Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерді қолдаудың арнайы топтамасы жайында сөз қозғағаннан кейін, Үкімет арнайы шешім қабылдады. Оған сәйкес, медицина қызметкерлері жұмысының қауіптілігіне қарай 3 топқа бөлінген.
Бірінші топ – реанимация бөлімдерімен қоса алғанда жұқпалы аурулар станционарларының дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Олардың жалақысына үстеме ақы айына 850 мың теңгені құрайды. Яғни, орташа айлығын қосқанда, олар айына шамамен 1 миллион теңгенің үстінде алады.
Екінші топ – провизорлық стационар мен жедел жәрдем қызметтерінің дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Олардың үстеме ақысы айына 425 мың теңге болады. Орташа айлығын қосқанда олар айына шамамен 600 мың теңге алады.
Үшінші топқа карантиндік стационар дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер, жедел жәрдем жүргізушілері және тағы басқалары кіреді. Олар айына 212 мың теңге үстеме ақыны қосқанда, шамамен 380 мың теңге алады.
Медицина қызметкерлерінің денсаулығы мен өмірін сақтандыру мәселесі де пысықталған. Олар ауырып қалған жағдайда 2 миллион теңге мөлшерінде сақтандыру төлемі беріледі. Құдай сақтасын, бірақ егер медициналық қызметкер қайтыс болған жағдайда 10 миллион теңге мөлшерінде төлем ақы беріледі. Өкінішке орай, қазіргі уақытта 100-ден астам медицина қызметкерінің қауіпті індетті жұқтырып алғаны белгілі болып отыр.