Тәуелсіз ел өнері мен мәдениетінің жұлдызы жанған бір сәт

Биылғы жылдың мамыр айында мәдениет және өнер қызметкерлерінің басын қосқан «Рухани қазына» республикалық фестивалінде Мәдениет және спорт министрлігі Көкшетауды 2021 жылғы Қазақстанның мәдени астанасы деп жариялаған болатын. Бұл шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоқты Райымқұлованың өзі қатысып, Көкшетаудың мәдени астанасының символдық белгісін өз қолымен тапсырып кеткен-ді.

Ежелден ән мен жырдың алтын бесігі атанған, рухани әлемімізге өнер алыптары мәңгі өлмес ғажайып мұраларын қалдырған Көкшетау топырағы шынында да өміршең өнер мен мәйекті мәдениеттің нұр шуағы шашылатын астанасы болуға әбден лайықты. Жағымды жаңалықты естіген барша көкшетаулықтар мен ақмолалықтардың бойына таңғы шықтай мөлдіреген рухани нәр құйылып, айрықша әдемі сезімге бөленгендері де шындық. Рухани астана болу, көш бастау, ұлы істердің ұйытқысы болу зор жауапкершілік жүктейтіні де белгілі. Ежелгі Қараөткел мен киелі Көкшетаудың құт қонған даласын мекендеген облыс тұрғындарының өздеріне жүктелген міндетті жете түсініп, талап-деңгейінен табылуға ұмтылары да даусыз.

Еліміздегі аймақтық мәдениет басқармаларымен бірлесе отырып, барлық жұмысты үйлестіру үшін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының жанынан арнайы штаб құрылды. Облыс әкімдігімен бірлесе отырып 500 іс-шараны қамтитын «Қазақстанның мәдени астанасы» жоспарын жүзеге асырудың Жол картасы жасалып, сол бойынша қызықты да маңызды шаралар өтіп жатыр.

Барлық аймақтардың өнеріне өріс ашып, мәдениет мәйегі жарқырай көрінетін, замандастарымызға рухани нәр беріп, көңіл көкжиегін кеңейтіп, еңселерін биіктететін іс-шаралар республикалық жоспармен үндес түзілді. Жыл бойы қасиетті Көкше төрінде музей, кітапхана, театр, қызғылықты концерттер мен мәдени-көпшілік шаралар өткізілуде. Туған жердің топырағында ұлтымызбен сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан ұлы өнердің ұлағатын ұғып, жарқын заманның, тәуелсіздік алғаннан бергі жасампаз кезеңнің жақсылығын меңзейтін қыруар дүние тоғысып, мәңгілік шамшырақтай сәулесін төгуде.

Көкшетаулықтар мен қала қонақтары дәл мұндай мәдениет пен өнер саласындағы тоғысуды бұрын-соңды көрмеген де болар. Әр күн сайын мазмұнды да мәнді, әрқилы форматтағы шаралар үзбей өткізілуде. Мәселен, фестиваль, концерт, семинар, тренинг, тимбилдинг және дөңгелек үстелдер аса қызықты жағдайда өтіп жатыр. Бұл шаралардың әрқайсысы тыңдарман мен көрерменнің көкірегіне қуаныш қана емес, айрықша сүйсініс, шаттық сезім сыйлауда. Олай болатындығы, Көкшетауға еліміздің түкпір-түкпірінен шеберліктері әбден шыңдалған, тәжірибелері барынша толысқан белгілі өнер ұжымдары, ұлы өнер көшін өрге сүйрейтін тұлғалар келуде.

Ежелден қонақжай Көкше әдемі себеппен, рухани әлемімізді әрлеуге келген мәдениет және өнер саласының өкілдерін құшақ жая қарсы алып, қолайлы жағдай туғызуда. Олардың ала келген сыбағалы дүниелерін жан-жақты етіп көрсетуге барынша мүмкіндік туғызылуда. Есесіне көзі қарақты көрермен ел тарихынан тылсым сыр шертетін сан алуан көрмелермен танысып, рухани қазынаның рух көтеретін, жігер жанып, қайратыңды еселейтін қазынасымен етене танысып, кемелдену үстінде.

Үлгісі өнеге, тәлімі тағылымды шараның бірі ретінде Алаштың айтулы перзенті Қажымұқан Мұңайтпасовтың туғанына 150 жыл толуына орайластырылған аймақтық фольклорлық фестивальді айта кетуге болады. Жалпақ әлемнің жауырынын жерге тигізген, қазақтың атын әлемге шығарған палуанның өр тұлғасын тағы бір жете танып, тұла бойындағы өміршең өнердің қуатын жан-жүректерімен сезінген бүгінгі ұрпақ алған тәрбие қандай ғажап?! Көкшенің киелі жерлері, қасиетті топырағы да алыстан ат арылтып жеткен өнер мен мәдениеттің майталмандарының назарынан тыс қалған жоқ. Әр төбесі, әр белесі жанға жағымды аңыздың әуенімен тербететін біздің өңірде ел назарын өзіне аударатын, кейінгі ұрпақты елдік пен ерлікке, ұлтжандылыққа тәрбиелейтін орын аз еместігі көпшілікке әбден мәлім.

Бурабай баурайындағы Абылай хан алаңында Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақмола облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласының үздік фольклорлық ұжымдары мен жеке орындаушылары бас қосты. Абылай алаңы тәуелсіз елдің бүгінгі ұрпағының асқақ салған әсерлі әндерімен тербеліп тұрды. Елдікті жырлаған, елдікті насихаттаған, бірлікті бекемдеуге шақырған құдіретті ән Бурабайдың биігінен ұшып шығып, ұшқан құстың қанатын, жүгірген аңның тұяғын тоздыратын барша қазақ даласына тарап жатқандай болды.

Шығармашылық ұжымдар үшін Щучье-Бурабай курортты аймағына экскурсиялар ұйымдастырылды. Бұл сапарлардың барысында туған өлкенің тарихы баяндалып, Бурабайдың бай тарихының тылсым сырлары шертілді. Фестивальге қатысушылар әсем табиғаттың аясында демалумен қатар, шеберліктерін де шыңдады. Бір-бірін шығармашылық жағынан толықтырып, өнерді ұштауға, тәжірибе алмасуға мол мүмкіндік алды. «Фольклорлық аспаптар мен аранжировка негіздері» деп аталатын семинар-тренингке қатысты. Оны Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, «Сарыарқа» фольклорлық ансамблінің жетекшісі Тоғжан Жахин ұйымдастырды.

Өнерлі өлкенің өрісіне қадам басып, рухани әлемнің құдіретімен еңселері биіктеген экскурсияға қатысушыларға ашық аспан астындағы «Ботай-Бурабай» музейі көрсетілді. Музейдегі құнды жәдігерлер кез-келген көзі ашық, көкірегі ояу көрерменге ой салары анық. Осы жерде «Музей – тарихтың сақталатын орталығы және насихат ошағы» деп аталатын дөңгелек үстел өткізілді.

Облыс орталығындағы тарихи-өлкетану музейінде «Тәуелсіздік туын биік көтерген Абылай хан», «Ұлы дала жауһары», «Алты Алаштың Жамбылы», «Құт қонған Қостанай» тәрізді көрмелерді Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Атырау және Алматы музейлері дайындап, талғампаз көрерменнің назарына ұсынды.

Көкшетаулықтар мен қала қонақтары үшін «Астана Балет» театрының гастролі мен Ақан сері атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының «Бір шаңырақтың астында» концерттік бағдарламасы нағыз сый болды. Назымбек Молдахметов атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің «Думанды Тобыл» және Арқалық жасөспірімдер қазақ театрының «Мәңгүрт» драмасы шоқтығы биік шығармалар ретінде оңынан орайластырылған рухани олжа болғандығы даусыз еді.

Театр өнерін бағалап, рухани нәр алатын көрермендердің бұл күндері Қазақстанның мәдени астанасы Көкшетау қаласында өткен екі бірдей ғажайып шаралардың куәсі болды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының 25 жылдығына орай ұйымдастырылған ІІІ аймақтық фестивалінің шеңберінде Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Петропавл қазақ театрларының қойылымдарын тамашаласа, «ТеART-Көкше» халықаралық ІІІ фестивалі аясындағы Қазақстан, Ресей Федерациясы, Қырғызстанның 11 театрының өміршең өнеріне тәнті болды.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік қазақ академиялық музыкалық- драма театры ұжымының қазан айының 9-ы күні Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармониясында «Күй – керуен, ән – әлем» бағдарламасын көріп, ұлы өнердің мәңгілік аспанында шұғыласын шашқан шамшырақ өнердің шапағатына бөленді.

«Көкшетау – Қазақстанның мәдени астанасы» бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылған әрбір шараның көрермендері де әралуан. Мектеп оқушылары мен студент жастар, зиялы қауым мен еңбек адамдары, ардагерлер тегіс қамтылды.

«Дәстүрлі әншілер» орталығын ашуға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ақындар мектебінің асқаралы биігі де назарда. Экскурсоводтардың республикалық байқауы өткізілмекші. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының қилы-қилы тағдырын, зұлмат жылдардың запыранын, Алаш тарихындағы ақтаңдақтарды ашып көрсететін зал жабдықталып, көрме де ашылмақшы. Алдағы уақытта ақмолалықтарды «Тәуелсіздіктің 30 жұлдызды күні» тосып тұр. Бұл күн де жаңа жобалар мен қызғылықты бағдарламаларға толы болады. Ұлт өнерінің ұйытқысы болған, сәтімен сабақталған осы шаралар мәңгілікке бет алған азат, еркін жұрттың есінде сақталары сөзсіз.

Айна МЫСЫРӘЛІМОВА,
Ақмола облысы әкімінің орынбасары

Әр күн сайын мазмұнды да мәнді, әрқилы форматтағы шаралар үзбей өткізілуде. Көкшетауға еліміздің түкпір-түкпірінен шеберліктері әбден шыңдалған, тәжірибелері барынша толысқан белгілі өнер ұжымдары, ұлы өнер көшін өрге сүйрейтін тұлғалар келуде.
***
Алаштың біртуар перзенті Қажымұқан Мұңайтпасовтың туғанына 150 жыл толуына орайластырылған аймақтық фольклорлық фестиваль болып өтті. Қазақтың атын әлемге шығарған палуанның өр тұлғасын тағы бір жете танып, тұла бойындағы өміршең өнердің қуатын жан-жүректерімен сезінген бүгінгі ұрпақ алған тәрбие қандай ғажап?!
***
Бурабайдағы Абылай хан алаңында Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақмола облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласының үздік фольклорлық ұжымдары мен жеке орындаушылары бас қосты. Абылай алаңы тәуелсіз елдің бүгінгі ұрпағының асқақ салған әсерлі әндерімен тербеліп тұрды.
***
Шығармашылық ұжымдар үшін Щучье-Бурабай курортты аймағына экскурсиялар ұйымдастырылды. Бұл сапарлардың барысында туған өлкенің тарихы баяндалып, Бурабайдың бай тарихының тылсым сырлары шертілді.
***
Көкшетау қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Тәуелсіздік туын биік көтерген Абылай хан», «Ұлы дала жауһары», «Алты Алаштың Жамбылы», «Құт қонған Қостанай» тәрізді көрмелерді Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Атырау және Алматы музейлері дайындап, талғампаз көрерменнің назарына ұсынды.
***
Көкшетаулықтар мен қала қонақтары үшін «Астана Балет» театрының гастролі мен Ақан сері атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының «Бір шаңырақтың астында» концерттік бағдарламасы нағыз сый болды.
***
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрының 25 жылдығына орай ұйымдастырылған ІІІ аймақтық фестивалінің шеңберінде Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Петропавл қазақ театрларының қойылымдарын тамашалады.
***
«ТеART-Көкше» халықаралық ІІІ фестивалі аясындағы Қазақстан, Ресей Федерациясы, Қырғызстанның 11 театрының өміршең өнеріне тәнті болды. Нұр-Сұлтан қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік қазақ академиялық музыкалық драма театры ұжымының қазан айының 9-ы күні Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармониясында «Күй – керуен, ән – әлем» бағдарламасын көріп, ұлы өнердің мәңгілік аспанында шұғыласын шашқан шамшырақ өнердің шапағатына бөленді.
***
«Көкшетау – Қазақстанның мәдени астанасы» бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылған әрбір шараның көрермендері де әралуан. Мектеп оқушылары мен студент жастар, зиялы қауым мен еңбек адамдары, ардагерлер тегіс қамтылды.

 250 total views,  2 Views Today

By admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Өзге де жаңалықтар