Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жақсы келін – жан шуағы - АРҚА АЖАРЫ

Жақсы келін – жан шуағы

Бұралған бұрымына, шашының ұшына шашбау тағып, «қызға қырық үйден тиым» деген қағидамен тәрбиеленген «жат жұрттық» қыз баланың түбі өзге жұртқа ұзатылып, басқа бір әулетке келін боп түсері кәдік. Құйрық-бауыр жесіп, төс қағыстырып құда болған екі жақтың ендігі тілегі «жастар тату-тәтті тұрып, жарасып кетсе екен» деген тілек болады. Әрине, ат үстінде, ел ішінде шаруа шаруалап жүретін ер азаматтан гөрі, жаңа түскен келінге сын көп. Ағайын-туғанның кіріп-шығып араласуы, үлкендерді сыйлау, ыдыс-аяқтың сылдырламай, ошақ отының түзу ұшуы көбіне келінге байланысты. Өйткені, заман өзгерді, тұрмыс-салт байырғы қалпында емес. Үйінде емін-еркін, еркелікке салынып бұлаңдап жүрген қыз баланың әп-сәтте бар қылығы жарасқан келін боп шығуы тағы неғайбыл. «Келін» дегенде кімнің болмасын осындай ой үстінде болары хақ.

Халқымыздың салтына салып, «тіл-ауыз – тасқа» деп сөйлер болсақ, сондай бір мың болғыр келінді Зеренді ауданының Шағалалы ауылынан көрдік. Ол Сайлаухан Қадірбек атты азаматтың жұбайы Жанаргүл Өсерхан. Отағасы «Алтын тау» акционерлік қоғамының жұмысшысы, табысы жаман емес. Қорасында азын-аулақ ұсақ мал, екі сиыр ұстайды екен. Қарағайдай үйлері, көліктері бар. Татулық бар жерде береке бар, екеуі жарасымды, бақытты күй кешуде.

Жанаргүл 7 баланың анасы, «Күміс алқа» иегері. Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау педагогикалық колледжін бастауыш сынып оқытушысы мамандығы бойынша бітіріпті. Жеті баланың алды 5-ші сыныпта оқыса, ең кішісі жеті айлық. Балалар үшін үкіметтен ай сайын 85 мың көмек тиеді.

Қайын енесі Шәмиер көңілі көркем, мінезі жаз келіні туралы тек қана жақсы сөз айтуға даяр.

–Үйінде жақсы тәрбие көрген бала. Кірген-шыққан кісіні қарсы алу, қазақы қалыппен дастархан жаю, үлкеннің қабағына қарау дегеннің бәрін біледі. Көп бала бағып отырмын деп ауырсыну, теріс мінез таныту деген жоқ. «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» демей ме?! Құдайға шүкір, балалары таза, сабақ үлгерімдері жақсы, ас-суы дер кезінде даяр, ерімен екеуі өзара тату, өзімді сыйлап тұрады, одан артық не керек? Келінім жақсы! –дейді кенже баласының күтімінде отырған ол.

–Келіннің жақсы атануы оның мінезі мен еңбекқорлығында деп білемін, – деп шешілді одан әрі Шәмиер апай. –Осының бәрі Жанаргүлдің ерінбейтінінің арқасы. Әйтпесе, көп баланы бағып-күту, үй ұстау, ене бағу, ертелі-кеш ерінің шай-суын дайындап отыру оп-оңай емес қой. Алайда, солай істейінші деген ниет болса, соның бәріне уақыт та, күш-қайрат та табылады.

Сөйтіп, «Күміс алқалы» келін туралы жақсы сөз естіп, жанымыз жадырады. «Жаратқан от басыңды бірлік-берекеден айырмасын, бақытты бол» деп батамызды беріп аттандық, Шағалалыдан.

                                                               Ақтөре Бұхардан.

    Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар