Өздері өмір сүрген заманының ардақты азаматтары

Есіл ауданының әкімі Амангелді НұрхамитұлыМұхитбеков мені «Комсомол» совхозына директор қызметіне тағайындағанда, сол шаруашылықта бас зоотехник қызметін Вокзал Кәрімов атқарады екен. Өзі тәжрибелі маман, бұрын шаруашылық басшысы болған,  ұйымдастыру қабілеті де жоғары, қызметіне адал азамат болып шықты.

Бас мал дәрігері Құсайын Бекмағанбетов екеуі қосылып, мен  басқарған шаруашылықтың мал шаруашылығы саласынан жақсы нәтижелерге жетуі үшін жандарын салып, шын ниеттерімен көмектесті.

Желтоқсан айында Вокзал Кәрімұлы бір топ малшылармен Ресейдің Қорған қаласына барып, бартерлік әдіспен малдарды емдеуге керек дәрі-дәрмектерді алып келді. Ол уақытта бұл оңай шаруа емес еді, қыстың іші, жолалыс, екі ел арасында кеден бекеттері, тағыда басқа кедергілер…Соған қарамастан, бұл тапсырма үлкен жауапкершілікпен атқарылды.

Аудан әкімінің тапсырмасы бойынша, шаруашылықта шошқадан торай алу жоспарын орындау керек болды. Ол уақыт елімізде қиын кезең еді. Ресей мемлекетінің ақшасы рубль кетіп, өзіміздің төл теңгеміз толық айналымға кіре алмай, жұмысшылардың жалақыларын уақытында төлей алмадық. Соған қарамастан,күнделікті жұмыс орындалуға тиісті болатын.

Осындай қиын сәтте Вокзал Кәрімұлы және Құсайын Бекмағанбетұлы маған жаңа тың ұсыныспен шықты. Оның маынасы былай еді, малшыларға алынған төлдің он пайызын еңбекақы орнына төлдей таратып беру еді.

Шаруашылық ұжымы, кәсіподақ ұйымы және малшылар үш жақты келісімге қол қойып бекіттік. Жыл соңында, бұрын болмаған, нәтижеге қол жеткіздік, шаруашылық құрылғаннан бері тұңғыш рет 3500 төл алынды. Есіл ауданы бойынша бұл көрсеткіш жағынан біздің шаруашылық бірінші орында тұрды. Әрине, бұндай нәтиженің артында малшылардың тынымсыз ауыр еңбегі,жарты жылдан артық уақыт, күндіз-түні мал қорадан шықпай атқарған адал еңбегі тұрғаны шындық еді.

Оларды қолдап, ақыл-кеңестерімен бөлісіп, жұмыстарын қадағалап, Бәкең мен Құсекең жүрді. Шаруашылық басшылары келіскен уәде бойынша, малшыларға істеген еңбектерінің нәтижесіне қарай, торай төлдерін бөліп берді. Алғашқыда, күмәнмен қараған малшылардың қуанышында шек болмады, осылай, торай төлін өсіруде жаңа тың әдіс пайда болды. Кейін Вокзал Кәрімұлы мал шаруашылығындағы мол тәжірибесін ескеріліп,Торғай облысының мал шаруашылығы басқармасына басшы болып тағайындалды. Үлкен қызметте жүрседе Бәкеңбіздің шаруашылықпен байланысын үзген жоқ,әр уақытта келіп, ақыл-кеңесін айтып жүретін.Бірде,өз басынан өткен қызық жағдайды айтып берді.

Облыстың мал шаруашылығын қадағалап жүріп, Амангелді ауданындағы ірі қой шаруашылығына барады,малшылармен кездесіп, қал-жағдайларын біліп келе жатса,бір мал қорасында бас шопан шу шығарып, аудан басшыларын тыңдамай, ренжіп тұр екен.Бәкең келіп,кел танысайық,мен облыстан келген қызметкермін,есімің кім дейді,шопан есімім Поезд дейді.Сонда Бәкең,ендеше былай келісейік,менің есімім Вокзал,ал поезд вокзалға келгенде тоқтайды,сондықтан, бір ашуыңды маған бер, тоқта дейді.Шопан жігіт,Бәкең, қалжыңдап,әзілдеп тұр екен деп,бұрығыдан жаман ашуланады. Амал жоқ, Вокзал Кәрімұлы, қалтасынан төлқұжатын алып көрсетеді. Сөйтіп, айдалада,темір жолы жоқ Амангелді ауданында Поезд және Вокзал есімді азаматтар кездесіп танысады.Бұл бір ғажап дүние, шіркін, өмірде ойламаған жерден осындай оқиғалар да болады екен.

Құстың қос қанатындай аттары ұйқас бұл азаматтардың екеуі де мал шаруашылығының мамандары, қызмет саласында жинаған тәжрибелері мол, халықпен тіл табыса алатын қабілеттері жоғары,салмақты және сабырлы мамандар еді.

Құсайын Бекмағанбетұлы,балалық шағынан қиындықты көп көрген,ата-ананың мейірімін толық көре алмаған,өмірдің ащы, кермек дәмін ерте татқан аяулы азамат болатын. Бірақ, өзіне тән қайсарлығымен, өжеттігімен тек қана бір Аллаға сыйынып,талаптанып,өзіне үлкен мақсат қойып,соны орындауға кірісті. Семей зоо-ветеринарлық институтын тәмамдап,мал дәрігері мамандығын алып,жолдамамен Ақмола обылысының Есіл ауданының«Комсомол» кеңшарына бас мал дәрігері қызметіне тағайындалды.Құсекеңнің табандылығын,шыдамдылығынайтсаңшы, өзінің таңдаған мамандығына адалдығын дәлелдеп, осы елді мекенде зейнет жасына жеткенше адал еңбек атқарды. Кеңшардабіздің ұлтымыздың өкілдері өте аз болатын,негізі бөлігі орыс тілді халық еді. Сосын да ғой үкімет бізге шошқа өсіртіп, Бәкең мен Құсекеңнің бастамасымен малшы болып істейтін өзге ұлт өкілдері сыйлыққа төлін алғаны. Құсайын Бекмағанбетұлының халық арасында беделі өте жоғары болды. «Халық айтса,қате айтпайды» дейді дана қазақ халқы,кеңшар жұртыҚұсекеңнің адал көңілін, жан тазалығын, жоғарғы бағалап, мамандығын жақсы білетіндігіне құрметпен қарады.

Кеңшар басшысы ретінде еңбек демалысына кеткенімде, шаруашылықты басқаруды Құсекеңе тапсыратын. Алла тағалам шебер ғойшіркін, мені Қима елінің тумасын Есіл ауданына қызметке тағайындап,осындай тәжірибелі қос азаматпен әріптес болдым. Қазірбіраз уақыт өткенде артыма қарап,Бәкең мен Құсекеңе әріптес болмасам,менің өмірімде біраз нәрсе кем болар еді деп қоямын. Осы аяулы қос азаматтан өмірлік тәжрибе алдым,олардың қарапайым тіршілігінде үлкен мән-мағына болатын. Көп нәрсеге асықпай, байыппен қарап, сосын барып шешім қабылдауды үйрендім. Әттең,бір ғана өкініш,осындай тамаша,адал, өз ісінің майталмандарымен әріптес болған уақытымыз қысқа болды.

Өйткені, менікөрші ауданға ауыл шаруашылық басқармасының төрағасы қызметіне тағайындады.Дүние бір қалыпта тұрмайды, өмір-өзен ағады, бізге білінбей өмірде өтеді, Алланың жазуымен, осыдан бірнеше жыл бұрын Бәкең мен Құсекеңе,өкінішке орай, топырақ Астана қаласынан бұйырды. Алланың жазуына не шара,қос арыс азаматқа, иман байлығын тілеп,жатқан жерлерің жайлы болсын дейміз.Өмірде істеген жақсы, игілікті істеріңіз көп еді,Аллам, сол істеріңізді сауапқа жазсын.

Бәкең мен Құсекеңнің өмірлік адал жолдастары Жалғас Мәженқызы мен Сара Оспанқызы шаңырақтың тіреуі болып, балаларына ақылшы,немерелеріне қамқоршы болып,бақуатты өмір сүріп жатқан жайлары бар.

Міне,менде қос аяулы азаматпен әріптес болған күндерімді еске алып, тебіреніп, толғанып отырмын. Ол кезең қиын уақыт еді, қиын болғанда қандай,күрмеуі көп,таусылмайтын күйбең тіршілік еді. Байқасам, қиындық адам баласын шыңдайды екен. Оны осы күнісол кезде намысқа тырысып, біз де ешкімнен кем емеспіз депжанталасып қызмет істеген өзімізден байқаймыз. Байқаймыз да, сол бір әбігерге толы жасампаз шағымызды сағынып отырамыз.

Қабиболла ШАЯХМЕТҰЛЫ,
зейнеткер.

Нұр-Сұлтан қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар