Жарым-жартылай бос тұрған, бала бақшалар бар. Бұл қалай?..

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында мектепке дейінгі мекемелерге айрықша мән беріліп отыр.

Ел Президенті Жолдауда осы тақырыпқа орайластырған пікірін «қазақта «ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда, бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды. Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет» деп түйіндеген болатын. Бұл мәселе көптен қордаланып, сағыздай созылып келе жатқан жай. Облыс орталығында бүлдіршіндерге тәлім-тәрбие беріп келе жатқан 47 балабақша бар болатын болса, бүгінгі күні кезекте 3313 бала тұр.

–Бір кезде Орта Азиядағы ең үздік мектепке дейінгі білім беру жүйесі Қазақстанда болып еді, – дейді ардагер ұстаз Қонысбек Мұратбеков, – әлі есімде, мектепке дейінгі мекемелермен жеті жасқа дейінгі балалардың 70 пайызы қамтылды. 1991 жылы елімізде 8743 балабақша болса, оңтайландыру тұсында 4868-і жекешеленді. Бір бөлігі қаңырап бос қалғандықтан, қирады. 2000 жылдары балабақшалардың саны 1144-ке дейін азайыпты.

Тұтас еліміздегі көрініс осындай болғанда, дағдарыстың дауылы Көкшетаудағы мектепке дейінгі мекемелерді де шарпып өтті. Сол жылдары жұмыс істеп тұрған 32 балабақшаның жөн-жосықсыз оңтайландыру кезінде тоғызы ғана аман қалды. Қазір қаладағы көнекөз қариялар «Ертөстік», «Қарлығаш», «Чайка», «Әсел», «Гагарин», «Звоночек» тәрізді мектепке дейінгі мекемелердің өздерінің бауыр еті балаларына тәлімді тәрбие бере білген ыстық ұя болғандығын сағынышпен еске алады. Шынында да, мұндай балалар бақшасы барынша сапалы, әсем етіп салынған ғимараттар болатын. Тек өкініштісі, өтпелі кезеңде болашақты ойлауға да шама жетпей, қалталы азаматтар қыруар балабақшаны аукцион арқылы болмашы тиын-тебенге сатып алды.

Шындығын айту керек, жұмыртқадай жұтынып тұрған ен байлық ұстағанның уысында, тістегеннің аузында кетті. Мықтылығы сол, кейбіреуі әлі күнге дейін мұрты бұзылмай тұр. Арада біраз жыл өткен соң №23 «Снежинка» балабақшасы гуманитарлық-техникалық лицейге, «Росинка» балабақшасы қазақ-түрік лицейіне, «Звездочка» балабақшасы балалардың көркемсурет мектебіне, «Сказка» балабақшасы тірек-қимыл аппаратының бұзылушылықтары бар мүгедек балаларға арналған мектеп-интернатқа, «Родничек» балабақшасы ішкі істер департаментінің емханасына айналып кетті.

–Егер сол балабақшаларды иеленген қалталы азаматтар ұлтының болашағын ойлайтын болса, кезінде арзанға алған ғимараттарды қайтарып берер еді ғой, – дейді ел ағасы Алпысбай Тұрсынбаев, – егер олай етсе, балабақша тапшылығы өзінен-өзі шешіліп қалады. Қазіргі жағдайда жаңа ғимарат салудың да қажеті болмас еді. Мен бұл сөзімді сол бизнесмендерге арнап айтып жатырмын.  Кейбіреуінің әлі күнге дейін қаңырап бос жатқанын көзіміз көріп жүр. Мәселен, Ш.Уәлиханов көшесінің бойындағы бар жағдайы есептеліп салынған, қазір бос тұрған ғимаратты көрген сайын ішім удай ашиды. Текті адамдар текке қаңыратып қойғанша елінің игілігіне жаратар еді.

Жылыстап жылдар өтті. Экономикамыз оңала бастаған тұста кейбір мектепке дейінгі мекемелер зордың күшімен кері қайтарылды. Онда да алтауы ғана, қалғаны әлі тұр.

–Бұл өзі әлі жүз жыл тұратын, мықты ғимараттар, – дейді қала тұрғыны Асқар Түгелбаев, – міне, осы балабақшаларды мемлекет меншігіне қайтарып алса, жас жеткіншектерді мектепке дейінгі мекемемен толық қамтуға әбден болар еді. Тығырықтан шығатын бір жол осы. Егер бір балабақшаға орта есеппен 200-ге жуық бала барады деп есептегеннің өзінде, бұрынғы ғимараттар бүгінгінің сұранысын толық өтеп береді.

Жоғарыда үш мыңнан астам баланың кезекте тұрғандығын айттық. Мәселенің мәнісіне жете бойламай тұрған кезімізде бізге бұл көрсеткіш тым көп болып көрінгенін несіне жасырайық. Сөйтсек, жағдай жалғыз мектепке дейінгі мекемелерге қатысты емес екен, алдымен ата-аналардың да тарапынан орын алып отырған олқылық бар.

Айталық қазір облыс орталығындағы  «Аққу» балабақшасында 129, «Алтын бала» балабақшасында 56, «Әмина» балабақшасында 50, «Жұлдыз» балабақшасында 40 орын бос тұр. Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Айгүл Нөгертаеваның айтуына қарағанда, мектепке дейінгі мекемелерді толтырудың өзі мұң болып отыр. Орын емес, бала жетіспейді. Ал, онда үш мыңнан астам баланың кезекте тұрғаны қалай.

Қала тұрғындарымен тілдескен кезімізде әркім әртүрлі себеп айтады. Мәселен, қала шетіндегі жекеменшік үйлер көп салынды. Ол жерлерде балабақша жоқ, қоғамдық көлік те дұрыс жүре қоймайды. Айналып келгенде  жеткіншектерін балабақшаға тасымалдау едәуір қиындық туғызады.

– Қаладағы барлық балабақшаларда бос орын бар, – дейді Айгүл Бексұлтанқызы, –үш мыңнан астам баланың кезекте тұруын дұрыс түсіну керек. Ата-аналар балалары өмірге келісімен кезекке тұрады. Екінші бір жай, ата-аналар балабақшаны алыс деп есептеп, бергілері келмейді. Өздері тұрған мекенжайға жақын жерден іздейді.

Егер ақыл таразысына салып безбендесеңіз, мектепке дейінгі мекемелерді кінәлаудың реті жоқ тәрізді. Орын болып тұр ғой. Ал, тасымалдау әрине, ата-ананың шаруасы. Көкшетау тым үлкен қала емес, қоғамдық көлік үзбей жүріп жатыр.

–Мен өзім Абай көшесінің бойында автобекеттің маңында тұрамын, – дейді қала тұрғыны Ырысгүл Шөкеева, – жұмысым орталықта, үлкен қызымды  Бәйкен Әшімов көшесінің бойындағы №5 орта мектепке апарамын, ал, сәбиімді Сәкен Жүнісов көшесінің бойындағы балабақшасына апаруым керек. Өзіміз тұратын маңдағы балабақшада орын болмай тұр. Кейде жұмысқа үлгере алмай қалып, қарбаласатын кез болып тұрады.

Міне, осындай да қолайсыздықтың орын алатынын айта кетуіміз керек. Балалардың мектепке дейінгі мекемелермен қамтылмауының астарында үлкен қиындық жатқандығын да тілге тиек етсек, артықтығы болмас.

–Балаларға орын табылмағаннан кейін отбасында кикілжің көбейеді, – дейді психолог Алмагүл Көбеева, – баланы сенің ата-анаң баға ма, әлде менің ата-анам баға ма деген отбасындағы санасудың, есептесудің, бірін-бірі кінәлаудың отына тамыздық болатын тақырып. Соңғы жылдары тым жиілеп кеткен шаңырақтың шайқалуының бір себебі осы. Ел Президенті өз Жолдауында бұл мәселеге өте мән беріп отыр. Құптарлық жай. Енді жергілікті жердегі басшылар бұл мәселені жан-жақты ойластырып, ата-аналарға қолайлы болатын жағдайды қарастыруы керек.

Әйтпесе, амалсыздан бір қолын екі ете алмай, ата-ананың біреуі үйде жұмыссыз отырып қалса, отбасылық бюджетке салмақ түседі. Онсыз да қымбатшылық қос бүйірінен қысып тұрған уақытта ортақ табыстың азаюы жас отбасылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын шиеленістіріп жіберуі мүмкін. Сондықтан, бұл мәселені тек баланың тәлім-тәрбиесі деп қарамауымыз керек. Әрине, егер болып жатса, ата мен әже тәрбиесіне не жетсін?! Бірақ, елдің бәрінде бірдей немерелерін бауырына салып, желге, күнге тигізбей әлпештеп бағатын ата мен әженің бола бермеуі мүмкін ғой.

Әйтеуір осы тақырыпты қаузағаннан кейін тағы бір түйткілді дүниенің жай-жапсарын айта кетейік. Облыс орталығындағы 47 балабақшасының тек 10-ы ғана таза қазақ тілінде тәлім-тәрбие береді, араласы 20, қалған 18-і орыс тілінде.

–Кейбір орыс тілінде тәлім-тәрбие беретін балабақшада бірлі-екілі қазақ топтары бар, – дейді қалалық білім беру бөлімінің мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жөніндегі әдіскері Ләззат Мұқатаева, – негізінде бізде қанша қазақ баласының орыс тілінде тәлім-тәрбие алып жатқаны туралы дерек жоқ. Ондай сараптама жүргізбейміз.

Сараптама жүргізілмегенімен, аралас тілде тәлім-тәрбие беретін балабақшалардағы басым тіл орыс тілі екендігін жасырып керегі не?! Әр топта болғанымен, аулада бастары қосыла қалса, өзге тілде сөйлейтін өрендеріміздің ертеңіне алаңдаймыздағы.

Сөз соңын шиырып айтқанда, қалалық бөлімнің берген мәліметіне қарағанда, балабақшаларда орын бар екен. Тек енді басшылық жалпы жұртқа қолайлы болатын жағдайды қарастырса. Әлде бос орындар туралы ақпарат жұртшылыққа жетпей жатыр ма? Бәлкім, әрбір ата-ананың тұратын ауданына қарай орайластырып, балаларды мектепке дейінгі мекемемен қамтудың халыққа тиімділігін ескере отырып,  електен өткізіп орналастыру керек шығар. Сонда өкпе-наз да азаяды.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар