Жақсылардың жалғасымын деп келемін

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді дана халқымыз. Өмірде біреуден ілгері, біреуден кейін жүрсем де, азаматтық жолымнан жаңылмай, жұрттың көзіне тіке қарап келе жатқаным, ата-анамның тәрбиесі мен көрсеткен өнегесінің нәтижесі шығар деп ой түйетін кездерім көп.

Әкем – асқар тауым

Әкем Бекбай Әділжанұлы терең ойлы, жасынан адамдық абыройын сақтаған, ел ішінде еңсесі биік, беделді кісі болған екен. «Келместің кемесіне мініп» кеткеніне алпыс жылдан асса да, ауылдастары, дос-жарандары, туған-туысқандары оны «Сегіз қырлы, бір сырлы азамат еді» деп еске алып отырады.

Бала кезімде жетім қалып, әкесіз өскендіктен бе, мен үшін бұл күнде оны еске алудың өзі ауыр тиеді. Отбасында баланың үлкені болып, тірлік тауқыметін ерте тартқандықтан, кейде әкемнің жоқтығына еңіреп жылаған сәттерім де жадымда.

Әкем Ұлы Отан соғысына қатысып, ауыр жараланып, әскери медициналық комиссияның шешімімен елге оралған екен. Менің есімімді майдандас жолдасы Есләм ағаның құрметіне қойыпты. Ол менің кіндік әкем еді. Соғыстан мүгедек болып оралған соң учаскелік милиционер болып қызмет еткен.

Әкем 1940 жылы 9 ақпанда әскерге шақырылып, фин соғысына қатысқан. Бір хатында фотосуретін салыпты. Оның сыртында әкемнің қолымен латынша жазылған мынадай деректер бар: «Оң қолдарын ұстасып тұрғандар – Әділжанов Бекбай және Аужанов Байділда. Сол жағында – оң қолында үлкен қол сағаты бар Байылов Болтим».

Кейін мен Болтим ағаның ұлымен әңгімелестім. Ол: «Әкем өткен ғасырдың 60-шы жылдары сіздің әкеңізді іздестірді. Бекбайға берешегім бар еді. Берешекті беріп құтылу керек дейтін. Сұрап білсем, соғыста фин мергені атқан оқтан әкем екі рет жарақат алған екен. Сонда сіздің әкеңіз менің әкеме көмектесіп, өмірін сақтап қалуға себепші болыпты. Ағып жатқан қанын тоқтатып, шаңғыға жатқызып сүйреп әкелген. Сол себептен, әкем сіздің әкеңізді тауып алып, рахметін жеткізуін парызым деп өтті», – деді.

Әкем салиқалы, салмақты, сабырлы қалпынан танбайтын еді. Сол мінезінен ұққаным – кімге болсын басқа түскен ауыртпалықты көтере білетін күш-қуат, қажыр-қайрат керек екені. 18 жылдан астам уақыт ұжымшарда жұмыс істепті. 1942–1943 жылдары бұрынғы Қызылту ауданының «Балға» ұжымшарының төрағасы қызметін атқарған. 1947 жылы кеңес өкіметінің 30 жылдық тойына орай, Мәскеу қаласында өткізілген Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысқан.

Әкем арнаулы білімсіз, мамандықсыз келешектің бұлдыр екенін түсініп, 1950-1953 жылдары Петропавл қаласындағы орта арнаулы ауыл шаруашылығы мектебінде оқып, «кіші агроном» мамандығын алған. Тың игеру басталып, ұжымшарлар таратылып, олардың орнына кеңшарлар құрылған кез. Әкем де тыңгер атанып, 1957 жылы «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталыпты.

Әкем ауылда бөлімше агрономы болып қызмет атқарған уақытында қасынан қалмайтынмын. Салт атпен егістікті аралауға шығатынбыз. Маған әңгіме айтатын. Соғыс жылдарынан сыр шертуін сұрағанымда кейбір жайттарды жұқалап қана айтып беретін. Шамасы, баласының жан дүниесін жараламайын дегені болар. Ал, даладағы өсімдіктерді егжей-тегжейлі таныстырып, әжептәуір әңгімелеуші еді. Шөптердің қасиетін, пайдасы мен жағымсыз жақтарын түсіндіріп беретін. Мен сондайда «Әке, мен де сен сияқты агроном боламын», – дейтінмін. Әкем: «Әрине, боласың. Тек ол үшін жақсы оқу керек. Ал, егер білімің таяз, мінезің қыңыр, өзің жалқау болсаң, ешкімге керексіз болып қаласың», – деуші еді. Өзі де жоғары білім алғысы келетіндігін айтатын. Әттең, ол мақсатына жете алмай кетті.

…Менің өмірдегі шырағым болған жан әке, сен кімнен кем едің? Сенің қанағатшылдығың сияқты асыл қасиет те көп пенденің маңдайына бұйыра бермеген. Тым қанағатшыл, бауырмал, көпшіл болдың. Өзімнен басқаның да шырағы жансын деп тіледің. Осы сөздердің бәрін өзіңді жақсы білген ағалардың аузынан талай естігенмін. Естіп тұрып, «тағы да айта түссе екен» деп тілейтінмін. Сондай сәттерде ерекше бір марқайып қалушы едім.
Өткенде түс көрдім, әке! Басын ақ қар басқан биік шыңға қарай өрлеп келемін. Өрлеген сайын жел қатты соғып кетеді. Қия таста отырып, сонау етекке көз салып едім, көзіңді көлегейлеп қарап тұрған сені көрдім. Қолыңды сермеп, тағы да ұш, биіктей түс деп тұрсың. Қолыңды сермеген сайын бойыма қуат дарып, шыңға қарай өрлей түстім. Бір кезде шыңның басына да шықтым. Сен екі қолыңды жайып бата беріп жатырсың… Сол сәтте оянып кеттім.

Балалық шақ, бал дәурен күндерім алыстағы Талдысай өзенінің бойында, ата-баба қонысы – Жамбыл ауылында өтті. Мен ол кезді сағына еске аламын. Әке, міне, көз алдыма тағы да елестедің.

«Балам, сен біреу өзіңді мақтады екен деп, көкірек керуші болма. Адамға талантты құдай береді, оны әрі қарай дамыту – пенденің өз қолында. Толдым деген адам төгіледі, болдым деген адам шашылады. Осыдан абай бол!» деген сөзің есіме түсті. Осы сөзің менің санамда мәңгілікке жатталып қалған. Қайда жүрсем де, қандай қызмет атқарсам да, ойымнан шықпай, өшпес өсиет болып жаңғырып тұрады…

Әкем соғыс жылдарында әртүрлі жағдайларға байланысты бір-бірінен көз жазып қалған анасын, бауырлары мен туыстарын іздеп тауып, бәрін ауылға жинағанын да оның адамгершілік қасиеті деп білемін.
Кейде үлкендер менің кімнің баласы екенімді білген соң, кәдімгідей күрсініп, маған жақсы ниет, жылы жүзбен қараушы еді. Қанға сіңген әдетпен дабыраны, артық сөйлеуді ұнатпағанын, нені болсын ісімен көрсететінін талай қариядан естідім. «Сөзге шешен еді. Бірақ, қатты сөзбен біреуді ренжіткенін көрген жоқпыз» дейтін. Әкем жұрттан бөлектенбей, қарапайым қоңыр ғана күй кешіп өткен екен.

Бірде, шамасы, он жаста болармын, ойынға шақыру үшін бала досымды іздеп үйіне бардым. Сыртта отырған үлкен кісілерге қолымды ұсынып сәлем бердім. Араларында мен танымайтын шоқша сақалды ата болды. Сәлемімді алған соң, қасындағы кісіден: «Бұл кімнің баласы?», – деп сұрады. Бір аға: «Бекбайдың үлкен ұлы ғой» деп жауап берді. Сосын әлгі ата: «Балақай, бері қарай келші» деп мені өзіне шақырды. Қасына барғанымда анам мен бауырларым туралы сұрады. Содан соң құшақтап, маңдайымнан сүйді де: «Әкеңе тартқан азамат бол! Әкеңнің атына кір келтірме!»,– деді. Сәл үнсіз қалып: «Әкең менің басыма іс түскенде жауапкершілікті өзіне алып, маған үлкен жақсылық жасап еді. Оны ұмытуға болмайды», – деді күрсініп.

Ол кісі соғыстан соңғы ауыр кезеңде жұмыс атын алып, ұжымшардың шаруасын атқарған екен. Бір күні шаршаған соң арбаға жегулі атын босатып, аяғын тұсап, жайылымға қоя береді де өзі бір кішкене дем алмақшы болады. Содан қатты ұйқыға кетеді. Ештеңені естімей, ұйқысы қанған соң бір-ақ тұрады. Атын іздеп шықса, оны қасқырлар жарып, жеп кеткен екен. Болған оқиға елге тарап, әлгі кісіден жауап алып, мемлекетке зиян келтіргені үшін үстінен қылмыстық іс қозғайды. Сол тұста шаруашылықта қызмет істейтін әкем ретін тауып, шоқша сақалды атаны аман алып қалыпты. «Жақсылық жерде қалмайды, иман отқа жанбайды» деген осы.

Әкемнің шежіре кеудесінің шуағына шомылған менің бұла күндерім – ғұмырымдағы ұмытылмас сәттерім. Аялы алақанымен маңдайымнан сипағанында тұла бойыма тәңірдің мейірім шуағындай нұр тарайтын.
«Асқар тау алыстаған сайын биіктейді». Әкеміз бізден алыстаған сайын нұрлы бейнесі асқақтай түскендей.

Анам – алтын діңгегім

Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда тірі пенденің көрмейтіні де, көнбейтіні де жоқ. Қалтарыс-бұлтарысы көп тайғақ тағдырдың сынағына шыдамай, тіршіліктен түңіліп, боркемік болып жатқандар қаншама? Тіпті он екі мүшесі сау адамдар да басына сәл қиындық түссе, өмірден күдер үзіп жатады. Ал мүмкіндігі шектеулі болса да жанын аяздай қаритын қайғысын жеңіп, жасып қалған арманын жасаң тартқызып жүргендер де жетерлік. Сондай жанның бірі – отбасылық өмірін қадір тұтып, арман-мақсаттарының талай биік белестерін бағындырған менің анам.

Шешем Күлбағисаның төрт сыныптық қана білімі болды. Комбайн, трактордың оқуын оқып, бар өмірі қара жұмыспен өтті. Сол ауыртпашылықтың бәрін қыңқ етпей көтеруші еді. Ағасы Сабыр Ұлы Отан соғысының алдында ауырып дүниеден өткен. Артында қызы Күлбағила қалған. Ал, кіші ағасы Шамшиден соғысқа қатысып, із-түссіз хабарсыз кеткен. Артында қызы Зияш қалды. Анам сол ағаларының жетім қалған қыздарын өзі тәрбиелеп, өсіріп, құтты орнына қондырды.

Кезінде шешемнен «Атбасардың қызы Жамбыл ауылына қалай тап болды?» деп сұрайтынмын. Сонда анам былай дейтін:

–20-шы ғасырдың бас кезінде болуы керек, біздің ауыл күнкөріс үшін Сібірге қарай көшеді. Көшкен ауылдың ішінде менің аталарыма туыстығы бар ауыл үлкендерінің бірі науқас күйінде жолға шыққан. Жолдың ауырлығын көтере алмаған атамыздың денсаулығы төмендеп кетеді. Бүгінгі Жамбыл ауылына күздің суық кезінде жетіп, сонда тоқтайды. Себебі, ауырған атамыздың халы мардымды болмай, туған-туыстары ұзаққа бара қоймас деген шешімге келеді. Сөйтіп, соңғы сапарына осы ауылдан жөнелтпекші болады. Содан науқастың жанын қинамас үшін бір атадан тарайтын үш-төрт отбасы көштен бөлініп, Жамбыл ауылында қалып қояды. Келе-келе өз ауылынан бөлініп қалғандар осында тұрақтап, жергілікті тұрғындармен сіңісіп кеткен.

Осыны айтып анам бір күрсініп алатын. Себебі, әке-шешесі кезінде ауылдастарынан қалып қойғандарын өкінішпен еске алып, сағыныштан көз жастарын сығып алып отырады екен.
Жамбыл ауылынан шаруашылықтың орталығына дейін 45 шақырым жер. Жаңа жыл өткен соң әкем шанаға ат жегіп, жұмысымен солай қарай жолға шығады. Шаруасын бітіріп кейін қайтқанында жолдағы Жұмысшы ауылына тоқтайды. Сондағы бір үйде дастарқан үстінде отырған жерінде дүниеден өтіп кеткен. Бұл 1959 жылдың 9 қаңтары еді.

Әкемнің жылдық дұғасына келген аға-інілері мен қарындасы бізді төр бөлмеге жинап алып, анамызға өз шешімдерін айтты. «Күлбағиса, басың жас. Бес баланы өсіріп, жеткізу саған қиын болады. Сондықтан, емшектегі қызыңды алып қал, қалған балаларды бір-бірден бізге бер. Біз жеткіземіз. Ал, өзіне қашан болсын есігіміз ашық», – деді.
Анам ойланып отырып қалды. Содан кейін: «Аз да болса, Бекбаймен бірге көрген күндеріме, бірге өткізген жылдарыма ризамын. Шаңырағын құлатпаймын, балаларым өзіммен бірге болады. Көңілдеріңізге рахмет! Тек ұмытпай, келіп жүріңіздер. Менің жеке басыма байланысты бір жағдайлар болып қалса, тағдырым Алланың қолында ғой, өздеріңіз естіп-біле жатарсыздар», – деді.

«Егер анамыз төртеуімізді әкемнің туыстарына бір-бірден таратып берсе, кейін жағдайымыз қалай болар еді?» деп қоямын осы күні.
Жалғанда адам баласын абзал атына сай ететін үш қасиет бар. Олар – адамгершілік, адал еңбек және көркем мінез. Осы үш қасиет менің анамның да бойынан табылды. Ол қыстың ұзақ түндерінде батырлар жырын немесе көне ертегілерді санамызға сіңіріп, бізді қазақтың ауыз әдебиетімен тәрбиелейтін. Төзім мен сабырды серік еткен анам мәдениетті сөйлеуге, айтылар ойдың айқын болуына аса мән беретін. Сонымен қатар, өз өмірінде болған оқиғаларды мысалға келтіріп, бізді сонымен де алға талпындырып отыратын.

«Қазағымның жақсы қасиеттерінің асылы – жомарттық пен кеңпейілділік. Жомарт болу – өзіңде барды зәру адаммен шын жүректен бөлісу. Қайырымдылық – адамзат бойындағы ерекше бір қасиет. Ол ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниеті, адамгершілік қарым-қатынасының белгісі» деген сөздері өмір бойы есімнен шыққан емес.

Анам өз әкесі мен анасын аузынан тастамайтын. Мүмкін, байыптылық пен тыңғылықтылықты, ұқыптылық пен төзімділікті, еңбекқорлық пен көпшілдікті солардан көріп, бойына дарытқан шығар. Біз оны мұқият тыңдап, ақыл-кеңесін ұғып алуға тырысатынбыз. Ал, анамыз бізді сол жолы жан-жаққа таратып жібергенде осы айтылғанның бәрі болушы ма еді?!

Анам 1997 жылы 19 қазанда 75 жасында дүниеден өтті. Оның еңбек кітапшасында «Жамбыл» ұжымшарындағы еңбек өтілі 16 жылдан артық екені жазылған. Ал, 1957 жылдан 1968 жылға дейін «Бидайық» кеңшарында әртүрлі жұмыстарды атқарған. 1968 жылы жаңадан «Аманкелді» кеңшары ашылып, біздің Жамбыл ауылы осы шаруашылықтың құрамына өтті. Анам сол шаруашылықта құрметті еңбек демалысына шыққанша жұмыс істеді.

«Ер адамдардың бәрі соғысқа кетті. Елде қалған біз тракторшы, комбайншы курстарында оқып, сол азаматтарды алмастырдық. Өз басым тракторды да жүргіздім, тіркемеші де болдым, комбайн мен молотилканың да «қызығын» көрдім. Ауыр жұмыстың бәрін әйелдер атқарды» деуші еді анам. Содан болар, ауыл менің анамды ерекше құрметтеді. Өзі де белсенді болды. Санақ жүргізілсе, сайлау өте қалса, комиссия мүшесінің бірі болатын. Ауылдық кеңестің депутаты болып та сайланды. «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 50 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталды.

Әкем дүниеден өткенде анам отыз жеті жаста ғана еді. Қыстың ұзақ түндерінде, түн ортасы ауғанда ұйқымнан оянып кетсем, жылап отырғанын көріп, аяйтынмын. Мен оны, ол мені құшақтап, бір-бірімізді жұбатудан басқа амалымыз қалмаушы еді.

Әкеміз жоқ болса да, сол кездегі балалардың көз құрты – велосипедті ауылда алғашқылардың бірі болып міндік. Ол ол ма, Омбы қаласынан қысты күні пимаға байлап, мұзда сырғанайтын коньки де алдыртты. Өсе келе кішкентай мотоцикл де әперді. Соның бәрі балаларым қатарларынан кем қалмасын деген аналық ерекше мейірімі екен-ау. Қолы шебер еді. Күн демей, түн демей, үстімізге шап-шақ қылып, көйлек, шалбар тігіп беретін. Қыста соғым еті, күзде қаз-үйрек, жазда сүт, май, қаймақ, қымыз, құрт, ірімшік сияқты тағамдар дастарқанымыздан бір үзіліп көрген емес. Осының бәрі балаларым үшін деп, тыным таппай, бірді екі ете білген асыл анашымның арқасы еді. Осылай бір өзі бесеуімізді де жеткізіп, он шақты немере көріп, жетпістің бесеуіне келгеніне Аллаға шүкіршілік етіп жүрді.

Адам өмірінің бар мәні – дүниеге ұрпақ әкеліп, туған еліне қолынан келгенінше пайдасын тигізіп, өз ғұмырының соқпақ-сүрлеуін лайықты жүріп өту болса, сол биіктен абыроймен көрінген қазақтың қарапайым қызы – менің анам дер едім. Көптің бірі. Бірақ, өз перзентінің жүрегіндегі мәңгі өшпес жарық жұлдызы!

Есләмбек БЕКБАЕВ,
қаржы саласының ардагері.
Нұр-Сұлтан қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар