Жастардың жобалары қуантады

Оқушылардың қосымша білім алуына арналған «Bolaşaq» сарайында ақмолалық жастар робототехника бағытындағы STEM-жобаларының тұсаукесерін өткізіп, өздерінің білім мен ғылымға ден қоюдағы алғырлықтарын көрсетті. Таныстырылған жобалардың ішінде адамның дене қызуын өлшеп, антисептикпен залалсыздандыруға арналған робот-құрылғы, дене сымбатына арналған құрал, «Spider-bot» және тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған «ақылды» жүйені ерекше атап өтуге болады.

Тұсаукесер рәсімі облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов жүргізіп, болашақ ғалымдарымыздың талаптары мен ынталарына ризашылығын білдірді.

Оқушы жастардың қолынан шыққан бұл роботтардың жұмысын тамашалай келе, біздің жүрек түкпірімізде бір қуаныш сезімі ұялады. Себебі, әлемдік деңгейде күн сайын дамып бара жатқан ІТ-саласындағы құрылғылар мен бағдарламаларды пайдаланып, оқушыларымыздың өздері жаңа жобаны жасай алатындығы тәуелсіз еліміздің тағы бір жетістігі мен табысы деп айтуға болады.

Балалардың ұсынған жобаларының кейбірі әлі толық аяқталып, қолданысқа енгізіле қоймаса да, тәжірибеде зерттелу үстінде екен. Солардың ішінде жоғары техникалық колледждің студенті Дәурен Төлеубайдың жобасын айтсақ, ол адамның дене қызуын өлшеп, қолын антисептикпен залалсыздандыруға арналған. Мұнда адам ешбір қол тигізбей арнайы датчиктердің көмегімен аталмыш әрекеттерді іске асыра алады. Ал, дене мүсініңді тік ұстауға арналған құрылғыны Шәкір Ағынтай есімді ізденімпаз ойлап тауыпты.

Ол: – Бұл құрылғы қашықтықтан жұмыс істейтін немесе оқитын адамдарға арналған. Себебі, қашықтықтан жұмыс істейтін адамдар көп уақыт компьютердің алдында отырып, қисая береді. Бұл омыртқа жотасының зақымдануына алып келеді. Егер адамның сымбаты түзу болса, құрылғы ешқандай әсер етпейді. Ал, егер адам бір жағына қарай қисайса немесе еңкейсе, онда құрылғы дірілдеп, арқаны дұрыс ұстау керектігін еске салады, – деді.

Қазіргі уақытта құрылғыны ойлап тапқан жас дарын оған «Қадам өлшегіш» секілді арнайы мобильдік қосымша әзірлеу үстінде екен. Бірақ, ол қадамды емес, адамның күніне неше мәрте қисайып, дұрыс отырмағандығын есептейді. Әзіргі бұл пилоттық жоба ретінде қолданылуда екен. Жоба авторы қазір оны адамдар күні бойы тағып жүретіндей етіп дайындау үстінде. Ал, бурабайлық жас ғалым Никита Шпейнингердің жасап шыққан «Spider-bot» құрылғысы фантастикалық кинолардағы механикалық өрмекші тәрізді.

Мұнда көздің орнына – веб-камера қосылады, ал өрмекші-құрылғы болса, алыстан смартфон арқылы басқарылады. Бұл робот-құрылғы зерттеу жұмыстарына арналған екен. Онымен адамның өзі баруы мүмкін емес, қиындық туғызатын орындарға жіберіп, қашықтықтан басқару арқылы зерттеу жүргізуге болады.

Жобалардың ішінде ең ерекше назар аудартқан құрылғылардың бірі –экоконтейнер. Экологиялық тазалықты алғашқы орынға қоятын Бақтияр Метаев тұрмыстық қалдықтарды қайта пайдаға жарататын «ақылды» жүйе ойлап тауыпты. Ол жасап шыққан контейнердің төрт бөлігі бар екен, онда қалдықтарды жасалған шикізатына орай іріктеп лақтыру керек. Контейнердің есіктері қимыл-қозғалыс датчиктері арқылы адам жақындаған кезде автоматты түрде ашылады.

Мұндай «ақылды» контейнерлерді автор облыстың білім беру мекемелеріне орнатпақшы. Бір ғана «Bolaşaq» сарайынан күніне шығарылатын қалдықтарды есептеген жас ғалым, оларды қайта өңдеуге тапсыру негізінде орталыққа жылына 1,6 миллион теңгеден астам пайда әкелуге болатынын айтады. Осы жерде «кім тұрмыстық қалдықтарды рет-ретімен іріктеп, әртүрлі пакетке бөлек-бөлек жинауы мүмкін.

Біздің менталитетімізге сай келмейді. Біз қалдықтардың барлығын бір ғана пакетке салып, лақтырамыз ғой» деген мәселе көтерілді. Тұсаукесер барысында жас ғалым бұл сауалға:

–Егер барлығымыз осылай ойлайтын болсақ, онда Қазақстан ешқашан алға дамымайды. Әркім өзінен бастауы керек. Меніңше, алдағы уақытта бұған да қол жеткіземіз. Сіздер қоқысты іріктеп отырмаймыз десеңіздер, қаншама қаржы желге ұшады. Қоқыстарды іріктеп, лақтыру арқылы сіздер елдің дамуына өз үлестеріңізді қосамыз деп ойлаңыздар. Осы жоба арқылы біз жас балалардың экологиялық таным-түсінігін қалыптастырамыз, –деп орынды жауап берді.

Осындай жобаларды көріп, тамашалаған соң, ақмолалық жастардың осы қадамдарына шын көңілден риза болдық. Бір кішігірім робот жасап, еліне пайда әкелемін деген балалардан алда күтер үмітіміз зор.
Кеш соңында облыстық білім басқармасының басшысы өнертапқыш жастарға Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар