Өмірдің де, ұстаздықтың да мол жүгін арқалаған ардақты азамат

  Жарық  дүниеде жаны жайсаң, жақсы адамдар аз болмағаны шындық. Ол адамдар өздерінің қара басын емес, көптің қамын ойлайтын, үлкен жүректі, ер тұлғалы асыл азаматтар қатарынан көріне білген. Сондай қадірлі де сыйлы, абзал жандардың бірі деп Аязбай Сәдуақасұлы Қақабаевты атар едім. Ұлағатты ұстаз, балалардың асқар таудай әкесі, немерелердің атасы болған Аязбай Сәдуақасұлының өмірден озғанына бір жыл толып отыр. 

  «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға…» демекші,Аязбай Сәдуақасұлы бар саналы ғұмырын Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы Талдыкөл орта мектебіне, яғни, білім беру жүйесіне арнап, ұстаздық пен басшылықты қатар ұстанған құрметті азамат болатын. Әбекеңнің жарқын жүзі, өнегелі өмір жолдары біздер үшін әрдайым үлгі-өнегі болды десек артық емес.

Халық жадында сақталудың жолы әрқилы болатыны да рас. Біреу өзінің өнерімен, біреу ерен еңбегімен, тағы біреулер биік адамгершілік, азаматтық қылығымен өз өмірінде өшпес із қалдырып жатады. Халық ондай жақсы адамдарды әрқашан есте сақтап, кейінгі ұрпаққа үлгі етіп айтып отырады. Олардың жасаған игі істерін алға тарту арқылы кейінгі ұрпақты өткеннің ғибратына баулитыны да шындық.

Бүгінгі мақаламыздағы тілге тиек болғалы отырған ағамыз Аязбай СәдуақасқұлыҚақабаев 1941 жылы 1 наурызда Талдыкөл ауылында дүниеге келген. Үлкендердің айтуынша, Аязбай атанғаны аязды күні дүниеге келген екен. Сол себептен ата-анасы қазақтың әдеті бойынша «Аяз бай» деп атаған көрінеді. Әбекең өте қиын-қыстаукезеңде, яғни, соғыс жылдары туып, біраз ауыртпалықтарды бастан өткерген адам.Аязбай ағамыз мектепте оқып жүргенде жаратылыстану ғылымына  үлкен қызығушылық танытып, биология және география пәндерін сүйіп оқыған екен. Әсіресе, биология пәнінің мұғалімі мамандық таңдау барысында дұрыс бағыт-бағдар беріп, оның кейін ұстаздық жолды таңдауға ықпал еткен деседі.

Аязбай Сәдуақасұлы1948-1961 жылдары Чкалов орта мектебінде оқып, интернатта тұрады. 1961 жылы Омбы ауыл шаруашылығы институтының зоотехникалық факультетіне оқуға түсіп, сол жылдан бастап Севастополь селосының 7-ші мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істей бастайды.Әскери міндеті Москва қаласында спорт ротада өтті. Әскери қызметін мінсіз атқарғаны үшін офицерлік курсқа жіберілді, лейтенант шенін алды.

Темирязов ауыл шаруашылығы академиясында тәлім алды. Әбекең әскери міндетін атқарғаннан кейін Чкалов аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болып партия қызметіне шақырылады. 1979 жылы Петропавл педагогикалық институтының жаратылыстану факультетіне биология мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 1984 жылы бітіріп шықты.1970 жылы Талдыкөл сегізжылдық мектебіне директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалып, ұзақ жылдар Талдыкөл бастауыш партия ұйымының хатшысы да болып қызмет атқарды.1985 жылдың шілде айынан бастап Талдыкөл орта мектебінің директоры лауазымы қызметіне тағайындалып, сол жерден зейнеткерлікке шықты.

Мақаламыздың кейіпкері Аязбай Сәдуақасұлы көктегі темірқазық жұлдызындай жарқ етіп, бар саналы ғұмырын оқу-ағарту жолына арнаған адам. Ол бойындағы бар адами қасиеттерді өзі тәрбиелеген оқушылары мен шәкірттерінің бойына молынан дарыта білген жан. Мұғалімдік қызметте жүріп педагогикалық тәжірибесін үнемі жетілдіріп аудандық, облыстық, республикалық конференцияларға, сондай-ақ жыл сайынғы өткізіліп тұратын тамыз конференцияларына да белсене қатысқан білікті ұстаз. Ұстаздық қызмет барысында 200-ден астам шәкірт тәрбиелеп шығарды. Бүгінде ұлағатты ұстаздың алдынан тәлім-тәрбие алған ауыл жастары еліміздің басты қалалары мен бірқатар өңірлерде еңбектің түрлі саласында  қызмет атқарып жүр.

Аязбай  Сәдуақасұлы ұзақ жылдар Талдыкөл мектебінде директор болып қызмет атқарды. Ол директорлық қызмет барысында ұжым арасында өте сыйлы азамат болды. Әріптестерінің ерекше құрметіне бөленіп, білікті басшылардың бірегейі де атанған жаны жайсаң адам еді. Жұмыс барысында әріптестеріне ұстаздық шеберліктің негізін бар ыждаһаттықпен үйретті деуге болады. Әбекеңжұмысқа өте шыдамды және өз ісіне ұқыпты адам болды. Ол өзіне жүгінген адамдардың бәрін сыпайы да байсалды мінезімен тыңдап, қажетті кеңесін беріп, қол ұшын беруге әрдайым дайын тұратын.

Аязбайағамыз мектептегі жұмыстармен шектеліп қоймай, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысып отырғанының куәсіміз. Өзі туып-өскен Талдыкөл ауылында бастауыш партия ұйымының хатшысы да болып көп жылдар қызмет атқарды. Турасын айтқанда жұмысқа белсенді, өз ісіне тиянақты, өте еңбекқорадам болатын.  Сонымен қатар, Аязбай Сәдуақасұлы ауылдағы әрбір жақсы істің бастамашысы, қолдаушысыда бола білді. Олел азаматтарының қуанышы мен қайғысына да ортақтасып, қолынан келгенше ауыл азаматтарыныңжанашыры да атанды.

Тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасы қаланған жылдары да елді дамыту ісіне өзіндік зор үлесін қосқан Әбекең балаларын еңбекке баулу мақсатындашаруа қожалығын да ашып, қажырлы еңбектің үлгісін көрсетті.

«Жүйрікте де жүйрік бар – қазанаты бір басқа, жігітте де жігіт бар – азаматы бір басқа» дегендей, бір сөзбен айтқанда жақсы қасиеттерді бойына молынан жинай білген Аязбай Сәдуақасұлы нағыз азаматтың азаматы еді.

Отағасы зейнеткерлікке шыққаннан кейін дін жолына бет бұрып, ел жастарын имандылыққа да үйретті. Арапша хат тани отырып, қасиетті Құранды өз мақамына келтіріп оқитын ерекшелігі де бар болатын.

Абыз ағамыздың жұбайы Бәтен Жүсіпбекқызы да ірі әріптермен жазылған ұлағатты ұстаз болды. Математика мұхитынан асыл қазына терген Бәтен Жүсіпбекқызының: «Өмірімнің суреті сиқыр сандар симфониясы іспеттес!», – деуінің өзі бір керемет философия, шынайы ақиқат екені аян.

Аязбай ағай мен Бәтен апайдың отбасы тек ауылда ғана емес, өңірге де танымал, үлгілі отбасы бола білді. Өмір жолында өзіндік бағыт-бағдарұстанған жоғары білікті, тәжірибесі мол ерлі-зайыптылар, сегіз баланы өмірге әкелді. Адамзаттың өмірдегі ең қымбаттысы, көз қуанышы – бала. Осы орайда, балаларының жақсы азамат болып қалыптасуларына бар күш-жігерлерін аямаған ұлағатты отбасыөз ұрпағына жақсы тәлім-тәрбие бере отырып, сәбилерінің бәріне жоғары білім әпере білді.

«Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дегендей, Аязбай аға мен Бәтен апайдың балалары атажолын қуып, оқу-білімге құштар болып өсті. Тәрбиелі отбасы балаларының бойынан, іс-әрекетінен қандай да бір кемшілікті байқаса, соны түзетуге ата-аналық махаббатпен, шынайы  жанашырлықпен кіріскенін көріп отырмыз. Сондай-ақ, Ұлттық салт-дәстүр мен тәлім-тағылымды балаларының санасына түсінікті сіңіріп, жетесіне жеткізгендері де байқалады. Осындай адами қасиеттерін ұғынған балалары да  оларды ерекше құрметтеп мақтан тұта білді. Әке-шешеден алған үлгі мен ұлағатты тәрбиенің арқасында балаларының бәрі үлкен азамат болып өсті.

Балаларының ішінде, Әнуар мен Нұрбол ғылым  саласына бет бұрып, бүгінде қос ғалым атанып отыр. Қазақтың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген даналық сөзі осының дәлелі іспетті.Бақытты отбасының басқа да балалары ата-анасынан жақсы тәлім-тәрбие алып, бүгінде жұрт қатарлы еңбек етуде.Отбасындағы балалардың жетістіктері,әрқайсының шаңырақ көтеруіАязбай Сәдуақасұлы мен Бәтен Жүсіпбекқызының ерен еңбектерінің жемісі деп білеміз.

Бәтен апамыз өз тарапынан Әбекеңнің қажетті жағдайын жасап, әр бір ортада сыйлы азамат болып қалыптасуына үлкен үлес қосқан жанжары. Аязбай ағайдың туыстары мен інілеріне және достары мен әріптестеріне әр кезде оң қабақ танытып, олардың алдында отағасының қадір-қасиетін, абырой-беделін төмендеткен емес. Екеуінің арасында  шынайы сыйластық пен жарасымдылық басқаларға үлгі боларлық еді.

Қазақ халқында «тектілік», «кісілік» деген қадірлі ұғымдар бар. Міне, осы адами қасиеттер Әбекең ісінен, мінез-құлқынан үнемі сезіліп тұратын. Осы қасиеттеріңің арқасында Аязбай ағамыз өзі өскен жерінде, қызмет жасаған ортасында сый құрметке ие болды.

Бәтен Жүсіпбекқызы«Алтын алқа» иегері атанса, Аязбай Сәдуақасұлы өзінің көпжылдық қажырлы да ерен еңбегінің арқасында бірқатар марапаттардың да иегері атанды. «Таулар алыстаған сайын асқақтай береді, бейнесі зорайып, даралана түседі…» дегендей, Аязбай Сәдуақасұлы мен Бәтен апайдың өмірдегі орындары бір төбе, олар өткен дара жол ғажап өмірдің бір арнасы деуге толық келеді.

Бар саналы ғұмырын оқу-ағарту саласына арнаған Аязбай ағамыздың толағай табыстары мен жеткен жетістіктерін өз еліне, келешек ұрпағына өрісті өнеге қалдыра білген азамат деп мақтанышпен айта аламыз. Аязбай Сәдуақасұлының ғибратты өмір жолы, тағылымды игі істері өзінің тәрбиелеген шәкірттері мен ізбасарларына үлгі-өнеге болары сөзсіз.

Әбекең кезінде «Балаларымды оқыттым, мамандық алуларына, отбасын құруларына, қызметке тұруларына жағдайларын жасадым. Аллаға шүкір, бәрі абыроймен қызмет атқарып жүр, немерелер өсіп келеді, қорқатын жағдайым жоқ», – деп қалжың сөздер де айтатын. Бірақ, ол қалжың емес, шындық болатын. Меніңше, осындай сөздерді айтудың өзіде батырлық.

Қайран Әбеке! Бірге жүрген, дәмдес болған кездеріміз бүгінде естен кетпейді. Жаны жайсаң, абзал азаматтың  жарқын бейнесі көз алдымда. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Жаратқан Иеміз жәннаттан орын бұйыртып, иман байлығын берсін демекпін!

Сансызбай Алпысбайұлы,
 Тайынша ауданының құрметті азаматы,
еңбек ардагері, «Құрмет» орденінің иегері.

 Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар