі, біз барлығын бірдей қадағалай алмаймыз. Зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілмейді деген сөздерді естіп жатырмыз, арыздар да түсуде. Фотосурет, бейнежазба секілді нақтылы айғақтар болса, біз жауапқа тартамыз. Талапты орындамағандарға айғақ болса, айыппұл салуға да қарсы емеспін. Себебі, керісінше, жауапкершілік артады. Қазіргі уақытта парктегі 70 автобустың 42-сі ғана жолаушыларды тасымалдайды. Таңертеңгі 7.30-да бірінші автобустар маршрутқа шығады, қалғандары 8.30-9.30 кезінде жұмыстарын бастайды және кешкісін 20.00-ден бастап автобустар тоқтайды. Ең соңғылары 21.00-ге дейін жүреді. Маршруттардың арасы ұлғайды, себебі, көліктер саны азайды. Қазір тұрғындардың барлығында «Инфобус» бағдарламасы бар, сол бойынша өздеріне қажетті автобустардың маршруттарын бақылауларына болады, – деді аталмыш автопарктің басшысы Әсия Шәрімова.
Автобус санының қысқартылуына байланысты жұмысшылардың жағдайы қалай болады деген сауал туындайды. Бұл орайда, парк басшысы: «қазіргі уақытта төтенше жағдайға орай, 50 адамды демалысқа жібердік. Оларға тиісті 42500 теңге жәрдемақы төленеді. Егер алда-жалда, бетін аулақ қылсын, төтенше жағдай ұзартылатын болса, демалыста отырған адамдар қазіргі жұмыс істеп жүргендердің орнына шығып, ауысады» деп сөзін түйіндеді.
Шынымен де, қазіргі уақытта біреуге жан қайғы, енді біреуге мал қайғы. Жаман айтпай жақсы жоқ. Осы кезде баршамыз қауіпті дертті ел болып еңсеруіміз керек. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дегендей, автобустарда жүргізушілер мен кондукторларды кінәлай бермей, өзіміз де өз денсаулығымызды, отбасымызды ойлап, маска тағып, қолғап киіп, карталарды арнайы касса арқылы өзіміз валидация жасап, жауапкершілікке жүгінуіміз керек. Сондықтан, коронавирустан сақтануды әркім өзінен бастағаны дұрыс.
Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар