Туған елі ардақтаған Төлеу еді

Ауыл шаруашылығының талантты ұйымдастырушысы, қарымды қайраткер, жерлесіміз Төлеу Сүлейменов дәм-тұзы ерте таусылмағанда, биыл 95 жасқа толар еді.

Тағдыр. Жазмыш. Жалпақ жұртқа тым ерте танылған, жасынан ат-жалын тартып мініп, ел ісіне араласқан абзал азаматтың ғұмыр соқпағы тым қысқа болды. Уақыт – қатал сыншы. Өткен уақыттың уытымен ескіріп, бұрынғы асылдардың өз заманындағы абырой-атағы, қисапсыз еңбегі көмескілене бермек. Қаласаң да, қаламасаң да осы. Кейінгі ақпараттары мидай сапырылысқан, ұлттық құндылықтарымызды зерделей зерттеп, ескере бермейтін заманда талай-талай асылдардың еңбектері бағалана бермейтіні де рас. КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған, отыз жасында Ленин орденін омырауына таққан аптал азаматтың, аграном-басшының есімі ұмыт қалмауға тиісті.

Төлеу ағамыз жақсылар ұшқан жасыл тау – Сырымбеттің етегіндегі осы тау аттас ауылда, көпбалалы отбасында дүниеге келген. Осы қасиетті топырақта кіндік қаны тамып, талай марқасқалар, жақсылар мен жайсаңдар түлеп ұшқан Сырымбет орта мектебін бітіріп, жоғары білім алып, зеңгір аспанға самғаған қыран құстай қанаттанып, болашаққа бет алған. Агроном, шаруашылық басшысы, халық қалаулысы, түптеп келгенде, елдің экономикасына да, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына да, салт-санасына да қисапсыз үлес қосқан қайраткер.

Кейін облыс орталығында еңбек еткен кезінде Көкшетау қаласының бір пұшпағының өсіп-өркендеуіне айрықша қанат жайып, ерекше құлпыруына да мол үлесін қосқан адам. Өйткені, Төлеу Сүлейменұлы талайлы тіршілігінде қол жеткізгеніне марқайып, осыған да шүкір деп тоқырап қалған тұлға емес. Өмір жолын, тағдыр баспалдақтарын ақыл таразысына салып, зерделей зерттеген адам Төкеңнің ұдайы өзін-өзі қамшылап, өзін-өзі жетілдіріп, өзін-өзі кемелдендіріп өткендігін айқын аңғарар еді. Жалғыз өзінің ғана емес, өкшесін басып келе жатқан кейінгі толқын әріптестерін де жақсы істерге жұмылдырып, тәрбиелеп, томағасын сыпырған бүркіттің балапанындай баулып, биікке қанат қақтырған.

Төлеу Сүлейменұлының көзін көрген, оның бойындағы кісілік келбетін, адамгершілік ажарын танып-білген адамдар жоғары бағалайды. Ішкі жан-дүниесі өте мықты еді дейді. Жанына жақындап, тілдескен адамдарды өзіне тартып тұратын әлдебір қуатты күштің болғандығын да жоққа шығармайды. Әр сөзін байыппен, ақыл таразысына салып айтуы – тұлғаның кемеңгерлігін білдірсе керек. Туған өлкенің тамылжыған табиғатының сұлу бейнесі, көркі Төкеңнің зерек көкірегіне көшкендей. Ол кісінің де жан-дүниесі аруақты Айыртаудың айтулы ажарына, сырлы салтанатына бөгіп тұрған тәрізді. Мейірі де аз емес, мейірбандылығы да мол.

1965 жылы отбасы «Лавров» совхозынан Көкшетауға қоныс аударды. Төлеу Сүлейменұлы жаңа қызметке тағайындалды. Енді ол облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары. Бұрын-соңды облыста мұндай қызмет ауыстыру бола қойды ма екен, сірә. Мұндай өрлеу шынтуайтын айтқанда, өте білімді, мықты басшыға ғана тән дүние болатын. Бәлкім, облыс басшылары Төлеу Сүлейменұлының бойындағы тамаша табиғи дарынды, үлкен ұйымдастырушылық қабілетті есепке алған болар. Мұндай аграршыны, өз саласының білгірін дәл сол уақытта саусақпен санауға болатын. Әрі облыс басшылары таңдауды Төлеу Сүлейменұлына түсіре отырып, оның білімі мен білігіне, өңірдің экономикасын түбегейлі дамыта алар тегеуірінді жігеріне сенді. Оған себеп те бар болатын. Бір кезде мешел дамыған, артта қалған «Лавров» совхозын айналдырған бес жылдың ішінде көпсалалы, табысы тұрақты, зор өрлеу үстіндегі шаруашылыққа айналдырды. Адал еңбегімен қасықтап жинаған беделі жалғыз Володар ауданына ғана емес, күллі Көкшетау облысына мәлім болды.

Жаңа қызмет барынша жауапты болатын. Өйткені, сол кезде облыс республиканың азық-түлік өнімдерінің басым бөлігін дайындаушы еді. Сөзіміз дәлелді болуы үшін статистикалық деректер келтіре кетелік. Төлеу Сүлейменұлы жаңа қызметке бекітілген кезде Көкшетау облысының ауыл шаруашылығы 400 миллион рубльдің өнімін өндірген екен. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 2474,2 мың тоннаны құраған. Әр жыл сайын гектар айналымы 9,8 центнерден айналған. Облыс шаруашылықтарында 618,3 мың бас мал бағылған. Әр жыл сайын 53084 тонна ет өндіріліп, 214222 тонна сүт сауылған. Сондай-ақ, 1817,6 тонна жүн қырқылған.

Міне, бұл сол кездегі есіл еңбектің айқын көрінісі. Бұрынғы шаруашылық басшысының тұрғылықты жері мен жұмыс орны ғана өзгерді, сондай-ақ, көлемі де. Қалғаны дәл баяғыдай бір терінің пұшпағын илеу. Егер бұрын совхоздың егістік алқабының о шеті мен бұл шетін тынымсыз аралап жүретұғын болса, енді шет-шегі жоқ күллі облыстың ақық дән өсіретін егістік алқаптарын жарғақ құлағы жастыққа тимей, тынымсыз аралап жүретұғын болды.

Етпен біткен сүйекпен кетеді екен. Оған дау жоқ. Дәл бұрынғы әдетінше жаңа жұмысқа да беріле кірісті. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, дәл сол жылдары егіншілік мәдениетін жетілдіруге зор көңіл бөлінген екен. Ол дегеніңіз топырақ құрамын сауықтырып, арамшөптерден аластау, ауыл шаруашылығы дақылдарында көп кездесетін әрқилы аурулардан ада болу.

Жаңаша жабдықталған жұмыс сапасына барынша көңіл бөлінген басқарма республикадағы өзі тектес мекемелердің алдында болды. Елуден астам элеваторлар мен астық қабылдау кәсіпорындарының жұмысын ілкімді үйлестіріп, әр жыл сайын өте мол дәнді-дақылдарды қабылдап, тазалап, өңдеп, сақтау міндетін абыроймен атқарып шықты. Бұл кәсіпорындар тек қана астық сақтаумен айналысқан жоқ, мал өнімдері де дайындалды. Ұн да өндірілді. Көкшетаулықтар сол кездегі ұнның сапасын әлі күнге дейін аузынан тастамайды.

Төлеу Сүлейменұлы басшылыққа келгеннен кейін 1972 жылы облыстың элеваторлары мен астық қабылдау кәсіпорындарын техникалық жағынан жарақтандырудың кешенді бағдарламасы жасалыпты. Жалғыз техникалық құрал-жабдықтардың мүмкіндігі ескерілмей, сол жерде жұмыс істейтін кадрлардың сапасына да жіті көңіл аударылған. Шеберлер, лаборант сарапшылар, астық кептірушілер, электриктер және басқалары. Кәсіпорындағы жұмысшылардың біліктілігін жетілдіру үшін тәжірибе алмасу семинарлары арнайы түзілген кесте бойынша үзбей өткізіліп тұратын.

Ірі элеваторларда көтеру мүмкіндігі шектеулі автокөтергіштер жаңа, қуатты түрлеріне алмастырылды. Ендігі арада олар автопоездарды да қабылдау мүмкіндігіне ие болды. Тіпті КрАЗ-дар мен КамАЗ-дарды, алпамсадай Уралдарды да. Кәсіпорындағы қуаты аз құрал-жабдық жоғары өнімділерімен алмастырылды. Осындай бел буып кіріскен белсенді жұмыстың арқасында айналдырған үш жылдың ішінде облыстың астық қабылдайтын кәсіпорындары ылғалдылығы өте жоғары, көлемі көп астықты да қабылдап, кептіре алатын деңгейге жеткізілді.

Жыл өткен сайын элеваторлар мен астық қабылдау кәсіпорындарында жұмыс істейтін жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсара түсті. Бейнелеп айтқанда, олар өз алдына дербес бір әлем тәрізді еді. Бұл саланың өзінде құрылысшылар, монтаждаушылар, жөндеушілер тәрізді қажетті саланың бәрі бар еді. Олар астық қабылдау қоймаларын ғана емес, тұрғын үйлерді, мәдениет ошақтарын, балалар бақшасын, білім ошақтарын, пионер лагерлерін де салды.

Бір ғажабы, Төлеу Сүлейменұлы өзінің қарамағындағы 15 элеватор мен 56 астық қабылдау кәсіпорында жұмыс істейтін жұмысшылардың барлығын дерлік танитын. Ауданға келген кезде ең алдымен елдің тұрмысын сұрайтын. Балалар бақшасында орын жеткілікті ме, мектепте сабақ қалай беріліп жатыр. Егер жұмысшыларға тұрғын жетпей жатқанын еститін болса, бұл мәселені қолма-қол шешіп тастайтын. Барлық күш-мүмкіндікті жұмылдырып үй салғызатын. Сөз арасында Володар ауданындағы элеватордың қаржысына 100 орындық балалар бақшасын салғызғанын айта кетуге болар. Ал, 1974 жылы оның жанынан елу орындық тағы да қосалқы орын салды, Чистопольеде мектеп салып берді.

Үнемі жұмыс істей бергенмен, іс алға жылжи қоймайды ғой. Адамдардың да жайын ойлау керек. Екі тарапта да еңбек бірдей ұйымдастырылып жатты. Демалыс күндері олар арнайы бөлінген көлікпен далаға шығып орман аралайтын, өзен-көлдердің басында дем алатын. Жұмысшыларға денсаулығын нығайту үшін санаторийлер мен емдеу орындарына жеңілдетілген жолдама беріліп тұрды. Ал, жұмысшылардың балалары жазғы демалыстарын Бурабай, Зеренді, Айыртау атыраптарындағы табиғаты тамылжыған пионер лагерьлерінде өткізетін болды.

Бір сөзбен айтқанда, Төлеу Сүлейменұлы мыңдаған салажұмысшыларының басын біріктіре отырып, өз саласының жұмысын өрге бастырды. Ол барлығының тағдыры үшін жауапты болды. Сондықтан да, шаршап-шалдығуды білген жоқ. Бәлкім жаратқан ие сол жауапкершіліктің әсерінен алпыс екі тамырында тулап аққан қызыл қанға қуат бітірген шығар.

Төлеу Сүлейменұлының заманында астық қабылдау саласында қаншалықты жұмыс атқарылғандығын көз алдымызға елестету үшін ескі кезеңнің көне суреттерін қайта тірілтсеңіз жеткілікті. Бұл бір адамның ғұмыр соқпағының жылнамасы ғана емес, сол жылдардағы жалпақ жұрттың қандай жұмыс атқарғандығын айғақтайтын көрініс. Адамдарды ел игілігі үшін ортақ мақсатқа жұмылдырып, бағыттай білудің арқасында қыруар іс тындырылды. Еңбегі озат ұжымдардың іс-тәжірибесі өзгеге үлгі етілді. 1973 жылдың соңына қарай осы саланың 65 бригада, 5 еңбек ұжымы еңбектің екпіндісі атанды. Жоғары өнімді ғана емес, эстетикалық мәдениет жағынан да қамтылды. Оған механизациялау ғана емес, автоматтандыру мәселесі де кіретін. Осылайша Пеский, Тайынша, Жамантұз элеваторлары, Степняк, Азат, Зеренді, Володар, Уголки астық қабылдау кәсіпорындары озат ұмыждардың санатында болды.

Еңбек ешқашан елеусіз қалмайды ғой. Бірінші басшының іскерлігін дүйім ел танып білді. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбековтің қол қойған мінездемесінде қасаң тілмен қысқаша жазылса да, сол еңбектің ізі жарқырап көрініп тұр: «Қысқа мерзім ішінде облыстық астық қабылдау кәсіпорындарының жұмысы жоғары деңгейге жетіп,  материалдық-техникалық базасы жақсарды. Тоғызыншы бесжылдықта астық қоймаларының мүмкіндігі 500,3 мың тоннаға жетті. Ал, астық кептіру мүмкіндігі бір сағатта 1654 тоннаға ұлғайды».

Үлкен ұйымдастыру жұмысының арқасында облыстық астық қабылдау басқармасының жұмысы 1976 жылдан бастап жыл бойы жүргізілетін болды. Бұл 161 миллион пұт астықты үзіліссіз өңдеуге мүмкіндік берді. Өңдеу нәтижесі сапалы астықтың көлемін 81 пайызға жеткізді.

Тынымды білмес басшының алдына қойған жоспарлары да асқаралы, биік болатын. Оның ой-қиялы замананың ағысынан үнемі озып отырды. Саланың жілігін шағып, майын ішкеннен кейін барлық астық қабылдау кәсіпорындарының жұмысы жоғары деңгейде механикаландырылып, жаңа заманғы өндірістік қуаты мол құрал-жабдықтармен қамтамасыз  етіліп, ең озық технологиямен жұмыс істесе деп аңсайтын. Ол екі ортада сол ұжымдарда жұмыс істейтін жүздеген жұмысшының жайы да бір сәт естен шыққан емес. Бұл істі кешенді түрде шешуді міндет етіп қойды. Адамдарға қажеттің бар жағдайы біржола жақсартылып, орын алып отырған қайсыбір қиын мәселелерден пышақпен сылып тастағандай, біржола құтылу керек. Ол үшін мектептерді, балалар бақшасын және халыққа қызмет көрсететін орындарды көптеп салған ләзім. Әр жұмысшы жарық та қолайлы, барлық жағдайы тудырылған пәтерлерде тұруы керек. Оның ойынша отбасы бар адамның жатақханада тұрғаны жөн емес. Мұның экономикалық тиімділігі де аз емес.

Төлеу Сүлейменұлы осы бір ертегі, қиял-ғажайып жай іспетті шаруаны армандап қана қойған жоқ, өмірде жүзеге асырды да. Ойына алған істің қаншасы жүзеге асқандығын тағы да көне деректерден іздейміз. Мәселен, «Хлеб в добрых руках» жинағында былай деп жазылған. Тайынша элеваторы ерекше назарда болыпты. Өйткені, бұл астық қабылдау кәсіпорны облыста ғана емес, республикадағы үздіктердің қатарында. 1974 жылы элеватор бұрынғы «Заготзерно» деп аталатын шағын, қуаты аз кәсіпорынды көз алдыңа елестете алмайтын жағдайда еді. Бұрынғы астық қабылдау орнына шаруалар астықтарын арбамен таситын. Ал, қазір еңселі қоймалар салынған. Астықты түсіретін, артатын жүйелер жұмыс істейді. Кептіріп тазалайтын мұнара бар. Жүк машиналарын көтергіш құралдары, үлкен таразы,  зертхана корпусы пайдалануға берілген. Кәсіпорынның маңайы тегіс асфальтталып, абаттандырылған. Қай тұсқа қарасаң да, тазалықты сүйетін қолдың ізі менмұндалап, сайрап тұр.

Кәсіпорыннан онша алыс емес жерде элеваторда жұмыс істейтін жұмысшылардың кішкентай қала типтес таза да ұқыпты елді мекені бой көтерген. Елді мекен жасыл желекке малынып тұр. Мұндағы үйлердің көпшілігі кірпіштен салынған әрі ажар салтанаты да көзтартарлық. Әрбір үйге көгілдір отын тартылған, орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтамасыз етіліпті.

Өз заманында Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев көкшетаулық диқандар мен астық дайындаушылардың еңбегін лайықты бағалай келіп, былай деген болатын: «көкшетаулықтар өздерінің адал еңбектерінің арқасында Кеңес Одағындағы облыстар арасында астық өндіру жөнінен алғашқы ондыққа кіреді».

Төлеу Сүлейменовтің еңбек дастанындағы шоқтығы биік бір тұсы – облыс орталығы Көкшетау қаласында көрініс беретіндігі шындық. Абзал азамат шағын қаланың шырайын келтіруге шын мәнінде елден ерек үлес қосты. Әсіресе, элеватор мөлтек ауданында жақсының жарқын ізі сайрап тұр. Сондықтан да, 2002 жылы бұрын ел аузында элеватор мөлтек ауданы деп аталатын тұсты көктей өтетін Правда газеті атындағы көшеге Төлеу Сүлейменовтің есімі берілді. Сөйтіп,  еңбек тарланының ерен есімі халқымен қайта табысып, мәңгілікке айшықталды.

Олай болатын жөні де бар еді. Төлеу Сүлейменұлы облыстық астық дайындау өндірістік басқармасының басшысы болып қызмет істеп жүрген кезінде облыс орталығындағы тұрғын үй құрылысына өлшеусіз үлес қосты.

Облыс орталығындағы элеватордың жанынан емхана, балалар бақшасы, №8 орта мектеп, «Ақ бидай» мәдениет сарайы салынды. Ұшы-қиыры жоқ жұмыстың барлығы бұл емес еді. Ең бастысы, ел аузында киев жобасы бойынша даңғарадай кең, жайлы пәтерлер салынып, ол үйлерге астық дайындау басқармасына қарасты салаларының жұмысшылары ие болды.

Осы арада «Ақ бидай» мәдениет сарайының салыну тарихы туралы кеңірек айта  кетуге әбден болады. Еңселі бұл мәдениет сарайы күні бүгінге дейін халыққа қызмет етіп тұр. Көкшетау қаласының ажар-сәулесіне өзіндік үлес қосқан тамаша архитектуралық туынды бүгінгі таңда балалар мен жастардың игілігіне айналған. Шынын айту керек, ел әлі еңсесін көтере қоймаған сол бір кешегі кеңес дәуірінде хан сарайына бергісіз зәулім ғимарат болып шықты. Күні бүгінге дейін оның мызғымас берік қабырғаларынан заманның заңғар тұлғаларының бойындағы ерік пен жігердің, қажыр мен қайраттың, сезім мен сенімнің лебі есіп тұратындай.

Басқарма басшысы Сүлейменовтің ойына тағы бір жаңа идея оралды. Ол мәдениет ошағының ішін сыртқы қалпына, ғажап салтанатына сай етіп жабдықтау. Ол өз қолымен тұрғызған мәдениет сарайына барынша маңыз берді.

Енді ішкі әсемдік пен жайлылықты қалай үйлестіруге болады. Жергілікті жердегі дүкендер мен қоймалардан ұсақ-түйек жиһаздар табылғанымен, екі қабатты еңселі сарайдың бар жиһазы түгенделер емес. Тығырықтан шығар жол өз-өзінен табыла кеткені. Көкшетауда Бүкілодақтық семинар кеңес өткізілді. Оған осы саланың мамандары байтақ елдің түкпір-түкпірінен жиналды. Олардың көпшілігі Көкшетау облыстық астық өнімдері басқармасының озық іс-тәжірибесін үйренуге келген. Мұндағы жаңа технологиямен таныспақшы. Сүлейменовтің техникалық революция жасап, атақ-даңқының алысқа шығуы тегіннен-тегін емес қой. Саладағы барлық диірмендер, элеваторлар мен астық қабылдау кәсіпорындары ең озық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Сондықтан да, Төлеу Сүлейменұлының асқақ абыройы мен абзал аты республикадан тысқары жерлерге де мәлім еді. Еркін Нұржанұлының абырой-беделінің арқасында облысқа КСРО Астық өнімдерін дайындау министрі Г.С.Золотухин мен Қазақ ССР Астық дайындау министрі М.Д.Дайыров және басқа да сала басшылары шақырылған болатын. Келген меймандар екі күн бойы мұндағы жаңалықтарды көздерімен көріп, шын мәнінде тәнті болды.

Төлеу Сүлейменұлы «темірді қызған кезінде соқ» дегендей мейман министр жадырай бастаған кезде жаңа мәдениет ошағына әдемі де сапалы жиһаз керек екендігін, соны Эстониядан алғысы келетінін жеткізді. Бұл сөздер тіпті өтініш іспетті де емес еді. Мейман болса жергілікті қазақтың көзінде жанып тұрған отқа қарап, жоқ дей алмады. Уәдеге берік азамат екен, еліне жеткен соң сөзінде тұрды. Сөйтіп, келісілген уақыттың ішінде «Ақ бидай» мәдениет сарайына жұмысшылар Қазақстанда кездесе қоймайтын тамаша жиһаздарды кіргізе бастады. Бұлардың барлығы сол дәуірде Эстонияның жиһаз кәсіпорындарында жасалған қасқалдақтың қанындай қымбат дүниелер болатын.

Төлеу Сүлейменұлының еңбегін, халқына сіңірген қызметін қаузап айтқан кезде элеватор аумағында саланың өз емханасы ашылғандығын ерекше екпін түсіріп айта кеткен ләзім. Қашанда талантты адам жан-жақты дарынға ие ғой. Төлеу аға тек негізгі қызметін ғана ширата жүргізген жоқ, сонымен бірге, адамзатқа қажетті, игілікті шаруалардың бәрімен айналысты. Негізі саладағы жұмысшылардың денсаулығын сақтау ең басты міндеттерінің бірі еді. Жұмысшылардың ғана емес, олардың отбасы мүшелерінің де. Бұрын элеватор жұмысшылары дәрігер көмегі қажет бола қалған жағдайда қаланың бір қиян шетіне барып таусылып бітпейтін кезекке тұратын. Енді міне, барлығы оңынан оңғарылды. Бәлкім сол кезде Кеңес Одағындағы осы тектес мекемелердің басым көпшілігі өздерінің балшықпен емдеу орны жайында мақтана алмаған болар. Ал, көкшетаулық элеватор жұмысшылары мақтана алатын. Оны айтасыз, көрікті Бурабай баурайында сала қызметкерлерінің балаларына арналған «Звездочка» пионер лагері салынды. Ал, Зеренді курортты аумағында демалыс үйі салынып, онда сала жұмысшылары қысы-жазы демалатын мүмкіндік туғызылды. Кәсіподақтар облыстық комитетінде республиканың өзге өңірлеріндегі санаторийлер мен демалыс үйлеріне жүздеген жолдама беретін.

Табаны тастан таймаған тарланбоздай қайран да қайран Төлеу ағаның өнегелі ісі ел жадында. Бар болмыс-бітімімен бүгінгі жас ұрпақты адал да арлы еңбекке шақырып тұр. Сонысымен құнды.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар