«Тарихын білмеген елдің болашағы бұлыңғыр» деген сөз бар.Осы елді мекенге келген сәттен мені ауылдың тарихықызықтыра бастады.Бұл ауылдың бұрынғы аты Жартоғай болыпты. Өзен бойындағы жарда тоғай өскендіктен осылай аталған болар. Қонысбай ауылының тарихына үңілсек, киелі мекеннен өз заманында аты шыққан азаматтар аз болмапты.
Шамамен 1859-1860 жылдары Қарт-Жаулыбай-Нұрмамбет ұрпағынан тарайтын Мұқаш Қазанұлы атты балуан өмір сүріпті. 1984 жылы сол кезде жасы сексеннен асқан көнекөз қарт Құсайын Ыбырайұлы Мұқаш балуанды көзімен көріп, күшіне, күресіне талай риза болғанын, көзіне жас ала отырып, баяндаған екен. Бірде Көкшетау базарында ел қолқалап, балуан Шолақпен белдестіріпті. Табиғатынан шапшаң Мұқаш балуан Шолаққа ұстатпай, қаша иіріскен кезде балуан Шолақ абайсызда сүрініп кеткендіктен, жықты-жығылдыға келтірмей, айырып жібергенге куә болыпты дүйім жұрт. Айта берсек, Мұқаш балуан туралы ел аузынан әңгімелер жетерлік.
Бекше би, Алтыбай би де осы төңіректе өмір сүріп, елді аузына қаратып, атағы шыққан екен. Шамамен ХVI ғасырдың аяғы ХVII ғасырдың басы болу керек. Бекше атамызды әкесі жылқышыларды ертіп жоқ іздеуге шығарады. Ел аралап келе жатып, бір жиынға тап болады. Үлкен алты қанат үйде Қазыбек би төрелік құрып отырса керек. Сол жерде естіп тұрған бала Бекше: «Қаз дауысты Қазыбек биде де қателік болады екен» еп, шығып кете барады. Біреулер баланың айтқан сөзін биге жеткізеді. Қазыбек би бала Бекшені шақыртып, жауабын дәлелдетеді. Сонда «Түлкі арлан болса, ізімен келіп індеткендікі, ұрғашы болса, жүні жетілсін деп, ін баққандікі», өйткені, ұрғашы ін сақтайды, еркек түз сақтайды деген екен. Сөйтіп тері еркек түлкінікі болып, қуғыншыға бұйырады. Сол жиында Қазыбек би Бекшеге батасын беріп, жоғын таптырып, Дүйсенге ат шаптыртып, хабаршы жіберіп, Жаулыбай мен Жақсылықтың әулетіне әділ би болсын деп, қазіргі Елікті тауының бауырындағы Кеңащыдан енші бөліп беріпті.
1781 жылғы 23 тамызда Уәли сұлтанның II Екатеринадан өзін хандыққа бекітуді сұраған хатында да би-сұлтандарды назардан тыс қалдырмауын сұраған. Сол хатында: сұлтандар Шыңғыс, Рүстем, Жиһангер, Шығай, Тоғым, Қасым, ел ағалары Дәуітбай тархан, Жанғи баһадүр, Бекболат би, Бекше биді мейіріміңізден тыс қалдырмаңыз деген екен. Тарихта аты мәлім Мәшһүр Жүсіптің: «Есте тұтып, есте жоқ ескі күндерді әңгімелегенде, Бекшеге байқап-байқап барған жөн шығар» деуінде мән бар. Айтулы би, адуын шешен көптің бірі емес,тарихта сирек кездесетін біртуар тұлға.
Бертін елге еңбегімен, қызметімен танымал болған белді азаматтары Жасқайрат Әбілов атамыз ең алғашқы болып, әскери оқуды тәмамдап, эскадрилия командирі, ұшқыш болған. Ахметжан Қожахметов шекарашылар училищесін бітіріп, шекарада қызмет істеп, Ленин орденінің иегері болған.
Қонысбай ауылының мектебінде мұғалім болып,орыс тіліненсабақ берген Ақтаев Сарбас атамыз кейін ҚазақстанЖазушылар одағының мүшесі болып, ақындығы, жазушылығымен аты шығып, аудармамен айналысып, көп жылдар баспасөз саласында басшылық қызмет істеген. Атап айтқанда, Алматы облыстық «Жетісу» газеті мен республикалық «Егемен Қазақстан» газеті редакторының орынбасары, жаңадан ашылған республикалық «Халық кеңесі» газетінің бас редакторы, «Ақиқат» журналының бас редакторы болды. Ол кісі сондай-ақ, Ш.Уәлихановатындағы Көкшетау университетінің құрметті профессоры.
Осы еңбектері үшін «Құрмет Белгісі»,«Парасат» ордендерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. КСРО және Қазақстан Республикасы Журналистер одағы сыйлықтарының,«Баспасөз үздігі» төсбелгісінің иегері.
Ел игілігі үшін ерен еңбегімен көзге түскен ата-бабаларымызды ұмытпау біздің парызымыз.Абай атамыздың «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» дегені, елдің, халықтың баласы болып, қолыңнан келсе, еліңе қызмет ет дегені.«Мың өліп, мың тірілген» халқымыздың ықылым заманнан басты арманы тәуелсіздік еді. Шүкіршілік, оған да қолымыз жетті. Ендігі кезекте бабалар аманатын көзіміздің қарашығындай сақтап, ілгері апару біздің үлесімізде.
Туған жерге, елге деген сүйіспеншілік бала кезімізден бойымызға біткен қасиет. Осы қасиетті баянды етіп, «қазақ» деген атқа дақ түсірмеуіміз керек.
АнарҚАЙЫРБЕКОВА.