Ақмола, Көкше өңірлері қасіретті қуғын-сүргін жылдарында

Құқықтық  мемлекетте әділетті сот пен конституциялық нормалар,заңның үстемдігі мен кепілдігі,мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі ешқандай жеке тұлғаның бостандықтарын бұзуға шектеу қоятыны белгілі. Осы орайда өткен ғасырдағы тоталитарлық қоғамның классикалық көрінісі сталиндік кезеңнің, Ақмола өңірінде қалайша орын алып,із қалдырғанына тағы да бір үңілсек. Қазіргі кезде Сталин уақытындағы қуғын-сүргінгеұшырағандардыңшынайысанынбілуүшінқұпиясыздандырылғанқұжаттарментанысудың маңызы зор. Олардыңішіндегіеңтанымалы1954 жылғы 1 ақпандағы Н.С.Хрущевтіңатынажазылған «КОКП ОК хатшысыжолдасН.С.Хрущевке» атты әйгілі мәлімдеме.

«КОКП ОК-ге бірқатар адамдардан өткен жылдары Біріккен Мемлекеттік Саяси Басқарма (БМСБ) алқасы,  Ішкі Істер Халық Комиссариаты (ІІХК) үштіктері, Арнайы кеңес, Әскери алқа, соттар мен әскери трибуналдар революцияға қарсы сөз сөйлегені үшін заңсыз соттау туралы сигналдарға байланысты және революцияға қарсы қылмыстары үшін сотталған және қазір лагерьлер мен түрмелерде жатқан  адамдардың істерін қайта қарау қажеттілігі туралы Сіздің нұсқауыңызға сәйкес, келесіні баяндаймыз: КСРО Ішкі Істер Министрлігі мәліметтері бойынша, 1921-1954 жылдар аралығында БМСБ алқасы, ІІХК үштіктері, Арнайы кеңес, Әскери алқа, соттар мен әскери трибуналдарменреволюцияға қарсы қылмыстары үшін 3 777 380 адам сотталды. Оның ішінде ең жоғары жазаға – 642 980 адам, лагерьлер мен түрмелерде 25 жыл және одан төмен жылдар бойы ұстауға – 2 369 220 адам, айдалу және жер аударуға – 765 180 адам лекті.

Тұтқындалғандардың жалпы санынан БМСБ алқасы, ІІХК үштіктері, Арнайы кеңеспен 2 900 000 адам, соттар мен әскери трибунал, Арнайы алқамен және Әскери Алқамен шамамен 877 000 адам сотталды.

…Бас прокурор Р.Руденко. Ішкі істер министрі С.Круглов. Әділет министрі К.Горшенин».

Бұл құжат 1921 жылдан 1954 жылдың басына қарай әскери айыптау бойынша өлім жазасына 642 980 адам, бас бостандығынан айыруға – 2 369 220 адам, жер аударуға 765 180 адам сотталғаны туралы куәландырады.

Бірақ, революцияға қарсы шыққан және басқа да ерекше қауіпті мемлекеттік қылмыстар үшін жоғары жазаға тартылғандардың саны туралы бұдан да толық мәліметтер бар.1918-1953 жылдар аралығында мемлекеттік қауіпсіздік органдарының істері бойынша қылмыстық жауапкершілікке барлығы 4 308 487 адам тартылып, олардың 835 194 адам ең жоғары жазаға сотталған.

Көріп отырғанымыздай, «қуғын-сүргіндердің» саны 1954 жылғы 1 ақпандағы мәлімдемеде көрсетілгеннен анағұрлым көп болған. Алайда, айырмашылық тым үлкен емес.Сол кездегі Кеңестер Одағының Бас прокуроры Руденконың мәліметінде ВМН-ға (Высшая мера наказания), яғни, ату жазасына 642 920 адамды көрсетсе, соңғы мәліметтер 835 194 адамды көрсетеді. Саяси баптар бойынша үкімге кесілгендердің арасында ұры-қара,қылмыскерлердің де жеткілікті болғанын айғақтар растап отыр.

Белгілі ресей зерттеушісі, аталмыш кезең туралы ғылыми еңбектердің авторы Игорь Пыхалов өзінің «Мұрағаттық құжаттар көрсетеді» еңбегінде мынадай деректер ұсынады, жоғарыда келтірілген кесте негізінде мұрағатта сақталған анықтамалардың бірінде қарындашпен жазылған белгі бар,«1921-1938 жылдарында барлығы сотталғандар саны – 2 944 879 адам, олардың 30 пайызы (1062 мың адам ) – қылмыскерлер». Ақмола өңірін алатын болсақ, қуғын-сүргіннен мыңдаған адам зардап шекті.1919 жылғы 11 қаңтарда енгізілген азық-түлік салығына тоқталсақ, бұл жылдар тарихта «Әскери коммунизм саясаты» деген атпен белгілі. Көкшетау өңірінде  халықтың, шаруалардың наразылығы өсіп большевиктер билігін алаңдатса керек.Көкшетау ревкомының төрағасы Васехо Губерниялық революциялық комитетіне жолдаған жеделхатында былай деп хабарлаған:

«Ревтрибуналдар мен шетелдік жасақтардың сессиялары арқылы жоспарланған барлық қысымдардың, тәркілеу мен тұтқындаудың және қалғанының бәрі қажетті нәтиже бермейтінін тағы бір рет растаймын.Халықтың қатты ашуы байқалады. Биліктің беделі жоғалтылуда. Қысым шараларын әлсіретіп, халықты қатты ашуландырмау қажет, әйтпесе біз алған нәтижелерден айырыламыз». (Ақмола мемл.архиві. Ф.76. ОП.1.35 іс. 126 бет). Қазақ АССР-нің Орталық Атқару комитеті  мен Халық Комиссарлар Кеңесінің 1928 жылы қабылданған «Тәркілеу және ірі бай шаруашылықтар мен жартылай феодалдарды қоныс аударту туралы» декреті жоғарыдағылардың күткен нәтижесін бермей, республика экономикасының жан түршігерлік құлдырауына апарып соқты.Бұл кезең –қазақ халқының қасіретті тарихындағы тағы бір қайғылы беті.Жалпы, осы уақытта бай отбасылары  мал шаруашылығы өндірістік бірліктерінің жалпы санының 6,9 пайызын ғана құрады.

Көп ұзамай «жартылай феодалдық, патриархалдық және рулық қатынастарды сақтай отырып, өзінің мүліктік және қоғамдық ықпалымен ауылды кеңестендіруге» кедергі келтіретін «ірі мал иелерінқоныс аударту туралы» шешім қабылданды.

Мұның бәрі барлық жерде өрескел заң бұзушылықтармен қатар жүрді. Репрессия басталды, барлық жылжымайтын мүлік пен қозғалыс иеліктен шығарылды,адамдарды жұрдай қылды десе де болады, тіпті балаларға тамақ та қалдырылмады.Шолақ белсенділердің байлардан тартып алған киім-кешек,мүліктерді өздерінің бас пайдасына жаратқан жәйттер де аз болған жоқ. Үкімет барлық мүлікті мәжбүрлеп алып, мал иелерін дәстүрлі мекендеу орындарынан шығарды.Малшылар мен олардың отбасылары отанына оралу және әдеттегі шаруашылықпен айналысу құқығынан мәңгілікке айырылды.

Қуғын-сүргінге ұшырағандарды қалаларға апарып, қалыпты өмір сүру үшін ең қарапайым жағдайлар болмаған жерлерде жұмысқа орналастырды. Адамдар қатты қорлауға ұшырады.Тарихшы Жұлдызбек Әбілқожинның айтуынша«700-ге жуық шаруашылық экспроприацияға ұшырады, олардан 144745 бас мал тәркіленді (ірі қара малға ауыстырылды)». 113 мыңға жуық мал басы колхозшылар (29 мың немесе 26 пайыз) және кедей-батрак шаруашылықтары (85 мың бас немесе 7 пайыз) арасында қайта бөлінді.

Петропавлдық «Степная звезда» газетінде «ірі малшылардың 34 отбасының мүлкін тәркілей отырып, Петропавлдық округы шегінен шығару туралы» аудандық атқару комитетінің қаулысы басылып шықты.

«Астық дайындау барысында 30 мыңнан астам шаруа түрлі репрссияларға ұшырады, тек 1928-1929 жылдар аралығында 227 шаруа атылды». («Горизонт» газеті, 1993 жылғы 3 наурыздағы,№9).Аталмыш келеңсіз науқаншылық еліміздің барлық өңірлерін жаппай қамтыды.

Көшпенді қарапайым халықтың мейлінше сауатты, шаруашылықты білетін, ауқатты да еңбекқор  бөлігі қуғын-сүргінге ұшырады.

ҚР Орталық мұрағатының құжаттарында республика бойынша «Кіші қазан» саясатының үлкен зиян келтіргені айтылады, оның «нәтижесінде әртүрлі деңгейдегі 500-ге жуық шаруашылық 1928 жылы Қазақстаннан тыс жерлерге қоныс аударған. 31 мың шаруа қуғын-сүргінге ұшырады, 277 шаруа атылды». 1929 жылы республикада 56 498 шаруа жауапкершілікке тартылып, олардың 34 мыңнан астамы жазаланған.

Сталиндік қуғын-сүргіннің идеологиялық базасы қалыптасты («тап жауларын» құрту, «ұлшылдықпен» және ұлы державалық шовинизммен және т.б. күрес). И.В.Сталин1928 жылғы 9 шілдеде өткен БОКП (б) ОК пленумындағы «Индустриализация және астық бағдарламасы» баяндамасында кулактардың мүлкін тәркілеу, 1928-1932 жылдар аралығында КСРО-да жүргізілген ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру барысында мемлекеттік саясат бағыттарының бірі – шаруалардың кеңестік жүйеге қарсы шығуын басу және онымен байланысты «кулактарды тап ретінде жою» кулактарды құқығынан айыру, жалдамалы еңбекті пайдаланатын ауқатты шаруалардың өндіріс құралдарын, жерлерін және азаматтық құқықтарынан сотсыз күштеп айырып, мемлекеттің шалғай аудандарына аудару туралы айтқан. Сонымен, мемлекет елде өткізіліп жатқан іс-шараларға қарсылықты ұйымдастырып, материалды тұрғыдан ауқатты тұратын ауылдық жерлердегі халықтың негізгі әлеуметтік топтарын жоя бастады.

Жергілікті жерде құрылған бай-кулактар тізіміне кез-келген шаруаны кіргізіп, жат элементтер қатарына қосу, асыра сілтеу, заңсыз жауапқа тарту қалыпты жағдайға айналды. «Кулактың мүддесін қорғайтындар» терминін кеңінен қолдану бұл кезеңдегі идеологиялық ерекшелік десек те болады, кез келген шаруаны, атап айтсақ, жалшымалай дейсіз бе, орташа шаруа немесе кінәсіз, кінәлі ме, ақ-қарасын айырмай-ақ қуғын-сүргінге ұшыратып, үреймен ұстауға мүмкіндік берген қара түнек заман орнады.Мысалы, «байдың құйыршығы», «бай-құлақ», «халық жауы», «қой терісін жамылған қасқыр», агент-шпион, арандатушы сияқты теңеулерді кез-келген адамға қолдануға болатын.

Ел ішінде жала жабу,бірін-бірі көрсету, күйе жағу фактілері кеңінен орын алды.Әрине қарсылықтар, бас көтерулер де болды. Шаруалардың үкіметке,  ұжымдастыруға, үлкен салыққа және астықтың «артылғандарын» мәжбүрлеп алуға қарсы наразылықтары астықты жасыру, жағып жіберу, тіпті ауылдық, партия және кеңестік белсенділерін өлтіру арқылы көрініс тауып жатты. Қарсылықтың қандай түрі болсын,  кеңестер тарапынан шаруаларды арандатушылар қатарына қосып, «революцияға қарсы болғандар»  қатарында бағаланған.

КСРО БМСБ-ның №44/21 бұйрығына сәйкес, «кулактарды тап ретінде жоюды неғұрлым ұйымдасқан түрде жүргізу және кулактар тарапынан ауыл шаруашылығын социалистік қайта құру жөніндегі кеңес өкіметінің іс-шараларына, ең алдымен, жаппай ұжымдастыру аудандарындажақын арада кулакқа, әсіресе, оның бай және белсенді революцияға қарсы бөлігіне қатты соққы беру керек». Осы бұйрық бойынша кулактар мен олардың отбасыларын көшіру жөніндегі науқандарды бірінші кезекте өткізу көзделді. Осылайша Қазақстанда 10-15 мың отбасын депортациялау жоспарланған болатын.

Сонымен қатар, азық-түлік салығы саясатына орай, барлық жерлерде уездік азық-түлік комитеттері құрылды.Көшпенділердіңпатриархализмнен социализмге бірден өту теориясы бұдан былай халықтарға сансыз азап әкеліп, үлкен бір саяси экспериментке апарып соқты.Кулактарды жою науқаны  ауыр зардаптарға ұшыратты. Жергілікті жерде «шаш ал десе бас алатындар» берілген жоспарды бар ынталарымен орындауға тырысып,  субъективті түрде белгіленген контингенттен екі немесе тіпті үш есе асып түсіріп отырды.Мысалы, мұрағат құжаттарының деректері бойынша «Көкшетау уезінің аудандарында 1930 жылы ұжымшар құрылысының беделін түсіргені, шетелдік барлаушылардың тапсырмасы бойынша жасалған «зиянкестік»үшін 307 шаруа сотталған. Келесі жылы 690 адам репрссияланды, оның 44-і  10 жылға сотталды.

Сол кездегі Көкшетау облысының қауіпсіздік органдарының  деректері бойынша өңірде 1101 адамға үкім шырылып, олардың 665-іне  ең қатаң жаза берілді, қалғандары бас бостандығынан айырудың әртүрлі мерзіміне сотталды. Жазаланған адамдар әртүрлі ұлт өкілдерінен еді: қазақтар – 211, орыстар – 246, поляктар – 230, немістер – 149, украиндер – 199, кәрістер  – 78 адам және тағы сол сияқты. Шаруалар 494, жұмысшылар – 352, интеллигенттер – 133 адамды құрады. Сол кезде Көкшетау өңірі бойынша барлығы 4978 адам сотталды, кейін оның 4301 ақталды.

1929-1933 жылдар аралығында БМСБ (ОГПУ) Уәкілетті үштік өкілімен Қазақстан бойынша 9805 іс қаралып, 22933 адамға қатысты шешімдер қабылданды, олардың 3386 – ату жазасына, 13151 – үш жылдан 10 жылға дейін мерзімге концлагерьге сотталды. 1933 жылдың ішінде ғана 21 мыңнан артықадам тұтқындалды. Үштік хаттамалары өлкелік партия  комитетінің жабық отырысында қаралып, оларға хатшылардың біріФ.Голощекин, И.Құрамысов, ал 1930 жылдан бастап, БОКП (б) Қазақ өлкелік комитетінің төрағасы Г.Рошаль қол қоятын.

Сталиндік ұжымдастыру моделі шаруалардың қатты қарсылығын тудырды. Қазақстанда 1929-1933 жылдар аралығында қарулы көтерілістердің толқыны өтті, олар ең қатал түрде басылды. Барлығы 370-тен астам бас көтерулер болғанын мамандар дәлелдеп отыр.Кеңес өкіметі 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысты басу үшін жазалау экспедициясын жіберген патша үкіметінің  тәжірибесін қайталады. Ешкім көтерілісшілермен келіссөздер жүргізген жоқ.Күштеп ұжымдастыруға қарсы көтерілісті басқаннан кейін, бүлікке қатысқандар істерін соттан тыс органдар –«үштіктер» қарады.

Әдетте репрессивті деп саналатын заңның мысалы ретінде әйгілі «үш масақ туралы» заңды айтуға болады. Ресми түрде, 1932 жылғы 7 тамыздағы қабылданған  заң 1934-1953 жылдардағы сталиндік қуғын-сүргін кезеңіне енбейді, алайда қайта құру кезіндегі репрессия ұғымының  бірнеше мәрте кеңеюіне байланысты «үш масақ» ҚК-нің 58-бабымен және 1937 жылмен қатар қоғамдық санаға мықтап кірді.

Оны ауыл тұрғындары үшін жазаның стандартты шарасы деп те айтуға болатындай. Егер бұған дейін, екі-үш жыл бұрын, айыппұлмен жазаланатын бұзушылықтар енді   өлім жазасына немесе 10 жылға бас бостандығынан айыруға апаратын». Бұл заң осының алдында ғана мал-мүлкінен айырылған колхозшыға, қарапайым шаруа адамына өте қиынға соқты. Айталық,аштық қысқан адам егістік даласынан үйіне балаларына талғажу етсін деп үш-төрт масақ әкелгені үшін бар дүниесі тәркіленіп, ұзақ мерзімге айдауға кетіп сотталатын немесе ату жазасына кесілетін.

Жалпы, кез-келген шаруа адамында жиырма шақты  қой болса, ол  бай шаруашылықтардың тізіміне кіріп, үкіметтің құрығына ілінетін. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын»деп ұрандаған голощекиншілердің жоғары жақтың нұсқауымен саяси науқанды асыра орындауы Алаш даласын қанды қасіретке әкеліп соқтырды. Аштық туралы  тарихта қазір көп зерттеліп те, жазылып та жүр.

Репрессияға ұшыраған адамдар – бұл бөлек әңгіме. Репрессияға ұшыраған адамның туыстарына жұмысқа орналасуға, оқуға түсуге қиын болатын. Тек біздің заманымызда, соңғы жылдары ғана аталарымызбен әкелеріміздің ащы тағдыры туралы біле бастадық.Ақмола облыстық партия комитетінің бұрынғы хатшысы Мансур Гатаулин десталиндік режимнің шеңгелінен құтыла алған жоқ. Әйгілі «Қарағанды ісі» бойынша Абдолла Асылбеков, Нығмет Нұрмақов сияқты қайраткерлермен бірге сол кездегі қан жамылған 58-ші бап бойынша ату жазасына кесіледі.Оның жалғыз қызы Ая Мансурова өзінің естелігінде  әкесін мәңгіге алып кеткен биік кіреберісі бар екі қабатты үйді еске ала отырып, былай деп жазады.

«Мен ол кезде  кішкентай болдым, бірақ, әкемді әкетуге келген бейтаныс адамдар келгендегі қорқыныш сезімді осы күнге дейін ұмытқан жоқпын. Әкемді 1937 жылы қамауға алып, кейін ешқандай сотсыз да, тергеусіз де атып тастаған. Біз оны кейін ғана білдік. Ол кезде әкемнің жасы небәрі 34-те еді». Мансур Гатаулин тірі емес екенін оның әйелі Сақыпжамал Мұхамеджанқызы 1957 жылы «Хрущев билікке келген заманда» ғана білді. Оны органдарға шақыртып,  жолдасының айыптау жөніндегі ісі қайта қаралып, 1937 жылғы КСРО ІІХК жанындағы Ерекше кеңестің қаулысы бойынша қылмыс құрамының болмауына байланысты күші жойылды деген анықтама береді.

Күйеуінің тұтқынға алынғанына жиырма  жылдай болғанына қарамастан, бұл оқиға Сақыпжамал Мұхамеджанқызы үшін тағдыршешті болғаны сондай, ол салдық науқасқа ұшырап, семіп қалады.  Соңғы күндерге шейін  жолдасы тірі және оралады деп сеніммен өткен ғой. Гатаулиннің тұтқындалып, «халық жауы» айыбы тағылғаннан кейін оның жақындарын қудалау басталды.Інісі Шафхат, кезінде Мәскеу театр институтын бітіріп, Гурьевте істеп жүрген уақытында жұмыстан шығарылып қамауға алынады.Қарындасы Мунира күйеу баласыСадық Нағырбековпенбірге «халық жауының» жақындары ретінде қуғын көреді.

Сталиндік қуғын-сүргін кезінде зардап шеккен ақмолалықтардың  есімдері тарихта қалды. Бұл ретте, Сабыр Шәріпов, Әбілхайыр Досов, Арап пен Зарап Темірбековтар, Асылбек Мустафин, Раббани Мұхамедьяров, Жұмағали Тілеулин, Шәрәпи Әлжанов, Хайреддин Болғамбаев, Біләл Малдыбаев және тағы да көптеген арыстардың есімдерін айтуға болады.

Соғысқа дейінгі кезеңде Қиыр Шығыстан сол кездегі Көкшетау аймағына 1937 жылы кәрістердің алғашқы легі–276 отбасы жер аударылды. 1936 жылдың 28 сәуірінде КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі «УКСР-ды көшіру және ҚазССР-нің Қарағанды облысында 15000 поляк және неміс шаруашылықтарын (ол кезде Көкшетау облысы болмаған, аудандар Қарағанды облысына кірді) орналастыру туралы»қаулы қабылдады.1941 жылы 28 тамызда КСРО Жоғарғы Кеңесінің «Еділ аймағында тұратын немістерді көшіру туралы» бұйрығы шықты.Немістер Көкшетау аймағының 292 елді мекеніне, әсіресе Келлер, Рузаев, Красноармееец және тағы басқа аудандарға қоныстанды. Осы тағдырға соғыс жылдарында қалмақтар, қарашайлар, балқарлар, ингуштар, шешендер, қырым татарлары және тағы басқа ұлттарортақтасты. 1944 жылдың наурыз айында Көкшетау облысына Солтүстік Кавказдан 30460 арнайы қоныс аударушыларкөшірілді.

Облыстық мемлекеттік мұрағатының құжаттарында, атап айтқанда, Көкшетау қоныс аудару бөліміне келгендердің шаруашылық құрылымы туралы есебінде мынадай деректер көрсетіледі: Солтүстік Кавказдан Щучье ауданы бойынша 1947 жылғы сәуір айында күштеп қоныс аударылғандар барлығы 5445 адамды, оның ішінде колхоздарға орналастырылғандар – 728, мектеп жасындағы балалар – 1046,  оқумен қамтылғандар – 364 адамды құраған.(Ф.22 оп.1. д.23).

Ал, 1944 жылы осы ауданда арнайы қоныс аударушылардың саны 6044 адамды құраса, оның ішінде ингуштер – 3436, шешендер – 1104, балқарлар – 1454 адам болған. Олардың барлығы ауданның 38 колхозы мен кәсіпорнына қоныстанды(Ф.3260 оп.1 д.12).

Қазақстанда шешендердің шоғырланған аудандары Ақмола, Көкшетау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Семей және Алматы облыстары, ал, ҚырғызстандаФрунзе және ОШ облыстары болды. Халқымыздың күшпен жер аударылғандарға қаншалықты көмек-қолдау көрсетіп, соңғы нанымен бөліскенін көзі тірі куәгерлер, олардың ұрпақтары айтып та, жазып та жүр, қазір де дән риза.Депортацияланғандар Қазақстанда қиын кезеңнен аман өтіп қана қоймай, өздері және ұрпақтары үшін екінші Отанын тапты, этностар ретінде сақталып, бүгінгі күні көпұлтты Қазақстан қауымдастығында лайықты орын алып отыр.

Қазақстанда Кеңес өкіметі жылдарында саяси қуғын-сүргін құрбандарының саны ғалымдардың бағалауы бойынша 3,5 миллион адамды құрады. Мұрағаттық құжаттарды зерделеу жұмыстары әлі де  жалғасуда.

Сол жылдардағы жаппай қуғын-сүргін туралы көптеген кітаптар жазылды, зерттеу материалдары жарияланды,лагерь тозағынан өткен адамдардың естеліктері жарық көрді.Тәубә, қазір идеологиялық бет-перденің шымылдығы ашылды, қайта зерделеуге мүмкіндік туып отыр.Әлі күнге дейін зерттеушілер жаңа есімдерді, жаңа тың деректерді тауып, ғылыми айналымға енгізуде. Иә  бұл зұлмат кезеңнің тарихи  парағы әлі де толық  жабылған жоқ. Біз соның кейбір көмескі беттерін ғана атап өттік.

 Аманбай СЕЙІТҚАСЫМОВ,
Ақмола облыстық Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссиясының үйлестірушісі, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар