Ғасырдан асқан жолы бар сала

Қазақстан Республикасында 2011 жылдан бері 8 қараша – статистика саласы мамандарының кәсіби мерекесі ретінде аталып өтуде. Еліміздегі айтулы датаның тарихы 1920 жылғы 8 қарашадан басталатынын ескерсек, биыл статистика саласына 101 жыл толып отыр. Жалпы статистика саласы Үкімет үшін ғана емес, қоғам үшін де аса маңызды екені белгілі.

Статистика кез-келген ғылым сияқты, адамдардың практикалық қажеттіліктерінен туындайды. Ежелгі әлемде салық жинау кезінде әскери қызмет және басқа да әлеуметтік мақсаттар үшін халықты есепке алу, оны орналастыру, кәсіп түрі қажет болды. Қазақстан статистикасының тарихы тым тереңде. Қазақ хандығы туралы статистикалық мәліметтерге тарихи дәлелдер бар: оның құрылуының басында 1459 жылы Шу және Талас өзендерінің бойында, қазіргі Жамбыл облысының аумағында халық саны 200 мың адамды құраса, XV ғасырдың аяғында 1 миллионға жетті деген деректер кездеседі. Қазіргі Қазақстан аумағында статистикалық қызметтің пайда болуы XVIII ғасырдың екінші жартысына сәйкес келеді. Мемлекеттік статистиканың қалыптасуының алғашқы жылдарында кәсіпорындардың есебі мен есептілігіне ерекше назар аударылды. Санақ, зерттеу және басқа да жұмыстардың нәтижесінде республиканың халық шаруашылығын қалпына келтіру мен одан әрі дамытудың бірінші кезектегі міндеттерін шешу үшін қажетті экономиканың жай-күйін сипаттайтын статистикалық деректер жиналды.
Бүгінгі таңда Қазақстанның статистика жүйесі халықаралық стандарттарға сәйкес келеді, ол пайдаланушылар үшін барынша жетілдірілген, ашық және қолжетімді болып отыр. Атап айтқанда, деректерді жинау және өңдеу процестерін автоматтандыру мақсатында «е-Статистика» интеграцияланған ақпараттық жүйесінің жобасын іске асыру шеңберінде респонденттерге статистикалық есептілік нысандарын электрондық түрде,
on-line режимінде тапсыру мүмкіндігі берілді, облыстың ауылдық (селолық) округтерінде әр шаруашылық бойынша есепке алу кітаптарын электрондық түрде жүргізу бойынша бағдарламалық қамтамасыз ету енгізілді. Халықаралық әдістерді іріктеп зерттеу әдісін кеңінен бақылау енгізілуде. Мысалы, ішінара зерттеулер арқылы халықтың өмір сүру деңгейі, халықтың жұмыспен қамтылуы және жұмыссыздық, шаруа (фермер) қожалықтары мен жеке кәсіпкерлердің қызметі, дәнді дақылдардың өнімділігі және тағы басқа салалар мен мәселелер қадағаланады.
Ақмола облысының статистика департаменті Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігі Ұлттық статистика бюросының аумақтық органы болып табылады. Аса маңызды міндеттердің бірі өңірдің және республиканың мемлекеттік органдарын, іскер топтары мен жұртшылығын Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы статистикалық ақпаратпен қамтамасыз ету, облыс аумағында статистикалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын бақылау және қадағалау жөніндегі функцияларды жүзеге асыру болып табылады.
Облыстық статистика департаменті деңгейінде қалыптасатын статистикалық ақпарат деректері кең ауқымды сұранысқа ие. Ол облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын талдау, шешімдер қабылдау және тағы басқалары үшін қажет. Жыл сайын департамент 260-қа жуық бюллетень, 190 жедел ақпарат, 17 жинақ дайындайды, ай сайын облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы журналдар шығарады.
Бүгінгі күні статистика департаментінде 9 салалық басқарма жұмыс істейді. Олар өнеркәсіп және қоршаған орта статистикасы, құрылыс және инвестициялар, ауыл шаруашылығы, еңбек және тұрмыс деңгейі, баға, сауда және қызмет көрсету, кәсіпорындардың қаржысы, әлеуметтік және демографиялық статистика, тіркелімдер басқармасы. Жалпы, өңірімізде 17 аудандық және 1 қалалық статистика басқармалары бар.
Бүгінгі таңда облыстың мемлекеттік статистика органдарында 120-дан астам адам еңбек етеді. Ұзақ жылдар бойы статистика департаментінде тындырымды істерімен көрініп жүрген Шұға Жаманова, Айгүл Ысқақова, Тоғжан Әлібекова, Жанна Сағындықова, Мәриям Балтабаева, Майра Төлебаева, Анаргүл Мақыжанова, Айтжан Ибышева, Мәдина Тушанова, Фарида Исланова, Ләззат Тұружанова, Ақжан Әбділманова, Қуаныш Смағұлов, Лариса Кортункова және Күлшә Тастемірова, Бибігүл Кибалдина және тағы басқа қызметкерлерге дән ризамыз. Ұжымда өз жұмысының жоғары сапалы нәтижесіне мүдделілік, жауапкершілік және құзыреттілік тән көптеген жас мамандар да жұмыс істейді. Атап айтқанда, Дархан Тоқтамысов, Әсел Өмірзақова, Санат Қахабаев, Серік Қасымов сияқты өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын көптеген мақтаулы мамандарымыз бар.
Саламызда еңбек ететін әйелдер қауымы көп. Бұл заңды да. Әдетте, олар өз ісіне асқан ұқыптылықпен, табандылықпен және жұмысты соңына дейін тиянақтылықпен орындауға, ұсақ-түйектерді, бүге-шүгесіне дейін қадағалауға, кез-келген міндетті асқан бір төзімділікпен орындай білуге әдеттенген.
Жалпы, адамды абзал атына сай ететін оның еңбекқорлығы мен көркем мінезі ғой. Біз қашанда аға буынды өзімізге өнеге тұтамыз. Осы орайда, өңіріміздің статистика саласына еңбегі сіңген ардагерлерімізге алғысымыз шексіз. Ондай ақылшы аға буынның қатарында Жеңіс Букин, Гүлнәзия Сейдахметова, Алтын Қасымова, Еркін Көкенова, Алтынай Қазыбаева, Наталья Авдеева, Наталья Шевченко, Любовь Локштейн, Гүлнәр Төлешова, Тамара Барбанова, Замария Жакеева, Ирина Шалашун, Светлана Козлова, Галина Мягкова және тағы басқаларының есімдерін әрдайым құрметпен атаймыз. Әрі осы салаға сіңірген еңбектері үшін алғыс айтамыз. Департамент сала ардагерлеріне барынша көңіл бөліп, оларға материалдық көмек көрсетуге және атаулы күндер мен қарттар айлығы аясында кездесулер ұйымдастыруға қашан болсын ынталы.
Статистика органдары өз қызметінде күнделікті статистикалық жұмыстардан тыс әрбір 10 жыл сайын Ұлттық халық санағын жүргізеді. Халық санағы – бұл елдегі барлық адамдарға, белгілі бір уақытқа қатысты демографиялық, экономикалық және әлеуметтік деректерді жинаудың, жинақтаудың, талдаудың және жариялаудың бірыңғай процесі болып саналады. Санақтың мақсаты біз қанша екенімізді және қандай екенімізді білу, халықтың құрамы мен өмір сүру жағдайлары туралы ақпаратты жинақтау және алдыңғы санақтан бері болған өзгерістерді бағалау болып табылады. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанда 2 рет Ұлттық халық санағы өткізілді. Оның біріншісі 1999 жылы, екіншісі 2009 жылы өтті. Ал, былтыр пандемияға байланысты кейінге қалдырылған үшінші Ұлттық халық санағы жақында, 2021 жылғы 1 қыркүйектен 30 қазанға дейін өтті. 8 қарашаға дейін осы санақ деректерін нақтылау үшін тиісті жұмыстар жүзеге асырылады. Бұл шара барлық деректердің дұрыс толтырылғанына көз жеткізуге және сауалнамалар кезінде жіберілген қателерді анықтауға мүмкіндік береді. Қателер жойылғаннан кейін Ұлттық статистика бюросы 2021 жылғы Ұлттық халық санағының нәтижелерін жариялайды.
Құрметті статистика саласының ардагерлері мен қызметкерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтап, әрқайсыңыздың отбасыңызға амандық, дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Еліміздің маңызды бір жұмыс буыны – статистика саласында атқарып жатқан еңбектеріңізге алғысымыз шексіз. Алдағы уақытта да ел мүддесі жолында бірлесе еңбек ете беретінімізге сенім мол!
Ербол АМАМБАЕВ,
Ақмола облыстық статистика департаментінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар