Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз, бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Халқымызға еркін, бейбіт өмір оңайлықпен келе қойған жоқ, бұл бәрімізге мәлім. Бүгінгі ұлы күніміз өлмеген жігердің отымен келген. Демек, ата- бабамыздан қалған баға жетпес зор мұраны, кең байтақ жер мен тыныш өмірді сақтап қалу ендігі кезекте өскелең жас ұрпақтың мақсатына айналуы тиіс деп білемін. Тарихымыз бен ел есінде мәңгілікке қалған ұлы тұлғалардың сыйлаған тәуелсіздігі, елдің жарқын болашағына жол ашып беруде.
Осыған орай, «тәуелсіздікке қол жеткізу үшін халықтың қандай бейнеттен өтуіне тура келді, бейбіт өмірдің ел мен оның дамуы үшін маңыздылығы неде, еліміз осы уақыт аралығында тәуелсіздіктің арқасында қандай жетістіктерге қол жеткізе алды?» деген сұрақтарға жауап бергім келіп отыр.
Тәуелсіздік үшін күрестің алғашқы кезеңі сонау қазақ хандығынан басталғанын бәріміз білеміз. Ресей хандығына қосылмас бұрын үш жүздің басын біріктіріп, қазақ халқының негізі мен дербестігін қалаған қазақ хандарының еңбегі тарих сахнасында мәңгілікке қалмақ. Тәуелсіздік үшін күрестің екінші әрі ең қиын кезеңі Ресей отаршылдығында болған уақыт аралығы. Бұл кезеңде қазақ елі қандай қиындықтардан өтпеді?.. Халқымыз азат ой, сөз бен әрекет жасау еркіндігінен айырылды, шындықты айтудан қорықпаған талай зиялыларымыз репрессияға ұшырады, өзінің ата қонысынан, жері мен тілінен айырылып, ашаршылық пен жұтқа ұшыраған қайғы-қасірет пен қысымға толы кезеңге душар болды. Еліміз ешкімнен қолдау көрмегендіктен, өз тарапына келген барлық қорлық пен озбырлыққа жалғыз қарсы тұруға үйренді. Әділетсіздікпен күресу жолында құрбан болған тұлғаларымыз қаншама… Олардың ерліктері мәңгі ел есінде қалып, жасаған азат әрекеттері тарихымыздан өз орнын алды. Қазақта «Отансыз адам ормансыз бұлбұл» деген сөз бар. Орманы жоқ құстың ұясы да, қонар бұтағы да жоқ. Дәл сол секілді тірлік кешу ортасы жоқ ұлттың өмір сүруі мүмкін емес.
Азат өмір оңайлықпен келді ме,
Көп мағына тәуелсіздік сөзінде!
Қаншама қан, қаншама тер төгілді,
Бәрі соның халқымыздың есінде.
Тарихым, осы жер, осы даламда,
Өз үйіме өзім өгей болам ба?!
Еңбек етіп, елге пайдамды тигізбей,
Өмірімде артық бақыт табам ба?!
Еліміздің болашағы өз қолымызда,
Адаспайық жастар, өмір жолымызда.
Ұлы Абай айтқандай бір кірпіш боп,
Қаланайық өзіміздің орнымызға!
Ендігі кезекте, еліміздің алдында орындар мақсаттары мен іске асырар шаралары аз емес. Экономика, ішкі сыртқы саясаттарда аяққа тұру қиын болса да, оның барлығын бұрын-соңды болмаған еркіндік сезімімен іске асыру ғажап көрініс деп білемін. Осылайша еліміз 30 жыл көлемінде көп жетістіктерге қол жеткізе алды. Бірақ, кемшіліктер де аз емес. Мен «Жаңа Қазақстан» деген ойды қалай түсінемін? 1991 жылға дейін елімізді, ұлтымызды көркейтуге тақа көп мүмкіндік болмағанын бәріміз білеміз. Бірақ, тәуелсіздікті алғаннан кейін 30 жыл көлемінде еліміз өз рухани құндылықтарын, дәстүрі мен тілін қалпына келтіруге, оны барша жас өскелең ұрпаққа еш қысымсыз насихаттауға мүмкіндік алды. Екіншіден, енді жастар өз тілінде, сапалы білім ала алады. Тіпті «Болашақ» атты бағдарлама қолға алынып, жастар білімін шет елдерде де толықтыра алатын мүмкіндіктері туды. Үшіншіден, бұл уақыт аралығында астанамыз Нұр-Сұлтан қаласы ерекше көркейді, бұдан басқа да еліміздің көп жерлері даму үстінде, әртүрлі курорттық жерлердің ашылуы туризмнің дамуына әкелді. Төртіншіден, экономикамыз біршама көтерілгені анық.
Ендігі кезекте бұл прогресті жоғалтып алмай, әрдайым қозғалыста болып, елдің дамуын одан әрі жетілдіру қажет. Бұл іспен кім айналысады? Әрине, өскелең жас ұрпақ. Демек, еліміздің болашағы – жастар қолында. Бұны миссия ретінде қарастырсақ, оны орындауға Үкімет тарапынан тиісті жағдай жасауы керек. Жастар бұл жағдайды дұрыс қолданып, жаңа инновацияларды енгізіп, орынды идеялар ұсынса еліміздің даму прогрессі тездетіледі. Ұлы Абай атамыз «сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп айтқандай, бұл өмірде өз орнымызды тапсақ, елге әкелер пайдамыз аз емес болар еді. Жастар тарапынан білімқұмарлылық, еңбекке деген құлшыныс пен айналасына пайда әкелу деген ниет болса, еліміздің іргетасын биік қалап, дамыған елдер қатарына қоса алатынымыз айдан анық. Сонда ғана жастардың өз мемлекетінен өзге шет елдерге миграция жасау статистикасының көрсеткіші азаяды, ал, халық жағдайы тек жақсара түседі деп санаймын.
Тәуелсіз елімнің ертеңіне үлкен үмітім бар және болашағым дәл осы мемлекетте деп білемін. Келешекте, шындық айтудан қорықпайтын, мәселенің анық-қанығына жететін, талпынысы мол, мықты журналист маманы болып халқыма тек пайда әкелу арқылы елдің барынша дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Және бірнеше жылғы бұл арманым үлкен мақсатқа айналды. Болашақта журналистика саласына жаңа инновациялар әкелуге бар күшімді салғым келеді. Қазіргі беріліп жатқан бар мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, келесі ұрпаққа бұдан да жарқын өмірді сыйлау, ел дербестігін мәңгілік ету – борышымыз!
Сабина ТАСБОЛАТ.
Ленинград ауданы,
Солтүстік Қазақстан облысы.