Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тілім менің – тірегім - АРҚА АЖАРЫ

Тілім менің – тірегім

 

                                                                            Асан қайғы, Жиренше,

Сөйлеп өткен қазақ тіл.

Әз-Жәнібек, Қойлыбай,

Сыйлап өткен ғажап тіл.

Осы тілді жек көрген,

Дүниеден қалар құр.

Бағаласаң шынымен,

Бабаң тілі асыл дүр…

Қожаберген жырау.

 

«Айта-айта Алтайды, Жамал апаң қартайды» деп әзілдеп болсын, әжуалап болсын жазып жатқанымызбен, айта-айта жауыр болған тақырыптың бірі – осы тіл мәселесі. Әйтсе де, бәзбіреулер байбалам салып жүргеніндей, тіл мәселесі шетін мәселе екендігін де естен шығаруға болмайды. Сөйте тұра тап қазіргі таңда мемлекеттік органдарда, басқа да ұйымдар мен мекемелерде қазақ тілінің қолданылу аясына жете мән беріп, одан әрі тереңірек үңілсек, шынтуайтқа  келгенде қарның ашады.

Қарның ашқаны сол, осы тұрған Көкшетау қаласының өзінде көшеде келе жатсаң да, автобусқа отырсаң да, екеуара бас қосқан қаракөз қыз-жігіттеріміздің бірі-бірімен самбырлап, қарқ-қарқ етіп, орысша шүлдірлесіп сөйлесіп кетіп бара жатқандарын естисің. Тіпті, анада сондайлардың кейбіреуінің осындай қылығына шыдамай:

– Қарақтарым, өз баламдай жап-жассыңдар, бірақ, қастарыңда өзге ұлттың еш өкілі жоқ екендігіне қарамастан, неге ғана орысшылап келесіңдер? – дегенім бар. Әйткенмен мұныма әлгі саппастар:

– Аташка, мы так привыкли разговаривать, – дегендерінде еріксізден ернімді тістеген едім. Онсыз да әбден намыстанғандықтан ба, ашуымды баса алмай, осы жайды үйдегілерге айтқанымда, жолдасым:

– Жайдан жай жүрмей, солардың біреуінен қатты сөз естісең, не болмаса қол жұмсап ұрып кетсе қайтер едің?! Сен түгілі Үкімет басындағылардың күші жетпей жатқанда қайтейін деп едің? – деп өзіме тарпа бассалғанында не дейін, ішімнен тынып, үн-түнсіз қалғанмын.

Расы сол, мұндай сөздерді кей-кезде өз әріптестеріміздің тарапынан да құлағымыз шалғанда шындығы сол, жүрегің өз-өзінен өрекпін, «шіркін-ай, жеткен жеріміз осы екен» деп қарадан қарап қиналатындығымыз анық. Сондағы олардың көкезулейтіндері: «Тілім құрып барады, тілім өшіп барады» деп қазір жылай берудің қажеті шамалы. Жылаудың заманы өткен. Қайта қазақ тілін – мемлекеттік тіл, ал, орыс тілін ресми тіл ретінде қолданатындығымызды айтуымыз керек. Сенің ұлтың басқа, ендеше, қазақ тілін үйренуің керек деп өзге ағайындарға талап қоя алмаймыз. Сондықтан, өз ана тіліңді өзің білесің бе, сол жолдан таймасаң болды…

Мәссаған дейсің-ау, осындайда, өзгесі өзге, өзімізбен қатар жүрген қаламдас әріптестеріміздің өзі осылай деп жұртшылыққа жалпақ тілмен өнеге айтып, өзінше пәлсапалап жатса оңған жеріміз қайсы?!

         Тіпті, сонау кеңес дәуірінің алғашқы кезеңінің өзінде-ақ Алаш ардақтыларының бірі Міржақып Дулатов: «Қорытып келгенде істің қазақша жүруіне, еңбекші қазақ елінің құқығы жүзеге асуына қазақтың өзінен шыққан арампездер бөгет болуда» деп ашықтан-ашық айтты емес пе?

Жә, тағы да қайталап айтайық, өзімізді өзіміз кінәлап, жамандағаннан не ұтамыз, шындығында не ұтпақпыз, онан да анада есімі көпшілікке танымал журналист Сабыржан Шүкірұлының республикалық басылымдардың бірінде «Тіл тақырыбы баспасөзде қалай көтеріліп жүр?» (Ана тілі №46 (1094), атты соңғы мақаласы жайлы сөз қозғауды жөн көрдік. Ол осы жарияланымында республикалық «Ана тілінен» бастап, «Айқын», Астана қаласынан шығатын екі тілді «Астана ақшамын» былай қойғанда, тіпті аға басылым саналатын «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінің атына да сын айтады.

Мәселенки журналист өз мақаласында былай дейді: «Әсіресе, сол таралымды әрі сөзі салмақты «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінің үн қосып отырулары керек-ақ. Өкініштісі, бұл бас газеттеріміз тілдің өзекті мәселелеріне онша бара бермейтін сыңайлы». Тіпті әрі қарай «Егер «Егемен Қазақстан» газетінде тіл саясаты туралы аз қамтылса, «Казахстанская правда» газетінде мүлде жоқ деуге болады» дейді.

Әрине, қазбалай беріп қайтейік, мұндай өкінішті жәйттер, мұндай олқылықтар біздің жергілікті басылымдарда байқалмай ма! Байқалғанда қандай? Мысалға өз білуімізше, облыс орталығы саналатын Көкшетау қаласында ғана, аудандарды қоспағанда, облыстық «Акмолинская правда» және «Арқа ажары», «Мобильная газета», «Риск-бизнес», қалалық «Көкшетау», «Степной маяк», «Любимый город», тағысын тағы басылымдарында мемлекеттік тіл– қазақ тілінің жайы туралы проблемалық мақалалар жиі көрініс таба ма?!

Шындығы керек, өзімізді өзіміз мақтағандық емес, жоғарыда тілге тиек еткен облыстық «Арқа ажары» мен қалалық «Көкшетау» газеттерінде ара-кідік болса да, ұлттық құндылықтарымыз, солардың бірі – ана тіліміз хақында өткір де проблемалық материалдар жарық көріп жүрсе де, орыс тілді басылымдардың көпшілігінде тілашар-сөздіктен өзге дәнеңе таппайтындығың нақ соған мысал бола алады. Тегінде ондағы қайсыбір әріптестеріміз «Қазақтардың өздері өз ана тілін менсібесе, біз несіне әуре боламыз» дейтін сыңайлы көрінеді де тұрады.

Газет өз жөніне дейік, көшелер бойындағы, түрлі офистер атауы жайлы жарнамалар төңірегінде әңгіме қозғасақ, проблема тағы да шаш-етектен. Бұл өткірмәселе жайында бірталайдан бері жазып та, айтып та жүрміз. Бірақ, сең орнынан әлі қозғалған емес. Бәрі де «баяғы жартас, сол жартас» күйінде. Жазғандарымызды оқып, одан бір нәтиже шығарар-ау деген ономастика комиссиясындағылар да, тіл басқармасындағы ағайындардан да еш «сигнал» жоқ, еш қоңырау шалынбайды. Тегінде мұның өзі де «Сен тимесең, мен тимен бадырақ көзге» әкеліп соғатын сияқты.

Өзгесі өзге-ау, тіпті кейінгі кезде «Менің ана туысым, мына бауырым тұрған үй қабырғасына мемориалдық тақта ілу керек» деп бәсекеге түскен ағайындардың өздері сол тақтайшаға жазылған сөздерді де дұрыс оқымайды-ау деп те қынжыласың. Қынжылмасқа амал жоқ, атын айтпай-ақ қояйық, соңғы ілінген сондай тақтайшалардың бірінде стильдік жағын қозғамағанның өзінде грамматикалық төрт-бес қатенің орын алғандығын көргенімізде жағамызды ұстағанымыз бар.

Тағы да бірді айтып, бірге кетіп қоямыз-ау, сонда да былтырлар қала ішінде жүретін автобустардың біразында кезекті аялдамалардың атын автоматты түрде орысша-қазақша екі тілде жариялайтын қоңдырғылар орнатылып, осының өзі көңілімізге едәуір қуаныш ұялатып еді, онымыз ұзаққа бармады. Қазір сол су жаңа  автобустарың біз мінген уақытта кезікпей ме, әлде «Көкшетауға бұл әлі ертерек» деп басқа көрші қалаларға алып кетті ме, әйтеуір, бәз-баяғы таз қалпымызға ендік десек те болады. Тек анда-санда жүргіншілеп жүрсек, таныс-бейтаныс кондукторлардың әлгіндей аялдамалардың атауын тек орыс тілінде хабарлап жататындықтарының куәсі боласың.

Ұзын сөздің қысқасы, тоқетерінде бәрін жіпке тізгендей езгілей бермей-ақ Үкімет тарапынан осы шетін мәселе – тіл төңірегінде талай қаулы-қарарлардың, басқа да ресми құжаттардың қабылданғандығы бәрімізге белгілі ғой деп ойлаймыз. Тек солардың бірі – «Қазақстан Республикасында «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» екендігі анық. Онда мұндағы негізгі мақсат «Қазақстанда тұратын барлық этностың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде саналатын мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары, мемлекеттік қызмет және қоғамдық-саяси әлеуметтік саланың барлығында батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтардың өмірлік қажетіне айналдыру» деп атап көрсетілген. Олай болса, мемлекеттік тіл – ана тілімізөмірдегі тірегіміз екендігін ұғына отырып, осынау маңызды іске баршамыз болып атсалысқанымыз жөн бе деп санаймыз.

Сайлау КӨШКЕНҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі, еңбек ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар