Алдағы міндеттер белгіленді

Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен кезекті әкімдік мәжілісінде көктемгі дала жұмыстарын ұйымшылдықпен жоғары деңгейде өткізу, жазғы туристік маусымға дайындықтың жайы және коронавирус індетіне қарсы вакцинациялаудың барысы талқыланып, тиісті басқармалар мен ведомстволардың басшыларына міндеттер жүктелді.

Мәжілістің алдында облыс әкімі жиналғандарға алдымен өзінің жаңадан тағайындалған орынбасары Елдос Рамазанов пен облыстық статистика департаментінің басшысы Ербол Аманбаевты таныстырды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының мәліметтеріне сүйенсек, биыл облыста 4,9 миллион гектар алқапқа тұқым себу жоспарланыпты, оның 4,5 миллион гектары астықты және бұршақты дәнді дақылдар. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 77,6 мың гектар көбірек. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің негізгі мақсаты – жерді өңдеудің жаңа технологияларын пайдалану арқылы топырақта ылғал қорын сақтап қалу. Бүгінде алқап жұмыстарына барлық техника жоғары өнімді себу кешендері де толығымен дерлік дайын.
Мәжілісте облыс әкімі жер мәселелеріне қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңыздылығын да назардан тыс қалдырмады. Жер реформасы жөніндегі комиссияның соңғы отырысында жүйелі де салмақты шешімдер қабылданғанын, олар ауыл шаруашылығы өндірісі кешені саласын дамытуға оң
әсерін тигізетінін ерекше атап өтті.
Облыстың ағымдағы жылдың төрт айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына тоқтала келе, Ермек Маржықпаев өткен жылу беру маусымын да айналып өтпеді.
– Енді келесі жылдың дайындық жұмыстарын бастаймыз. Қазіргі уақытта осал жерлерді анықтап, жұмысқа кірісіп жатырмыз. Күн жылынған сайын өрт шығу қаупі де арта түсуде. Бұған облыс тұрғындарының табиғатқа дем алуға шығып, онда от жағып, оны толық сөндірмеулері де себеп болуда. Үй маңайларын тазалағаннан кейін жиналған қоқысты сыртқа шығарып, жағу кезінде де өрт тұтанып жатыр. Осындай себептермен Көкшетауда тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған полигон өткен демалыс күндері жанып кетті. Өртті арнайы пойызды шақырту арқылы ғана тоқтата алдық, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Иван Юрченко.
Қазіргі кезеңдегі әлем бойынша жалғасып жатқан карантиндік шектеулер мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасқа қиындықтар туғызып, отандық демалыс орындарында көбінесе қазақстандықтар дем алуда.
–Жыл сайын біздің курорттық аймақты көруге қаншама туристер келуде. Олардың Бурабайдан алған әсерлері өңірдің түгелдей дамуына берілетін баға деп біліңіздер. Барлық сервис астаналық облыстың деңгейіне сай болуы тиіс, – деген облыс әкімі тиісті басқарма басшыларын осы мәселеде тәртіп пен жинақылықты қамтамасыз етуге міндеттеді.
Мәжілісте коронавирус жұқпасына қарсы вакциналау барысына, «Ashyq» жобасының жүзеге асырылуына да мән берілді. «Бұл жоба қазіргі пандемиямен күрес кезінде бизнестің жұмыс істеуіне шынымен мүмкіндік беріп отыр. Мұны кәсіпкерлер ашық түсінулері тиіс. Сонымен бірге, екпе егу науқаны туралы шынайы және толық ақпараттар көп болуы қажет» деп ескертті бұл орайда облыс әкімі.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар