Шығармашылықтың шырайы шындықта

Әрбір адам – өмір соқпағының жолаушысы.  Сол соқпақта талайлар кездеседі.  Әр қайсысы әр түрлі әсер қалдырады. Бірі санаңда сәулелі ой қалдырса, екіншісі  ескі бір бұлдыр елестің көлеңкесіндей көрініп, сосын көп тұрмай жоғалады. Әсілі, сенің өміріңде шапағатты ойымен, шарапатты сөзімен жақсы із қалдырған адамның бәсі жоғары болмақ. Мен үшін сондай жанның бірі -Жабал Ерғалиев.

Бүгінгі таңда ол кісіні Көкше жұрты ғана емес, алаш баласының дені түгелге жуық таниды десек, артық айтқандық емес.  Жабал Ерғалиев – белгілі қоғам қайраткері, Сенаторлар Кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург, публицист, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты. Жабал Ерғалиұлының қоғамдағы абыройын асқақтатын мұндай атрибуттар мен анықтамалар жетіп артылады. Көпсінуге де, азсынуға да болмас дейміз. Не қылғанмен де осының барлығы Жәкеңнің саналы ғұмырында өзі жасаған жасампаз ісінің көрсеткіші, табан ет, маңдай терінің өлшемі дер едік.  Әр жерлерде ордалы ойдың, саңлақ сөздің иесі атанып, көпке мәлім һәм мәшһүр болып, қарағайдай болмысымен дараланып, оқшау көрінетін адамдар болады.  Киелі де, сұлу Көкше үшін Жабал Ерғалиұлы сондай тұлға.

Тегінде адамды кісілігімен, кішіпейілдігімен, қарапайымдылығымен, қажырымен өлшеп, баға беріп үйренген  қазақы баба таным өмірде көп адастырмайды. Сол үдеден алғанда Жәкеңнің бойындағы адами қалып пен кісілік мінез, сұр мерген сұңғылалық пен тепсініп тұратын  дегдарлық, қанатын кеңге жайған қарапайымдылық пен көңіл жықпайтын көпшілдік бізге етене таныс. Әнеу жылдардан бері. Жақын жүрсек, жиі сырласып, сұқбаттасып, алыс кетсек іздеп, сағыныса көрісіп, шүйіркелесіп қалатынымыз бар. Кей сәтте ішкі қатпарын лақ еткізіп аша салмайтын Жабал ағаның ағыл-тегіл ақтарылатыны болады. Оның өзінде жеке басының  мұң-мұқтажы емес, заман, қоғам, адам қақында,  алмағайып уақыттың өтіндегі адам баласының өткені мен бүгінгі һәм алдағысы жайлы, қағанағы қарық, сағанағы сарық бола алмай жүрген қаймана қазақтың жай-күйі турасында…  Мазаң уақыттың мазасыз, шалдуар шақтың шамырқанған  ойлары ғой.

Сондай  бір келелі, кесек ойлардың  тек айтылып қана қоймай, одан әрі ширатылып,  шындықпен суарылып, шүйкедей есіліп, сымдай тартылып, сезіммен құшақтасып,  парасатпен ұштасып зәу биікке қарай көтерілетіні болады. Ондай мүмкіндікті тек суреткердің һәм жазушының пешенесіне жазған.  Анығында маған ең жақын Жабал, ол – жазушы Жабал. Әр жылдарда Жабал Ерғалиұлының қаламынан «Құшағы суық дүние», «Кешкі мұң», «Ескі арба», «Соңғы тұяқ», «Алтыншы бала», «Жетімдік», «Қош бол, құлыным», «Сөне көрме, жұлдыздар!», «У дүние» қатарлы сүбелі әңгіме-хикаяттар туып, оқырманға жол тартты. Сонымен қатар6 драматургия саласына да түрен салып,  ойы терең, сезімі ширыққан, қайшылығы қатпарлы, айтары мол пьесалар жазды. Драматургтың «Қас-қағымы» М.Әуезов атындағы қазақтың академиялық, ұлттық театрында сахналанып, халықаралық   байқаулардың әлденеше бас жүлдесін жеңіп алса, «Есігімді қаққан кім» драмасы Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы  академиялық, музыкалық-драма театрында «Жетім тағдыры» С.Сейфуллин  атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрында, «Құлпытастың көз жасы» драмасы Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театрында, «Қораптағы қоқысы» Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық музыкалық-драма театрында сәтті қойылды.

Жазушы Жабал Ерғалиевтің мейілі прозасын, мейлі драматургиясын салсаңыз да оқырманы мен көрерменін бейжай қалдырмайтын толғақты ой мен тоғысқан сезімдерге толы, замана зары, қоғам суреті, адам тағдыры туралы толғайды. Бейнелі де бедерлі сөз мәртебелі әдебиеттің мінберінен тіл қатады. Жазушының ішкі толғанысы, жан тебіренісі бейне толқындай бүктеліп келіп, ой жағасын соққылайды,   Айтылмай жүрген, айтылуға тиісті ойлар. Жай ойлар емес, пәлсапалық  пішінге ауысқан, көркемдіктің көк жазирасында көсіле шапқан  ойлар. Сол ойлардың қатпарында адам тағдыры жатыр. Олар «Құшағы суық дүниедегі» ағайынды Қапар мен Жапар, «Кешкі мұңдағы» Жандыбай, «Зарығудағы» Үмітжан,  «У дүниедегі» Сәду, «Алтыншы баладағы» Кәрім  тағы басқа да кейіпкерлер.

Кез-келген шығарма шынайылығымен құнды. Ол шынайылықтың шырайын өмірден алса керек. Өмірден алынған   шындық қана ұзақ өмір сүруге қақылы һәм нанымды. Жазушы шығармаларындағы оқиғалар мен кейіпкерлер әлдеқашан өтіп кеткен уақыттың ескі, көмескі тартқан суреттері секілді тіл қатып, бүгінгі күннің арман-аңсарымен, мұң-мүддесімен ұштасып  жатады. Ол өткен заманның еншісінде қалып қоймайды, өлместің өнегесін, өшпестің сырын айтады. Бізге мәлім сияқты болғанымен беймағұлым тағдырлар. Әлмисақтан әдебиеттің зерттейтіні – өмір, қарастыратыны – адам. Бұл бұлжымақ емес. Өмір суретін көркемдеп бере алған жазушы- шындығында суреткер. Біз жазушының көркем шығармаларынан осыны аңдадық.

Драматургтың  жазған пьесаларының ішіндегі шоқтықтысы «Қас-қағым» метафизикалық драмасы екендігі даусыз. Көкшедегі кешегі театр фестивалі  шымылдығын осы драмамен ашты. Көрдік. Көңіл тоғайды. Әсіресе,  актерлер ойнына және режиссуралық шешімге. Жас режиссер Елік Нұрсұлтан драматургтың ойын дөп басып, оны одан әрі дамытып, қоюландырып, ширықтырып әкеткен.  Жазира мен Сәбиттің жан тебіреністері мен ой ағымдары  үдей отырып, адам жанының ащы шындығын,  тұншыққан айқайын, бұлқынған дәрменсіз халін ашып көрсеткен екен. Анығында адам жанынан нәзік, одан күрделі ештеме жоқ. Ол қараңғы, топас, тоғышар, жауыз ортаға түссе тіптен солай болмақ. Терең психологиялық-әлеуметтік тартысқа құрылған драманың  кейіпкерлері дәл біздің ортамызда жүр. Біз оларды көрмейміз, көрсек те көрмегендей боламыз. Әлеуметтік тоғышарлық пен психикалық немқұрайлылық – біздің қоғамның дерті.

Дүниені жалпағынан басып, білгенін істеп келе жатқан, іші арам, сырты аңқау, болмысы нас, көр көкірек, қанды қол  Райбек Әлімовичтер  ортамызда жүр ғой?! Олар үшін өзгенің тағдыры – ойыншық. Өз дегеніне жетсе болды. Қазақ қоғамына сіңісті болып бара жатқан мансапқорлық пен жағымпаздық, тоғышарлық пен дәрменсіздік – Райбекті қоршаған ортаның бет-бейнесі, алас-күлес заманның, алапес жайлаған қоғамның ащы шындығы. Мұндай ортада әлгі Абай жарықтық айтқан «ғадлет пен махаббатқа» жол жоқ. Ол екеуіне жол болмаған жерде хаос, тобырлық сана билеген мағынасыздық һәм қорқаулық!  Ақиқатты айту қашаннан ауыр, оның жолы азапты. Шындық  қашаннан бұғақта, қараңғы қапаста тұншығулы.  Бірақ, оны қалайда, қандай бір жолмен айту керек. Санасы ауыс, дертті  қоғамда ешкім сау емес. Бірін-бірі жегі құрттай жеген қайырсыз ортада адал болып, ақиқатты айтып өмір сүруден қиын нәрсе жоқ. Біз метафизикалық драмадан соны ұқтық. Мен драмадан Альбер Камю кейіпкерлерінің  психикалық ширығуларын,  ішкі дүмпулерін, жан шырылын, өң мен түстің арасындағы арпалыстарын көргендей болдым. Қалай айтсақ та «Қас-қағым» өте сәтті шыққан, ғұмыры ұзаққа баратын шығарма. Бұл – жазушының мерейі, көрерменнің қуанышы! Дәл осындай шығармашылық қуаныштарыңыз әлі де көп болсын, қалам қуатыңыз сарқылмасын,  Жабал аға, мерейлі жасыңыз құтты болсын!     

 Ерболат Баят,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, жазушы.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар