Тіл жанашырлары тіл мәселелері бойынша бас қосты

Көкшетау қаласындағы «Қоғамдық келісім» үйінде «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Ақмола облыстық филиалының әдістемелік семинары болып өтті. Семинар жұмысына «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Лариса Алдабергенова, бірлестіктің Ақмола облыстық филиалының төрағасы Ермек Нұғыманов, аудандар мен қалалардағы қоғамдық бірлестік филиалдарының төрағалары, аудандық және қалалық тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары, тіл жанашырлары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиынды «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Ақмола облыстық филиалының төрағасы Ермек Нұғыманов кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды. Сонымен қатар Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Кәрімова сөз сөйлеп, өңірімізде тіл саясатын жүргізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Ол:

– Тіл тағдыры – ел тағдырымен сабақтас. Тіл – халқымыздың сарқылмас қазынасы, сан ғасыр жүріп өткен жолымыздың шежіресі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Қазақ тілі шын мәнінде білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Мемлекеттік тілдің қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды  құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан, қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр дегенге негіз жоқ Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол – қазақ тілі – деп атап өткен болатын, – дей келіп жиналған қауымға жылы лебізін білдірді.

Өңіріміздегі 60-қа жуық бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттік тілде жарық көреді. Биылдан бастап  «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Ақмола облыстық филиалының бөлімшелері облыстың 11 аудан мен 3 қаласында ашылды. Сонымен қатар, облыс бойынша 102 бастауыш ұйым құрылды, олардың құрамында 1000-нан астам белсенділер бар. Өңіріміздегі «Қазақ тілі» қоғамына облыстық әкімдік те қолдау білдіріп отыр. Әлеуметтік тапсырыс аясында 5 миллион қаржы қарастырылуда.

Жиын барысында Ермек Нұғыманов сөз сөйлеп, филиалдың ұйымдастыру жұмыстары туралы тарқатып айтып беріп, осы істің басы-қасында жүрген тіл жанашырларына алғыс айтты. Осы орайда, атап өтерлігі, филиал төрағасының орынбасары қызметіне ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Ақмола облыстық филиалының төрағасы Мерген Тоқсанбайдың тағайындалуымен қоғамдық қор қызметінің жұмысына жастар көптеп тартылып,  игі іске қолдау көрсетуде.

Шынында да, филиал ашылған сәттен-ақ, жұмыс өте қарқынды басталғанын аңғардық. Жыл басынан бері зум-конференциялар ұйымдастырылып, мақсатты топтардың белсенділері әлеуметтік желі арқылы бір-бірімен ақпарат бөлісіп, жергілікті жерлерде тіл саясатын қарқынды жүргізу мәселелеріне ден қойған. Университет пен колледждерде, басқа да білім мекемелерінде  жастармен кездесулер өткізіліп жатыр. Осы орайда көпэтносты елді мекендердің бірінен саналатын Атбасар аудандық филиалының жұмысы атап өтілді. Сонымен қатар,  Қорғалжын, Ерейментау аудандық филиалдарында тағылымы мол танымды іс-шаралар жүйелі жүргізіліп жатқандығы  да баса айтылды.

– Қазақ тілінің пайдалану аясын кеңейту жұмыстары аясында жоғары оқу орындарының ғылыми практикалық әлеуетін пайдалану мақсатында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде, оқу орнының ректоры Марат Сырлыбаевтың қолдауымен қазақ тілі және әдебиеті факультетінің оқытушылары мен студенттерінің қатарынан жобалық топ құрылды. Тіл жанашырларының ұсыныстары мен көптеген ауқымды жобалар алдағы уақытта жүзеге асатын болады.

Университеттегі жобалық топтың ұсынысымен қазақ тілінде аннимациялық мультфильмдерді жарыққа шығару, балаларға арналған тілашарларды көрнекі етіп басып шығару мәселелері көтерілген. Бірақ, бұл ауқымды бастамаларды жүзеге асыру үшін әрине, қаражат керек екендігі анық.  Алдағы уақытта тың бастамалар қаржылай қолдау табатын болса, бұл әрине, алдымен ұрпақ болашағына қосқан зор үлес болар еді. Тағы бір атап өтерлігі, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенттері сауда орталықтарындағы сатушыларға, оның ішінде өзге ұлт өкілдеріне көмекші құрал ретінде тілашарлар құрастырып, таратқан болатын.  Осы игі іске ат салысқан университет оқытушылары мен студент жастарының бұл бастамасы өзгелерге де үлгі боларлықтай.

Өңіріміздегі әртүрлі этностар еңбек ететін іргелі кәсіпорындардың басшыларымен өзара ынтымақтастық меморандумы жасалған.  Алдымен осы игі іске қолдау көрсеткен іргелі кәсіпорындарының бірі «Енки» серіктестігінің басшысы Мырзабай Әбдіқалықовпен, «Көкшетау-Энерго» серіктестігінің директоры Досымхан Аралбаевпен,  халыққа қызмет көрсету орталықтарымен де  байланыс орнатылып, бір мақсат, бір мүдде жолында, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мәселесі тұрғысында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Семинар жұмысында «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Лариса Алдабергенова  сөз сөйлеп, бірлестіктің құрылу тарихы, бүгінде атқарып жатқан жұмыстары туралы тарқатып айтып берді. Сонымен қатар, жиын барысында қоғам қайраткері, өлкетанушы Мұрат Ыдырысов, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы, ғалым Ғалымтай Төлепбергенов және тағы басқалары сөз сөйлеп, ана тіліміздің тағдыры, оны дамыту мәселелері төңірегінде келелі ой қозғады. Ғалымтай Төлепбергенов өз сөзінде қазақ тілін дамыту үшін ғылыми негізделген арнайы бардарламасы жасалуы, сондай-ақ, тіл мәселесінде ұсақ-түйек дегеннің болмауы керектігін баса айтты. Ғалымның айтуынша, қоғамдық қызмет көрсету орталықтарына, кәсіпорындарына лицензия берген кезде сол маңызды құжаттың бір пункті міндетті түрде мемлекеттік тілге байланысты болуы шарт.  Ал, Мұрат Ыдырысұлының  айтуынша қазақ тілін тек заң жолымен құтқара аламыз дейді. Мемлекеттік тіл – мемлекет қамқорлығына алынса ғана, ілкімді істер ілгерілей түсіп, өз жемісін беретіні анық.

Кез-келген бастаманың жанашыры болғаны абзал. Қазақ тілінің де жанашырлары жоқ емес. Ұлтын сүйген, тілін құрметтеген намысы найзадай, қолы ашық жомарт жандардың бары қуантады осындайда. Жиын соңында қоғамдық қордың жұмысына сәттілік тілеп, сөз сөйлеген «Көкшетау-энерго» серіктестігінің директоры Досымхан Аралбаев қордың қоржынына 5 миллион теңге қаражат салып, тілге деген құрметін паш етіп, өзгелерге өнеге  болардай кеңжүректілік танытты.

Жиын соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, алдағы жоспарлы шараларды өзара талқылап ширата түсті.

        Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
       «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар