Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Менің аяулы ұстаздарым - АРҚА АЖАРЫ

Менің аяулы ұстаздарым

Ұстаз дегенде ең алғаш мектепке баратын балалардың тізімі бойынша шақыра келген ағайым, әкемнің немере інісі Есқан ағай есіме түседі. Сол кез, сол күн әлі де күні кешегідей көз алдымда. Мал өрістен қайтып жатқан жаздың жаймашуақ бір әдемі кеші болатын. Анам сиыр сауып, мен жанында шарбақтан шарбаққа секіріп ойнап жүргенмін.

Осы кезде бойын тік ұстап еңселі адымдай басып, қайратты қою шашын артына сәнімен қайыра тараған, үстіне қоңыр түсті костюм шалбар киген ағайым келіп анаммен амандасып әңгімелесті. Біз ол кісіні кішкентайымыздан Бапай деп атайтынбыз. Сөздерінен естіп қалғаным Бапайым «Амантай 7-ге толды ғой, биыл мектепке баратын балалардың тізімін жазып жүрмін» – дегенін құлағым шалып қалды. Бұл 1966 жыл болатын. Қазір ойлап отырсам содан бері 55 жыл өтіпті, бірақ, бәрі күні кеше болған сияқты. Ол кездерде мұғалімдерді зиялы қауым өкілі ретінде қатты сыйлайтыны сондай, қонақта ауыл басқармасымен төрге қатар отырғызатын. Тіпті одан әріректе 40-шы әлде 50-ші жылдары мұғалім келе жатқанда көшедегі балалар бас киімін шешіп, ізет көрсететін болыпты. Қазір заман да, заман ағымына қарай адамдардың мінез-құлқы мен көзқарасы да өзгергені белгілі ғой.
Құдықағаш сегізжылдық мектебінде өзім бізді оқытқан ұстаздарды әр кез жадымда сақтап, есіме алып жүремін. Тіпті көпшілігінің берген сабақтары да әлі күнге дейін есімде қалыпты. Орыс тілі мен әдебиетінен оқытқан Клара Құсайынқызы өзіне оқушыларды өте шеберлікпен баулып алатын. Пушкиннің, Лермонтовтың, тағы басқаларының әңгімелерін, поэмаларын мәнерлеп оқығанда, класта тып-тыныш болып ұйып қалатынбыз. Ол сонымен қатар, әнді де жақсы айтатын, тәп-тәуір даусы бар еді, оқулықта кездесетін өлеңдердің әндерін өзі айтып үйрететін, олар негізінен патриоттық әндер болатын.
Ұлы Отан соғысының ардагері Сәдуақас мұғалім тарихтан соғыс тақырыбын өткенде сол соғыстың ішінде өзіміз жүргендей болатынбыз, тіпті кино көріп отырғандай көз алдымызға елестетіп, әсерленетінбіз. Сәдуақас мұғалім тек кітаппен ғана шектелмей сабақты өмірмен байланыстыра жүргізетін, соған байланысты оқушылар да өмір ағымымен бірге жүрді. Математикадан беретін Әбушахман ағайдың талабы өте күшті болды, соған байланысты оқушыларды қатаң тәртіппен ұстап оқытқаны сондай, сабақ уақытында масаның ызыңы ғана естіліп тұратын. Өзі мектеп директоры лауазымын қоса атқарды, тіпті қоңырау кезінде дәлізге шыға қалғанда у-шу болып ойнап жүрген балалар тұрған орнында қатып қалатын. Ал, класс жетекшіміз Рахима апай сынып сағатын әсерлі өткізетін. Оның эстетикалық талғаммен киетін киімі өзіне қонып жарасып тұратын, сөйлегенде даусы жұмсақ, биязы әрі мәдениетті сөйлейтін. Үстелге қолын тіреп тұрғанда бас бармағы доғалана иілетіні сондай, буыны жоқ па деп қалатынбыз, тәрбие сағаты біткенше бар бала қолын бағып тамашалап отыратынбыз.
Қыздар Рахима апай сияқты шебер боламыз деп бармақтарын майыстырып әуре болатын, сол күйі сынып жетекшімізге еліктеп бой түзеп өсті. Ал, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген Жәмеш мұғалім өзінің сыпайылығымен ерекшеленетін, үсті басына өте ұқыпты қарап бір қылау түсірмейтін, киімді жыл мезгіліне, ауа райына қарай талғаммен киініп ауыстырып киетін, әдебиеттен сабақ бергендікі ме екен маған Жәмеш мұғалім баяғының сар-серілері сияқты көрінетін. Домбыра, баян, мандолинде ойнап ән салатын, даусы да өте жоғары еді, сонымен қатар, күз, қыс айларында саятшылық құрып, аңға шығып, қанжығасы майланып қайтатынына талай куә болғанбыз. Кезінде осы кісі жауынгер-сазгер Рамазан Елебаевтың «Жас қазақ» әнін Алматы, Мәскеуде шырқағанын есіне алып, айтып отыратын. Аудандық, облыстық газеттердің штаттан тыс тілшісі болып өзекті мәселелер, өлең, поэмалар жазды, зейнеткерлікке шыққаннан кейін өзі шығарған өлеңдерін жинақ қылып шығарды. Мен әсіресе осы Жәмеш мұғалімге еліктеп өстім. Сол кездегі педагогикалық ұжымның моральдық-психологиялық ахуалы кісі сүйсінерліктей болды десем артық айтқандық болмас.
Кейін өзім мектепке мұғалім болып орналасқанда өзімізді оқытқан осы ұстаздарымыз баласындай көріп, ақыл-кеңестерін айтып, үйретуден жалыққан емес, сөйтіп, қызығы мен шыжығы мол ұстаздық жолға баулып, бір ізге түсірген ұстаздарымның алдында мәңгілік қарыздармын. Сол ұстаздарымның бәрі дерлік бақилық болды. Өмір – дария, дүние – кең сарай, ішінде бізде бар, бәріміз көшкен керуен екеніміз рас емес пе?! Адамның ғұмыры «қамшының сабындай» ғана деп айтып кеткен бабаларымыз неткен кемеңгер еді, кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған сияқты едік, енді міне, өзіміз де зейнеткерлік жасқа таяп қалдық. Қазір қарап отырсам, мектепте мұғалімдер ұжымының бір ұрпағы толықтай дерлік өзгерді, бұрынғы ұстаздардың орнын жаңа толқын басты. Бүгінгі күні білім беру саласында еңбек етіп жүрген әріптестерімді, барша ұстаздар қауымын Мұғалім күнімен құттықтай отырып, еңбектеріне шығармашылық табыс, жанұяларына бақыт тілеймін.
Амантай БЕЙСЕКЕЕВ.
Біржан сал ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар