«Ақмола дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының ұйымдастыруымен жалпы білім беретін оқу орындарының 6-11 сынып оқушылары арасында дәстүрлі «Яссауитану-2023» республикалық байқауының облыстық кезеңі онлайн түрде өткізілді.
Іс-шара қазақ халқының рухани тұтастығын қалыптастырған Қожа Ахмет Яссауи хикметін дәріптеуге, өскелең ұрпақты ұлы ата-баба мұрасын тереңірек зерттеуге және игеруге ынталандыруға бағытталды.
Байқауға Көкшетау, Қосшы қалалары және Абай атындағы (қазақ тілінде оқытылатын) дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатынан, сондай-ақ, Целиноград ауданынан 16 оқушы қатысты.
Ұйымдастыру алқасының айтуынша, байқау екі кезең бойынша өткізілді. Бірінші кезеңде балалар хикметтерді жатқа оқыса, екінші кезеңде жасырын ұяшықтарды таңдау арқылы Қожа Ахмет Яссауидің өмірі мен шығармаларына, хикметтердегі ұғымдарға, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мен ондағы жәдігерлерге, Қазақстан тарихына қатысты алдын ала дайындалған сұрақтарға жауап берді.
Қазылар алқасының ұйғарымымен байқау қорытындысы бойынша Көкшетау қаласындағы Абай атындағы қазақ тілінде оқытылатын дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының 10 сынып оқушысы Дарина Қайырбек жүлделі І-ші орынды иеленді. Ал, II-ші орынды осы мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы Ажар Төлеубаева мен Целиноград ауданындағы Қоянды ауылының №1 жалпы орта білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы Гүлайым Аманбек жеңіп алды. Жүлделі ІІІ-ші орынды Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр ауылының № 3 көпсалалы мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысыЖаннұр Сәттібекова, Қосшы қаласындағы Рақымжан Қошқарбай атындағы №1 жалпы орта білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Ақтоты Ержан өзара бөлісті. Ал, Абай атындағы дарынды балаларға арналған № 3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының 9-сынып оқушысы Ұлжан Тельман мен Үсен Қазына – ұйымдастыру алқасының мақтау қағаздарына ие болды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.